Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасы Президенті: Мың жылда бір болатын, МЫҢЖЫЛДЫҚТАҒЫ АЛҒАШҚЫ САММИТ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саммитке байланысты барша қазақстандықтарға жолдаған құттықтауы:

Құрметті қазақстандықтар!

Біз кеше ғана бүкіл ел тарихындағы ең маңызды әрі аса ауқымды шараны үлкен табыспен атқардық.

Дүниежүзінің беделді мемлекеттерінің басшыларын Астанаға жинап, Қазақстанның атын әлемге әйгіледік.

Осынша ел басшыларының бір мезетте біздің елге қадам басуы – тарихымызда бұрын-соңды болмаған оқиға!

Сондықтан, бұл біз үшін мыңжылдықтың алғашқы Саммиті ғана емес, мың жылда бір рет болатын тарихи жағдай!

Мен беделді ұйым Саммитінің жемісті өтуімен баршаңызды құттықтаймын!

Біз бірін-бірі жылдар бойы көрмей келген ел басшыларының басын қосып, мәмілеге келтірдік. Еуропа мен Азия ұғымын біріктіріп, қауіпсіздіктің кеңістігін кеңейттік.

Ұзаққа созылған ортақ келісімнен кейін, тарихи Астана Декларациясын қабылдап, Ұйымды жаңа белеске көтердік!

Сондықтан, еліміздің мәртебесін көтеріп, мерейін асырған алқалы Саммит жоғары деңгейде өтті деп есептеймін.

Мәртебелі меймандар еліміздің кең пейіл қонақжайлығына шынайы риза болды.

Әрине, мұндай кең ауқымдағы алқалы жиынды өткізу бізге оңайға түскен жоқ. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген, оған ел болып атсалысып, еңселі ел екенімізді көрсеттік. Шараның жоғары деңгейде өтуіне Президент Әкімшілігі, Үкімет, Парламент, тиісті Министрліктер, Астана қаласы Әкімдігі және қала жұртшылығы атсалысты.

Халқымыз терең түсіністік танытып, ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсете білді.

Мұндай шараның бірлігімізді бекемдеп, тәуелсіздікті нығайтып, елдігімізді әйгілей түсері анық.

Сондықтан мен іргелі шараға үлес қосқан бүкіл азаматтарға алғыс айтып, тілекші болған барша қазақстандықтарға үлкен ризашылығымды білдіремін!

Әлихан Бәйменов, «Ақжол» демократиялық партиясының төрағасы:

ТМД елдері тарихындағы үлкен оқиға

ЕҚЫҰ саммиті жауапкершілігі мол жеміс. Бұл Қазақстан саясатының, Президент Н.Назарбаевтың, Қазақстан мәмілегерлігінің үлкен жемісі. Желтоқсанның 1-2 күні Қазақстан үшін үлкен сынақ та болды. Себебі бұл ұйымның жұмысын ұйымдастыруында және шешім қабылдауында үлкен ерекшеліктер бар. Мұнда 56 мемлекеттің барлығы шешімді біріге отырып, дауыс бермей қабылдайды. Яғни ішкі келісімінің негізінде ғана. Бұл кеңістікте көптеген өзекті мәселелерде түрлі мемлекеттер мүдделерінің шиеленіскен қақтығысы тұрғандықтан, кейбір нақты мәселелер бойынша шешімді, я болмаса ұсыныстарды осы кездесулердің нақты құжатына енгізу мүмкін болмай да қалды.

Біріншіден, осы қорытынды құжатты қабылдаудың он сағаттан астам ұзақ уақыт талқыланғанын көргеннен соң-ақ мемелекет басшылары, 56 елдің өкілдері Стамбул мен Астананың арасындағыдай араға он-он бір жыл салудың ұйым үшін тиімсіз екеніне көздері жетті. Яғни, ұйым пәрменді жұмыс жасау үшін мемлекет басшыларының деңгейіндегі кездесулер жиірек өтуі керектігі Астана саммитінің барысында анықталды.

Екіншіден, мазмұны жағынан алсақ, барлық мемлекет өкілдері адам құқықтары, бостандықтары, қауіпсіздігі, экономикалық және экологиялық мәселелердің шешілу егіз болатынын тағы да белгілеп өтті. Бұл өте маңызды шешім. Сондай-ақ, бұл декларацияда осы ұйымның негізгі институттары бар. Соның ішінде көп көзге түсетіні – Адам құқығы және демократия жөніндегі Варшавадағы бюро. Осы институттардың, құрылымдардың жұмысына барлық мемлекет қолдау көрсететіні айтылды. Ондағы атап өтетін нәрсе, сол уақыттағы сыртқы істер министрі  Мадридтегі сөзінде, осы бағытта Қазақстан қолдау көрсететінін маңызды міндеттемелердің бірі ретінде айтқан болатын. Сонымен қатар, Астана саммитінің біз үшін тағы бір маңызды жағы бар. Мақсат – қабылданған мәлімдемелерге сәйкес жұмыс жасау. Себебі мәлімдеменің, қарардың, атының барлығы Астана саммиті деп аталғандықтан, біз өзге мемлекеттерге үлгі көрсетуіміз керек. Келесі жылы да Қазақстан осы ұйымды басқаратын үштіктің құрамында жұмыс жасайтыны белгілі. Ендеше келесі жылы менің ойымша, биылғы Астанада қабылданған мәлімдемеге сәйкес іс-жоспар қабылдануы мүмкін. Осы саммит арқылы Астана қаласы да, Сыртқы істер министрлігі де әлемдік деңгейде шаралар өткізе алатындығын дәлелдеді. Сонымен, бұл Қазақстан тарихында, Орта Азия тарихында, Кеңес Одағының құрамында болған ТМД елдерінің тарихында үлкен оқиға болды. Мен барша қазақстандықтарды, бірінші кезекте Елбасы Н.Назарбаевты саммиттің сәтті өтуімен құттықтаймын. Сонымен қатар, халықаралық дәрежедегі жинақтаған тәжірибелерді елдің ішінде кеңірек пайдалануға мүмкіндік туғызады деп сенім білдіремін. Қазақстан төрағалық еткен жылдағы төрт «Т»-дан тұратын қағидаларды ел ішінде де жүзеге асырса, нұр үстіне нұр болары анық.

жер-жаһанға жетекшілік еткен күн

Елімізге үлкен сын болған ЕҚЫҰ (Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы) саммиті аман есен аяқталғаны, елімізге абырой болды. Үстімізден жүк түскендей жеңілдеп қалдық. Егер шынын айтсақ халықтың күткені саммитте бір мәселелердің шешілгені емес тыныш өткені. Барлық отандастарымыз осындай пікірде болды деп ойлаймын. Саммит кезінде риза болғаным атсалысып жүрген барлық қызметкерлердің ойы саммит аман есен өтсе екен деп шын ниетімен жүгіріп жүргенін көрдік.

Олардан халқымыздың әрдайым тыныштық қалайтын пейілін байқадық.  Енді саммиттің өзіне келер болсақ, ЕҚЫҰның жоғары деңгейде (саммит) Астанада басқосуы ел тарихында алтын әріптермен жазылып қалды. Қасиетті қазақ даласының төрінде әлем мемлекеттерінің президенттері мен саясаткерлері бас қосып, әлем қауіпсіздігін сақтау жөнінде күрделі мәселелерді талқылап жатуы -  біз үшін үлкен жетістік.  Әрине бұл пікірге қарсылар да жоқ емес. Оларға айтарым «жетістікті көрмеу – соқырлық» демекші саммитке қатысып, өз көздерімен еліміздің абыройын көрулері керек еді. Шындыққа ешкім қарсы бола алмайтыны сияқты Қазақ елі тарихында мұндай басқосуды тұңғыш рет өткізілгені факті. Өткен тарихымызға, яғни тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын да еске түсіріп қойған абзал болар деймін.

Саммитің жоғары деңгейде өтуі халқымыздың бірлігінің арқасы деп білемін. Өз басым біріксек алынбай асу жоқ екеніне көзім жетті. Шетелдіктердің қай қайсысы болмасын барлығы дерлік біздің бірлігіміз бен қонақжайлылығымызға, дамуға деген талабымыздың биіктігіне, қысқа уақыттағы жетістіктерімізге таңырқап кеткені рас. Естігеніміз «Сіздер қалай қысқа уақытта мынадай жетістікке жеттіңіздер, біз Қазақстанға келе жатқанда көз алдымызда артта қалған елдің сұлбасы тұрған еді» деп ойларын ашық айтып жатты. Әрине олардың көздерінен, әсіресе ТМД елдерінің делегацияларынан қызғаныштары байқалып тұрды. Оны ЕҚЫҰ хатшылығына неше түрлі құйтұрқы сұрақтар қойып жатқандарынан түсіне қойдық. Бәрінен де бұрын Өзбекстан билігінің көреалмаушылығы анық көрінді. И.Кәрімовтің келмеуімен бірге делегация басшысы протокол бойынша саммитті ұйымдастырушы, қарсы алушы жаққа айтуы керек алғысын айтпай, одан қалды Қазақстанның төрағалығы кезіндегі ЕҚЫҰ Қырғызстандағы қанды оқиға кезінде мүлдем, ешқандай рөл ойнамады деп ұсақ пендешілікке салынып кетті. Баяндамасын тыңдап отырсақ, Орталық Азиядағы тұрақтылыққа өлшеусіз «үлес» қосып жатқан және оған мүдделі Өзбекстан екен деген ой қалдырады.

Саммит барысында ең көп талқыға түскен Ресей-Грузия, Армения-Азербайжан қақтығыстары және Қырғызстандағы саяси оқиғалар болды. Саммит барысында сөз алған Ресей президенті Абхазиядан әлі әскерін шығармай отырған Грузияның әрекетін сынға алса, Грузия президенті Ресейдің әрекетіне «Ресей оккуппациясы» деген атау берді. Бірақ бір бірлерінің айтқан сөздерін естіген жоқ. Себебі екеуі бір бірлерінің сөйлерінің алдында орындарынан тұрып кеткен болатын. Десек те бұл арада М.Саакашвилидің сөзі орынды көрінді. М.Саакашвилидің сөздері сүйектен өтіп кетті ме немесе бізге белгісіз себеппен Д.Медведев аяқ астынан Астананың боранының басылғанын күтпестен ұшып кетті. Ресей телеарналарынан ертесіне қарасақ Д.Медведев бір мектептерді аралап жүр екен. Бұл дегеніміз Астанадан бір күн бұрын ерте кетіп қалған соң бос күндерді өткізудің түрі.

Армения-Азербайжан арасын­да­ғы сөз жарыс та осы тектес сарында өтті. Бір бірін қаралау, сөздерін тыңдамай тұрып кетіп қалу сияқты. Біздің алдымызда өзге елдер проблемаларын, өзге елдермен жанжалдарын айтып жатса төрелігін айту бізге сын сияқты көрінді. Тіпті бір бірін атарға оқ таба алмай отырған елдер арасында от тұтанып кетіп, басымыз бәлеге қала ма деген күдіктер де болды. Оны тікелей эфирден берілген баяндамалар барысында бір бірлерін «тістелеп» өткен елдер басшыларынан байқаған боларсыздар. Баяндамалар кезінде ерекше назарымды аударғаны, ТМД елдерінің басым көпшілігі орыс тілінен бас тартып жатқандығын байқатты. Әсіресе Украинаның президенті В.Януковичтің украин тілінде сөйлеуі таң қалдырды. Бір жағынан риза болдым. Себеп, ол жерде ЕҚЫҰ-ның ресми тілі деп бекітілген ағылшын, неміс, орыс, француз, итальян, португал, испан тілдерінің біреуінде сөйлеуі керек еді. «Кемшілікті көрмеу – жан ашымағандық» демекші өз кемшілігімізді де айтпай кету арға сын. Әншейінде қазақ тілінде сөйлесең аудармашы жоқ дейтін Сыртқы істер министрлігіміз бес минут өтпей-ақ, ешқандай дайындықсыз отырып украин тілінен аудармашы тапты. Қысқасы жан қысылғанда аудармашы табу деген проблема емес екенін өздері-ақ дәлелдеді. Бұл арада биліктің қазақ тіліне деген қырсығын байқадық. Осы саммитке байланысты қандай да жиын өтсе билік өкілдерінің бәрі орысша сайрап кетіп еді. Шетелдік журналистердің алдында ұятқа қалдық. Олар бізге «сендер өз елдеріңде отырып өз тілдеріңде ақпарат ала алмайды екенсіздер ғой» деп таңданысып жатты. Елбасы саммитті қазақ тілінде жүргізіп, қазақ тілінде баяндама жасаса ешкім қарсылық білдірмес еді. Аудармашыларға сөйлейтін сөздерін орыс тіліне аударып апарса олар кез келген тілге аудара берер еді. Осыған Елбасының жанында жүрген азаматтардың да ақылы жетпегені ме?

Тек тіл мәселесінде ғана билігіміздің ақсап жатқаны болмаса әлемдік масштабтағы бейбітшілік үшін жақсы ұсыныстар, бастамалар ұсынып отырды. Осыдан 35 жыл бұрын ЕҚЫҰ Хельсинкиде көтерілген бастамада «Атлантикадан Оралға дейін» деп аталған болса, Қазақстан президенті Н.Назарбаев  «Мұхиттан мұхитқа дейін» деп төрт мұхит шекараласқан қауіпсіздіктің бірыңғай кеңістігін қалыптастыру мақсатында жаңа аумаққа кеңейгенін мәлімдеді. Қазақстан тарапын қауіпсіздік мәселесін Еуропаның қауіпсіздігі, Азияның қауіпсіздігі деп алалауға болмайды, құрлықтық шеңберден шығып, Еуразиялық, тіпті ғаламдық тұрғыда қарастыру керек дегенге саясады.

Қазақстан ұйымның жетек­шілігін Литва еліне табыс еткенімен тағы бір жыл үштің мүшесі болып қала беретін болды.

Бұл саммиттің, жоғары дең­гейдегі ЕҚЫҰ саммитінің 11 жыл бойы ұйымдастырылмауы, ұйымды реформалауға қатысты мәлім­демелердің жиі көтерілуі, бір үстел басына Армения мен Әзірбайжан, Ресей мен Грузия басшыларының отырмауы, Батыс пен ислам әлемі арасындағы байланыстардың нашарлауы, тағы басқа да соңғы 10-20 жыл ішінде туындаған өзекті әрі әлемдік бейбітшілікке нұқсан келтіріп отырған мәселелерді ескерсек бұл саммиттің сөз жоқ маңызы арта түседі. Саммит қорытындысында қабылданған Астана декларациясы ЕҚЫҰ-ның тарихында қабылданған маңызды құжат болып қалмақ. ЕҚЫҰ қабылдаған құжаттар ішінде бесеуі аса маңызды болып санала¬ды. Құжаттардың ең алғашқысы – 1975 жылы қабылданып, аталған ұйымның қа¬лыптасуына ықпал еткен «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық кеңе¬сінің қорытынды актісі». Ал 1990 жылы екі бірдей құжат рәсімделді. Олар:«Жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясы» мен «Еуропалық қарулы күштер жөніндегі келісім». Араға үш жыл салып, 1993 жылы «Агрессиялық ұлтшылдық жөніндегі келісім» қабылданды. Ал ұйымның соңғы Түркияда өткен саммитінде 1999 жылы «Еуропа қауіпсіздігі хартиясы» рәсімделді. Астана саммитінде қабылданған «Астана декларациясыда» осы құжаттар қатарынан табыла беруіне тілектеспіз. Қысқасы бұл саммит арқылы Қазақ елі өзінің бейбітшіліксүйгіш ел екенін дәлелдеді. Сәл болса да бейбітшілік үшін алға қадам тастауымыздың өзі жетістік. Тыныштығымыз, бейбіт­шілігіміз ұзағынан бола берсін.

Астана бюросы