ШЕКСІЗ ТОНАУ ӘДІЛЕТСІЗДІГІ – шектен шыққан мұнай ұрлығы

Осы күнге дейін еліміздің байлығын әділетті бөлу жөнінде азаматтарымыз тынбай мәселе көтеріп келді. Нәтижесінде мәселе шешілмеді. Енді халқымыз бұл мәселені басқа жолмен шешуге тырысып жатқанға ұқсайды. Мына ресми дерек көп нәрсені аңғартса керек. 2006 жылы 44 мұнай ұрлығы, 2007 жылы – 74, 2008 жылы – 132, ал 2009 жылы – 148 ұрлық орын алған екен. 2010 жылдың қыркүйегіне дейін бір қаржы полициясы 167 мұнай ұрлау қылмысын әшкерелеген. Әрине бұл фактілер тек магистральді мұнай құбырларын тесіп мұнай ұрлағандары ғана. Ал мұнай өндіріп жатқан жерден ұрлау және өздері заңсыз мұнай қазып ұрлау фактілерінің санын білмейміз. Оған қоса ресми деректің өмірдегі дерекпен сәйкесе бермейтіні тағы бар. Қалай болғанда да мұнай ұрлығының жыл санап күрт өсіп келе жатқаны ақиқат.

Мұнайы көп елдің мұңы да көбейе бере ме?..

Шетелдік мемлекеттердің та­ри­хтағы тәжірибесіне қарағанда, мұнай өнімдерінің айналымына мемле­кеттік бақылау күшейіп, түскен пайдадан халыққа әділетті бөліп бермесе заңсыз қаржы табу­дың көзі болып саналатын мұндай қылмыстың саны арта беретін көрінеді. Соңғы жылдары елімізде мұнай ұрлаушылардың тіпті мұнай өңдейтін цехтар салып алғаны, астыртын кен орындар ашып алғандары анықталып жатыр. Мұнай ұрлығының көбеюіне байланысты үкімет заңды қайта-қайта күшейткенімен ешқандай нәтиже жоқ. Болмайды да. Ол үшін байлықтан үлес бөліп бермесе де, құрығанда халықтың қарнын тоқ ұстаулары керек еді. Біздің алаңдап отырғанымыз, егер де мұндай қылмыстардың алдын алмаса, үлкен ұрылардың пайда болуына, яғни қылмыстық топтардың тамыры тереңге жайылып, күшейіп кетуіне жол ашады. Мұнайды жалғыз адам ұрлай алмасы анық. Құбыр дәнекерлеушілер, мұнай операторлары, ұңғылаушылар, жүк көліктері мен жүргізушілер керек. Көрдіңіз бе, осының өзінде шағын қылмыстық топ пайда болды. Одан қалды құбырды күзетушілер және терминалдардағы­ немесе мұнай қабылдайтын пункттердегі қызметкерлерді қосқанда мұнай ұрлауға қаншама адамның қатысатынын шамалай беруге болады. Бұл оңай олжа қылмысының қарыштап дамуына жергілікті жерлердегі жауапты органдар да атсалыса бастағандығы естіліп жатыр. Бір жағынан қарасаңыз, бұл қылмысқа олар рұқсат бермесе қалай барады деген ой да бар. Яғни, мұнайды «крышасы» жоқ қарапайым адам ұрлай алмасы белгілі. Енді мұның себебіне басқа қырынан қарасақ, үлкен ұрылар бермегенді тартып алып жатқандарды қолдаушылар да шығуы мүмкін... Не үшін? Себебі біз өндіріліп жатқан байлықтардың азабын тартамыз да ,рахатын, пайдасын көрмеуіміз керек пе? Ата-бабамыздың маңдай терімен, төгілген қанымен бізге мұраға қалған байлықты шетелдіктер немесе санаулы үлкен ұрылар тонап жатса, бұл әділетсіздік қой. Балаңызға маңдай термен байлық қалдырсаңыз, оның рахатын алаяқтар көріп жатса қалай болар еді. Мысалы, менің ауылым Шиеліде уран өндіріліп жатыр. Оның зардабын жергілікті халық көруде. Ал пайдасы жоқ. Сондай-ақ, Байқоңыр ғарыш айлағынан әр ұшырылған зымыран сайын ауылымда боран болады. Нәтижесінде лас ауа жұтып, лас су ішкізгеннен басқа пайдасын көріп жатқан жоқпыз. Сол тектес мұнай өндіруде де осылай.

Мұндай келеңсіз, теңсіздік жағдайлар әлемдік тәжірибеде де кездесіп жатыр. Бірақ олардың тәжірибесінде байлықты әділетсіз бөліп жатырсың ба, онда сыбағаңды аласың деген принципі бар... Мысалыға, Сомали елінде мұнайды тонау қарақшылығының күшейіп кеткені сондай, олар мемлекеттік күшке айналып кетіпті. Бұл қарақшылар батыстағы БАҚ-қа берген сұхбаттарында өздерін қарақшы деп есептемейтінін, еліміздің экологиясын бүлдіріп, байлығымызды тонап жатқандарға қарсы күрес деп баға беріпті. Олардікі бір жағынан әділетті де шығар... Шетелдіктер түрлі қулықпен байлығымызды тонап жатса, біз қалай африкалықтар құрлы қарсылық білдірмей отыра аламыз. Сол тектес бізде де бұл күрделі мәселенің алдын ертерек алмасақ, яғни халқымызға өндіріліп жатқан байлықтың белгілі бір бөлігін бермесек, қарсы күрес күшейе бермек. Бұл табиғи заңдылық.

Алғашқы жылдары мейлі, әйтеуір мұнайымыздың пайдасын мемлекет көре тұрсын, енді ғана құрылған үкімет қой, аяқтан тұрып кетсін деді. Енді келіп қазба байлығымызды (мұнай, газ, уран, мыс, т.б.) өндіруді көбейткен сайын халқымыздың әл-ауқаты жақсара ма десек, кері кетіп барамыз. Егер ашығын айтар болсақ, бізде қазір халықтың басым бөлігінің ахуалы ауырлап кеткен. Зерттеушілердің айтуына қарағанда, дағдарыстан кейін қазақтар тамақтан қаржы үнемдеуге көшкен екен. Бұл жағдайдың ең шегіне жеткендігін көрсетеді.

Қазақстанға бір келгенінде американдық экономист Рикардо Хаусманн Африкадағы елдердің мұнайдың басында отырған басшылары мұнайдан түсетін табыстарды қалай талан-таражға түсіріп жатқандығы туралы айтыпты. Әрине, экономисің Африкаданы босқа мысалға келтіріп отырған жоқ, ишарасымен біздің елді де мегзеп отырмағанын кім білсін.

Өзіміз түгілі әлемдегі мықты деген экономистердің өздері таң қалып отырған көрінеді, қазба байлықтың үстінде отырған халықтың кедей болғанына... Олар тіпті «мемлекеті бай, халқы кедей» деген баға да беріп үлгеріпті. Одан қалды мұнай сатудан түскен табысты халыққа ешқашан бөліп бермеген ел ретінде танымал болыппыз. Ботсвана, Нигерия сияқты елдердің өзі қазба байлықтан түскен табысты жариялап, халыққа есеп бере бастағаннан кейін, не дерімді де білмей отырмын. Өйткені бізде өндіріліп жатқан қазба байлықтар туралы халық алдында есеп беру деген жоқ, мұнайдан түскен пайданың қайда, қалай жұмсалып жатқаны туралы мәлімет тағы жоқ. Қысқасы, нағыз жойқын қарақшылар жоғары жақтарда жортып жүр емес пе екен деген мәжбүрлі ой келеді. Әрине, экономикасы мұнайға тәуелді болған елдің болашағы бұлыңғыр. Десек те, біздікі бұл арада сатылып жатқан қазба байлықтарды сатудан түскен (салықтан емес) табысты жекелеген адамдар ғана емес, халыққа да бөліп берілсе немесе өндірісті көбейтсе, әйтеуір айналып келгенде халықтың игілігіне жұмсалса деген ой. Таңқаларлығы мұнайдың әлемдік бағасы көтеріліп, мемлекетке пайда көп түсті десе де, жағдай жақсармайды, ал бағасы төмендесе, мемлекетіміз «қалтырап» қалады. Оның шығындарын халықтың мойнына іліп қояды. Пайдасын көрмейміз, зардабын біз өтеуіміз керек. Қысқасы, бұл экономикадағы «голланд ауруы» деген кеселден хабар бермейтін бе еді. Бұндай жағдайды кез келген адам экономист болмаса да түсінеді.

Елді тонап, шетелге қашуға шектеу болмай ма?..

Қысқасы, ұлан асыр байлығы­мызға қарамастан санымыз 17 миллионнан 16,3 миллионға азайып кеткеніміз шындық. Сырттан келген оралмандарды, табиғи өсімді шегермегеннің өзінде. Көбеюдің орнына азайып кеткеніміз қалай? Бұл дегеніміз алапат ашаршылықта қырғынға ұшырап, азайған жағдайымызбен пара-пар емес пе? Сонда біздің дамып жатқанымыз, халықтың жағдайы жақсы, қарны тоқ дегенімізбен елді қалай сендіреміз? Кейде ызаң келгенде ойлайсың, аш отырсақ та, қарызсыз отырайықшы деп. Бірақ бәрімізді қарызға батырып тастады. Онда да мейлі, қарыз алуға мәжбүр болып отырса алсын десек, сол алынған қаржылар тиімді жерлерге, қайтарымы мол салаларға жұмсалмай тағы күйдіртеді. 115 млрд. долларға қанша зауыт салынғанын кім айта алады?

Бір кішкене жетістік болса, тамағымызды жыртып жібереміз де ,олқылықтар орын алып жатса, неге жасырамыз. Экономикада қаншалықты әділетсіздік, жалғандық күшейсе, соншалықты кедейлер де көбейе береді. Кедейлер көбейіп жатса, халық кінәлі, жетістік болып жатса үкіметтің арқасы деген жалған түсінікті жою керек. Халықтың тұрмысы нашарлап, кедейленіп жатса, демек саясаттың жеткілікті жүргізілмей жатқандығынан. Бұл аксиома. Қоғамдағы кез келген жетістік болсын, кемшілік болсын, жүргізіліп жатқан саясаттың нәтижесі. Шын мәнінде дамуға ұмтылған елдер қатарында болсақ, кемшіліктерді түзетіп, жалғандықтан, әділетсіздіктен арылуға ұмтылуымыз керек.

Байлықты әділ бөлмегендігінің кесірінен жемқорлар көбейіп, Қазақстанды байлыққа кенеліп, қашып кететін айлаққа айналдырып алды. Елді тонап шетелге қашу сәнге айналғалы қашан. Пәленше деген осынша миллиард теңге жымқырып, шетелге қашып кетіпті деген ақпараттарды жиі естігендіктен құлағымыз үйреніп те қалды. Байлықты ысырап ету неден сыр береді. Әрине, байлықты әділетсіз бөлгендіктен, оңай олжаға тез кенелгендіктен.

Үкімет пен шетелдік компаниялар арасындағы келісім-шарттың қалай жасалғанын білмегендіктен, шетелдік компаниялар білгенінше қазба байлығымызды өндіріп тонауда деп ойлаймын. Себебі келісім-шартта не бар екенін білмейміз. Жақында ғана «Теңізшевройл» шартта көзделмеген жерден заңсыз мұнай өндірді деп айыпталды да, арты сұйылып кетті. Келісім -шарт ашық болмағаннан кейін, соңы қалай аяқталғанын біле алмадық. Оларды салық төлеп жатыр дегенімен ешқандай мұнай өндіруші компания қанша салық төлеп жатқандығы туралы мәлімет берген емес. Мүмкін мардымсыз, күлкі келтіретін салық төлегендіктен жасыратын шығар. «Мұнай табысы қоғам бақылауында» атты үкіметтік емес ұйымдар коалициясы қазба байлық өндірушілер жұмысының ашықтығы туралы меморандумның іске аспай отырғандығы туралы мәлімет таратты. Олардың айтуынша 200-ге жуық компанияның тек 24-і ғана келісімге қол қойған. Өкінішке орай қалғандары өзінің мемлекетке құйған салығы туралы ақпаратты жариялаудан бас тартып отыр екен.

Мұнайлы өңірде нөмірі жоқ джиптар танкерларды алып жүретіндігі туралы жиі естіп жатамыз. Қараңғыланған терезелерден джиптардың ішінде не бар екенін бір Құдай біледі. Әрине, олар қаруланып ұрлықы мұнайды таситын танкерларды қорғайтыны анық. Қажет болса, мұндай оқиғалар көптеп тіркеліп жатады. Бұл қылмыстың күшейіп келе жатқандығынан хабар береді. Мәлімет керек пе? Міне, ұсталған ұрылардың оннан біріне ғана қылмыстық жаза қолданылады екен. Сонда ұсталғандардың тоқсан пайызына не істейді деген заңды сұрақ туады. Ұсталмағандарын айтпағанның өзінде. Бәлкім жоғарыдағылар – құбырмен саудасын жасап жатқандар жергілікті басшыларға ешнәрсе тамызбаса керек, олар өз беттерінше астыртын мұнай өндіріп «үлестерін» алып жатқан шығар... Енді оларға экономикамыздың сақшысы деп сеніп жүрген кеденшілердің де ұрлыққа «үлес» қоса бастаған фактілері тіркелді. Сонда үлесін ала алмай жатқан тек қара халық қана қалып отыр. Менің ызам келетіні, мұнай ұрлау саласында да қазақтарға әділетсіздік жасалып жататындығы. Ал шетелдік азаматтардың мұнай ұрлауда бағы жанып жүреді. Бір ғана мысал, Маңғыстау облысында «ҚазПолмұнай» мекемесінің бас директоры, молдова азаматы С.Корнегруца деген ешқандай рұқсатсыз магистралды газ-мұнай құбырларын «сауын сиыр» қыла отырып, 21 млрд. 675 млн. теңге табыс тапқан. Ал ол осы қылмысы үшін бар-жоғы төрт жылға сотталыпты. Яғни шетелдіктер мұнаймызды заңды да, заңсыз жолдармен тонап жатқаны шындық. Олардың орнында қазақтар болғанда аяусыз жазаланар еді. Енді шетелдіктердің шектен шыққан тонауларынан болар, қазақтар соңғы уақыттары мұнай ұрлықтарын күшейтіп жіберді. Мұның алдын ертерек алмаса ертең жағдай қиынға соғатын түрі бар. Қазақтар көтерілмесін, бір көтерілсе басу қиынға соғатынын тарих дәлелдеп келе жатыр. Қазірдің өзінде топтасып қатары көбейіп келе жатқан, бюджеті миллионнан миллиардтық деңгейге көтерілген мұнай «қарақшыларына» қарсы мемлекетіміз күресуге қауқарсыз екендігін дәлелдеді. Қалай күреседі өзінің халқымен, әділеттікпен. Халықтың бұл белең ала бастаған күресінің артында әділетсіздікке деген ашу-ыза бар. Әлемдік алып күштер мұндай «қарақшылыққа» қарсы күресте оларды түбірімен, барлығын ұстап жойып жіберуді ұсынып отыр. Оларды құртқанымен күн көргісі келетін тағы артынан толқын келіп толықтыра бермей ме. Ал бұл әдіс арқылы жою деген ол халықты жою деген сөз. Себебі ол адамдардың артында қаншама халық бар. Егер біз де осындай әдіс қолданатын болсақ оның артында қандастарымызбен қоса халықты құрту керек болады. Ал түбірімен құртпасақ, бұл қылмыс күшейіп, ертең бой бермей кететін түрі бар.

Сонда не істеуіміз керек? Әрине, жалғыз жол, ол - байлықты халыққа әділетті түрде бөліп беру ғана қалады. Табиғи қазыналар халықтың, мемлекеттің меншігі екені рас болса, бұл байлықтар халықтың игілігіне қызмет етуі тиіс!

Фазылбек ӘБСАТТАРҰЛЫ