Ерлан Арынның жеке басын қорлау әрекеттеріне тосқауыл қойылсын!
2014 ж. 31 наурыз
2737
6
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа
Ашық хат
Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы!
Біз, зиялы қауым өкілдері көрнекті ғалым, Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ерлан Мұхтарұлы Арынның қазіргі тағдыр-талайына асқан алаңдаушылық сезіммен тікелей Сіздің өзіңізге Ашық хат жазуға мәжбүр болып отырмыз.
Экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның құрметті академигі Е.М. Арын 250-ден астам ғылыми еңбектің: энциоклопедиялар, монографиялар, сөздіктер, оқу құралдарының авторы. Е.М. Арынның жетекшілігімен және редакциясымен 9 томдық «Қазақтар» энциклопедиялық сөздігі, «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тілі», «Қазақ мәдениеті» энциклопедиялары, сондай-ақ басқа да іргелі еңбектер баспадан шығып, ғылыми жұртшылық пен шығармашыл зиялылар ортасында жоғары бағаланды.
Ерлан Арынның 30 шақты шәкірті докторлық және кандидаттық диссертация қорғады, 4 шәкірті «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Оның өзі де бірталай мемлекеттік марапаттардың иегері. 1997 жылы бұқаралық ақпарат құралдары Ерлан Мұхтарұлын Қазақстанның 5 қоғамдық-саяси қайраткері арасында «Жыл адамы» деп таныды.
Е.М. Арын С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры қызметінде істеген 2001-2012 жылдары қатардағы жоғары оқу орнын республика бойынша рейтингісі жоғары озық оқу орындарының қатарына қосты. Оның бастамасымен әулие санатындағы әйгілі тұлға Мәшһүр Жүсіптің кесенесі салынып,тұлғалық энциклопедиясы жарық көрді, еңбектері 20 том кітап болып шықты.
Ерлан Мұхтарұлы облыстық мәслихаттың депутаты кезінде қызыл комиссар Дзержинский атындағы орталық көше атауын академик Сәтбаевтың атына ауыстыру, өзге де бірталай көшелердің атауларын қазақыландыру іс-шараларына жетекшілік етті.
Ол облыс әкімі қызметінде істеген 2012-2013 жылдары аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы облыс аумағының 2011-2015 жылдары даму бағдарламасында белгіленген міндеттер мен іс-шараларға сәйкес жүзеге асырылды. Жаңа жұмыс орындарын ашу жоспары 25%-ға асыра орындалды, агроөндіріс кешені көрсеткіштері жақсарды, жалпы өнім шығарудың нақты көлемі артты. Әсіресе, облыстың рухани, мәдени дамуы ілгерілеп, сәулет өнерінің ғажайып туындылары дүниеге келді, ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдыруға арналған монументтер салынды. Тікелей Е.М. Арынның басшылығымен Ертістің Кереку-Баянауыл өңірінен шыққан тарихи тұлғалар мен Алаш қайраткерлерінің есімдері құрметтеліп, облыстағы ғалымдарға, шығармашыл зиялыларға, мәдениет пен өнер адамдарына қолдау көрсетілді.
Е.М. Арынның отаршылдық дәуірі зардабын жұртшылыққа әйгілеп, тәуелсіздік кезеңін ұлықтайтын іс-әрекеттері және ономастика саясатындағы белсенділігі жас ұрпақтың санасында мемлекетшілдік, отансүйгіштік, қазақстандық патриотизм сезімдерін оятты. Әйтсе де, патшазада Павел Романовтың атындағы Павлодар қаласы атауын барынша құрметтеп, патшалық-кеңестік дәуірді көксеп жүрген керітартпа топ оған «облыстың бас онамасты», «ұлтшыл әкім» деген ат байлап, айдар тақты. Жүзден астам ұлт өкілдері тұратын аймақтың басшысы ел ынтымағын сақтауды көздегендіктен әлгіндей әрекеттерге төзімділік танытты, тіпті Сібір казактары одағы Павлодар бөлімінен «Құрметті атаман» атағын да қабылдады. Сонда да қарсыластары тыншу таппай, оның беделін төмендету мақсатында біржақты сыни телехабарлар ұйымдастырды. Осындай хабарлардың бірінде 2012-2013 жылғы аса жайсыз қыста кейбір шаруа қожалықтарындағы мал шығыны облыс аумағын түгелдей жайлаған жұт тәрізді көрсетілді.
Заң мен мораль аясына сыймайтын мұндай жайттарды &ndash аса жоғары лауазымды шенеуніктер арасында Е.М. Арынға қарсы топтың қаскөйлікпен ұйымдастырған арандатушылық әрекеттерінің көрінісі деген ойдамыз.Тергеу амалдары күдіктіні қайтсе де айыптыға айналдырып, бас бостандығынан айыру жазасына кесу мақсатын жүзеге асыру бағытында жүргізілуде тәрізді. Сот шешімінсіз кез келген азаматқа айып тағу заң бұзушылық болып табылса да, республикалық, облыстық басылымдарда тергеу барысында Ерлан Мұхтарұлының қылмыстылығы анықталып, дәлелденді деген сыңайдағы ақпараттар таратылуда! Бұл &ndash зиялы қауым өкілдерінің, сондай-ақ қарапайым еңбек адамдары мен еңбек ардагерлерінің де наразылығын тудыруда. Жұртшылық оны әлі де жаманшылыққа қимай, білікті басшы, мемлекетшіл саяси қайраткер, сұңғыла ғалым, ұлтжанды азамат ретінде біледі.
Дегенмен, айналасындағы қызметкерлердің барлығына бірдей кәміл сенетін Ерлан Мұхтарұлы облыс әкімі қызметін атқарған кезінде аңғалдығының салдарынан қателікке ұрынуы да ықтимал. Бірақ мұның өзі есімі еліміз бен шетелдерге де белгілі көрнекті тұлғаны қандыбалақ қарақшы тәрізді тұтқындап қамауда ұстауға, қоқан-лоққы көрсетіп, адами қасиеттеріне қол сұғуға негіз бола алмайды!
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Ерлан Мұхтарұлы Арынның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдарының заң шеңберінде жүргізілуіне, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы оның жеке басын қорлау әрекеттеріне тосқауыл қойылуына Ата заңның кепілі ретінде ықпал етуіңізді Сізден өтінеміз.
Әлемдік деңгейдегі танымал көшбасшылардың ондығына енген және Батыс пен Шығыстың модераторы атанып, талай халықаралық, мемлекеттік аса күрделі мәселелердің түйіндерін кемеңгерлікпен шешкен аса қадырменді Елбасымыз, енді өзіңіз зиялы қауым өкілдерінің осы өтінішін ескере отырып, жұртшылықтың тілегіне сәйкес шешім қабылдайсыз деген сенімдеміз.
Павлодар өңірінің азаматтары:
Арман ҚАНИ, ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері; Жұмағали ҚОҒАБАЙ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қоғам белсендісі; Ақын АЛАҚАНҰЛЫ, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі; Сүлеймен БАЯЗИТОВ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі; Сайлау БАЙБОСЫН, ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері; Жанаргүл ҚАДЫРОВА, ақын, журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі; Асығат ТҰРҒАНБЕКОВ, айтыскер ақын; Қуаныш ШАРМАНОВ, айтыскер ақын; Бейбіт БӨЖЕН, айтыскер ақын; Бейсенбі МҰҚАЖАНОВ, айтыскер ақын; Алмагүл ЖҮГІНІСОВА, айтыскер ақын; Даниал ӘСЕНОВ,Абай, Шәкәрім шығармаларын көркем оқу шебері; Төлеубек ҚОҢЫРОВ, Қазақстанның құрметті журналисі; Жұмасейіт БИЖАНОВ, Қазақстанның құрметті журналисі; Социал ӘЙТЕНОВ, журналистика ардагері; Жеңіс МАНАНБАЕВ, журналистика ардагері; Бекен САҒЫНДЫҚҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор; Айман ЗЕЙНУЛЛИНА, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, желтоқсаншы;Рыскүл ШАКАМАН, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, желтоқсаншы;Бейбіт ШӘНІМ, Қазақстанның мәдениет қайраткері, желтоқсаншы; Амантай ҚҰДАБАЕВ,философия ғылымдарының кандидаты, профессор; Амантай ТОЙШЫБАЙ, журналист, филология ғылымдарының кандидаты; Өсербай ШОРАНОВ, суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР көркемсурет академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері; Ғалым ҒАРЖАСОВ, суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР көркемсурет академиясының академигі; Ануар ИГЕМБАЕВ, суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР көркемсурет академиясының академигі; Тоғайбай КЕНТАЙ, «Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық ұйымы Басқармасының төрағасы; Бақытжамал МАКСИЛОВА, Мұсылман әйелдері лигасы Павлодар облыстық филиалының төрайымы; Қайролла КӘЖЕНОВ, шежіреші, қоғам белсендісі; Жәнібек МӘЛІКОВ, әнші, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Жанат ҚОҢЫРОВ, қоғам белсендісі; Ағыбай ЖАСКЕНОВ, қоғам белсендісі; Науқанбек РЫСБАЕВ, қоғам белсендісі; Мақсат ҒАБДУЛЛИН, қоғам белсендісі; Жақсыбек ӨТЕНОВ, құқыққорғаушы, қоғам белсендісі; Светлана ҚОНДЫКЕРОВА, қоғам белсендісі, Ақсу қаласының құрметті азаматы; Қабдырахман СЕЙІЛҒАЗИН, қоғам белсендісі;Қанатбек НӘБИЕВ, қоғам белсендісі; Қайыр ЖҰМАЖАНОВ, тіл жанашыры; Махмет ДЕМЕСІНОВ, Павлодар қаласының құрметті азаматы, тіл жанашыры; Мәдина ҚАЗАНҒАПОВА, оқытушы, тіл жанашыры; Қуандық БАЯЗИТ, құрметті теміржолшы, қолөнер шебері, тіл жанашыры.