Олигархтар мен байлардың алған кредитін бюджеттен жабуды қашан тоқтатамыз?
2013 ж. 14 қараша
2082
1
Үкімет биылғы бюджетті күзеп-түзеп, Мәжіліске «шапшаң қарап тастасаңыздар» деп өтініш жасаған. Бұлай өтініш етпеуге де болмайтын еді, өйткені, біріншіден, жыл аяқталуға тақау, екіншіден, бүгінге дейін игерілмей қалған қаражат таудай. Бақандай 160 млрд теңгенің бюджетте қайта бөлініске түсетінін бұған дейін Елбасы да сынаған. Мәжілістің де атқарушы билікке көңіл күйі онша болмады. Сондай «онша емес» көңіл күйдің нәтижесінде бюджеттен олигархтардың кредиті өтеліп жатқаны да айтылып қалған еді.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгеріс енгізу негізінен қазына қаражатын толық әрі сапалы игеру мақсатында, сондай-ақ Елбасы тапсырмасын орындау үшін әзірленген. Бюджетті қайта қарау барысында ағымдағы жылдың 9 айындағы нақты түсімдер мен шығыстар қайта қаралған. Сөйтіп, қайта есептеу барысында бюджеттің кірістері жыл басындағымен салыстырғанда 20 млрд теңгеге артып, 3 трлн 608 млрд теңгеден асқан. Түсімдерге келсек, Үкімет былтыр жыл басында мұнайға әлемдік бағаны болжағанда орта тұс осы деп, барреліне 100 доллардан ұстаған. Ал мұнай баррелінің биылғы орташа бағасы шамамен 106,33 долларды құрады. Соның арқасында Ұлттық қорға түсетін түсім де артыпты. Осылайша, бір жағынан кіріс пен түсімді шотқа салған экономика министрлігі, екінші жағынан бюджеттің өз ішінде игерілмей жатқан қаражаттарға алаңдаған. Ондайларды қайтарып алып, игерілетін салаларға, соның ішінде негізінен ірі инвестициялық жобаларға қарай бағыттауды Үкімет құп көрген. Атап айтқанда, қайта сапырыстырылып жатқан бюджет жобасына сәйкес, алдағы уақытта «Жезқазған-Бейнеу» теміржол желісін салуға 30 млрд теңге, EXPO-2017 көрмесін өткізу үшін дайындыққа 20 млрд теңге, «Бәйтерек» АҚ-тың жарғылық капиталын ұлғайтуға 30 млрд теңге қарастырылады. Бұдан бөлек, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы жүктеген тапсырмаға сәйкес, мемлекеттік бюджеттің тапшылығы 80 млрд теңгеге төмендетіледі. «2013 жылға арналған республикалық бюджет түсімдері 5 трлн 242,5 млрд теңге көлемінде немесе бұған дейін бекітілген бюджетпен салыстырғанда 14,4 млрд теңгеге ұлғаятыны анықталды. Кірістердің болжамы (трансферттердің түсімін есепке алмағанда) 3 трлн 608,3 млрд теңге көлемінде бағаланады немесе бекітілген көлемнен 20 млрд теңгеге жоғары. Оның ішінде салықтық түсімдер бойынша 6,9 млрд теңге және салықтық емес түсімдер бойынша 13,1 млрд. теңгеге ұлғаяды», – дейді министр Ерболат Досаев.
Министр Мамытбеков «бюджетті игермедік емес, бюджетті үнемдедік» дейді
Өткендегі Елбасы сынынан кейін Үкіметке қарсы уәж айтуға мәжілісмендер де «оталып» кеткені белгілі. Бұл бюджет те тура сондай көңіл күйге тап болғандай. Бюджеттің нақтылауына қолдау білдіргенімен, депутаттар реніштерін жасыра алмады. Бүкіл министрлерін Мәжіліске ерте келген Серік Ахметов командасы да барынша ақталып баққан-ды. Сондай сұрақтың алғашқысы ауыл шаруашылығы министрлігіне қойылды. Депутат Қожахан Жабағиев биылғы бюджеттің игерілмеуінде Ауыл шаруашылығы министрлігі көшбасшы болып тұрғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, аталған министрліктің игермеген сомасы 22 млрд теңге шамасында болып отыр. «Соның ішінде асылтұқымды мал шаруашылығын қолдауға бағытталған 1,2 млрд теңге қаражат та игерілмей қалып отыр. Бұл қалай? Нашар жоспарлаудың нәтижесі ме? Олай болса, субсидиялау бойынша ағымдағы жылдың мамыр айында қаражат неге сұралады?» – дейді депутат Қожахан Жабағиев. Алайда министр Асылжан Мамытбеков ешқандай алаңдаушылықты байқатқан жоқ. Оның айтуынша, ведомствоның 1 қарашадағы жағдайына сәйкес, жалпыкассалық қаражатты игеру көрсеткіші 95 пайызды құрап отыр. «Бюджетті нақтылау барысында біздің саладан қаражатты шегеру оның нашар орындалып жатқанын ғана көрсетпейді. Бұл – бар-жоғы түзету мен нақтылау ғана. Менің білуімше, соңғы бес жылда республикалық бюджет осындай тәртіппен екі мәрте түзеліп те келеді», – дейді министр. Министр сосын игерілмеген 22 млрд теңгенің басым бөлігі (9 млрд теңгесі – авт.) астықты мемлекеттік сатып алулар бойынша қаражатты қысқартудан үнемделіп отырғанын алға тартады. «Биыл астық нарығы теңдестірілді. Біз бұл нарықты тек теңшеп қана отырамыз. Астықтың нарықтағы бағасы төмендеп кетсе ғана шаруаларға оңтайлы болуы үшін сатып аламыз. Сондықтан да бұған астық сатып алуға қарастырылған қаражатты игерілмеу дегеннен гөрі бюджетті тиімді пайдалану деп қараған дұрыс. Біз биыл тек 180 мың тонна астық сатып алуды қарастырдық, ал жоспарымызда 500 мың тонна болатын», – дейді министр Мамытбеков. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы игерілмеген қаражаттың басым бөлігі нарықтағы жағдайға қатысты деп құтылды. Келесі сұрақты Гүлнәр Сейітмағамбетова Үкімет басшысына қойып, бағдарламалар барысына қатысты мәселе көтерген болатын. «Мақтана айтарлық, қуана құптарлық жетістігіміз жоқ. Үкімет жүзеге асырып жатқан бағдарламалардың орындалу барысы осыны көрсетеді», – дейді депутат. Өз кезегінде Премьер-министр Елбасының қойған тапсырмаларына орай тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын, қолданыстағы барлық бағдарламаларға ревизия жүргізіліп жатқанын алға тартады. «Қазір барлығы 46 бағдарламаға ревизия жүргізілуде. Оның бесеуі – мемлекеттік бағдарлама, 41-і – салалық бағдарлама. Тексеріліп біткен соң салалықтарының бәрі бір құжатқа бірігеді. Мәселен, өңірлік даму аясында бізде алты салалық бағдарлама қабылданған. Атап айтар болсақ, олардың ішінде ауызсу да, қолжетімді баспана да, тұрғын үй шаруашылығын дамыту да бар. Әсілі, осылардың баршасы өңірлерді дамытуға бағытталған. Сондықтан да бұлардың тиімділігін арттыру үшін бір бағдарламаға біріктіруді қарастырып жатырмыз. Ал жыл сайын игерілмей немесе толығымен қаржы бөлінбей қалатын бағдарламалар қысқартылады. Бұл жұмыстың нәтижесіне орай Үкімет желтоқсан айына Елбасына тиісті ұсыныстар береді», – деді Серік Ахметов.
Осылайша бірлі-жарым сұрақтардан соң депутаттар сөз жарыстырып барып, бюджетке енгізілген түзетулерді мақұлдады. Бюджетті нақтылау – қалыпты үдеріс. Ал оның нақтылану мөлшері қандай? Жыл аяғы тақағанда қаражатты игеру үшін қуып-тығу қаншалықты орынды? Осыған келгенде депутаттар Үкіметке базынасын ақтарып қалмай да тұра алмаған тәрізді.
Татьяна ЯКОВЛЕВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Бір жылдың бюджетін қайта-қайта түзету, оның ішінде жыл аяқталуға тақағанда күзеп-түзеу мемлекетке барынша қымбатқа түседі. Ал жыл аяқталатын тұста 165 миллиард қаржының игерілмеуі – үлкен мәселе. Бұл тіпті ең алдымен Үкіметтің халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған міндетінің орындалмағанын айғақтайды. Оптимист болайық. Үкіметке бұдан әрі мемлекет қаражатына ұқыптылықпен қарауға шақырар едім.
Гүлмира ИСІМБАЕВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Бір жылы игерілмеген қаражаттың көлемі аз болып, келесі жылдары артып кетсе, онда бұны халықаралық экономикалық ахуалға сілтей салуға да болатын еді. Өкінішке қарай, соңғы жылдар ішінде игерілмеген қаражаттың прогрессивті түрде өсуін байқап отырмыз. Егер елімізде барлық мәселелер шешімін тауып жатса, халықтың талап-тілегі орындалған болса, қаражатқа деген сұраныс төмен болса, бүгінгі әңгіме де басқаша болар еді. Ал қазіргі уақытта әлеуметтік нысандар салынбаған, жолдар жасалмаған, халық мұқтаж болып отырған ауызсу жеткізілмеген бүгінгі жағдайда 165 млрд теңгенің игерілмеуі ойландыруы тиіс. Дәл осы 165 млрд теңгеге еліміздегі 182 апатты, үш ауысымды мектепті толығымен ауыстырып, 300 мыңға жуық оқушы үшін дұрыс жағдайда сапалы білім алуына жағдай жасайтын едік. Немесе осы игерілмей қалған қаржыға орта есеппен алғанда 400-ге тарта балабақша салынып, 120 мыңға жуық бала балабақшаға орналасатын еді. Сөйтіп, елге де абырой болар еді. Ал біздегі қазіргі жағдай әлі де болса жоспардың олқылықтығынан, жауапкершіліктің жоқтығынан орын алып отыр.
Нұртай САБИЛЬЯНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
–«Дағдарыстан кейінгі қалыпқа келтіру» бағдарламасы бойынша былтыр 4,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Соның 2,4 миллиард теңгесі сауда орталықтарын қаржыландыруға жұмсалыпты. Биылғы бюджеттен 19 млрд теңге бөлінсе, соның 6,2 млрд теңгесі игерілмей қайтып отыр. Мен бұл бағдарламаны қайта қарау керек деп талай мәселе көтердім. Бағдарламаның басты мақсаты – жүйе құрушы кәсіпорындарды қаржыландыру, солардың кредиттік сыйақыларына белгілі бір мөлшерде көмек көрсету. Осындай желеумен біз ешқандай да өнім шығармайтын, корпоративтік салық та төлемейтін сауда орталықтарына халықтың қазынасын құйып отырмыз. Яғни, бір сөзбен айтқанда, олигархтардың алған кредитін бюджет есебінен жауып беріп отырмыз. Бұл қалай? Біз сұрақ қойсақ, Үкімет Елбасының тапсырмасын алға тартқылай бастайды. Ау, Елбасы олигархтар мен байлардың алған кредитін бюджеттен жабыңдар деп қашан айтып еді?
Автор: Қанат ҚАЗЫ, Астана