Олигархтар мен байлардың алған кредитін бюджеттен жабуды қашан тоқтатамыз?

1
1657

Үкімет биылғы бюд­же­т­ті кү­зеп-түзеп, Мәжіліс­ке «шап­шаң қа­рап тастаса­ңыз­­дар» деп өтініш жа­са­ған. Бұлай өтініш етпеуге де бол­­май­тын еді, өйткені, бі­рін­шіден, жыл аяқталуға та­қау, екіншіден, бү­гінге дейін иге­рілмей қалған қа­ражат тау­дай. Бақандай 160 млрд тең­­генің бюджетте қайта бө­лініске түсетінін бұған дейін Ел­басы да сынаған. Мәжілістің де атқарушы билікке көңіл кү­йі онша болмады. Сондай «он­ша емес» көңіл күй­дің нә­тижесінде бюджеттен оли­­­гарх­­­тар­дың кредиті өтеліп жат­­қаны да ай­тылып қалған еді.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгеріс енгізу негізінен қазына қаражатын толық әрі сапалы игеру мақсатында, сондай-ақ Елбасы тапсырмасын орындау үшін әзірленген. Бюджетті қайта қарау барысында ағымдағы жылдың 9 айындағы нақты түсімдер мен шығыстар қайта қаралған. Сөйтіп, қайта есептеу барысында бюджеттің кірістері жыл басындағымен салыстырғанда 20 млрд теңгеге артып, 3 трлн 608 млрд теңгеден асқан. Түсімдерге келсек, Үкімет былтыр жыл басында мұнайға әлемдік бағаны болжағанда орта тұс осы деп, барреліне 100 доллардан ұстаған. Ал мұнай баррелінің биылғы орташа бағасы шамамен 106,33 долларды құрады. Соның арқасында Ұлттық қорға түсетін түсім де артыпты. Осылайша, бір жағынан кіріс пен түсімді шотқа салған экономика министрлігі, екінші жағынан бюджеттің өз ішінде игерілмей жатқан қаражаттарға алаңдаған. Ондайларды қайтарып алып, игерілетін салаларға, соның ішінде негізінен ірі инвестициялық жобаларға қарай бағыттауды Үкімет құп көрген. Атап айтқанда, қайта сапырыстырылып жатқан бюджет жобасына сәйкес, алдағы уақытта «Жезқазған-Бейнеу» теміржол желісін салуға 30 млрд теңге, EXPO-2017 көрмесін өткізу үшін дайындыққа 20 млрд теңге, «Бәйтерек» АҚ-тың жарғылық капиталын ұлғайтуға 30 млрд теңге қа­растырылады. Бұдан бөлек, Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында Елбасы жүктеген тапсырмаға сәйкес, мемлекеттік бюд­жеттің тапшылығы 80 млрд теңгеге төмендетіледі. «2013 жылға арналған республикалық бюджет түсімдері 5 трлн 242,5 млрд теңге көлемінде немесе бұған дейін бекітілген бюджетпен салыстырғанда 14,4 млрд тең­геге ұлғаятыны анықталды. Кірістердің болжамы (трансферттердің түсімін есепке алмағанда) 3 трлн 608,3 млрд теңге көлемінде бағаланады немесе бекітілген көлемнен 20 млрд теңгеге жоғары. Оның ішінде салықтық түсімдер бойынша 6,9 млрд теңге және салықтық емес түсімдер бойынша 13,1 млрд. теңгеге ұлғаяды», – дейді министр Ерболат Досаев.

Министр Мамытбеков «бюджетті игермедік емес, бюджетті үнемдедік» дейді

Өткендегі Елбасы сынынан кейін Үкіметке қарсы уәж айтуға мәжілісмендер де «оталып» кеткені белгілі. Бұл бюджет те тура сондай көңіл күйге тап болғандай. Бюд­жеттің нақтылауына қолдау біл­дір­ге­ні­мен, депутаттар реніштерін жасыра ал­ма­ды. Бүкіл министрлерін Мәжіліске ерте келген Серік Ахметов командасы да ба­рын­ша ақталып баққан-ды. Сондай сұ­рақ­тың алғашқысы ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне қойылды. Депутат Қожахан Жа­бағиев биылғы бюджеттің игеріл­ме­уін­де Ауыл шаруашылығы министрлігі көш­бас­шы болып тұрғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, аталған министрліктің игер­­меген сомасы 22 млрд теңге ша­ма­сында болып отыр. «Соның ішінде асылтұ­­қымды мал шаруашылығын қолдауға ба­ғытталған 1,2 млрд теңге қаражат та иге­рілмей қалып отыр. Бұл қалай? Нашар жос­парлаудың нәтижесі ме? Олай болса, суб­сидиялау бойынша ағымдағы жылдың ма­мыр айында қаражат неге сұралады?» – дейді депутат Қожахан Жабағиев. Алай­да министр Асылжан Мамытбеков еш­қан­дай алаңдаушылықты байқатқан жоқ. Оның айтуынша, ведомствоның 1 қара­ша­да­ғы жағдайына сәйкес, жалпыкассалық қаражатты игеру көрсеткіші 95 пайызды құрап отыр. «Бюджетті нақтылау бары­сында біздің саладан қаражатты шегеру оның нашар орындалып жатқанын ғана көр­сетпейді. Бұл – бар-жоғы түзету мен нақтылау ғана. Менің білуімше, соңғы бес жылда республикалық бюджет осындай тәртіппен екі мәрте түзеліп те келеді», – дейді министр. Министр сосын игерілмеген 22 млрд теңгенің басым бөлігі (9 млрд теңгесі – авт.) астықты мемлекеттік сатып алу­лар бойынша қаражатты қысқартудан үнем­деліп отырғанын алға тартады. «Биыл ас­тық нарығы теңдестірілді. Біз бұл на­рық­ты тек теңшеп қана отырамыз. Астықтың на­рықтағы бағасы төмендеп кетсе ғана шаруаларға оңтайлы болуы үшін сатып аламыз. Сондықтан да бұған астық сатып алуға қарастырылған қаражатты игерілмеу дегеннен гөрі бюджетті тиімді пайдалану деп қараған дұрыс. Біз биыл тек 180 мың тонна астық сатып алуды қарастырдық, ал жоспарымызда 500 мың тонна болатын», – дейді министр Мамытбеков. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы игерілмеген қара­жат­тың басым бөлігі нарықтағы жағдайға қа­тыс­ты деп құтылды. Келесі сұрақты Гүлнәр Се­йіт­мағамбетова Үкімет басшысына қо­йып, бағдарламалар барысына қатысты мә­­селе көтерген болатын. «Мақтана ай­тар­­лық, қуана құптарлық жетістігіміз жоқ. Үкі­мет жүзеге асырып жатқан бағ­дар­ла­ма­лар­дың орындалу барысы осыны көр­се­те­ді», – дейді депутат. Өз кезегінде Пре­мьер-ми­­­нистр Елбасының қойған тап­­­­сыр­­­маларына орай тиісті жұмыстар ат­­­қа­­­рылып жатқанын, қолданыстағы бар­лық бағ­дарламаларға ревизия жүргізіліп жат­қанын алға тартады. «Қазір барлығы 46 бағ­дар­ламаға ревизия жүргізілуде. Оның бесеуі – мемлекеттік бағдарлама, 41-і  – са­ла­лық бағдарлама. Тексеріліп біткен соң са­лалықтарының бәрі бір құжатқа бі­рігеді. Мә­селен, өңірлік даму аясында біз­де алты са­лалық бағдарлама қа­был­данған. Атап айтар болсақ, олардың ішінде ауызсу да, қолжетімді баспана да, тұрғын үй шар­уа­­шылығын дамыту да бар. Әсілі, осы­лар­дың баршасы өңірлерді дамытуға ба­ғыт­тал­ған. Сондықтан да бұлардың тиім­­­ділігін арттыру үшін бір бағдарламаға бі­ріктіруді қарастырып жатырмыз. Ал жыл са­йын игерілмей немесе толығымен қар­жы бөлінбей қалатын бағдарламалар қыс­қар­­тылады. Бұл жұмыстың нәтижесіне орай Үкімет желтоқсан айына Елбасына тиіс­­ті ұсыныстар береді», – деді Серік Ах­ме­тов.

Осылайша бірлі-жарым сұрақтардан соң депутаттар сөз жарыстырып барып, бюджетке енгізілген түзетулерді мақұл­да­ды. Бюджетті нақтылау – қалыпты үдеріс. Ал оның нақтылану мөлшері қандай? Жыл аяғы тақағанда қаражатты игеру үшін қуып-тығу қаншалықты орынды? Осыған келгенде депутаттар Үкіметке базынасын ақтарып қалмай да тұра алмаған тәрізді.

Татьяна ЯКОВЛЕВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бір жылдың бюджетін қайта-қайта тү­зету, оның ішінде жыл аяқталуға та­қа­ған­да күзеп-түзеу мемлекетке ба­рын­ша қым­бат­қа түседі. Ал жыл аяқталатын тұста 165 мил­лиард қаржының игерілмеуі – үлкен мә­селе. Бұл тіпті ең алдымен Үкіметтің ха­лық­тың өмір сүру сапасын жақсартуға ба­ғыт­талған міндетінің орындалмағанын ай­ғақ­тайды. Оптимист болайық. Үкіметке бұ­дан әрі мемлекет қаражатына ұқып­ты­лық­пен қарауға шақырар едім.

Гүлмира ИСІМБАЕВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бір жылы игерілмеген қаражаттың көлемі аз болып, келесі жылдары артып кетсе, онда бұны халықаралық эконо­ми­ка­лық ахуалға сілтей салуға да болатын еді. Өкінішке қарай, соңғы жылдар ішінде игерілмеген қаражаттың прогрессивті түрде өсуін байқап отырмыз. Егер елімізде барлық мәселелер шешімін тауып жатса, халықтың талап-тілегі орындалған болса, қа­ражатқа деген сұраныс төмен болса, бүгінгі әңгіме де басқаша болар еді. Ал қа­зір­гі уақытта әлеуметтік нысандар са­лын­баған, жолдар жасалмаған, халық мұқ­таж болып отырған ауызсу жеткізіл­ме­ген бүгінгі жағдайда 165 млрд теңгенің иге­рілмеуі ойландыруы тиіс. Дәл осы 165 млрд теңгеге еліміздегі 182 апатты, үш ауы­сымды мектепті толығымен ауыстырып, 300 мыңға жуық оқушы үшін дұрыс жағ­дай­да сапалы білім алуына жағдай жасай­тын едік. Немесе осы игерілмей қалған қаржыға орта есеппен алғанда 400-ге тар­та балабақша салынып, 120 мыңға жуық ба­ла балабақшаға орналасатын еді. Сөй­тіп, елге де абырой болар еді. Ал біздегі қа­зіргі жағдай әлі де болса жоспардың ол­қылықтығынан, жауапкершіліктің жоқ­ты­ғынан орын алып отыр. 

Нұртай САБИЛЬЯНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

–«Дағдарыстан кейінгі қалыпқа кел­тіру» бағдарламасы бойынша былтыр 4,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Соның 2,4 мил­лиард теңгесі сауда орталықтарын қар­жы­ландыруға жұмсалыпты. Биылғы бюд­жет­тен 19 млрд теңге бөлінсе, соның 6,2 млрд теңгесі игерілмей қайтып отыр. Мен бұл бағдарламаны қайта қарау керек деп талай мәселе көтердім. Бағдарламаның басты мақсаты – жүйе құрушы кәсіп­орын­дар­ды қаржыландыру, солардың кредиттік сый­ақыларына белгілі бір мөлшерде кө­мек көрсету. Осындай желеумен біз еш­қан­­дай да өнім шығармайтын, кор­по­ра­тив­­тік салық та төлемейтін сауда ор­­­та­­­лық­тарына халықтың қазынасын құ­йып отырмыз. Яғни, бір сөзбен айтқанда, оли­­гархтардың алған кредитін бюджет есе­­бінен жауып беріп отырмыз. Бұл қалай? Біз сұрақ қойсақ, Үкімет Елбасының тап­сыр­­­масын алға тартқылай бастайды. Ау, Ел­­­басы олигархтар мен байлардың алған кре­дитін бюджеттен жабыңдар деп қашан ай­тып еді?

Автор: Қанат ҚАЗЫ, Астана

1 Пікір

  1. әкім қаралар бар ақшаны игере алмауда, ал оқу бітіріп келген мамандарға бөлінген «жастар тәжірбиесі» бағдарында ақша болмағандықтан жас мамандар жоғары білімді жұмыстан қысқарып жатыр, өйткені оларға төленетін қаражат жоқ, біткен дейді. Не бәрі алатындары 22 мың теңгенің өзі жоқ. бұл Арқалықтағы жағдай.балаларды Астанаға құрылысқа жіберу крек шығар. Үкіметіміз сонда келешекте мемлекеттік қызмет,оқу, медицина саласы т.б. мамандарды қайдан алады, оларға тұрақты жұмыс табылғанша оқыған, білгенін ұмытпайды ма.әлде «жол картасы» деп ақшаны босқа шашуды ғана ойлай ма, миллиардтаған ақшаға неге жастарға жұмыс орнын ашпайды.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз