Қайрат Нұртас Жаркенттің де қара тізіміне еніпті-мыс

5IXxwПрайм-Плазадағы шудан кейін Алматыдағы концертте ән айту құқығынан бейресми түрде айырылған Қайрат Нұртас енді Жаркент қаласының қара тізіміне 3 жылға енді деген алып-қашпа әңгімелер шыға бастады. Ал, әншінің шығармашылығына дақ түсірген Праймдағы оқиғадан бері  72 күн өтсе де, не Қайраттың, не Праймның жағдайы аса оңала қоймапты. Қайратқа әр жерде есіктер жабыла бастаса, Прайм-Плазада халық қиратқан қымбат әйнектер толық қалпына келмеген.

31 тамыз. Алматы. Дәл осы күнгі Қайраттың кезекті рет халық алдында ән шырқауы осынша шу әкеледі деп ешкім де ойламаған. Титтей балаларын концертке алып келіп, кейін қатты өкінген халықтың арасында дардай азаматтар бірін-бірі итерісіп, сахнаны бүлдіріп, ойына келгенді істегендері әлі күнге ел есінде. Болған жаппай тәртіпсіздіктерге өздеріне еш кінә тақпаған Прайм-Плаза сүттен аппақ, судан тазамыздың кебін киген еді. О, баста "Қайрат кінәлі емес" деп, келесі күні жауаптары өзгеріп сала берген Прайм-Плаза қызметкерлері күні бүгінге дейін ашулы сияқты. Неліктен екі айдан аса уақыт өтсе де әйнектер әлі жөнделіп бітпей жатыр деп жағдайларын білмекке барып едік, дүрсе қоя берді. Мүлдем жауап бермейміз деді. Белгілі болғандай, мына әйнектердің өзін Прайм-Плаза арнайы Ресейден алдыртады екен. Құны да қомақты. Әйнектерді жөндеумен айналысып жатқан "Гравитекс" компаниясы да қалпына келтіру жұмыстары оңай емес дейді. Осы жұмыстармен айналысуға кем дегенде 10-15 маманның жұмылдыратынын айтады.

Ал, Праймнан кем түспей, моральдық тұрғыдан зардап шеккен Қайрат Нұртас бүгінде жүрегі ауырса да концерттер беріп, шығармашылығын барынша жалғастырып жүр.

Бірақ шулы оқиғадан кейін Алматыда бірнеше кештерден алынып тасталса да Қайрат өзге аймақтарда жалпы саны 26 концерт қойып үлгеріпті. "Түркістан, Қарағанды, Шымкент, Атырау, Тараз барлығында екі екіден концерт беріп жатыр. 2 айда 26 концерт берді", - дейді Қайрат Нұртастың анасы, продюсері Гүлзира Үсенқызы. Ал, қазіргі уақытта Прайм-плазадағы жаппай тәртіпсіздік кезінде ұсталғандарға қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазір істің барлығы Алматыдан Астанаға Ішкі істер министрлігіне жіберілген. Тексеру барысында тонау фактісі бойынша 3, қарақшылық шабуыл бойынша 5, бұзақылық, өзгенің көлігін айдап алып кету сынды қылмыстық істер қозғалды. Қазір қылмыстық жауапкершілікке  20 адам тартылып отыр. "31 арнаның" эфирінде Прайм-Плазадағы оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, халық алдында бар шындығын айтқан Қайратқа біреу сенбеді, енді біреулер әнін тыңдаудан жалықпаймыз деді. Оған дәлел өткен аптада ғана болған Көкшетаудағы мына кеш. Халық әдетінше әншісін қолпаштап, сүйіп, суретке түсіп, құшақ-құшақ гүлдерін сыйлауда. "Халық керісінше уайымдап, одан, сайын махаббат арта түсуде", - дейді продюсер. Ал, "31 арна" студиясында Қайрат Прайм-Плаза қайта концертке шақырса не істейсіз деген сұраққа былай жауап беріп еді.

Шақырған жерден қалмайтын Қайратты бірақ Прайм-Плаза қызметкерлері енді ешқашан шақырмаймыз деген пікірін бізге телефон арқылы айтып қалды.

31-арна