«Халқына қайғысыз ұйқы ұйықтатқан» Абылай ханға 300 жыл

загруженное«Абылай ханның 300 жылдығы – елдігіміз­дің бедерлі бір белесі»

Н.Назарбаев

Қазақ елі биыл Абылайханның 300 жылдығын тойлап жатыр.  Оның 1771 жылы туылғанан ескерсек, бұл той 2011 жылы тойлануы тиіс еді. Бізге белгісіз себептері бар болар, Абылай тойы биыл тойлануда. Кешігіп болса да, тойланып жатқаны қуантады. Әйтпесе, мемлекеттілігімізге сын болады...Мемлекет көлеміндегі ең ірі іс-шаралар Көкшетау қаласында өтіп жатыр. Абылай ханның 50 жыл бойы  ордасы болған сұлу табиғаты бар Бурабай өңірінде Абылай хан алаңы бар. Бірақ даңқты ханның атына алаң беру аздық етпей ме?! Тарихшы-профессор Әбуов Қадыржанның Бурабай қаласының атын «Абылай» деп атау ұсынысы орынды еді... Бірақ, қала атының өзгеруі туралы ақпарат жоқ.  Тойға елімізден және шетелден 600-ден аса мейман келіп, мерейтой қарсаңында өткізіліп жатқан спорттық сайыстар, театрланған көріністер, ғылыми конференциялар, т.б. қатысып, баба рухына тағзым етті. Мың жылда бір туатын Абылайдай ардақтыны ұлты ұлықтап, мерейін асқақтату жолында ұрпаққа өнеге болар үлгілі істердің молынан атқарылып жатқанына сенгім келеді... Абылай хан туралы оқыған тарихи деректерді еске алғанда, санада жатталған  ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың мына жолдарын қайталай бергің келеді: Күңіреніп ойлағанда алаш жайын, Жанымды орай берсе ұлы уайым. Кеудемде күннің нұры толғандай боп, Жырлаймын алты алаштың Абылайын. Ол қазақ халқының тарих сахнасынан мүлдем жойылып кету қаупі төнген қиын заманда ел биледі. Үш жүздің басын біріктірді. Жоңғарлардың қазақ даласына толассыз шапқыншылығы кезінде 35 жыл бойы күресіп, жерімізді азат етті. Дүние жүзі бойынша 9-орынды алатын қазақтың қазіргі даласында дербестік орнап, бүгінгідей «шүкір» айтып өмір сүруімізге Абылай ханның қосқан үлесі бар деп есептеймін. Ол – қазақ жерінің жаңа территориясының қалыптасуына, географиялық кеңістігінің өзгеруіне де себепші. Жырауларша айтсақ, Абылай – «халқына қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, қайырусыз жылқы бақтырған, Қалыңсыз қатын алдырған хан». Тарихи тұлғалардың ішінде өмірі туралы іздей беруге ынтықтыратын ерекше бейнелер болады. Мен үшін сондай бейнелердің алғашқысы – Абылай хан. Абылайдың кімнен тарағаны, қалай тәрбиеленгені, шынайы болмысының қандай болғаны маған өте қызық. Тарихта ол жайлы.аңыз бен ақиқаты аралас дерек көп. Қайсысы шындыққа сай келетінін айту қиын. Біреулер оны «қарадан шыққан хан» десе, екіншілері «Шыңғысхан нәсілінің тікелей ұрпағы» дейді. «Қарадан шыққан хан» деген аңыздың таралуына Бұқар жыраудың: Ей, Абылай, Абылай! Мен өзіңді көргенде, Тұрымтайдай ұл едің, Түркістанда жүр едің, Үйсін Төле бидің Түйесін баққан құл едің! Жаныс Қарабайдың үйінде Түнде туған ұл едің, Әкең – күмән әуелден, Оны да мен білемін!, – деген жолдары нақ себеп. Алайда, ертеректе ханның жыраулары, кеңесшілері ханның бетіне тікелей келмей, астарлы түрде шумақтата отырып , ханның кем-кетігін айтып отырғанын әдебиеттен оқып, ұққан едік...  Бұл жырымен Бұқар жырау Абылайға «Аяз әліңді, құмырсқа жолыңды біл» деп, тәубесіне шақырғандай болып көрінеді. Әйтсе де, әрбір қазақ Абылай ханның ҚАЗАҚ ұлтынан шыққан дипломат, даңқты қолбасшы, дана саясаткер, ұлы хан екенін жақсы  біледі. Абылай ханның тәрбиесі туралы да әңгімелер әр түрлі өрбиді. Адамның үлкен адамға айналуы оның алған тәліміне тікелей байланысты. Оның Ораз атты тәрбиешісі туралы көп айтыла бермейді.Ұлы хан туралы алғашқы деректер Шоқан Уәлиханов жазбаларынан белгілі. Бұл  жазбаларда Абылай ханның Ораз атты күтушісі болғаны туралы жазылған жерлері бар. Айтпақшы, «Көшпенділер» фильмінде бұл Ораз тәрбиеші көрінеді. Ол Әбілмансұрды өз тәрбиесіне алып, жауынгерлік өнерге арнайы дайындайды. Сөйтіп, 20 жыл бойы ұрыс өнерінің қыр-сырын үйретіп, Шыңғыс хан, Аттила тәрізді ұлы бабалар рухына сай болуға үндейді, ел бірлігі, ұлт ынтымағы жөніндегі ғибратты әңгімелерді құлағына бала күнінен сіңіреді. Бірақ тарихи жазбалар мен зерттеушілер, ғалымдардың сөздеріне сенсек, Абылайханның үлкен ханға айналуына Төле бидің сіңірген еңбегі ерекше. 1771 жылы Абылай хан Орта жүздің ханы болып сайланады. Салиқалы саясат жүргізіп, бірлік бар жерде тірліктің барын біліп, көрші Қытайдың Цин империясымен бейбіт қатынас орнатады. Кейін Ресеймен де еларалық қатынасты бекіткен. Оның сыртқы саяси қатынастары мұнымен шектелген жоқ. Абылай басқа мемлекеттермен, әсіресе Хиуа, Жоңғар хандықтарымен қарым – қатынастары қазақ  жұртының негізгі этносаяси мүддесіне сай жүргізілді. Чиң империясы тарапынан Орта Азия елдерін жаулап алу қаупі төнген кезде, Абылай Ауғаныстан билеушісі Ахметшахпен байланыс орнатты. Абылай алыстағы Түркия билеушілерімен де қарым – қатынасқа түсе білген. Сондағы ханның мұраты, сырттан келетін жаудан сақтану, ұлтаралық қарым-қатынас орната отырып, елін өркениетке жақындату болған деп түсінемін. Айтпақшы, қазақ даласында сәулеті ерекше ғимараттар Абылай хан тұсында бой көтере бастаған. Ол халыққа балық аулау мен диханшылық кәсібін үйрету үшін барын салған. Ол елдің әскери күшіне үлкен назар аударды. Тіпті бейбітшілікті әскери күшпен нығайтуға тырысты. Елшілер қызметін іске қосты. Абылайдың табан астынан сөз тауып айтатын шешендік өнері жайлы жазылған естеліктер өте қызық. Жастайынан би әрі шешен Төлебидің тәрбиесінде болғанын ескерсек, Абылайханның сөз шебері болуы заңдылық. Оның айтқан ұтымды жауаптары, қанатты сөздері ел аузында сақталған. Абылай хан өлерінің алдында Бұқар жыраумен қоштасқанда:  «Қанша жыл өмір сүріп, жасағанымнан не пайда, қазақтың арқасын тамға, аузын нанға сүйегенім жоқ, бұл – бір. Ақбозаттың құнын ер құнына теңегенім жоқ, екі. Мылтығымның құнын екі ердің құны дегізгенім жоқ, ұста мен етікшінің құнын қатын құнымен бір бәс қылып, жарты құн дегізіп кесім кестіргенім жоқ, мұным үш. Осы үш арман бойымда кетті» деген екен. Бұл армандарының астарында үлкен философиялық ой жатыр. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік», деген аз сөзге көп мағына сыйып тұрған сөзінен Абылайдың ел болашағын өте тереңнен пайымдағанын аңғарамыз. Білекке сенген жаугершілік заманда осынау байтақ өлкені сақтап, ұрпаққа аманат еткен бабалар, біздің білім мен ақылымыз арқылы осы жерге ие болып қалатынымызға сенгендей... Абылай хан ғұмырының соңғы жылдарын қоғамдық әрі саяси қажеттіліктерге байланысты Қазақстанның оңтүстік өңірінде өткізуіне тура келеді. Содан көп өтпей ол 1881 жылы Арыс өзені бойында дүние салады. Мүрдесі Қожахмет Йассауидің мешіті алаңында жерленеді. Түркістан – ұлылар жерленген қасиетті мекен. Абылай өмір бойы ат үстінде жүрсе де, 12 әйел алып, артына 30 ұл, 40 қызын қалдырған. Олардың бәрінің есімдері тарихқа енбеген. Ұлдарының бізге белгілілері: Сағындық — Шуақбай атты қарақалпақ бегінің қызы Сайман ханымнан: Уәли, Шыңғыс, Әділ, Есім; Қашқар бегі Кенже сарттың қызы Бабақ ханымнан: Шеген, Рүстем, Оспан, Сыздық, Әбітай, Әбділдә; қалмақ ханы Қалдан Сереннің туысы Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан: Қамбар мен Қасым; Сарғалдақ қожаның қарындасынан: Тоқ, Қосым, Арық; Атығай-Қарауылдың қызы Тоқта ханымнан: Сығай, Тағай, Сүйік, Әли, Құ­лан, Тоғым; Орыс сұлудан (тұтқын) — Шама; басқа әйелдерінен: Ғұмыр, Байыр, Жәңгір, Сыпатай. Ресми және тарихи деректерге қарағанда, Абылай ұрпақтарының қазіргі жалпы саны 20 мыңнан асады. Айтпақшы, олар Көкшетауда өтіп жатқан ұлан-асыр тойға шақырылған. Соның бір шоғыры Қытайдан 80 адам болып келіпті. Абылайдың армандаған нағыз дербестікке бүгінгі ұрпағы жетіп отыр. Абылайлап жауға шапқанда дұшпанының құтын қашырған бабамыз Абылай ханның 300 жылдық тойы құтты болсын!

Айнара Байжан 

qazaquni.kz