Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов өмірден өтті

1
4210

Бүгін Алматыда Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов дүниеден өтті. Алдағы жылы Армия генералы өзінің тоқсан жылдығын атап өтуді жоспарлап отырған еді.

Сағадат Қожахметұлы 1924 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталған соң Қызыл Әскер қатарына шақырылып, Берлинге дейінгі кескілескен ұрыстың бел ортасында жүрді. Соғыстан оралған соң қазақ сардарына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Одан кейінгі саналы өмірін әскери салаға арнаған қаһарман ұл Кеңестік қарулы күштердің сапында жауапты қызметтер атқарды.

Ал, еліміз азаттық алған соң Президент Нұрсұлтан Назарбаев оған отанымыздың қорғаныс саласын басқаруға сенім артты. Тәуелсіз мемлекеттің тұңғыш қорғаныс министрі қызметінде үш жыл отырған соң Армия генералы шенімен отставкаға шықты. Халық қаһарманы атағы берілді. Сол күннен бастап өмірінің соңына дейін Елбасының кеңесшісі лауазымында болды.

Нұрсұлтан Назарбаев Сағадат Қожахметұлының өмірден озуына байланысты отбасына көңіл айтып, жеделхат жолдады:

«Жастық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұл келген ол майданда фашистік басқыншыларға қарсы ерлікпен шайқасты. Ерлігі жоғары мемлекеттік наградалармен атап өтілді.

Соғыстан кейінгі өмірін әскери қызметке арнап, мұнда да талантты сардар, тамаша қолбасшы ретінде танылды. Өзінің біліктілігі мен талапшылдығына қоса, қарапайымдылығымен және әділдігімен әріптестерінің арасында зор абырой мен беделге ие болды.
Ол ел тәуелсіздігінің бастапқы қиын-қыстау жылдарында Қазақстан Республикасының алғашқы Қорғаныс министрі ретінде еліміздің Қарулы Күштерін қалыптастырып, нығайтуға өлшеусіз зор үлес қосты. Сол себепті оған Халық қаһарманы атағы берілгенін ерекше сезіммен еске аламын.
Халқымыз оның еңбегін ешқашан ұмытпайды, ал оның жарқын дидары біздің жадымызда әрдайым сақталады», – деп жазылған.

Халық қаһарманының қазасына ортақтасып, көңіл айтамыз.

1 Пікір

  1. нағыз қазақтың батыр ұлы! жаны жаннатта, тәні рахатта болғай,әумин!
    Соғысқа қатынасқандар азайып барады, оларға құрмет тек қана құрмет көрсету парыз бізге.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз