Үржарда табылған сақ ханшайымының әлемдік ғылыми маңызы өте зор

Оқиға орнынан репортаж

Ә.Марғұлан атындағы Археология институты директоры, тарих ғылымы докторы,  Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Бауыржан Әбішұлы БАЙТАНАЕВ :

Үржарда табылған сақ  ханшайымының әлемдік ғылыми маңызы өте зор

- Біз 2011 жылы  Таскескен-Бақты автожолы бойында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Бұл кезде жолды реконструкциялау жүргізіліп жатқан болатын. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау туралы заңға сәйкес, олар табылған ескерткіштерді сақтап, бүлдірмеуі тиіс және тиісті орындар мен археологтарға хабарлауы керек. Жүргізілген зерттеулер нәтижесі бойынша біз екі қорғанды таптық. Бір қорған жерге  көмілген. Екіншісі, таспен жабылған. Қазір жол жөндеу жұмыстары қайта басталды. 2013 жылы осы ескерткіштерді  қазу  жұмыстарының екінші кезеңі  басталды. - Сіздер тапқан баға жетпес ғажайып жаңалықтың маңызы неде деп білеміз? - Табылған сақ ханшайымы мүрдесінің бағалылығы сонда, біріншіден, бұл Есік қорғанындағы әйгілі Алтын адамнан кейін жақсы сақталған және қол тигізілмеген мүрде болып табылады. Бойы шамамен 170 сантиметрдей.

  Мұның маңыздылығы сонда, мүрдеде органикалық заттар, яғни түрлі маталар сол күйі таза қалпында сақталған. Ал киім дегеніңіз алтынға қарағанда сол заманғы мәдениет пен дәстүрден, жалпы тарихтан мол мағлұмат бере алады. Баскиімі- сәукелесі  не деген ғажап! Жалпы бұл баға жетпес ғылыми археологиялық зор табыс. Тұнып тұрған тарих.Енді лабораториялық жағдайдағы зерттеу жұмыстары кезінде біз  бұл ескерткіштен міндетті түрде жаңа элементтер табатынымызға сенімдімін. Қорыта айтқанда, Үржарда табылған сақ  ханшайымының әлемдік ғылыми маңызы өте зор!

  Суретті түсірген Данияр Бозаев Біз жыл аяғына дейін құнды ескерткішті зерттеу жұмыстарын еңсеріп, альбом-кітап шығаруға уәде бере аламыз.

Енді екінші кезең, лабораториялық өңдеу мен реконструкция жасауға жалғасады.

Үшінші кезеңде,  қалпына келтіріліп, ғылыми жаңғырған ескерткішті  әлем көрмелеріне қойып, дүние жүзіне таныту жұмыстары жүргізіледі.

- Сіздер белгілі археолог суретші-реставратор Қырым Алтынбековты қиянда жүрген жерінен шақырып алдыңыздар. Не үшін? - Қазба жұмысы барысында реставраторды шақыру керек деген шешімге келдік. Өйткені, бұл жерде табылған ертедегі жерлеу рәсімдері лабораториялық зерттеуді талап етеді. Бұл жерде температуралық дымқылдықты сақтау керек болады. Содан соң, мұндай ескерткіштерді сақтау өте күрделі және арнайы дайындығы бар маманды қажет етеді. Сондықтан, белгілі археолог- реставратор Қырым Алтынбаевты шақырдық. 1 маусым күні мұнда әлемге белгілі археолог суретші-реставратор, Алтын адамды Кемел Ақышевтан кейін 20 пайыздайын қалпына келтірген, Берел қорғанындағы жылқыларды түгел жаңғыртқан, ресейдің Аржан қорғанындағы жолбарыс терісінжамылған костюмді жаңғыртушы  Қырым Алтынбеков Иркутск қаласындағы маңызды  іссапарын тастап, жедел  жетті! Ол мүрдені Алматыға жеткізіп, лабораторияда зерттеу жұмыстарын жалғастырады. Сол кезде оның жетекшілігімен ғалым-антропологтар мүрденің сыртқы пішімін  қалпына келтіріп, толық та, нақты мәліметтер бере алады. - Кез келген ғылыми жаңалықтың аты бар, мәселен Алтын адам деген секілді... Сіздер қалай атамақсыздар?

- Дәл қазір бұл қазба жұмыстарынан табылған әйел мүрдесін «Алтын адам табылдыІ»-деп айқайлатудың керегі шамалы. Біз алдымен қазба жұмыстарын толық бітіріп, Алматыда лаборатрориялық зерттеуді толық аяқтаған соң ғана мәдениетіміздің  тарихы тұрғысынан  нақты баға бере аламыз. Сол кезде бұл мүрденің сыртқы пішінін қалпына келтіріліп, мұражайға қоямыз. Атын да сол кезде анықтармыз деп ойлаймын.

 Қазір қазба жүмыстары аяқталып қалды. Сәтін салса, ертеңдері сақ ханшайымы мүрдесін тұла бойын бұзбай тұтас қалпында сақтаған күйі Алматыға ұшақпен жеткіземіз. Әрі қарай лабораториялық зерттеу жұмыстарын Қырым Алтынбеков жүргізеді.

 Біз www.qazaquni.kz сайты арқылы Үржардағы сақ ханшайымы табылған қазба жұмыстары басынан күнделікті ақпараттар беріп тұратын боламыз.

Қазыбек ИСА,

Нұрлан ӘБДІБЕК.

Үржар ауданы

Шығыс Қазақстан облысы.

03 маусым 2013 жыл

www.qazaquni.kz