Азат Перуашев: Мемлекеттік тіл үшін Қазекеңнен артық айқасып жүрген депутат жоқ
2022 ж. 15 қараша
1953
0
«Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың белгілі ақын, Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның 60-жылдық мерейтойында сөйлеген сөзі
Қазыбек Жарылқасынұлының Парламентте болсын, саясатта болсын орны бөлек. Ел ағалары ақынның жаны нәзік, жүрегі сезімтал болады деп жатыр ғой. Ал, саясат деген салқынқандылықты талап етеді. Бұған дейін осындай түсінік қалыптасқан. Қазеке, сіз ақынсыз. Ақын мәңгілікпен сөйлеседі халық алдында. Ақынның сөзі, ойы, ниеті жоғары деңгейде болу керек. Саясатта кейде пендешілікке жол беруге тура келеді. Бірақ, заман ағымына сай, бүгінде саясатқа жүрегі сезімтал, елдің мұң-мұқтажын жақсы білетін, олардың жанайқайын билікке жеткізе алатын адамдар қажет екенін көріп отырмыз. Қазыбек Жарылқасынұлы сондай адамдардың бірі. «Ақ жол» демократиялық партиясының саяси бағдарламасында төрт негізгі бағыт бар. Тәуелсіздік пен мемлекеттілік, Алаш ұлттық идеясы, Жемқорлық және деофшоризация, Парламентаризм мен демократия. Осы төрт бағыттың қай-қайсысы бойынша да Қазекеңнің айтары анық, ұстанымы берік. Мемлекеттік тіл мәселесінде Қазекеңнен артық айқасып жүрген депутат жоқ. Алаш тақырыбына келсек, партиямыз 2012 жылы Мәжіліске өтіп, фракциямыз құрылғаннан кейін Қазекең Алаштың 95 жылдығын мемлекеттік деңгейде өткізу туралы депутаттық сауал жасауды ұсынды маған. Біз Алаш тақырыбын көтерген сайын, мені Ақордаға шақырып осы мәселені көтермеуімді талап ететін еді. Бүгінде Алаш идеясы елдің биікке көтерер ақ туына айналғанын көріп отырмыз. Жер тұтастығы мен ұлттық мүдде жолында да Қазекеңнің еңбегі ерен. 2017 жылы Қытайда қазақтарды түрлі лагерьлерге қамап жатқанда Қазекең екеуміз Бейжіңге барып, Қытай компартиясының жетекшілеріне 112 қандасымыздың есімі жазылған тізімді бердік. «Біз парламенттік партия өкілдеріміз, қандастарымызды неліктен қамап жатырсыздар?!» деп сұрадық. Дәлел талап етіп, қандастар тағдыры үшін табандылық таныттық. Нәтижесінде сол тізімнен жүзге жуық қандасымыз босап шықты. Жемқорлық мәселесінде де, ақынның даусы жоғары. 2013 жылы тағы да Қазекең екеуміз Швейцарияның парламентінде елімізден миллиондап қаржы жымқырған жемқорлардың тыққан ақшасын елге қайтаруды талап еттік. Жаңа ғана экрнаннан Қазекеңнің коалицияда сөйлеген сөзін көрсетті. Неліктен Қазекең қабаттасып шаппай, қанаттасып шабайық деп, Тоқаевты қолдауға шақырды? Себебі, бүгінде еліміздің алдында тәуелсіздігімізді, жер тұтастығын сақтау мәселелері бірінші орында тұр. Егер елімізді, жерімізді сақтай білсек ерте ме, кеш пе біз нарықтық экономикасы бар, әділетті мемлекетке айналамыз. Оған ешбір күмәнім жоқ.
qazaquni.kz