Латынға көшу – орыс тілінің ықпалынан құтылу үшін қажет
2013 ж. 31 қаңтар
14003
25

А.В. Луначарский, Ағарту ісі жөніндегі халық комиссары
1919жыл
–« Бұл үдеріс жақсы дайындықпен және ойластырылып жүргізілуі қажет. Осы орайда, XX ғасырда кириллица алфавиті негізінде қазақ тіліндегі әдеби және ғылыми мұралардың ауқымды қоры әзірленгенін есте сақтағанымыз жөн. Ең маңыздысы, қазақстандықтардың болашақ ұрпағына арналған халықтың осынау қазынасы жоғалып кеткен жоқ. Біз қазақ тілін латын әрпіне көшіру жөнінде мемлекеттік комиссия құрамыз»
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті
«Ерте ме, кеш пе Қазақстан латын әліпбиіне көшеді»Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі
Енді тартыншақтай берсек, көш соңында қалып қою оңайдың оңайы
«Латын әліппесіне көшуді біз сәл кешірек қолға алып отырмыз. Әліппе ауыстырудың пайда-зиянын білмейтіндердің үрейшілдігі жаман болады. Атағы барларда үрей болған соң, іс басындағылар да амалсыз үрпиісіп қарайды. Латынға көшу керек. Біз қатарымыздан кешігудеміз. Әзірбайжандар бірден көшіп, техника тіліне үйреніп қалды. Ал, қасымыздағы Өзбекстан осыдан он жыл бұрын мектептерін латыншаға көшірген. Балалардың оқуын латыншаға көшіру арқылы олардың ата-аналарының да сауатын ашып алды. Бүкіл адамзаттың 60-70 пайыздайы латын әліппесін қолданады. Дүниежүзіндегі техникалық құрал-аспаптар латын әрпіне негізделген. Өркендеу заңы жасалғанды сақтап, бауырыңа басып жата бер демейді. Енді тартыншақтай берсек, көш соңында қалып қою оңайдың оңайы. Елу елдің қатарына кіреміз десек, латын әрпінің пайдасы тимесе, зияны тимейді»
Тұрсынбек Кәкішұлы
Латын таңбасына көшу арқылы ұлттық құндылықтарымызды дәлме-дәл жеткізе аламыз
Латын графикасына көшу – бізге алдымен орыс тілінің ықпалынан құтылу үшін қажет. Өздеріңізге белгілі, өткен ғасырда біз әліпбиді үш рет ауыстыруға мәжбүр болдық. 1929 жылға дейін араб әліппесіне негізделген төте жазуды қолдандық. 1940 жылға дейін латын жазуын пайдаландық. Яғни латын әрпі қазақ үшін бейтаныс деуге болмайды.
Біріншіден, болашақта түркі халықтары латын таңбаларына негізделген ортақ әліпбиге көшеді. Түркия осы әліпбиді қолданады. Соңғы жылдары Әзірбайжан мен Өзбекстан да осыған өтті. Алдағы уақытта өтеміз деп отырған түркі елдері көп. Екіншіден, латын әрпіне көшу арқылы біз әлемдік кеңістікке жақындаймыз. Қазақстан өзгелермен терезесі тең ел болған кезде, бұл біз үшін өте маңызды. Қарап отырсаңыз, күнделікті өмірімізде латын тілімен жиі бетпе-бет келеміз. Тауарлардың көпшілігінде ақпараттық жазулар латын тілінде жазылған. Компьютерлік техникалардың көпшілігі латын тілінде жұмыс істейді. Сондықтан латын әліпбиіне көшу арқылы біз осы мәселені шешкен болар едік. Латын таңбалары қазақтың табиғатына жақын. Мәселен, «Қазақстан» деген сөз қазір ағылшынша көбіне «KAZAKHSTAN» деп жазылып жүр. Бұл орыс тілінен алынған. Дұрысы «QAZAQSTAN» болуы керек. Латын таңбасына көшу арқылы біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды дәлме-дәл жеткізе аламыз.Бауыржан Елікбаев, филология ғылымдарының докторы
Әліпби ауыстыру – ұлтымыздың тарихындағы ең маңызды бетбұрыс
Латын таңбаларын үйрену оншалықты қиындық туғызбайды деп ойлаймын. Онсыз да қазір компьютерде, ұялы телефондарда осы әріпті қолданатын жастар көп. Бірақ оған едел-жедел көшіп кетпей, Елбасының өзі айтқандай, бірте-бірте қолға алған жөн.
Латын таңбасына көшуді бірінші сыныптан бастасақ, 11 жылда орта білім беру жүйесі толығымен латын графикасына ауысады екен. Бұл жерде көрші елдердің тәжірибесіне қарап, солардың жіберген қателіктерін қайталамау қажет. Осы уақытқа дейін «Ана тілі» газетінде және басқа да ақпарат құралдарында ғалымдар жаңа әліпбидің көптеген нұсқаларын ұсынды. Осы әріптерді латын графикасымен таңбалап, қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін жоғалтып алмау үшін бізге «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» қағидасын басшылыққа алу керек. Өйткені, әліпби ауыстыру, бұл – ұлтымыздың тарихындағы ең маңызды бетбұрыс болып табылады.Болат Қалыбеков, филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Түбі бір түркі халықтары бір-біріне жақындауы үшін де латынға өту керек
Мен де шұғыл өтудің жағындамын. Түбі бір түркі халықтары бір-біріне жақындауы үшін әуелі рухани дүниемізді оқи алуымыз керек. Ол үшін әрпінде айырмашылық болмауы мүмкін. Латын әліпбиінде бүкіл түркі халықтары бір үлгіні қабылдаса дейсің. Бірақ бұл мүмкін емес. Түрік өзінше кетті, өзбек бөлек кетті. Меніңше, ағылшындардың 26 әрпін пайдалану керек. Олар бірнеше таңбамен бір дыбыс береді. Осында бір мән бар. Бізде де екі таңбамен бір дыбысты беруге болады. Алғашқы Алтынсарин енгізген грамматикада әріптерді қосарлап жазатын. Одан басқа, тағы бір жолы бар. Мысалы, «ә» әрпі жүрген жерде жіңішке буын жүреді. Мұны ағылшындар сияқты дәйекшемен бермейміз бе? Бұл жылдамдатудың, әріпті сақтаудың жолы. Түбі түркі халықтары соған қол жеткізсе, бір-бірімізді оқи беретін боламыз. Француздар бір дыбысты үш әріппен жеткізеді. Бізге де солай етуге болады ғой.
Бейбіт Қойшыбай
«Тілдің өзінің жүйесінің эволюциялық жолмен ішкі заңдылықтарымен дамуы үшін латын қаріпбиіне көшу маңызды».Анар Фазылжанова, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты директорының орынбасары
Латын әліпбиінің мүмкіндігі мол екенін мойындауымыз керек
– Қазақстан Тәуелсіздік алып, әлемдік ақпарат кеңістігіне дербес шыға бастағалы бері латын графикасына көшу мәселесі туындағаны рас. Мен өзім – осы саланы зерттеп жүрген аспиранттардың бірімін. Негізгі тақырыбым «Түркі тілдес мемлекеттердің латын графикасына көшудегі саяси-лингвистикалық ұстанымдар» деп аталады. Қазіргі уақытта бүкіл түркі жұртшылығы біртіндеп латын әліпбиіне көше бастады. Демек, бұған сұраныс бар деген сөз. Ал қазақ тілінің өзімізде мемлекеттік тіл ретінде әлі мойындалмай отырғандығының бір себебі – терминологиялық базасының әлсіздігі. Бұған қоса, бүгінгі қазақтардың басым бөлігі қазақ тіліне ғана тән кейбір әріптердің өзін дұрыс айта алмайды әрі оқи алмайды. Латыншада мұндай психологиялық кедергілер болмайды. Техника жағынан келетін болса, әсіресе, интернет жүйесіндегі қазақ тілінің қолданыс аясы өте тар. Осы тұрғыдан алғанда, ақпараттық технология саласында біз көп мемлекеттерден артта қалып келеміз. Сондықтан да латын әліпбиінің мүмкіндігі мол екенін мойындауымыз керек.Айдос Қартаңбайұлы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің сарапшысы
Латын әліпбиін қолданатын болсақ, орыс тіліне деген мұқтаждығымыз жойылар еді
– Латын әліпбиіне көшу қажеттігі жайында мен үнемі айтып та, жазып та жүрмін. Біз латыншаға өту арқылы, алдымен, өз тіліміздің орфографиясын тазартамыз, әсіресе, орыстардан енген артық әріптерден құтыламыз. Ал қазіргі кезде компьютер мен ұялы телефондарда пайдаланып жүргеніміз – ол әншейін кириллицадағы қазіргі 42 қаріпті алмастырған латын әріптері ғана. Бұл латынды орфографиялық тұрғыдан ғана пайдалану болып саналады. Бізге, негізінен, латын әліпбиін толықтай қабылдау керек. Онда әріптер азайып, жұмыс жеңілдер еді. Мысалы, бір ғана электронды поштада қазақ әріптері қатты өзгеріске ұшырап кетеді. Сондықтан да латын әліпбиін игеру, әсіресе, дәл бүгінгі кезеңде кезек күттірмей тұрған мәселенің бірі. Осы үрдіс қолға алынса, «қазақтың тілі – малшылардың тілі» деп жүргендерге тойтарыс болар еді. Егер де осы латын әліпбиін біз ғылым мен техниканы дамытуда қолданатын болсақ, орыс тіліне деген мұқтаждығымыз жойылар еді.Жарылқап Бейсенбай, «Қазақпарат» агенттігі бас директорының орынбасары
Білім көзі кириллица болған соң, қазақ ешқашан қазақша сөйлемейді
Кириллица бөлінген қазақты біріктіретін болса, 20 жыл өтті емеспе. Егер білім көзі қазіргідей орыс тілі болған жағдайда, қазақ ешқашан қазақша сөйлемейді және балаларын қазақ мектебіне 100% бере қоймас. Қазірдің өзінде қала қазақтары балаларын орыс мектептеріне беріп жатыр. Оған альтернатива қазақ тілі және ағылшын тілі болуы керек, әрине латын әрпін қолдану арқылы. Латын әрпіне өткен жағдайда кең көлемде шрифтерді қолдануға болады. Сонымен қатар операциялық системаларға қосымша драйверлер керек болмайды. Көптеген басқада жеңілдіктерді көруге болады...Талғат, оқырман
www.qazaquni.kz