Қажымұқан Ғабдолла. ҚУАНЫШӘЛИН ҚАЗАҚТЫ ҚАЛАЙ САТТЫ?
2012 ж. 08 желтоқсан
172248
167
...Арсыз-нәрсіздің, имансыз-ділсіздің, ұры-қарының, залым-зұлымның, сұм-сұрқияның, қорқақ-қорқаудың заманы жүріп тұр, қазір... Жаңа технология мен жетік өркениет те ТАСАДАН ТАС АТУҒА таптырмас құрал болды...
Тіпті, «...Өзімізді Абаймен салыстыру үшін емес» деп, «ант суын» ішкен болып, шын мәнісінде: «...Сонау 19 ғасырдың аяғы, 20 ғасырдың басында қазақтың өз бойындағы жағымсыз мінез-құлық, әдеттерден арылуын тілеп, ұлтымызды өткір сынаған кемеңгер Абайды да түсінбейді» деп, өз қаны, туған қазағын қайдан келгені беймелім кірме Владимир Козлов дейтін біреуге «жығып беріп», аяусыз күстаналған Жасарал Куанышалин «Фейсбук» әлеуметтік жүйесінің тасасында саясаткер Мұхтар Тайжанға «жан сырын» ашқан кейіппен басына сыйса да, жасына жараспайтын жарапазанайтыпты...
«Даудың басы – Дайрабайдың қара сиыры» демекші, әңгіменің өзегі Айсұлу Қадырбаеваның («по совместительству» Жасарал Куанышалиннің кезекті әйелі) Владимир Козловты қолпаштап: «СІЗ - ЖҮЗ ҚАЗАҚҚА ТҰРАСЫЗ!» немесе «МЕН КОЗЛОВТЫ БҮКІЛ ҚАЗАҚҚА АЙЫРБАСТАМАЙМЫН!» – деген масқарашылық сөзінде болып отыр...
Айдың күні аманында айтылған мұндай сұмдыққа кеудесінде жаны, бойында рухы, жүрегінде намысы бар әрбір парасатты қазақ өре түрегелді...
Бақыттарына қарай, осы сөз қазақ топырағында айтылды, ал, біздің қазақ ұлты болмысында кешірімшіл ғой, егер осындай надандық сөз, мысалы, Шешенстанда немесе Дағыстанда айтылса, қазір Жасарал Куанышалин мен Айсұлу Қадырбаева жалпақ жердің жүзін аралап-қашып, арып-ашығып, кірерге тесік таппай, тентіреп кеткен болар еді...
Жақаң сөздерді ойнатып, қаншама бұлғақтағанымен бұл қылықтың аты – дәп «жаңа құлдық сана-сезімнің дәлелі» және «өз ұлтыңды жоққа шығарудың» дәл өзі! Сөз жоқ, мұны аз-маз басқаша атауға да болады. Отыз екі тістен шығып, отыз рулы елге тараған бұл сөздің тура аты – «ҚАЗАҚТЫ САТУ» деп аталады! Бұл масқара мойынсұнушылықтың басқаша аты жоқ!!!
[caption id="attachment_85723" align="alignleft" width="290"] OLYMPUS DIGITAL CAMERA[/caption]
Осы күнде екі сөзінің бірі «режимді кетіру» болса да, кезінде Ақтөбеде атышулы Аслан Мусиннің арнайы шақырумен облыс әкімшілігінде білдей басқарманың құлағын ұстаған Қуанышәлин алған бағытынан жалт бұрылып: «...ең алдымен адамдығына, тек сөзіне қарай емес, нақты іс-әрекеттеріне қарай бағалайтын ересек түсінікке ауысатын кез келді»– деп көсемсіп шыға келіпті...
Дұрыс-ақ дейік. Олай болса билікпен де, биліксіз де өз басыңыз қандай «адамдық» қасиеттеріңізбен (сылдыраған сөзіңізден басқа) «нақты іс-әрекеттер» жасадыңыз? Әлде, Жаңаөзен мұнайшылары аш-жалаңаш, жылап-сықтап жатқанда да, қанға бөгіп, ажал құшқанда да ат ізіңізді салмай, төбеңіздің шұқырын да көрсетпей, ал, Владимир Козловтың сотында Ақтауда айлап жатып алуыңыз – әлгі өзіңіз айтқан «адамшылығыңыз» бен «нақты іс-әрекетіңіз» бе?..
Қазаққа жанашыр адам осылай істей ме?!.
Бұрынғыны былай қойғанда, сіздің 2012 жылғы 30-қарашадағы «ересек түсінігіңіз»: «...байғұс бес қазаққа (Болат Атабаев, Серік Сапарғали, Жанболат Мамай, Ақжанат Әминов, Айжангүл Әмірова. Қ.Ғ.) сол сотта нағыз күрескерлік, саясаткерлік һәм адами қырларын жарқырата көрсеткен Володяны өз басым айырбастамаймын», «...көсемсіген Оралдық пысықай Қажымұқан Ғабдолла», «...«ұлтшыл» мақалаларды бірінен соң бірін шимайлап, онда-мұнда жариялаудан басқа түк бітірмей, мұны өзіне арзан саяси ұпай жинайтын кәсіп қылып алған, сөйтіп жүріп, «көсемшілдік» дертіне шалдыққан «нарцисс» Қажымұқан Ғабдолла тәрізділер «нағыз ұлтшыл» атанып...» – деп, қазақты көре алмаудан, күстаналап-жамандаудан аса алмай, батпақтап-батып жатыр емес пе?!.
Бәлкім, бұл – байырғы бір кемеңгердің «Мықтының мықтылығын мойындай білу де – мықтылық» дейтін өзіңіз жаттап алған нақыл-тұзағына еріксіз әрі байқаусыз түсіп қалуыңыз шығар?..
*******************************************
...Жақаңның жер астынан тұншыға һәм құмыға шыққан дауысы «құлағыма жеткендей» жаным ашып, мен еріксіз ойға түсемін: Жақаң мен Айсұлу апамыздың осыншама бозторғайдай шырылдап қорғап, «ел мен жер, халық пен мемлекет үшін басын қауіп-қатерге тігіп, шын күресіп жүрген Владимир Козловтары» Маңғыстау мұнайшыларына не жақсылық жасады? Жұмысқа орналастырды ма? Айлықтарын арттырды ма? Бала-шағаларын асырады ма? Қазақ билігіне ықпал етті ме? Әлде, айдалаға қашқан, шетел асқан «данышпандары» арқылы өркениет елдерінің назарын дер кезінде Маңғыстау мұнайшыларының мұң-зарына бұра алды ма?..
Жоқ! Жоқ! Жоқ!!!
Аталған сауалдардың біреуін де жүзеге асырмапты. Түк істемепті. Тек арандатушылықпен айналасыпты...
Қарапайым қазаққа, мұңайған мұнайшыға, жабыққан жұмысшыға жаны ашыған қай басылым қолдап-қорғап, мақала баспапты?!. Әсіресе, «Дат», «Абай кз», «Қазақ үні», «Жас алаш», «Азаттық радиосы», , т.б. толып жатқан баспасөздердегі қазақтың қайсар қыз-жігіттері мұнайшылармен «бірге өліп, бірге тірілгендей» күй кешті ғой...
Ендеше, Жасарал неге жалғыз Козловты ғана көреді?.. Себебі, жалғыз-ақ екен: Жақаң Козловтың құлақкесті құлы - жұмыскері. Бұл – бір. Екіншіден, жоғарыда аталған қазақ тілді баспасөздің түп-тұқияны қазаққа шынайы жанашырлық мақалаларын басты...
Ал, Козловтың басылымдарының мақсат-мүддесі мүлдем басқа болды... Өз басым қырықққа таянған жасымда өзімнің қазағыма шын жаны ашитын қазақты сирек кездестірдім, ал, «діні мен ділі бөлек келімсектің қарапайым қазаққа жаны ашиды» дегені – есалаңның ертегісі ғана...
Тегінде текті қазақ Жақаң мен Айсұлу апамыздың талай табаны тайып, тасқа соғылған тасмаңдай қателіктерін кешірер, бірақ, қазақты сатып қана қоймай, орыстың орына итергенін кешіре қояр ма екен?!. Қайдам?
... «Ешкімнің ұлтымызды кемітуге құқығы жоқ!» – деп, ерекше елеңдеген Мұхтар ТАЙЖАН бауырым әкесінен жақсы ат, беделді есімді мұра қылған бақытты ұрпақ. Өзіміз «Жетімдер үйінде» өспесек те, тірліктің қиыншылығын қалың кешіп, табанымыз тілімденген ауылда қоңыр тіршілікпен жетілдік...
Бәлкім, осы себепті ескеріп, бауырым Мұқа, замандастық жарты сөзіме құлақ салсаң болар еді. Қазақтың ауылының Ата заңы да, қадір-қасиеті де, салт-дәстүрі де, болмыс-бітімі де үлкеннің сөзінде, қарияның ғибратында. Жүрегіндегі иман-таразысын жоғалтпаған нағыз қазақтың баласы ақ жаулықты кейуананың, ақ сақалды қарияның алдынан кесіп өтпейді...
Алда-жалда кесіп өткен екен, «жазасын алады», қатесін мойындап, тәубесіне түседі. Сондықтан, танымал тұлғаның жалғасы екенсің, Мұхтар бауырым, ең алдымен, кіммен кеңес құрарыңды алдын-ала елеп-екшеп алғаның мақұл.
«Қазақтың намысын көтеруіміз қажет!» – деген дәйекті уәжіңді басқаға айтпасаң, отыз жылда «беліне байлай алмаған қылышты» егде тартқан тарамыс шағында Жасарал көтере алмайды... «Жылтырдың бәрі – алтын емес», ауызы бардың түгелі – ақылды болмайды...
Жақаң «оқи беретін» данышпан Абайдың 3-ші Қара сөзінде: «...Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады...» – дегенін жадыңда жасырғайсың...
Орыстың боданында екі ғасырдан аса уақыт болғанда да, қиналып-қажыған бір қазақ самагон бұрқыраған орысты «бүкіл қазаққа айырбастамаймын!» деп айтпап еді. Елі еркін, жұрты бостан кезеңде адасқан Айсұлу апам айтты, жаңылған Жасарал ағам қоштады...
Махамбет бабам тірілеп келсе, Сырым атам оянып кетсе, шіркін-ай?!:
...Жалғыз ұлының қандай адам болатындығын білгісі келген ханға көріпкелдің: «Ұлыңның ең жақын сырлас досын алып кел!» – дейтін аңыз әңгіме есіңде ме, Мұхтар бауырым?!. Атамыз мұны қаттырақ һәм қатаңырақ айтады: «Итпен құда болсаң, Боқпен тойың өтеді» – дейді...
...Қолқаны күлімсі қапқан сасық той кімге керек?!.
...Қалай болғанда да, мен айтпай тұра алмайтын бір шындық бар, егер осы ақиқат жасырын қалса, барлық тіршілігіміз бен сөзіміз жартыкеш болып шығар еді. Мен, Жасарал ағамыз мен Айсұлу апамыз туралы көп нәрсе айта аламын, өйткені, бір кезде үшеуіміз бір ұжымда, бір тудың астында ниеттес серік, рухтас ағайын болдық, талай әңгіме-дүкен құрдық, сыр бөлісіп, жүрек ақтарыстық. Кең дастарханда ақ көңіл, шалқар пейілімізбен дәмдес-тұздас болған кездер өтті, басымыздан...
Сондықтан, мейлі апам, мейлі ағам болсын – мен туралы қаншама ауыр сөз, қатты пікірлер айтса да, інілік ізетпен кешіруге тырысамын. Үлкендерге ақыл айту – менің ойымда да болған емес, тек ниетім – сабырға шақыру ғана...
Саясат дегенің – сиқыры мол, зардабы зор апиын ғой, есімізді жиып, етегімізді жинасақ, мұнымыздан қазағымыз да ұтылмас. Мүмкін болса, тізе қосып, тізгіндесе жүріп, ұлтымыздың тәуелсіздігі мен қазағымыздың еркіндігін мәңгілік сақтап қалу жолындағы күресте батыл, адал, айнымас, табанды болсақ деймін.
Неге десеңіз, біз қанша жерден жақынымызды жамандағанымызбен, ешкім жақсысын бермейді. Өзімнің апам мен ағайын ағам туралы құпияларым жабулы қазан күйінде қала берсін...
Алаштың ардақтылары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтың замандасы, ақын Файзолла Сатыбалдыұлы Міржақыптың қайтыс болғанын естігенде:
«Міржақып өлді деген сөз,
Ішімді өртеп кетті лез...
Дірілдеп жүрек демігіп,
Малынды жасқа екі көз.
Қасиет тұтқан Алашым,
Кеңге жайған құлашын.
Намысты қолдан бермеген,
Қайран да менің нағашым.
Міржақып пен Ахмет
Нақақтан-нақақ болды шет
Бір уақыттар болғанда
Ақталар орнап әділет.
Қиянат кетпес тоқтаусыз
Әділ сөз қалмас құптаусыз.
Күндердің күні болғанда
Міржақып кетпес жоқтаусыз...» – деп, қайғырып-күңіренген екен...
...Көзіміздің тірісінде бір-біріміздің қадірімізді білгенге не жетсін!..
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,
“Қазақ елі” Халықтық қозғалысының төрағасы
shyn.kz
Тақырыпқа байланысты материалдар:
Серік Сапарғали: “ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ Әбіләзовтің МАЙШЕЛПЕГІНЕ АЙЫРБАСТАП ЖІБЕРДІҢ, ЖАСАРАЛ!” https://qazaquni.kz/?p=13685 ЖАПҚАН ЖАЛАЛАРЫҢНЫҢ ЖАНАЗАСЫ ШЫҚТЫ, ЖАСАРАЛ-ЖАНБОЛАТ! https://qazaquni.kz/?p=25608 ЖАСАРАЛ, Жанболат, ВАШИ ОБВИНЕНИЯ РАЗВЕЯЛИСЬ КАК ПРАХ! https://qazaquni.kz/?p=26288 Төлеубек Сейітқалиұлы. «СЕНГЕН ҚОЙЫМ СЕН БОЛСАҢ…» Жасарал өз халқының тамырына балта шабуға кіріскенін айтуды міндетім деп санаймын. https://qazaquni.kz/?p=26605 АДАМДАРДЫ АЛДАУ ОҢАЙ, АЛЛАНЫ ҚАЛАЙ АЛДАЙСЫҢ, Жасарал?!. https://qazaquni.kz/?p=27936 ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАРСЫ БАСЫЛЫМДЫ ЖАҚТАП, «ЖАБУЫНАН» АЙРЫЛҒАН “ЖАС АЛАШ…” https://qazaquni.kz/?p=25137 РЫСБЕК пен МАМАЙ ОППОЗИЦИЯ СЕРКЕЛЕРІНЕ НЕГЕ ЖАЛА ЖАУЫП ОТЫР? https://qazaquni.kz/?p=27791