Ислам ӘБІШЕВ: СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР немесе үнемделген 300 миллиардқа кімдер қарсы?!.
2012 ж. 15 қазан
2343
4

Су құбырлары мен гидротехникалық нысандарды жөндеуден үнемделген 300 миллиард теңгеден туған мәселе
ХХІ ғасырдың екінші он жылдығына қадам бастық. Жұрт Айға ұшып, Марсқа қонып жатыр. Ал біздің елде 3 мыңнан астам елді мекенде тұрып жатқан 3 миллионға жуық адам ауыз суға жарымай отыр. Осы бір өзекті мәселе әлі күнге шешілмей келеді. Неге? Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін бөлінген миллиардтар қайда кетіп жатыр? Бұл сауалдарды Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевке қойдық. Себебі соңғы кезде И.Әбішев басқаратын комитеттің айналасында дау өршіп тұр. Бұл даудың туындауына комитет төрағасының гидротехникалық және су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіру жұмыстарына бөлінген қомақты қаржының басы артық шығындарын қысқартып, қаржыны тиімді әрі үнемді жұмсаймын деген мәлімдемесі себеп болғаны анық. «Мен 300 млрд теңгенің үнемделгенін өзіме жарнама жасау үшін жариялаған жоқпын. Бұл Мемлекет басшысының біз- ге – мемлекеттік қызметкерлерге берген тапсырмасы болатын. Шүкір дейік, Елбасымыз шекарамызды белгілеп, қадасын қағып, қоршап берді. Шетелдермен тығыз достық қарым-қатынас орнатты. Макроэкономиканы да алға жылжытты. Елдің ішкі проблемасын шешіңдер деп сұраған қаржыны да бөлді. Бірақ ол қаржыны үнемді, тиімді жұмсаңдар деді. Осы жылдың 25 мамырында Елбасы оңтүстік өңірді дамыту жөніндегі жиын өткізгенде су төңірегінде қаржы ұрлағандарың болса, түрменің түбінде шірисіңдер деді. Ал Парламент сессиясын ашқанда сөйлеген сөзінде дағдарыс әлі 5-6 жылға созылатынын, олай болса, біз қаржыны өте тиімді жұмсап, үнемдеуіміз керек екенін тағы да қадап айтты. Ал ол қаржыны Президент пен Премьер-министр жұмсамайды ғой. Қаржыны түрлі бағдарламалардың басқарушылары ретінде біздер жұмсаймыз. Сол себепті біз де өзіміз басқаратын 19 жобаны қарап, сараладық. Нәтижесінде, 300 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражатын үнемдеуге болатынын анықтадық» дейді И.Әбішев. Алайда Су ресурстары комитетінің бұл қадамы кейбіреулерге ұнамаған көрінеді. Сөйтіп, «Нұр Отан» партиясының жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңесінің отырысында қаржылары қысқартылған ірі-ірі компаниялардың басшылары И.Әбішевке айып тақты. Барлық БАҚ сол жерде айтылған мәлімдемелерді жарыса жариялады. Біз өз тарапымыздан мәселенің мәнісін түсіндіруді И.Әбішевтің өзіне жүктедік. Электр қуатына 4 млрд теңге жұмсайтын мекеме бар! Су ресурстары комитеті басшысының айтуына қарағанда, ол осы қызметке тағайындалған соң, комитет жұмыс істейтін жобалармен танысып шығады да, көп қаржының мақсатсыз, үнемсіз жұмсалып жатқанын анықтайды. «Ең бірінші көзге түскені Қ.Сәтбаев су арнасы болды. Себебі бұл өте маңызды стратегиялық нысан саналады. 1-нысан бойынша үш су қуатын насос қондырғысын ауыстыруға 3 млрд теңге жұмсаған. Мен инженер болғандықтан, бұл саладан түсінігім бар. Қатты таңғалдым. Егер сізге «Запорожец» көлігін 100 млн долларға сатып алдық десе, сенбейсіз ғой. Бұл да сондай жағдай. Екінші жобада 4 насосқа 6 млрд теңге жобаланыпты. Содан бірден күдік пайда болды. Насостар сатып алынған Ресейдегі зауытқа хабарласып, бағасын білдік, олар айтқан баға мүлдем басқаша. Осы кемшілікті түзеуге Қ.Сәтбаев су арнасы басшысына тапсырма бердім. Арада төрт ай өтсе де, нәтиже болмады» дейді И.Әбішев. Ол дәл осы Қ.Сәтбаев су арнасының электр энергиясы үшін жұмсалатын жылдық шығыны 2 млрд теңгеден астам екенін айтады. Су арнасының басшысы электр энергиясын үнемдеудің тұжырымдамасын жасау туралы тапсырманы да орындамапты. «Қ.Сәтбаев каналынан Жезқазғанға дейін канал тартудың екінші кезеңі бойынша жасалған жобасы да күдігімді туғызды. Бұл жобаға 200 млрд теңгедей қаржы керек екен. Ол Батыс Қытай-Батыс Еуропа сияқты үлкен жоба. Ондай жоба тек Елбасының тапсырмасымен қолға алынады. Ал біз Мемлекет басшысы тарапынан ондай тапсырма берілгенін естімегенбіз. Сөйтіп, Елбасы Жолдауларын қарап шықтық, бұл жоба туралы ештеңе айтылмаған. Үкімет қаулысында да ондай тапсырма жоқ. Мүмкін вице-премьердің тапсырмасы болар деп, хаттамаларын қарадық. Жоқ. Содан Қарағанды облысы әкіміне хабарласып, сіздерге Жезқазғанға канал тарту керек пе деп сұрасақ, олар қажет емес дейді. Сондықтан мен ол жобаны алып тастадым» дейді И.Әбішев. Ал көп ұзамай су арнасы басшысы қызметінен алынды. Бар мәселе нормативте ме? Осы жерде Су ресурстары комитеті үйлестіретін жобалардың қымбаттығын И.Әбішевке дейін ешкім байқамаған ба деген сұрақ туындайды. Біз бұл сауалды комитет жетекшісінің өзіне де қойдық. Сөйтсек, бар мәселе жоба жасауда сүйенетін нормативтерде көрінеді. «Мәселен, су құбырын тарту жобасын жасарда су пайдалану көлемі есептеледі. Ол мәліметтерді жоба жасаушы мекемелерге жергілікті әкімшілік береді. Яғни бұл жерде басты кемшілік жобалаушыда да, комитетте де емес, сол ауыл-аймақтағы мәлімет беретіндерде. Неге? Өйткені ауылда қанша адам тұратыны туралы мәліметті сұрасаңыз, ертең бәрібір халық саны өседі ғой деп, 2 мың адам тұратын ауылдың әкімі 4 мың адам тұрады деген мәлімет береді. Мал басын да көбейтіп айтады. Су құбырын тарту жобасын жасаудың нормативі бойынша, сол өңірдегі автокөліктер, тіпті тауыққа дейін есепке алады. Бұл жерде әкімдерді де жазғыра алмайсыз. Себебі әр әкім өз аймағына судың мол келгенін қалайды. Міне, сол мәліметтерге сай құбыр көлемі есепке алынады. Бұл - бір, екіншіден, ол жобаның 20-50 жылдық перспективасы ескеріледі. Мысалы, Арал қаласында 30 мың халық бар болса, 10 жылдан соң тағы 30 мың адам қосылады деп есептеледі. Содан келіп, шығын да ұлғая түседі. Ал мен сізге айтайын, Арал қаласында осыдан 10 жыл бұрын да 30 мың халық тұрған. Қазір де 30 мың адам тұрады. Бірақ соған қарамастан, ол маңға тартылатын су құбыры бойынша жасалған есеп нормативке сай жасалады» дейді Ислам Әбішев. Ал олай болса, қалай үнем жасалып отыр? «Біз қазіргі сұраныс пен осыдан 10 жыл бұрынғы тұтынушылық деңгейдің динамикасын жасадық. Алдағы 10 жылға да жоспарлап көрдік. Сонда құбыр диаметрі екі есеге қысқарды. Егер халық саны екі есе көбейіп жатса, жанынан тағы бір құбыр тартуға болады. Арал-Сарыбұлақ су құбырын сол жоба бойынша салып жатырмыз» дейді комитет басшысы. Жүрдім-бардым жасалған жобалар бар «Бартоғай су қоймасын қалпына келтіру жұмыстарының жобалық сметасы 250 млн теңгеге жасалыпты. Мен осы су қоймасын бір емес, екі рет барып көрдім. Сосын жобалаушыны шақырдым. «250 млн теңгеге жоба жасап жатырсың, ал жобаңның құны қанша болады?» дедім. Сөйтсем, 9 млрд 250 млн теңге дейді. Меніңше, бұл ақшаға су қоймасын бұзып, қайта салуға болады. Сондықтан оны Астанаға шақырып, бәріміз қайта есептедік. Сөйтсек, олар 9 млрд теңгенің 7 миллиардын су қоймасының түбіне тұнып қалған лайды тазартуға жұмсамақ екен. Ол лайдың көлемі 18 млн текше метр. Ал су қоймасының сыйымдылығы 400 млн текше метр. Содан Бартоғайдың басшысына қоңырау шалдым. Сұрастыра келе күзде су таусылған кезде, қоймада 70 млн текше метр су қалып қоятынын анықтадық. Олай болса, 70 млн текше метр су қалатын болса, 18 млн текше метр лайды тазалаудың қажеті бар ма деп 7 млрд теңгені қысқартып тастадым. Тағы да осы жобаға 6 мың тонна цемент керек деп жоспарланыпты. Оны да анықтай келе 6 мың килограмм екенін білдік. Содан 9 млрд 250 млн теңгеге жасалған жобаның құны 500 млн теңге ғана болып қалды» дейді ол. Су комитетінен алған дерекке көз жүгіртсек, мұндай кемшілік пен артық бағалау 19 жобада да кездеседі. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданындағы К-30 каналын қалпына келтіруге 6 млрд теңге жоспарланған. Тексере келгенде жобаға бұл каналдан бөлек 40 шақты жекеменшіктің қолындағы канал қосылып кеткені белгілі болыпты. Ірі жобалардың осылай жүрдім-бардым, салдыр-салақ жасалуы жоба жасаушылардың жауапсыздығы емес дей алмаймыз. «Егер сіз дүкеннен, яки базардан киім-кешек алатын болсаңыз, оның қалай тігілгенін, қай елде тігілгеніне қарайсыз, сапасын, бағасын сұрайсыз ғой. Мен де жобаларды солай қарадым. Қазір ірі жоба болса бірден күдіктенемін. Мәселен, Приображенск су торабына 6 млрд теңгеге жөндеу жасау керек дейді жобалаушылар. Су торабын өз көзіммен көргеннен соң, ары кетсе 500-600 млн теңге ғана жұмсалатынына сенімді екенімді айттым. Жобалаушылар 3 млрд теңгенің жобасын жасап қайта әкелді, кері қайтарып едік, 1 млрд теңге жұмсалатын етіп жасап шықты. Ал мен ол жұмысқа 600 млн теңге ғана жұмсалатынына кепілдік бере аламын. Ертең жұмыс біткен кезде келіп жұмысты да, құжатты да көріңіздер. Сонда көздеріңіз жетеді» дейді Су ресурстары комитетінің төрағасы. Үнемдеу – кәсіпкерлікке қысым жасау емес 300 млрд теңге үнемделген 19 жобаның көпшілігі әлі жоба күйінде тұр. Кейбірінің ғана жұмысы басталған. Енді сол жұмысты бастаған мердігер компаниялар комитетті сотқа беріп үлгерді. Олардың уәжі – комитет Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті қолдау туралы тапсырмасын аяқасты етіп отыр дегенге саяды. Ал Ислам Әбішев бұл байламмен мүлде келіспейді. «Мен қаржысы 3-4 есе қысқарған жобаларды жеңіп алғандарды кәсіпкер деп айта алмас едім. Себебі ол жобаларды анау-мынау компания ұтып ала алмайды. Ол компаниялар бұл жобалар жасалмай тұрып дайындалғандар. Шынын айту керек, бұл жобалар сатып алу тендерлеріне шығарылғанда, оған шағын және орта бизнес өкілдері жолай алмайтын кезінде. Ал қазір Булаев топтық су құбырын жөндеуге шағын және орта бизнестегі 14-15 мекеме жұмылдырылып отыр. Олардың ешқайсысы тендер ұтып көрмеген компаниялар. Енді олар «Қазсушаруашылығы» мемлекекеттік мекемесінің қосалқы мердігері ретінде жұмыс істеуде. «Қазсушаруашылығы» мемлекеттік кәсіпорны жүйелі түрде қажетті жабдықты өндіруші зауыттардан көтерме бағамен сатып алып, жобаны жүзеге асырушы компанияларға беріп отырады. Осылайша, сапасыз құбырлардың іске жаратылуына жол берілмейді әрі отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетіледі» дейді ол. Оның айтуынша, қазіргі таңда су құбыры немесе гидротехникалық нысандардың жөндеу жобасын жасаушылар да үнемдеуді үйрене бастаған. Мәселен, Ақтөбе облысында 15 жылдан бері проблема болып тұрған Қылқожа су қоймасының жобалық сметасы 508 млн теңгеге жасалған екен. Ақтөбе облысынан 600 шақырым қашықтықта Торғай өзенінің бойында орналасқан су қоймасын «Қазсушаруашылығы» мекемесінің филиал басшысы барып көрмепті де. Бірақ жобаны мақұлдаған. Сондықтан оған су қоймасын барып, көзбен көріп, жобаны қайта жасатуға 1 апта мерзім беріледі. Нәтижесінде, су қоймасын жөндеуге 187 млн теңге қажет екені анықталады. Тағы да сол Ақтөбе облысында 18 мың гектар жердің су мәселесі 15 жылдан бері шешілмей келеді екен. «Ойыл ауданында орналасқан суармалы жердің 5 мың гектарын «УАЗ» көлігімен аралап шықтым. 40 млн теңгенің төңірегінде жұмысты атқаруға болатынына көз жеткіздім. Сәтін салса, бұл мәселе де осы айдың соңына дейін аяқталғалы тұр» дейді И.Әбішев. Ол осылай үнемдеу арқылы 2013 жылдың аяғында Су ресурстары комитетін іскер комитет деңгейіне жеткізуді көздеп отыр. Суармалы жерлерді көбейту керек«Мені түн ортасында тұрғызып сұраса да, Қазақстанда қай өзеннен қай кезде қандай су келеді, оның көлемі қанша екенін нақты болмаса да жобалап айтып бере аламын. Өзендердің жағдайын өзімнің организмім сияқты сезінемін. Ағып жатқан судың әрбір тамшысы алтынмен тең. Бірақ біз әлі судың қадіріне жете алмай келеміз. Сумен қамту мәселесі өте өзекті. Біз қазір өнбес дауды қуғанша, еліміз үшін одан да маңызды мәселені шешіп алғанымыз абзал» деген Ислам Әбішев қазіргі таңда ұлт үшін, ұрпақ үшін, болашақ үшін қам-қарекет жасамасақ болмайтынына бірнеше мысал да келтірді. Оның айтуынша, еліміздегі суармалы жерлердің көлемін арттыру кезек күттірмейтін мәселе. «Кеңес заманы кезінде біздің елде 2 млн 300 мың гектарға жуық суармалы жер болған. Ал бүгіндері есепте бар 2 млн 80 мың гектар суармалы жердің 1 млн 400 мың гектары ғана қолданыста. Сол есептегі суармалы жердің 700 мың гектары пайдаланылмай тұр. Егер осы 700 мың гектардан бір отбасы 10 гектардан алып еңбектенетін болса, 70 мың отбасы шағын және орта бизнесті дамыта алады» дейді. Бүгінгі таңда Қазақстанда 100,5 куб метр су қоры бар. Соның 60 пайызы Қытай, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғыз сияқты көрші елдерден келеді екен. Осы көршілерден келіп жатқан судың көлемі жыл сайын азайып барады. Себебі көрші елдер суармалы жерлерін кеңейтіп жатыр. Мәселен, Түрікменстан Кеңес Одағы кезіндегі суармалы жердің өзіне 700 мың гектар жер қосқан, Өзбекстан да суармалы жерін 150 мың гектарға ұлғайтты деген дерек бар. «Ал біздің Шығыс Қазақстан облысының өзінде Ертіс өзенінің бойындағы 130 мың гектардай жер пайдаланылмай тұр. Алматы облысында да 80 мың гектар жер кәдеге аспауда. Ал ол жерде егін салып, еңбек етсе, жемісі мол болар еді. Ол тұрмақ, Оңтүстік Қазақстан облысында дайын тұрған 100 мың гектар суармалы жерді пайдалана алмай отырмыз. Ертең су бөлісетін заман келеді. Сол кезде қиындық тууы мүмкін. Себебі біз қазір суды кеңес заманындағы келісім бойынша алып отырмыз. Ал 2014 жылы қытайлармен су бөлісеміз. Сол үшін нақты есеп-қисабымызды жасаудамыз. Негізі су бөлісудің бірнеше жолы бар. Бірі – тарихи қалыптасқан жағдай, екіншісі – бүгінгі қалыптасқан жағдай бойынша бөлу. Біз тарихи жағдаймен бөлейік дейміз, өйткені одақ кезінде судан алған үлесіміз көп. Ал егер олар қалыптасқан жағдаймен бөлеміз десе, онда біздің суармалы жерлеріміз аз болғандықтан, еншімізге аз мөлшердегі су бөлінуі мүмкін» дейді Су ресурстары комитетінің басшысы. Ол суармалы жерлерді көбейтуге қатысты ұсынысы барын айтады. Оның ұсынысы бойынша, Ресеймен келісу арқылы Атырау облысындағы Қиғаш өзенінен 100 текше метр су алсақ, сол маңайдан 100 мың гектар суармалы жер шығаруға болады екен. «Еділ өзенінің бір саласы болып табылатын Қиғаш өзенінің маңындағы климат оңтүстік өңірмен деңгейлес. Жері құнарлы» дейді И.Әбішев. P.S. Біздің бұл мақаланы жазудағы мақсатымыз – Су ресурстары комитеті айналасындағы дауды қуу емес. Еліміздегі су шаруашылығы саласында қордаланып қалған мәселелермен халықты құлағдар ету. Себебі ауызсуға жарымай отырған елдің игілігі үшін бөлінген қыруар қаражаттардың құмға сіңген судай жоқ болып кетуінің сырынан халық хабарсыз екені анық... Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана, «Айқын» газеті. www.qazaquni.kz
*Мақала тақырыбы өзгертілді