Серік Сәпиев – Лондон Олимпиадасы чемпионы! Баркер кубогының баһадүрі!

12.08.2012. Серік Сәпиев – Лондон Олимпиадасы чемпионы! Ақ түйенің қарны жарылған Лондон Олимпиадасындағы 7-ші алтынды қазақ боксының түлегі, былғары қолғаптың әлемдік серкесі  Серік Сәпиев алды!  Бұл қасиетті  7-ші алтын қазақтың қара баласының бұл Олимпиададағы 1-ші алтыны!  Серік Сәпиев сонымен бірге Олимпиададағы ең үздік техникалы боксшыға арналған Вел Баркер кубогын талассыз жеңіп алды. Сөйтіп тұманды Альбион астанасы Алаш апайтөстеріне Алтынға малынған ашық күн арайын сыйлады! Бұл спорттағы олимпиадалық   7 алтын –жетістіктер тарихындағы ең үздік көрсеткіш! Жеңісің құтты болсын, Қазақ елі!            Әділбек Ниязымбетов те финалда ресей боксшысымен тең түссе де, алтын ресейлік боксшыға бұйырып кетіп, Әділбек күміс медальға ие болды. Бұл да үлкен жетістік,әрине!  Ауыр салмақтағы дүлей Дычко жартылай финалда  бүгін кешке ғана Олимпиада чемпионы атанған ағылшындық Жошуаға ғана жол беріп, қола медалды қолға түсірді.                Велошабандозымыз алтын аяқ Винокуров бастаған, зілтемірші Ілия, Зульфия,  Мая, Светалардай толағайлар тобымен жалғастырған,  қарғығанда қара көрсетпей кететін құс қанатты Ольгаларымыз олжа салған Олимпиаданың қорытынды 7-ші алтынын алтын жұдырық серке Серік  алып берді қазаққа! Алаштың алтындары көбейе берсін, ағайын!

Дарабоз

Лондон Олимпиадасы оғландарына

Кенен табыс! Кеңеске кел, көшелік! Кемелдікке келеді ел төселіп. Ағылшынды Лондонда қуып сабап, Тартып алды Алтынды Серке Серік!   Бекзаттардан  басталған жолды сеніп, Жалғастырар тек нағыз  ер күшеніп. Алтын жұдырық Алашта  аз емес-ті, Баркерді алып баһадүр болды Серік!   Қашықтықты  Саша алса бір демде ұзын, Әділбектің енді әлем білген жүзін. Зілбатпанның Света ап бірден жүзін, Аңдиды елдер Ольганың жүргенде ізін... Зүлфия мен Маяға ғашық бәрі Шәмші бекер жазбаған «Дүнген қызын»   Піл көтермес, алапат зіл көтеріп, Ілиялармен  сенімім жүрді өтеліп. Көкке өрледім көк туды күнге теліп. Әрең айтып жүретін әнұранды Әлем айтып,  кетті елді  бір көтеріп!..   Асқақтатып алтынмен Алаш атын, Көрсетуде қазағым парасатын. Додадағы әлемдік дарабоздық, Саңлақ етсін елімнің саясатын!

Қазыбек ИСА

www.qazaquni.kz