ОЛИМПИАДИАЛЫҚ жеңіс - біздің ел үшін ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ЖЕҢІС!

 

Бораттың болдыруы немесе қазақтың тұңғыш  Олимпиада чемпионы                                                                                  Әлжан Жармұхамедовты кім біледі?!

Сонау 1972 жылы Мюнхен олимпиадасында Әлжан Жармұхамедов сол кездегі КСРО құрамында баскетболдан қазақтардың ішіндегі ең бірінші Олимпиадачемпионы атағын алдыБүгінде ол жігіттің атын да затын да қазақстандық қауым ұмыт қалдырған болар. Дегенмен,  қазақ арасындағы ең бірінші Олимпиада чемпионы осы батыр азамат екендігін бүгінде біреу білсе, біреу білмес... Содан бері 40 жыл өтті. Енді, міне, ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан егеменді ел ретінде өзінің ойын өрнегін көрсетіп отыр. Спорт дегеніміз - саясат екендігін бүгін еңкейген кәріден бастап, еңбектеген балаға дейін біледі. Осы тұрғыда бүгінгі қазақстандықтардың толағай жеңістері біздің қоғамды өзгертіп, өзгертіп емес құлпыртып жіберді. Қазақстандықтар бүтін бір организм болып кетті десек ар-тық айтқандық емес. Менің кәріс  досым, Қазақстанның туы желбіреп, әнұраны ойнап тұрған сәтте үйінде әке-шешесінің қуаныштан жылап отыратындығын таң қала айтып берді. Дәл осындай сезімді, елімізде тұратын басқа ұлттың өкілдері де сезінетіндігіне   біздің ешқандай күмәніміз жоқ. Ауғанстанда соғыс болып жатқан кезде ораза айында бүкіл мұсылман қауым «уақытша» соғысты тоқтататындығын, сол жерде болған егде келген менің бір ағам айтушы еді. Дәл осындай сезім біздің елімізді де жаулап алды десек артық айтқандық емес. Бізге мәлімі бір-ақ нәрсе, интернетке кірсеңіз, қандай саяси көзқарас, кереғар идеологиялық фундаменттің адамдары болмасын, барлығы біздің спортшылардың жеңісіне ортақ қуанып, бір-біріне өзінің құттықтауларын жолдап жатыр. Жалпы интернетті еліміздің нағыз бостандық алаңы деп қарастыратын болсақ, сол жердегі Әміржан Қосановтың біздің олимпиадашыларға арналған өлеңдері, Айдос Сарымның осы ойындарға жасаған сараптамалары, Әсия Бақдәулетқызы қарындасымыздың жазған мақалалары спорттың қоғамды біріктіруші күш екендігін көрсетсе керек. Соңғы он күннің ішінде біздің қоғам барлық араздықты, алауыздықты, іштегі бір-біріне деген ренішті ұмытып, көкбайраққа, Әнұранға құрмет көрсетіп қана қоймай, түгелі дерлік сол Олимпиадаға қатысқан споршыларымызбен бірге зілтемір көтеріп, өздері жұдырықтасып кеткендей болды. Атам заманғы гректердің осы ойындар кезінде соғысты, ұрысты тоқтатып қоятындығын енді түсінген тәріздіміз. Өйткені, біздің қоғам дәл осы кезде осындай сезімге бөленді. Мен ойлап жүруші едім  Абай «біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» демекші, осы жұрт алауыздықпен күн кешеме деп. Жоқ бірігеді екен. Жай бірігіп қоймайды, ортақ шаңырақ астында түтін түтетіп отырған орыс болсын, дүнген болсын дем береді, жеңісіңе тілекші болады. Футболдан Еуропа чемпионатында бір орыстың журналисі Ресей футболшыларын жата келіп жамандап, мен «құлдар елдерінің» командасына қолұшымды бергім келмейді, олардың жеңісін тілемеймін деп ащы-ащы айтқаны бар. Сол әсер етті ме, әйтеуір ресейліктер жеңіліп қалды. Ал, бізде ондай болған жоқ. Олимпиада ойындарында барлық ел болып тақымды қысып отырдық. Осылайша,  аламанға дем бердік. Осы мезетте қазақ қоғамындағы барлық қарама-қайшылық ұмытылды! Осындай топтасудың, ауызбіршіліктің қайнар көзі кім? Спорт комитетінің төрағасы Талғат Ермегияев! Ақорданың идеологтары, саяси технологтары жасай алмағанды жасады. Осы қысқа мезет болса да ауызбірліктің авторы сол деуге барлық негіз бар! Өзі кіп-кішкентай болса да, ішкі дүниесі мығым жігіттің командасы  шүмектеп тер төгіп, ұзақ уақыт оқу-жаттығу өткізді. Бұл - сол еңбектің жемісі! Бүгінгі таңда Қазақстанға әлемінің  спорт державаларының арасынан ойып тұрып орын алып берген Талғат Ермегияевқа, білікті бапкер Алексей Ниге «Халық Қаһарманы» атағын берсе артық болмас. Олар бұл дәрежені алмаса да халық үшін қаһарман. Өйткені, бұл азаматтар сол Лондонда жүріп, Қазақстанның ішкі қоғамдық мәселелерін шешуге тетік болды. Біріншіден, біздің ұлттың, қоғамның бір идея аясында біріге алатындығын көрсетті. Екіншіден, осы Олимпиада ұзаққа созылып келе жатқан, біздің биліктің негізгі «бас ауруы» болған «Борат-Қазақстан» сайысында кімнің-кім екендігін көрсетті. Қазақстан Боратты ұпайсыз ұтты! Үшіншіден, Қазақстан осы ойындардан кейін спорттық державаға айналмасына кім кепіл?! Шіркін, Елбасының жанында осындай сөзі мен ісі алшақ емес жігіттер жүрсе деп тағы да армандайсың. Олай болса біздің ҮИИБ де, басқа да жобалар осылай табысты түрде іс-жүзіне асатын еді ғой. Бірақ, біз Қазақстанның атағын асқақтата білетін осындай жампоз жігіттердің қадірін жоғары қоя білуіміз керек. Әлі талай Олимпиада өтеді, сол додаларда жүздеген қазақстандық ел намысы үшін сайысқа түседі. Болашақ Олимпиада чемпиондарының іргетасын қазірден қалауымыз керек. Мен сөз басында Әлжан Жармұхамедов жөнінде бекер бастаған жоқпын, осы әңгімені. Бүгін сол батыр азаматты қазіргі жастардан кім таниды? Ол сол кездегі жеңісі үшін қандай марапат алды? Әрине, Кеңес Одағы кезінде қазақтар екінші ұлт өкілі болды деуіміз мүмкін. Ал, ол - сол кезде чемпион болған тұңғыш этникалық қазақ. Осы тұста бүгінгі қас батырларының есімін, ел есінде мәңгі қалдыру мәселесі шығады. Мен өзім куә болып жүрген осы чемпиондарға қатысты түйткілді мәселе бар. Олар осы тұғырдан кейін ресми түрде бір рет қабылданып, марапатын алып, содан кейін ұмыт қала береді... Келесі Олимпиадаға дейін назардан тыс қалады. Қытайдың Олимпиада чемпиондарына барлық жағдайды жасайтындығын, оларға түрлі кәсіп көзін ашып беруге көмектесіп қана қоймай, өмірбойына көптеген нольмен есептелетін жоғары жалақы қоятындығы белгілі. Біздің бір Олимпиада чемпионы, болмашы жалақыға  әзер қол жеткізетіні ащы да болса шындық. Қорыта келе айтарым, біз  өзіміздің қас батырларға тиесілі   сыбағаны өз деңгейінде беріп отыруға тиістіміз. Олардың ерліктері мен өрліктері қандай құрметке де лайық деп білемін! Өйткені, бұл жеңіс - біздің ел үшін идеологиялық жеңіс! Осы жеңіс ресми Қазақстанның сыртқы имиджін қалыптастыруға кететін көптеген күрестерінен асып түседі!

 Ерлан САИРОВ

ҰЛТ TIMES