Қазыбек ИСА: Тау мен дала кезіп, сурет салғым келеді
2012 ж. 30 мамыр
3539
4
Қазыбек ИСА - ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Мәдениет қайраткері, «Жас қазақ үні» газетінің Бас директоры.
Алғашқы өлеңдер топтамасы 1984 жылы «Аудитория», 1989 жылы «Тоғыз тарау» жинағына енген. Тұңғыш кітабы 1995 жылы «Керімсал», 2002 жылы «Қызыл жыңғыл», 2008 жылы «Тәтті шөл» жыр кітабы жарық көрді. Бірнеше республикалық мүшайраның жүлдегері.
2011 жылы «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен және «Тіл жанашыры» Құрмет белгісімен марапатталған.
«Мың бір түн»...
- Балалық шағымды ойласам, артта қол бұлғап қалған сағынышты бір ыстық сәттер көз алдыма елестейді. Бал дәуренім Оңтүстікте, Шардара ауданында, Қызылдың құмында өтті. Қазір Мақтаарал ауданы болып аталады, ол кезде Киров ауданы ХХ партсъезд ауылы еді. 1962 жылы 23 сәуірде дүниеге келіп, 4 жасқа дейін сонда өстім.
Есте қалғаны, 3 жастамын ғой деймін, ауылға фотосуретші келді. Біздің отбасы жиналып суретке түсетін болдық. Мені фотограф үстел үстіне қолтығымнан қысып, көтеріп шығарды. Қолының қатты батқаны сонша, жылап жібердім. Жұрт фотографтан қорықты деп ойлапты. Сол сурет үйде әлі бар. Қолымда «Мың бір түн» кітабы. Сол кезде-ақ кітапқа құмар болсам керек... Әйелім Жәннат қазір: «Үш жасыңда «Мың бір түнді» ұстап жүрсең, сенің әрбір түніңе сену қиын шығар» деп күледі.
Әкем бір отбасының 13 перзентінен қалған екеудің бірі. Атамыз бен әжеміз бала тұрмаған соң қыздарына - Тұрған, менің әкеме Жарылқасын деп ырымдап ат қойған. Құдай тілеулерін берген шығар, әйтеуір екеуі ғана аман қалыпты.
Алайда ұлы әжеміз Ділдайым әкем үйленбей жатып дүние салыпты. Біз апам Зейнептің шешесі, нағашы әжем Әлиманың аялы алақанын көріп өстік. Жылда апам екі-үш рет төркініне, яғни біздің нағашы әжемізге барады. Міндетті түрде басқан киізін, тәтті-пәттісін, бірнеше сөмкелерді арқалайды. Әрине, олардың бәрін көтерісу сол кездегі 10-13 жасар біздің міндетіміз-тін. Ойлап көріңіз, үлкен жолдан түсіп қалып, ешқандай көлік жүрмейтін айдалада 15-20 шақырым 40 градус аптапта жаяу жүрудің қандай азап екенін... Бірақ әжесіне бара жатқан балаға ешқандай ауырлық әсер етпейтін…
Қырық қыздың хаты
- 1969 жылы қазіргі «Қоссейіт» ауылындағы Сырдария мектебіне шүберек сөмкемді сүйретіп бардым. Алғашқы ұстазым - Айдан апай. Одан соң, Күләш Қожанова, Сәрсенкүл Таймасова, Қарақас, Мейраш апайлар, Сәрсенбай, Ахмет ағайлар сабақ берді. Қызылқұм ауылдық мектебінің директоры Сүлеймен Тілегенов өте қатал, ұлағатты ұстаз еді.
Мектепте жүргенде ұстазым Нұрғали Ибрайымовтың әсерімен өлең, мақала жаздық. Ең алғаш мақалаларым аудандық газетке шықты. Кейін өлеңім «Қазақстан пионері» газетіне жарияланды. Сонда 40 қыздан, Қарақалпақстаннан бір жігіттен хат келді. Қуанғаным әлі есімде.
Өскенде журналист немесе суретші боламын деп армандайтынмын. Заңгер болуға да ойым кетті. Ақыры, мектеп бітіру кешіне қарамай, досым Батыр екеуміз Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет ущилищесіне оқуға келдік. Сөйтсек, онда тек 8-сынып бітірген куәлікпен ғана қабылдайды екен. Содан мен Абай атындағы педагогика институтына, Батыр Ауыл шаруашылығы институтына құжат тапсырды.
Қазір «Таулы қырат» деп аталатын әл-Фараби даңғылының жоғары жағындағы 8-кірпіш зауыт көшесінде пәтер жалдап тұрдық. Бір орыстың тауықханасы дерлік күркеде жаттық. Емтихан басталар кезде тұңғыш ұлының жалғыз кеткеніне шыдамаған болуы керек, әкем Жарылқасын іздеп келді. Екеуміз осында ауруханада жатқан балдызына, яғни нағашы әпкем Тұрсынның көңілін сұрауға бардық. Сол жерде бөлем Беганға жолығып, ол маған Пединституттың көркемсурет факультетіне құжат тапсыру керектігін айтты. Не керек, жолым болып, оқуға түсіп кеттім.
- 1984 жылы институтты бітіріп, ауылға мұғалім болып оралдым. Алматыға суретші болып келіп, ақын болып қайттым десем де аса жаңылыспаймын. 1973 жылғы туған 5 сынып оқушыларына жетекші болдым. Сүлеймен ағайымыз менің ақын екенімді біліп, тек сызу мен сурет, еңбек сабақтары ғана емес, қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, қоғамтану сабақтарын да қосып берді. 1990 жылдың аяғына дейін өзім оқыған Қызылқұм ауылдық мектебінде ұстаздық еттім.
1991 жылғы қыстың қаңтарында қалаға қарай жылжыдым.
Алдымен журналист болайын деген оймен Шымкентке барып едім, оңтайлы жұмыстың реті шыға қоймады. Дәл сол кезде шырайлы шаһарға Алматыдан досым, талантты жазушы, марқұм Есжан Айнабеков келіп қалмасы бар ма, екпіндеп. «Біз Ұлықбек Есдәулетов екеуміз «Жас қазақ» газетін ашып жатырмыз, кеттік сонда жұмыс істейсің» деді алды-артыма қаратпай, екі көзі ежірейіп. Күтпеген жерден Алматыға қоныс аударатын болдым. «Сенің орның -Алматыда» деп жүретін Сүлеймен ағай жеме-жемге келгенде әжептеуір абыржып қалды. Бірақ мықтылығын көрсетіп, мұғалімдермен шай-пай ұйымдастырып, жақсылап шығарып салды. Аудандық білім бөлімі бастығы Әмзе деген ағамыз еді. Ол да ойланып қалып, «міне, осылай асылдарымызды қолдан жіберіп, қала береміз» деп ақжол тіледі.
Сөйтіп, Алматыдағы алғашқы демократиялық басылым «Жас қазақ» газетінде журналистік жұмысымды бастадым. Ең алғашқы нөміріне кезекші болдым. Ұлықбек Есдәулет - Бас редактор. Есжан - Бас редактордың орынбасары. Ғалым Жайлыбай, Темірғали Көпбаев, Гүлнар Салықбаева, марқұм Нұрлан Мәукенұлы, Ғабиден Құлахметпен бірге еңбек еттік.
Кейін «Өркен» газетіне ауыстым. Ол кезде онда қазіргі Қырғызстандағы елшіміз Бейбіт Исабаев бас редактор. Кейін бүгінгі Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай келіп жатқанда мен бизнеске ауыстым. Тура теңгеміз шығып жатқан тұс. «Мен мемлекеттен теңгемен айлық алып көрген жоқпын, қазір өзім жұртқа теңгемен айлық беремін» деп әзілдеп жүргенім сондықтан...
Ал 2000 жылы «Жас қазақ үні» газетін аштық. Содан әлі сол газетті шығарып келемін. Бізбен бірге ашылған небір алпауыттардың, мұнай магнаттарының, партиялар мен қоғамдық ұйымдардың газеті жабылып қалды. Біздің басылымның өркендеп келе жатқаны «достарымның» пайдасы. Олар газет алғаш шыққан кезде «Ертең-ақ жабылып қалады. Қазыбек журналист емес, суретші, ақын ғой» дегенін естіп, намысқа бастым. Былтыр болу керек, үнемі руханиятқа демеу болып жүретін Иманғали Тасмағамбетов бас редакторларды жинаған кезде «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Әбдірахманов «ҚазМұнайГазда» істеп жүріп, «Айқарма» атты газет ашқан Шархан Қазығұлға «Ең тез ашылып, тез жабылып қалған газеттің редакторы» деп қалжыңдады. «Ой, газеті құрсын, өте қиын екен, қаржы жетпейді» деген Шәкеңнің маған көзі түсіп кетіп, «Осы Қазыбекке таңым бар, қалай газет шығарып, қалай шыдап келеді» деген еді. Мен жай ғана: «Жас қазақ үні» жабылудан кеткен газет қой. Өйткені оны қазір бар қазақ іздеп оқиды» деп жауап бердім. Әрине, «Жас қазақ үні» газетінің бар қазақ үні болып келе жатқанында Ислам Әбішев бастаған атпал азаматтардың да еңбегі зор...
Пойыздағы кездесу
- Алғаш кітабымды шығарған «Шартарап» баспасының директоры, белгілі журналист Сапарбай Парманқұл ағамыздың «Сенің өлеңдеріңді оқып, пойызды жақсы көріп кетеді екенсің» дегені тегін емес. «Жас қазақта» істеп жүріп, ең алғаш шыққан жолсапарым менің өмір жолыма үлкен әсер етті. Ауылдан достарым келіп, біраз тойлап кетіп, жұмыста болмағанмын. Содан бас редактордың орынбасары Есжан досым, «Ұлағаң ренжіп жатыр, айыбыңды жуу үшін газетке жазылым мәселесімен Түркістанға іссапарға баруың керек» деді. «Жарайды» дегеннен басқа амал жоқ. Ұлықбек Есдәулетов сол кездегі Түркістан қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұриддін Балқияевқа хабарлап қойған екен. Сөзге келместен, аттанып кеттім.
Екінші вокзалдан 7 пойызға жолсерікпен келісіп міне салғанмын. Сәл жүргеннен кейін ол аяқ астынан айнып, «бірінші вокзалдан билет алмасаңыз, жолда тексеру бар екен» деді. Содан бірінші вокзалдан түсіп, билет алсам, 21 вагонға тап келіппін. Орныма келсем, плацкартта қарсы алдымда ол... күтіп отыр екен. Бұрымы беліне түскен ажарлы, аққұба қызды көргенде естен айрылдым. Өзімнің тағдырым екенін бірден түсіндім. Қалай сөз бастарымды білмей отырғанда, «Жас қазақ» газетін оқып отырғанын көріп қуанып кеттім. «Мына «Жас қазақ» газетін қайдан алдыңыз?»... Бұл менің бүгінгі сүйген жарыма айтылған ең алғашқы сөзім еді.
Ол Жаркент өңірінің Қоңырөлең ауылының қызы екен. Кентауға сіңлісінің үйіне, күйеу баласының қазасына бара жатыпты. Түркістаннан Кентауға шығарып салып тұрып, ең қимас жанымды шығарып салып тұрғанымды сезіндім. Түркістаннан кейін ары қарай Шардараға, ауылға бардым. Апам марқұм «осылай жүре бересің бе, үйленбейсің бе?» дегенде «үйленемін» деп нық жауап бердім. Көз алдымда оның керім келбеті елестеп тұрды сонда...
Жасыра алмай жанарлардың шын сырын,
Сезім көлі тартып кетті бір шырын...
Тұншықты да дөңгелектер дауысы,
Тыңдадық тек жүректердің дүрсілін...
Екеумізді санаған соң ел егіз,
Алғы күннің арайына сенеміз.
Темір жолдың үстінде біз жолығып,
Өмір жолын бірге бастап келеміз... -
деп өлең арнағанмын.
Қазір төрт баламыз бар. Үлкеніміз Гүлназ Сүлеймен Демирель атындағы қазақ-түрік университетінде оқиды. Әзірет биыл мектеп бітіріп жатыр. 1999 жылы Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдығында республикалық мүшәйрада 1-орынды жеңіп алғанмын. Сол жылы туған баламыздың атын апамның айтуымен Қаныш деп қойғанбыз. Бірақ апам марқұм немересі дүниеге келерден бір апта бұрын алыс сапарға аттанып кетті... Қаныш биыл 6-сыныпты аяқтады. Кішкентай еркеміз Әмина 2006 жылы 28 қыркүйекте дүние есігін ашты. Ислам Әбішев ағамыз Қытайға барғанда: «Оралмандардың виза алуы қиындап кетіпті. Солардың мәселесін зерттеп жазшы, мен қаржысын көтерейін» деген соң Үрімшіге кеткенмін. Жолға шығар алдында Жәннатқа: «Кете берейін бе, аяғың ауыр, айы-күнің жақындап тұр ғой» деп едім, «Қайнаға айтса, дұрыс айтады. Оралмандар жағдайы қиындап жатса, бара бергін. Қай кезде мен босанғанда қасымда болып едің?» деді. Екі-үш күннен соң тура Үрімшінің кең көшесінде кешке телефон соқсам, әйелім босанып қойыпты. Марқұм енем, Нұрымхан апамыз «атын Әмина қойыңдар, Мұхаммед пайғамбардың шешесінің аты» деді. Оның үстіне, тура ораза айына дәл келді. Бір айтатыным, сол кезде Әмина Өмірзақова да өмірден өтіп жатыр еді...
Түйін:
- Біз де елуге келіп қалыппыз. Елдің алдында есеп берсем екен деймін. Әләулаймен өткен күндеріме өкінемін. Жағдайымды толық жасап алсам, сақал-мұртымды өсіріп, тау мен дала кезіп, армансыз сурет салып кетсем бе екен деп армандаймын...
Өмірден түйгенім, елге еткен еңбек еш кетпейді екен. Кездескенде жұрт азды-көпті еңбегімізді, ұлт мүддесі жолындағы күресімізді, «Жас қазақ үні» газетіміздің аяқалысын айтып, алғыс жаудырып жатқанда марқайып-ақ қаламын. «Бізді де, еңбегімізді де біледі екен ғой ел» деп қоямын.
Жылда жазда ауылға барып, далада жатқым келеді. Қызылқұмда шағыл кешіп жүргім келеді... Кешке малдың өрістен қайтқанын көргім келеді. Былтыр бара алмадым. Биыл қайтсем де барамын деп ойлап жүрмін. Тура егістің үстіне барып, қауын-қарбызды, әңгелекті пәлегінен үзіп алып, сол жерде жарып жегім келеді. Ең тәттілік дегенің сол ғой...
Балалар «сіздерге қарасақ, ауылға бармай қаламыз» деп, өздері кетіп қалады. Оған да шүкір дейсің...
Тура 23 сәуір күні 50-ге толғанда астаналық Аршат Оразов інім жеке сайтымды ашып берді, әрине, рақмет оған. Биыл Құдай қаласа, 5 томдығымды шығарсам ба деген ойым бар. Телеарнада істейтін Нұрлан бастаған достарым «телефильм түсірейік» деп ұсыныс жасап жатыр. Қаржы табылса, оны да көрерміз.
23 сәуірде 50-ге толған күні «Қазақстан» ұлттық арнасының «Таңшолпан» бағдарламасы шақырды. Ауырып тұрсам да бардым. Тура сағат 9-да астанадан Ислам Әбішев ағам телефон соғып, құттықтап, жігерлендіріп жіберді. «50 деген жас бұл саған дайындық кезеңі, аванс, ел үшін қызмет ететін кезің енді келді. Мықты бол!» деді. Тілшінің де алғашқы сұрағы: «50 ге келген қандай екен?» деген сөз болды. Оларға «Бір көкеміз «50 деген 49 емес» деп айтушы еді. Сол айтпақшы, біз үшін 50-деген екі 25» деп жауап бердім. Құдай қаласа, күзде, қыркүйек айында елуді атау үшін елге барсам ба деймін, шақырып жатыр. Бәрін уақыт көрсете жатар...
Әңгімелескен - Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ