Сәкен Сейфуллиннің бейнекадры табылды

  АЛМАТЫ. 7 мамыр.  - Осы уақытқа дейін зерттеушілер қол жеткізе алмай жүрген Сәкен Сейфуллиннің тұңғыш бейнекадры Мәскеу мұрағаттарынан табылды.
Оны режиссер Жәнібек Жетіруов Тұрмағамбет Ізтілеуов туралы деректі фильмге жинаған материалдары арасынан кездейсоқ тауып алған көрінеді. "Биыл туғанына 130 жыл толғалы отырған халық ақыны, әйгілі аудармашы Тұрмағамбет Ізтілеуов туралы өткен жылы деректі фильм түсірген едім. Оған Мәскеу мұрағаттарынан жинаған материалдар арасынан Сәкен Сейфуллиннің әлдебір жиналыстағы бейнекадрын тауып алдым. Онда Сәкеннің екі жолдасымен жиналыс кезінде қол шапалақтап, өзара сөйлесіп тұрған сәттері  бейнеленген. Әзірге Сәкен Сейфуллиннің жанындағы адамдардың кім екені анықталған жоқ", - дейді Жәнібек Жетіру. Режиссер бұл кадрларды филология ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры  Тұрсынбек Кәкішевке арнайы көрсеткен көрінеді. Сәкентанушы ғалым онда Сәкен Сейфуллинді бірден таныған. Ғалымның айтуынша,  бұған дейін ақынның артында қалған  мұрасының арасында фотолары болмаса, бірде-бір бейнекадры табылмаған. Сондықтан бұл жаңалықты қазақ қоғамы үшін үлкен оқиға деуге болады. Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллин - Қазақ кеңес әдебиетінің негізін салушылардың бірі, ақын, қоғам және  мемлекет қайраткері. Ол  1884 жылы 15 қазанда  Жезқазған өңіріндегі бұрынғы Ақадыр ауданындағы Қарашілік қыстағында дүниеге келген.  Сәкен қазақ жазушылары ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, 1938 жылы жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, Алматыда атылып, 1958 жылы ақталған. С. Сейфуллин туралы С.Мұқановтың "Сәкен Сейфуллин" пьесасы, Ғ.Мүсіреповтың "Кездеспей кеткен бір бейне" повесі, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағамбетов, Қ.Бекхожин және тағы басқа ақындардың поэмалары, Е.Ысмайылов, С.Қирабаев, Т.Кәкішев сияқты  ғалымдардың әдеби зерттеулері мен естеліктері жарық көрген.