МӘСЕЛЕНІ ХАЛЫҚ ЕСЕБІНЕН ШЕШУ немесе зейнеткерлік туралы миы толық Марченконың сандырағы келе ме?..

Осыдан бірер апта бұрын Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко атты миы толық азаматымыздың бірі «әйелдердің зейнеткерлікке шығатын жасын ерлермен теңестірмесе болмайды» деген ұсыныс айтты. Сондағы келтірген ең басты уәжі – біздің елдегі әйелдердің орта жасы 78 көрінеді. Демек, негізінен 58 жаста – олай болатын себебі біздің әйелдеріміздің бес баласы бары ғана 53 жастан құрметті еңбек демалысына шыға алады – зейнеткерлер қатарына кіретін нәзік жандыларымыз табаны күректей 20 жыл бойы мемлекеттің тегін ақшасын алып отырады екен, ал ер адамдар болса зейнеткерліке шыққан соң орташа 65 жасқа дейін 12 жыл ғана тәтті өмірдің дәмін тататын көрінеді, демек, екі жақтың жағдайын теңестірмей болмайды, бұл барып тұрған әділетсіздік болып табылады! Бұны енді сау адамның ұсынысы дегеннен гөрі жындының сандырағы дегенге жақынырақ келеді.

Бірақ, қанша жерден ұзақ жылдар бойы билік маңайындағы биік ақырдан су шіп, майлы астаудан жем жеп жүр десек те, Марченко мырза өзінің бастамасымен мұндай ұсыныс жасауға жүрегі дауалайтындар санатына жатпайды. Жалпы, бізде Президент әкімшілігі деген құзыретті органның батасынсыз бір де бір елеулі бастама бой көтермейтініне «жасампаздыққа толы 20 жылдың» ішінде жұртың бәрінің еті үйреніп болды. Бұл әдісті саяси технология тілінде орысша «зондаж», қазақша «бой үйрету» деп атайды. Біздің елдегі ең әйгілі жерді жекеменшікке сату жайлы заңнан бастап, барлық халыққа қолайсыз тиеді-ау деген заңнамалық өзгерістердің барлығы да осы «шапаннан шыққандар». Алдымен, елдің ортасына осындай оғаш, тосын, жосықсыз ой тасталады. Оған бір азғана адам – тапсырыс арқылы, әрине – қолдау көрсеткен болғанымен, көпшілік қарсы түрегеледі. Олар айтады, жазады, ашық хаттар ұйымдастырады. Сөйтіп, іштегі наразылығын сыртқа шығарады. Оларынан нәтиже шыға қоймайды... Ол екі ортада осы жобаға қатысы бар аймақтардың әкімдері, депутаттары, тіпті сақалын сатқыш ақсақалдары мен қарасақалдары әлгі идеяның теңдессіз екендігін, тек сол жолмен жүрсек қана қағанағымыз арық, сағанағымыз сарық болатынын, ол жолмен жүрмесек көрген күніміз күн емес, түнге айналатынын, онсыз ісіміздің өнбейтінін, көсегеміздің көгермейтінін, басқан адымымыздың тек артқа кетумен ғана болатынын, алдымыздан тек ор шығатынын дәлелдеп бағумен болады. Олар неге өйтеді? Себебі, ертең сол «ерен еңбегі» үшін билік тарпынан кішкентай да болса бір пұшпақтың шеті өзіне тиетінін, шамалы да болса ұшпаққа шығып үлгеретінін жақсы біледі. Қысқасы, қарапайым тілмен айтқанда сатылады. Біздің халықтың қамын қатты ойлайтын сүйікті өкіметіміз енді не істейді? Біраз уақыт өткізіп барып әлгі «керемет идеяға» қайта айналып соғады. Бұл жолы да наразылық көрсетілгенімен, ол, әрине, алғашқыдағыдай болмайды... Осылайша, екінші ретте барып бастапқы «жасампаз жоба» қолдау табады. Әскери өнердегі «жаппай шабуылды» еске түсіретін бұл кампания өз жемісін бере ме? Бергенде қандай! Ол тұзаққа қарапайым адам түгіл, ақыл мен ойдың озығы, білім мен біліктің мол қазынасы азаматтар да түсіп қалып жатады. Мысалы, «тірі классик» деуге әбден тұрарлық, халыққа шын жанашыр біртуар азамат, қазақтың батыл да табанды дүлдүл жазушысы, драматургы Дулат Исабеков ағамыз да «Жер кодексі» қаралған кезде «жерді сатпасақ, оны нарық айналымына шығармасақ өзіміздің жарыққа шыға алмағанымыз шыға алмаған, өркениетті елдер қатарына қосылу үшін жерді сатқаннан басқа жол жоқ, жалпы, бұған балама жоқ» деп өтірікті судай сапырғандардың сөзіне ілесіп, «сатушыларды» қолдаған еді. Өзінің алданғанын кейін біліп, санын бір-ақ соқты. Бірақ, әрине, кеш еді. -Мен қайдан білейін, бұлардың бәрі маған «жерді сатсақ қана оған нағыз қожайын пайда болады, сол ғана жердің қамын ойлауға шынымен мүдделі, сол ғана жерді шын мәнінде гүлдендіруді қолға алатын болады» деген сөздеріне имандай ұйыдым ғой. Сөйтсем, ол иттердің көздегені жерді жеке меншікке иеленіп алу ғана екен ғой, - дейді бүгін де «Ауыл» партиясының қатарында жүрген ағамыз. Биліктің бұл тәсілін «доңызбен тойдыру» деп атауға әбден болатындай. Себебі, патша үкіметі Астрахан қаласын басып алған кезде орталық мешіттің ішіне кірген солдаттар шетінен өле беріпті. Қиратып тастауға әдемі ғимарат, көздері қимайды. «Не істеуге болады?» деп ақылдасқан кезде бір ғұлама: «Сіздер мешіттің ішіне доңыздарды топырлатып айдап кіргізе беріңіздер, ислам дінінің күші сол хайуандармен таусылады, содан кейін еш ойланбастан пайдалана бересіздер» деп кеңес береді. Айтқанындай істеген кезде, екі-үш күннен кейін шынымен де, адам түгіл айуанның да өлімі тоқтайды. Дәл осындай жағдай 1905 жылы патша үкіметі Орынбар-Ташкент темір жолын салғанда да қайталанған. Шиелінің тұсындағы Оқшы ата қасында бірнеше әулиенің қатар жатқан жері бар. Темір жол соған жақын жерден өтетін болады. Бірақ, құрылыс кезінде кешке таман салынған темір жол табаны таңертең көтеріліп қала беретін болған. Не істерін білмей шаршаған үкімет мамандары тиісті адамдардан ақыл-кеңес сұрағанда, олар да жоғарыдағыдай кеңес беріпті. Амал жоқ, темір жолшылар бір қора доңызды әкеліп, жол салынуға тиісті жерге бір-екі апта бойы бағуға мәжбүр болады. Көптеген хайуанды «шығындап» барып, жол салуды жалғастыруға мүмкіндік алады. Біздің үкіметтің «шығыны» - халықтың пікірі. Көңіл-күйі. Ары қарай өз дегенін істей береді. Бұл жолы да – «қақылдаған тауық тумай қоймайды», - дәл солай болары хақ. Ерте ме, кеш пе, үкіметіміз әйелдердің зейнеткерлікке шығатын жасын көтермей, ерлерменен тең етпей тынбайды. Солай бомағы шешіліп қойған мәселе болса, онда біздің бәріміз несіне арамтер болып жүрміз? Олай болып жүруіміздің бір ғана мақсаты бар – сан сапаға ауыспай қоймайды. Көптің айтқан талап-тілегінің оннан бірі болса да періште секілді үкіметтің де құлағына шалынса, еңбегіміздің еш, тұзымыздың сор болмағаны. Біз осынау, тағы да қайталаймыз-ау, «жасампаздыққа толы 20 жыл» ішінде өзіміз Құдайдай табынып келе жатқан Батыстың мөлдір, таза бастауына емес, Мұхтар Шаханов ағамыз айтпақшы «канализациясына қалай қосылып кеткенімізді байқамай да қалдық». Зейнеткерлік мәселесінде де сондай. Батыста «зейнетке шыққаннан кейінгі өмір ғана өзің үшін сүретін нағыз өмір, ал оған дейінгі өмір – жұмыс үшін сүретін жай өмір» деген әзіл-шын аралас сөз бар. Қазақстанда бүгінгі таңда мектептегі мұғалімдердің 80 пайызы әйел жолдастар. Олар 63-те емес, қайта өкімет кәсіптің ауыртпалығын ескеріп барлығын да 50 жастан зейнеткерлікке шығуға рұқсат берсе деп армандайды. Ресей, Украина, Беларуссия, Өзбекстан бұл жасты кеңес кезіндегіден өзгерткен жоқ – ерлер 60 жастан, әйелдер 55 жастан шығады. Жалпы, зейнеткерлер жасын көтеру ең бірінші мамандардың, әсіресе жас мамандардың жетіспеуінен туындайды. Еуроодақ алдағы 15 жылда 30 миллион мигрантты өздеріне қабылдау туралы шешімге келді. Жапонияда зейнеткерлік жасы екі жақ үшін де 70 жыл болып белгіленген. Ол ел де «қарттар еліне» айналғалы қашан! Және орта жас жапон елінде 85 жас! Бізде ондай жағдай емес қой. Керісінше, жұмыс таба алмай сенделіп жүрген жастар. Зейнетақы жинақтау қорларының пікірі де бұл мәселеде бір арнаға тоғыспайды. Біздің үкімет, бір сөзбен айтқанда, зейнетақы қорларының табыстылығын арттырудың өзге де жолдарын іздеудің орнына - олар жоқ емес бар, мамандар өз ұсыныстарын беріп те жатыр – әдеттегідей «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен кетіп», өзінің ойына алғанын істеп тынар түрі бар. Батыста ол үшін ұзақ дайындалып, егжей-тегжейдің бәрі ескеріледі. Тіпті, Польшада бұл сұрақ референдумға да шығарылған. Жаңа зейнетақылық жаста жолыққанша. Көп қалған жоқ...

Шуақ Айбалтаұлы