ҰЛТШЫЛ ОЙДЫҢ ТАЙҚАЗАНЫ Халқымыздың намысын ұстаған Ұлы ұстаз...
2012 ж. 10 сәуір
1754
0
Бiртуар бекзатым-ай!..
Өзiнiң туған халқына шын берiлген, ұлт мүддесi жолында жаны шырқырай жүрiп қызмет еткен, халық мұрасын қызғыштай қорып, зерттеп, кейiнгi ұрпаққа табыстап кеткен бiртуар тұлға Рахманқұл Бердiбаев болатын. «Қазақ әдебиетi» газетiнде тiл туралы, Наурыз мерекесi жөнiнде ең алғашқы болып идея көтердi. Ежелгi салт-дәстүрiмiздiң халықпен қайта табысуына ерекше үлес қосты, аянбай еңбек етiп, тер төктi. Оның шығармашылық туындыларын айтпағанның өзiнде, қоғамдық өмiрдегi қайраткерлiгiнiң өзi бiр төбе. Ол отыз жылдан астам уақыт бойы Алматы қалалық Қазақ әдебиетi мен өнерi халық университетiнiң қоғамдық негiздегi ректоры болды. Мен осы университетте проректорлық қызмет атқардым. Сонда оның тыным таппай жұмыс iстегенiн өз көзiммен көрiп жүрдiм. Рахаң қаншама рет тың идеялар көтерiп, халқымыздың рухани түленуiне, елдiк тұрғыдан жаңғыруына ұйытқы болды. Ол қазақ әдебиетi мен өнерiнде, ғылым мен қоғамдық өмiрде қайталанбас лайықты орны бар тектi тұлға едi. Сондықтан дүниеден озғанымен соңында өшпес аты, өлмес мұрасы қалды. Артында ғалымның жиған-тергенiне бас-көз болар ұрпағы, бала-шағасы бар. Бiр жағынан қарасаңыз, ол кiсi арманына жеткен адам. Екiншi жағынан, оның келешек ұрпақ үшiн әлi де атқарар қыруар жұмыстары көп болатын. Сол адамнан айрылып қалдық. Өмiрдiң заңы сондай. Қош бол, бауырым! Топырағың торқа, иманың жолдас болсын.
Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ
Ұлылардың соңғы сүлейi
Рахманқұл Бердiбаев тек қазақ халқына ғана емес, жалпы түркi әлемiне ортақ ғұлама ғалымдардың бiрi едi. Ол алдындағы ағалары Әлкей Марғұлан, Бейсембай Кенжебаев, Қайым Мұхаметқанов секiлдi ұшан-теңiз бiлiм иесi, барлық саналы ғұмырын тек ғылымға ғана арнап, қазақ елiнiң рухани iзденiсiнде бiр адам жете алатын биiкке көтерiле бiлген жан едi. Қазақ ауыз әдебиетiн жалпы түркiлiк негiзде зерттей отырып, түркi әлемiне ортақ қазына боп саналатын ұшан-теңiз мол мұраның түпқазығы қазақ елi екенiн бар әлемге танытып кеттi. Өзiнiң мiнез-құлқы қандай сырбаз болса, зерттеу еңбектерi де табиғатына сай жоғары мәдениеттiлiктi баршамызға мойындата бiлдi. Ұлылардың соңғы бәйтерегi құлады. Мақтан тұтатын дара тұлғалардың тағы бiрi қайтпас сапарға аттанды. Рахаңның қазасы Абайдың Оспан өлгенде жазған өлеңiнiң соңғы жолын ерiксiз еске түсiрiп отыр. Жайдары жүзiң жабылмай Жалбаңдап бекер сабылмай Жан бiткенге жалынбай Жақсы өлiпсiң, япырмай! Басқа не айтайық... Қош, қадiрлi аға, түркi әлемiнiң дара тұлғасы болған ғұлама ғалым!
Дулат ИСАБЕКОВ
Ұлттық тұлға
Маңғаз да байсалды, кең көзқарасты ғұлама Рахаңның – Рахманқұл Бердібайдың бүкіл саналы ғұмыры ұлттық мүддеге бағытталды. Бүгінгі Тәуелсіздіктің бастау бұлағында тұрған Мұхтар Әуезов пен Бейсембай Кенжебаевтан кейінгі ең елеулі, зиялы тұлға еді. Ол өзінің барлық болмысымен, ақыл-санасымен, жан қуатымен ұлттық идеяның 1950-жылдардан кейінгі қайта түлеуіне аса зор қызмет етті. Мұндай тұлғалар қазақ зиялыларының арасында бірен-саран ғана. Кеңес тұсында әдебиет пен мәдениетке, ғылымға, тарихқа қатысты ұлттық руханиятқа қызмет ететін мәселенің айналасында қашан да Рахаң – Рахманқұл Бердібай тұратын. Бір ғана Мұхтар Әуезовтің мұражайында жұма күндері өтетін дәрістер 60-90 ж.ж. арасындағы бір емес үш-төрт толқынның ұлттық көзқарасының қалыптасуына тікелей әсер етті. Рахаң сол жұмалық арқылы әрбір күрделі, көкейкесті, шынтуайтына жете алмай жүрген, өте күрделі мәселелерді күн тәртібіне қойды, соны көпшіліктің, өзінше айтсақ, жамиғаттың назарына ұсынды. Сол арқылы ой салды. Өзгесін былай қойғанда, 1950 жылдардан бері «ұлттық дәстүр», «қазақ тілі», «қазақ балабақшалары», «қазақ мектептері» сияқты үлкен, қазір де түйіні шешілмеген мәселелерді баспасөз беттерінде көтерді. Сол туралы Қалибек Қуанышбаев, Мұхтар Әуезов секілді ұлы тұлғаларды әңгімеге тартты. Бұдан кейінгі әдебиеттегі ұлттық идея, ұлттық тұлға, ұлттық қаһарман, фольклордағы ұлттық діни дастандар, ұлттық ақындар, қара өлең, зар заман ақындары, кітаби ақындар, нәзирәгөйлік ақындар, жыраулар поэзиясы, ноғайлы дәуірінің әдебиеті, жалпы түркілік идея, ұлттық музыка тарихы, ұлттық би өнері секілді мәселелерді алғаш көтерген және соның барлығын ғылымда зерттелуіне барынша ат- салысып, шәкірт тәрбиелеп, жастарға кең жол ашқан Рахаң – Рахманқұл Бердібай еді. Шертпе күй мектебіне сіңірген еңбегі де баршаға аян. Ол осы саланы өзінің бүкіл ғұмырлық мақсаты ретінде көріп, еңбек етті. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі шертпе күй мектебінің өкілдерін тізіп жүрді. Құрманғазы атындағы консерваториядан осы шертпе күй мектебін ашып, Болат Сарыбаев ағамыздың жиған көне саз аспаптарының мұраларын насихаттауға мұрындық болған да осы Рахманқұл Бердібай. Бұндай бүкіл ұлттық идеяның сіргежияры әр ұлтта бар. Бірақ сирек кездеседі. Сол сирек кездесетін, бар қасиетті бойға жиған адамдардың бірі – Рахаң еді. Рахаңның ғылыми-зерттеу барысындағы және сыншыл еңбектері өз алдына. Соның ішіне өзінің ұлттық идеясына сай, әр салада ғылымға әкелген адамдары өте көп. Әдебиет сынымен айналысып жүрген мені де осы ғылым саласына бойлауға ықпал жасаған адамдардың бірі – осы Рахаң. Қазақстанда араб тілін оқыту туралы мәселені көтерген де Рахаң – Рахманқұл Бердібай еді. Ел бостандығына бір жұтым ыстық дем берушісі де Рахманқұл Бердібай болды. Қазақ халқының рухани тарихатында ол кісінің осы бір ұлттық мүдде төңірегіндегі ойлары талай ұрпақтарға азық болады деп ойлаймын. Жаны жәннатта болсын!
Тұрсын ЖҰРТБАЙ
Ұлтының биiгiне көтерiлген...
Өткен ғасырдың рухани өрiсiн кеңейткен санаулы тұлғаларымыздың тағы бiр саңлақ өкiлi өмiрден озды. Жаратылысынан жақсылық пен жаңалыққа жаны құмар ағаның әр сөзi, әр қимылы, ұлт, ұрпақ, ұлт рухы хақындағы толғанысқа толы пайым-тұжырымдары жадымызда қайыра жаңғырып, оның ұлт әдебиетiне сiңiрген ұшан-теңiз еңбегiн iштей ой елегiнен өткiздiк. Өткiздiк те... Бiтiмi бөлек мiнезге бай, парасаты мен пайымы терең, осынау қазақты қапысыз сүйген үлкен жүректi адамның талайлы тағдырына, өзiн ғылым дейтiн арналы жолға арнаған кейiнгi iнi буынға үлгi болар ғибратты ғұмырына, өртеңде туып, өркендi өмiр сүрген өзгеше болмысына iштей тағзым еттiк. Рахаң шынында да табиғаты өзгеше кiсi едi. Аузына қазақ iлiкпей қолына қалам алмайтын, ұлт туралы тебiренбей, мiнбеге көтерiлмейтiн. Жазса – жаңылмайтын, айтса – қайтпайтын. Кесек тұлғаларға тән осы бiр сирек қасиетiнiң арқасында, қызыл империяның қаһарынан жұмырбас пенденi қойып, жарты әлем ағып тұрған өткен ғасырдың елуiншi жылдарының соңында өз ұлтын сүйген санаулы топтың алды болып, қудалауға қалай түскенi жадымызда. Рахаң сол тұста басынан уақыттың қою бұлты арылмай келе жатқан қазақ тiлiнiң қамын ойлап, қабырғасы қайысқаны үшiн «ұлтшыл» атанып едi ғой... Бұл сол кезде ердiң ерiнiң ғана қолынан келер iс едi?! Уақыт – ұлы төрешi. Бәрiн орнына қойды. Елi еркiндiкке жетiп, тiлi – тұсаудан, ойы күрмеуден құтылған 90 жылдары, заман әркi-тәркi күй кешiп жатқан кезде ғұлама ғалым ойланбастан екiншi бiр ерлiкке тағы қалай бас қойғаны есiмiзде. Рахаң өзi туған топыраққа – түркi әлемiнiң кiндiгi саналар алаш жұртының киелi төрi – Түркiстанға қоныс аударып, жаңа дәуiрдi жаңа оқу орнының төрiнде отырып қарсы алуға белiн бекем буғаны да күнi кеше болатын... Бүгiн, мiне, Алаш жұртының назары ауған сол қасиеттi Түркiстан – арғы-бергi дәуiрлерде ел тұтастығы мен ел еркiндiгi үшiн жан берiсiп, жан алысып ғұмыр кешкен, жаратушыға тiл қатып, күбiрлескен ұлт ұлыларының жаны байыз тауып, рухы аспанын кезген байырғы мекен қазақ дейтiн қара орман жұрттың тағы бiр алаш тұлғалы арысын аза тұтып, соңғы сапарға аттандырып жатыр. Жаныңыз жәннатта болсын, ұлтының биiгiне көтерiлiп, халқының қадiрiне бөленген, жомарт жүректi жақсы аға! Бақұл болыңыз!
Нұрлан ОРАЗАЛИН, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы
Түркiстан мұратының тұлғасы
Қасиеттi Түркiстаннан «Академик Рахманқұл Бердiбай дүние салды» деген суық хабар алып отырмыз. Қабырғамыз сөгiлiп, ұлттың ауыр қайғысын сезiнiп тұрмыз. «Өзектi жанға – бiр өлiм» екенiн бiлсек те, «Рахаңдай әдебиет пен мәдениет қайраткерi Тәуелсiз Қазақстанға әлi де болса керек едi, батасымен Қызырдың ниетiн шұғыландырғандай едi» деп шындығымызды – елеске, елесiмiздi – тылсымға қимай тұрмыз. «Өлдi деуге сия ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?». Бұл – хакiм Абайдың сөзi. Бiрақ бұл – Рахаңның бейнесiн, сөзiн, ақылы мен парасатын айқындайтын сөз. Рахаңның кiтаптарының аты мен мазмұны да айрықша болатын: «Әдебиет және өмiр», «Дәстүр тағылымы», «Ғасырлар толғауы», «Кәусар бұлақ», «Эпос мұраты», «Мұхтар шыңы», т.б. Ал, ендi кезiнде «Байқалдан Балқанға дейiн» сынды еңбектерi ұлт ғылымында жаңа арна ашқаны бәрiмiздi қуантқан. Сөйтiп әлемдiк-өңiрлiк көзқараста Түркiстан болып сипатталатын кешегi Мағжан ақын жырлаған әз өлкедегi тарихи шаһар ақсақал ғалымының омырауына «Түрiк дүниесiне қызмет» орденiн қадады. Бұған хазардан хахасқа дейiнгi жұрттың бәрi қуанды. 90-жылдары ұлттық аты-жөн нұсқасы тығырыққа тiрелгенде ғылым жағынан – Рахаң, қаламгерлер жағынан Шер-ағаң бастаған қос арыс таз кепеден құтылудың батыл жолын бастады. Академик Р.Бердiбай Елбасының тарихи Түркiстанды жаңғырту бастамасын қолдағандардың алғашқы сапында жүрдi. Оқығанның көбi астана мен орталық қалаларды қимай, айылын жимай жатқанда, Рахаң «Оян, жұртым! Өңiрлердi өркендет, өрелiм!» деп өрiстi кеңейтiп, зиялылығын танытты. Оңтүстiкте мемлекеттiк қызметте жүрiп ақсақал ғалымның жүйелi кеңесiн тыңдаған кезiмiз аз болған жоқ. Тарихи ескерткiштердi қорғау, ономастика және топонимикадағы елдiк жайттар, облыстағы бiлiм мен ғылымды дамыту, жастардың отаншылдығы және өзге де маңызды мәселелер Рахаңның жанын берiп сөйлейтiн, ерiнбей таразылайтын тақырыптары болатын. Р.Бердiбай ұстанымы – «өз мүддесiнен ұлт мүддесiн жоғары қоятын тұлғаның» жарқын мысалы едi. Таным әлемiне Ш.Айтматов пен Ә.Кекiлбаев енгiзген «мәңгүрт» аталым-терминiн Р.Бердiбай «көзқаман» ұғымымен («Манас» жырынан алынған) салаландырып, ұлтты ғана емес адамзатты рухани қауiп-қатерден сақтандырды. Дәстүрлi мәдениеттi Тәуелсiздiктiң қажетiне жарату мәселесiнде Рахаңның пiкiрi әрқашан өркениеттi жүйеде көрiнетiн. Бұл орайда ол кiсi Түркiстан мұратын, ел бiрлiгiн бiрiншi кезекке қоятын. Пәниден бақиға озған академик Р.Бердiбай шәкiрттерiмен, қалың оқырманымен, мұраттастарымен мың жасайды деп есептеймiз.
Дархан МЫҢБАЙ
Қош, жан дос!
Өртеңге шыққан ұрпақтан қалған үшеудің бірі едің, Раман! 85 жылдығыңды тойламай Сен де аттандың-ау, «декабрьские мальчишки» –Зейнолла, Нығметтер дем алып жатқан мәңгілік баққа. Бұл дүниеге, ел-жұртқа қарыздар болған жоқсың. Соның өзі біле-білгенге үлкен абырой. Тәубе! Сонау 60-жылдары Мырзабек Дүйсенов үшеуміз «Три мушкетера» болып қол ұстасып жүргенде М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, М.Қаратаевтар басқарған 6 кітаптан, 3 томнан тұратын «Қазақ әдебиетінің тарихын» жазу тұсында азамат-ғалымдығымызды танытқан сәттер еріксіз ойға оралып отыр. Одан кейін де талай ірі де игілікті істердің басында жүргенің белгілі. Әсіресе, 1956 жылы қазақ тілі мен қазақ мектептерінің тағдыры туралы «Қазақ әдебиеті» газетінде мәселе көтергеніңде Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің жанындағы Партия тарихы институтының сегіз ғылыми қызметкерін ұйымдастырып, сені қостап, 1956 жылы 10 желтоқсанда партия қаулысына ілігіп едік қой. Соны желеу еткен сол кездегі партиялық газеттер өздерінің редакциялық мақалаларымен дуылдатқаны біздің достық ниетімізді бұрынғыдан да нығайта түскен еді. Мына қазаң бізді мәңгілікке ажыратқанмен, ниетіміздің бірлігіне қылау түсіре алмайды. Алматыға соңғы жолы келгеніңде бақиласқанымыздың соңы сен үшін мынадай болғанда, мен үшін де жеңіл болмай тұр. Дәрігерлердің «қамқорлығына» көшкеннен бері жүріп-тұру арманға айналды. Топырақ сала алмасам, өкпелеме. Алдың жарық, артың кеніш болсын, жан досым Раман.
Жан досың Тұрсынбек КӘКІШЕВ, профессор.
Ұлттың адал ұлы
Мен онымен кеше ғана (2 сәуірде) сөйлескен едім. Хал-жағдайын сұрап, «Алматыға келе аласың ба, менің сәлем хатымды алдың ба?» деп сұрадым (туған күніме шақырғаным ғой). Ол: «Мен жүрістен қалып қойдым, жеделхат жібердім» деді. Бүгін, міне, қайғылы хабар алып отырмын. Біз Рахманқұлмен бір жылдың төлі, саналы ғұмырымызды бірге өткізіп, бір терінің пұшпағын илеген дос адамдармыз. Сол достар мен замандастар ортасында Рахманқұлдың орны қашанда биік еді. Тағдыр оған өзгеше ұлтшылдық мінез, қажымас қайрат, өжеттік, кең дарын дарытқан. Ол сыншылық, ғалымдық, ұстаздық, публицистік еңбектерінің бәрінде де ұлтына, қазағына қызмет етті. Өткен ғасырдың 50-жылдары «жылымық» саясатын пайдаланып, қазақ әдебиетінің бетінде ойын кернеп жүрген ұлт дәстүрі мен оны жаңғырту жөніндегі идеяларын ашық айтқан сол еді. Ол біздің дәуіріміздің бірінші ұлтшылы атанды. Біреулер оны «Ахмет идеяларын жаңартушы» деп жазды. Сол үшін таяқ та жеді. Бірақ ол бұл ойларынан ешқашан бас тартқан емес. Фольклорды, ескі әдебиетті зерттей жүріп, сол арқылы қазақтың ұлттық дәстүрлерін, түркі халықтары әдеби, тарихи байланыстары жайлы үзбей жазып өтті. Кеңес әдебиеті сынында, әдебиет тарихын зерттеуде ол бұрынғы және бүгінгі әдеби құбылыстардың байланысына көңіл аударды, көркемдік ізденістерді қолдады. Қазақтың тарихи романын тиянақты зерттеді. Оның еңбектері қазақ әдебиеттану ғылымының жарқын беттерін құрайды. Кешігіп болса да еңбегі бағаланып, ақсақал әдебиетшінің мәртебесіне ие болған еді. Қош досым, жаның жәннатта болсын! Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық идеясы тарихында сенің орның айрықша бағаланар. Ұлтыңа адал қызмет еткенің ұмытылмас...
Серік ҚИРАБАЕВ, академик
Ақбоз алып бәйтерек
Алпыс жасқа толғанында алты күндей атқосшы болып едiк. Ағамызға. Оның үш күн, үш түнi Ащысайда өткен. Рахаңның кiндiк қаны тамған, жалаңаяқ жүгiрген жерi. Анасының басына көк тас қойған. Өз қолымен. Тебiренген. Толғанған. Ащысай кентiнiң түстiк тұсындағы белес беткейiндегi бейiт iшiнде тiзерлей күбiрлеп, ұзақ-ұзақ отырған. Кеншiлер кентiндегi тозығы жетiп, түте-түтесi шыққан жатақханаларға, иiрқобыз көшелерге, терең сайдың табанындағы күреңкей судың ағысына қарап, кеудесiн күрсiн кернеген. «Алпысқа толдым» деп айқай салмаған. Қалған үш күнде бiрер ауданды, солардың қатарында Созақты аралаған. Қарапайым ғана күйде. Ешкiмге салмақ салмай. Мiндетсiнбей. Аудандардың орталықтарында да емес, кейбiр-кейбiр кеңшарларда кiшiгiрiмдеу кездесулер өткiзiлген. Солардың iшiнде Созақ ауылы мен Қозмолдақта және бiр қыстақта. Рахаң сол кездесулерде өзi жайында, алпысқа толғаны туралы түк те айтпаған. Әдебиет жөнiн жүйелеген. Мәдениет мәнiсiн жүлгелеген. Ел болмақтың жолдарын талдаған. Ұлтының тағдырын қамдаған. Есiмiзде ғой, ешқандай сый-сияпат жасалмаған. Ондай-ондайды ойына да алмайтындай едi. Алпысында. Маңғаздау, марғаулау кейiпте күлiмсiрей қоштасатын. Бiздiң шаңырағымызда болған. Алматыдағы өзi ұзақ жылдар басқарған қоғамдық, халықтық университет хақында сықылықтай күлiп, сыр шерткен. Рахманқұл Бердiбай десе, бәйтерек елестейтiн. Бiзге. Иә, ақбоз алып бәйтерек. Қайран-ай, кеше естiдiк қой. Ақбоз алып бәйтерек те бақилық бопты. Түннен күн ұзарған, қараңғыдан жарық молайған шақта. Сексен бесiңiз аз жас емес, әрине. Сонда-дағы қимайсың. «Роман және заманын», «Гүлстанның бұлбұлдарын», «Байқалдан Балқанға дейiнiн», «Ел боламыз десегiн», өзге де ондаған құнды кiтаптарын, ғұламалылығын, ұстаздығын айтып тауыса алмаспыз. Өшпейтiн, өлмейтiн мәдени мұра қалдырды. Шiркiн-ай, ақбоз алып бәйтерегiңiз дарынды дәрiгер сынды қоғамыңыздағы қауiптi дерттiң диагнозын да қойып берген едi-ау. Көзқамандық деп. Кейде баяғы алпыс жасында күрсiнгенiндей кiртие қарайтын. “Көзқамандық деп дөп диагноз қойсам-дағы, кесепат кеселден айығар емес-ау көп адам” дегендей, күйзелiс кешетiн. Тәуелсiздiкке қуанып, Түркiстанына келсе-дағы, алаш тағдырына алаң көңiл күйiнен танбағандай көрiнушi едi… Туған Түркiстаныңыздың топырағы торқа болсын, ағатай!.. Ақбоз алып бәйтерек қалпыңызда халқыңызбен, ұлтыңызбен бiрге жасай бересiз...
Мархабат БАЙҒҰТ
Ұлтшыл ойдың тайқазаны, халқымыздың намысын ұстаған Ұлы ұстаз...
Қадірлі зиялы қауым! Ағайындар! Дүниеден қандай адам өтті? Дүниеден өмір сүйген адам өтті. Дүниеден Рахманқұл Бердібай не қалдырды? Рахманқұл Бердібай қимас ғылымын, қимас достарын, қимас отбасын қалдырды. Рахаң о дүниеге не алып бара жатыр? Рахаң о дүниеге абырой апара жатыр. Рахманқұл Бердібай жер бетінде не қалдырды? Рахманқұл Бердібай ой мәйегін қалдырды, ілімін жалғастырушы шәкірт қалдырды. Рахаң неге Түркістанда жүрді? Түркістанда Рахаң ауыл-ауылда елеусіз қалмасын деп, ұрпақтың ұлтшыл ұлдарын іздеп жүрді... Міне, Түркістанға Рахаң сонау бір жылдары тиын іздеп емес, талант іздеп келген еді. Ұлтшыл ойдың тайқазанына айналған академик – Рахманқұл Бердібай. Түркістанның екі ұлы тарихи жәдігері бар. Ол – хандарымыз мәңгілік қонысын тапқан Ахмет Ясауи мавзолейі, екіншісі – халықтың тайқазаны болса, үшінші тайқазаны «Байқал мен Балқан» арасын түгендеп, қазақ әдеби байланыстарының түркілік сипатын анықтап берген академик ағамыз Рахманқұл Бердібай. Дүниеден кім кетті? Дүниеден үлкен әдеби мектебі бар ұлы ұстаз – Рахаң кетті. Иә, Рахаңа «бақұл бол» деп, соңғы топырағын салар алдында, шәкірттері де, ұрпақтары да рахмет айтуға тиіс... 1956 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде қазақ тілінің мүшкіл халі туралы мәселе көтерген кім еді? Әрине, Рахманқұл Бердібай. Осы үшін жұмыстан қуылған кім? Тағы да Рахманқұл Бердібай. «Тағдыр оған өзгеше ұлтшылдық мінез, қажымас қайрат, өжеттілік, кең дарын дарытқан... Ол біздің дәуіріміздің бірінші ұлтшылы атанды» деп досы туралы академик Серік Қирабаевтың қинала айтқанын кеше естідім. Рахманқұл Бердібай қазақтың әдеби сынына да, әдеби тарихын зерттеуге де, фольклордың ұлттық болмысын ашуда да өжеттілік пен іскерлік танытты. Ол өмірде кең болғанмен, әдебиетке келгенде ешкіммен келісімпаздық жасап жатпайтын. Тура айтатын. Турашылдық біреуге жағатын, біреуге жақпайтын. Ғалымның қаламынан «Қазақ эпосы», «Сарқылмас қазына», «Эпос – ел қазынасы», «Жыршылық дәстүр», «Айтыс әлемі» секілді еңбектер туды. Түбі бірге туысқан халықтар әдебиетімен өзара байланысы оның «Гүлістанның бұлбұлдары», «Достық кемесінде», «Сарқылмас қазына» деген кітаптарынан бастау алып, соңғы жылдарда шыққан «Байқалдан Балқанға дейін», «Жұлдыздар жарығы», « Ел боламыз десек» атты жинақтарда жалғасын тапты. Оның сыншылық, әдебиетшілік, фольклоршылық, түріктанушылық саласындағы ізденістері 42 кітап, мыңнан артық мақала түрінде жарыққа шықты. Алаш зиялыларын ақтауда да Рахаң ерекше ыждағаттылық танытты. «Өмір және әдебиет», «Роман және дәуір», «Қазақ тарихи романдары», «Мұхтар шыңы», «Түрік-қазақ эпосының мәселелері», «Қазақ фольклорының типологиясы» сияқты мұралары ұлттық құндылықтарымыздың қатарына қосылды. Рахаң қудаланып, жүрсе де, халық университетін ашып, ол жерге 500-ден астам сабақ өткізді.Бұл күнде академик ағамыз бастаған жолды М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қызметкерлері жалғастырып отыр. «Өркениет» халықтың университеті жұмыс істей бастады. Бұл Рахаң салған соқпақ жолдың жалғасы бар екенін, ол жаққан жұлдыздың сөнбегенін көрсетті. Бақұл бол, жақсы аға! Бақұл бол, халқымыздың намысын ұстаған Ұлы ұстаз!
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ
Қарсы алсын пейiшiңнiң алма бағы
Жүзiңiз тұрушы едi мейiрленiп,
Естелiк айтатынсыз пейiлденiп.
Түркiстан – туған жерден ерте кетiп
Қайтадан орнықтыңыз, кейiн келiп...
Әркiмнiң туған жерi – Мысыр шәрi
Деген сөз Әл-Фараби тұсындағы.
Кезiнде қудаланып, қуғындалдың
Өмiрдiң бал мен у боп ұсынғаны...
Аштықты, кәмпескенi, қуғын-сүргiн...
Бәрiн де көзбен көрiп, iшпен бiлдiң.
Халықтың шежiресi! Қалай ғана
Ажалдың құрығына түстiң бүгiн?!.
Танысқа, бейтанысқа, аңыз едiң,
Iшiнде зиялының нағызы едiң.
Мың өлiп, мың тiрiлген қазағыңның,
Ғылымының төрiнде абызы едiң.
Тағдырдың кезiккенде жарқабағы,
Жоқтаумен салынады арман әнi.
Өрiктiң гүлдегенiн көрiп кеттiң,
Қарсы алсын пейiшiңнiң алма бағы.
Дарабоз, танымалы, елге есiмi
Сақталар жүректердiң төрде есiмi.
Тал бесiк болған бiр кез Түркiстаның,
Тербесiн ендi Сiздi жер бесiгi.
Ханбибi ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ
Абызы едің Алаштың!
Жалғастырып Ер Алаштың арманын,
Ұланыңнан ұлттың зарын зарладың.
Бүкіл Түркі жоқтауда енді тарланын...
Қансыраған қазақ тілі қайғысын,
Соғыстан соң алғаш айтқан ардағым,
Елдің мұңын мұңдаудан бір танбадың.
Өнегеңмен өрге тартты өренің,
Күй іздедің күмбірінен көненің.
Хазария қасіретін қозғадың,
Одан бірақ сабақ алған жоқ елің...
Тілін жойса, ұлтты дағы жояды әр,
Намысты ерге найза ұстатпай қоя ма Ар?!.
Өтті өр тұлға орны бөлек, ойы адал,
Хазария қателігі қалғытқан,
Қазақия енді қашан оянар?!.
Арасында Алпамыс пен Манастың,
Асулардан арыныңмен сан астың.
Тамырсыздық тажалымен таластың...
Парызыңа өмір бойы адалдық,
Абызына айналдырды Алаштың!
Алыптарды алыс кеткен атағы,
Бағалауда кемдік болып жатады...
Көне тарих көмбесі еді кеудесі,
Күллі түркі «Дәдәм Қорқыт» атады...
Арыстан бап алыстан бап алдырып,
Талмай еңбек еттің таңға таңды ұрып...
Бағзы дүние қазынасын барладың,
Балбал тасты сөйлететін бар білік!..
Туған жердің қасиетін ән қылып,
Туындыңнан жатты Тұран жаңғырып.
Түбі бірге Түркі әлемін жырлаумен,
Түркістанда түнеп қалдың мәңгілік!
Ұлтын сүйген ақыны мен батыры,
Тек сол үшін жатқаннан соң атылып...
Ұлтым деуге жетпеді елдің батылы...
Ұлтшылдардың ұстазының қазасы,
Ұлтшылдарды ақтап кетті ақыры...
Сен зерттеген терме-жырдың тереңі,
Уызданған ұлға қуат береді...
Мұраң қалды – мұратыңа жетерсің,
Елім деген Ер өлмейді себебі!
Ерім деген Ел осыған сенеді!
Қазыбек ИСА
04.04.2012 жыл