Сәдібек ТҮГЕЛ: ЕЛДІҢ САЯСИ БЕЛСЕНДІЛІГІ АРТСА, ҚОРҚАУЛАР ҚОРҚАТЫН ЕДІ...

Ұлт мүддесі өзек өртер ұтылыста...

 

«Ұлы Дала Қырандары»- атты республикалық қоғамдық-саяси қозғалыстың теңтөрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек Түгелмен сұхбатымыз бүгінгі қоғамдағы адамдардың саяси белсенді болуы қажет деген ойдың өзгенен өрбіді. Әңгіме барысында Түгел мырза өзінің саясат саласында көрген-түйгендерін ортаға салады. -  Сәдібек аға, қалың қазақ Сізді алдымен  ұлттық спорттың насихатшысы, жанашыры, Ұлы Дала құндылықтарын  ұлықтаушы,атақты «Қазанат» кітабының және  аты аңызға айналған  Құлагер ескерткішінің авторы ретінде таниды. Менің сауалым: Сіз, кейінгі жылдары саясат кеңістігіне де шығып жүргеніңізді  кейбір жиындардан, көгілдір экраннан көзіміз шалып қалуда. Көкейімізде Сіздің саясатқа ден қоюыңызға не түрткі болды екен деген сұрақ бар? Айтыңызшы аға, бүгінгі таңда Сіздің еліміздегі саяси мәселелерге қандай қатысыңыз бар? -  Тікелей қатысым бар. Өмірдің өзі тұнып тұрған саясаттан құралады. Мына дүниеде бәрінен де не қымбат деген сұраққа  :- «Бәрінен де, адамдарға Аллатағала сыйлаған жарық дүние мен жеке өмірі  өте қымбат. Ал , жеке өміріңдегі  қымбаттылары-   адамдардың арасындағы сыйластық пен саясат»- дер едім. Бұл жерде айтайын дегенім, саясатқа әрбір адамның қатысы бар. « Саясатпен айналыспасаң , саясат сенімен айналысады»- деген қағида осыдан шыққан.Қоғамдағы орын алып отырған әділетсіздік, жаппай жайлап алған жемқорлық,  әртүрлі билік тармағындағы шенеуніктердің қарапайым  халықа  менсінбеу қарауы, қорлауы, тапа -тал түсте  оқ атуы көп  адамдардың саяси белсенділігінің жоқтығынан деп білемін. Елдің саяси белсенділгі артса,қорқаулар арттарын қысатын еді. Ал, мен болсам саясаткердің дәл өзімін. -  Саясаткерлігіңізді немен дәлелдейсіз? -  1990 жылы Алматы саясаттану және басқару институтын тәмамдап, кәсіби  саясаттанушы және социолог мамандығына ие болдым. 1994 жылдың 7-ші  наурызы күні өткізілген ҚР Жоғары Кеңесінің 13 шақырылымының сайулауына өзімді өзім ұсынып, додаға түстім, сайлауға белсене қатыстым, үлкен  саяси тәжірибе жинадым. Айта кету керек, Қазақстан парламентаризмі тарихында  демократиялық  талаптарды барынша мол сақтаған осы сайлау болды. - Сіз сайлауға қай аймақтан,қай округден түстіңіз. Оған неше адам қатысты? - Бұл сайлауға мен Шығыс Қазақстан облысы Ұлан, Таврия және Самар аудандарын бірікттірген округтен түстім. Оған обылысымыздың үш  азаматы:  мен, Мамырбаев Рақымбек және Аманжол Жүнісов қатыстық. Айта кету керек , сайлаушылармен кездесу, үгіт-насихат жұмыстары  шынайы бәсекелестік жағдайда , тартысты әрі қызықты өтті. Оған негізінен мен себепкер болдым. Облыс басшылығы үкілеп Р. Мамырбаевты шығарды. Ол кезде Рәкең облыстық соттың төрағасы, биік лауазымды қызметтің иесі. Менің бұл додаға түсуім, бәрін алдын-ала болжап, екшеп-текшеп отыратындар үшін күтпеген жаңалық еді. Олардың есептер і  бойынша  аталмыш округтен бір-ақ кісі сайлауға түседі, сол адам жеңіске жетеді.Сайлау науқанына бірден қызу кірістім. Үгіт-насихат жұмыстарына  барынша көңіл бөлдім. Сайлаушылармен әр кездесуім әсерлі өтетін болды. Соның нәтижесінде мені қолдаушылардың саны  күн сайын  көбейді. Мұндай жағдайды күтпеген  біздің облыстағы шенеуніктер кәдімгідей абыржып-сасып қалды. Енді не істеу керек? Олар ойланып-толғанып тағы бір адамды   резерв тұрғысында қосуды шешеді. Ол  - Самар аудандық аурухананың бас дәрігері А. Жүнісов еді. Әділдік үшін  айтуым керек, Рақымбек Мамырбаев  сайлау алдындағы дайындық барысында өрелі азаматтық танытты, әкімшілік ресурстарды қолданбады. Екеуміз үш ауданды бірге араладық, халықпен кездесулерде бірге болдық. Сайлаушылармен болған ондаған жүздесу сәттерінде бірімізге-біріміз құрметпен қарап, қолдау көрсетіп отырдық. Екі адам тең болған жағдайда,үшіншінің өтетін заңдылығы  негізінде біздің округтен Аманжол Жүнісов депутаттық мандатқа ие болды.  Өкінішке орай,  өзіңіз білесіз, Жоғары Кеңестің   ғұмыры  ұзаққа  бармады,бір жылға жетпей таратылды. Бұл  жерде айтайын деп отырғаным,  сайлау додасына қатысуда менің жеке есебім  бар еді. Ол саясаттанушы ретінде өзімді сынап, тексеру болатын. Сол сыннан мен саясаткер ретінде сүрінбей өттім деп айта аламын. Көп тәжірибе жинадым, саясат  саласындада қабілет,қарымымның  барлығына көз жеткіздім. Бұл бірінші,дәлелім. Екінші дәлелім, 2000-2001 жылдары жаңа Елордамыз-Астана қаласында « Менің Қазақстаным»-атты халықтық-патриоттық қозғалыс болды. Мен соның бүкіл жұмыстарына белсене араластым, атсалыстым. Қозғалыстың басшыларының бірі болдым. Үшінші дәлелім, Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы болып, қайнаған қазанның ішінде, саяси эпицентрдің  нақ ортасында жүруім деп айта аламын. Астана қаласының  Халықаралық Баспасөз Орталығын құру арқылы еліміздің және шетелдік саяси құрылымдармен тығыз байланыста жұмыс істедім. Төртінші дәлелім, атадан -балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан Ұлы Дала ойындарын бір жүйеге келтіріп, алдымен  Ұлттық   Ат спорты түрлерінің  Федерациясын,  кейін  құрамында 25 республикалық Федерациялары бар Қауымдастықты құруға ұйытқы болуым. Қазір Қауымдастықтың құрамында 1- миллионнан астам мүше бар. Ол саны жағынан республика бойынша ең үлкен спорттық бірлестік болып табылады. Бесіншіден, 2005 жылдан бастап, құрамында 72-мың мүшесі бар , «Жерұйық» экологиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары ретінде де қоғамдық-саяси жұмыстардың ортасындамын. Алтыншыдан, ұлтымыздың өр азаматы Марат Әскенұлы Нәбиев екеуміздің халықтың қолдауымен «Ұлы Дала Қырандары»-атты республикалық қоғамдық-саяси қозғалысты құрып, ресми  мемлекеттік тіркеуден өткізуіміз. -  Сіздің «Аға, саясатқа қатысыңыз бар екенін немен дәлелдейсіз?»-деген  тура сұрағыңызға менен барынша толық жауап алдыңыз ғой деп ойлаймын. Осы тізіп өткен дәлелдерім жеткілікті ме?     Жеткілікті болғанда қандай. Менің негізгі сауалым, жаңағы сіз айтқан қырандар қозғалысына байланысты  болайын деп тұр. Қозғалыс құру идеясы қайдан шықты?  Атын неге «Ұлы Дала Қырандары» деп қойдыңыздар? Ұйымның мақсаттары мен міндеттері  туралы айтып берсеңіз? - Жоғарыда айтып өткенімдей, 2000-2001 жылдары « Менің Қазақстаным»-атты  саяси-қоғамдық қозғалыс болды. Марат Нәбиев досымыз екеуміз  соның барлық жұмыстарына басынан аяқ қатыстық. Мәкең қозғалыстың Астана қалалық филиалын басқарды. Мен оның орталық штабында болдым. 2001 жылдың күзінде  белгісіз себептермен ұйымның жұмысы тоқтатылды. Сол кезде  біз болашақта бәрібір бір  саяси жұмыстарды жалғастырып, бірлестік ашамыз  деп шешкен болатынбыз. Соның реті  тура 10 жылдан кейін, 2011 жылы келді . Қозғалыстың атауы туралы сұрақ қойдың ғой , соған жауап бере кетейін.Біз, он жыл бұрын « Ұлы Даланы» таңдаған болатынбыз. Өйткені Ұлы Дала ұлтымыздың  ұялы  мекені, ата-бабаларымыз  қанын төккен қасиетті  жері емес пе?  Оның үстіне мен  мына жәйтті атап айта кеткенді жөн көріп тұрмын.  Менің соңғы 20-30 жылдағы қоғамдық жұмыстарым Ұлы Далаға тікелей қатысты. Осы күнге дейін Ұлы Дала ойындары, Ұлы Дала батырлары, Ұлы Дала тұлпарлары мәселелерімен тікелей шұғылданып ,зерттеп келе жатқанымды  көзіқарақты ағайындар жақсы біледі  деп ойлаймын. Бұл туралы менің әр жылдары жазғандарыммен радио-теледидарда  айтқандарым  архивтерде сақталған. Бізге, былтыр қозғалысты тіркеуден өткізерде «Ұлы Далаға» байланысты көптеген  мекеме, ұйымдардың аты барын , сол себепті  Ұлы далаға бір сөз қосыңыздар деген ұсыныс түсті. Сонда Марат Нәбиев « Жапалақ жемін астына басып, тығып жейді, Қыран жемін айналысына шашып жейді»-дейді ғой,» Ұлы Далаға»  Қырандар сөзін қосайық деген ұсыныс айтты. Сонымен, біз құрған қозғалыс «Ұлы Дала Қырандары»-деп аталады. - Мемлекеттік тіркеуден өте алдыңыздар ма? - Әрине, өттік. Бұл қозғалысты құруда біз барлық заң талаптарын мүлтіксіз орындап келеміз. Алдымен, 2011 жылдың  12-ші қазанында қозғалыстың тұңғыш Құрылтай-Сьезін өткіздік. Оған барлық облыстардан, Алматы, Астана қалаларынан  200 делегат қатысты. Содан кейін әділет министрлігі біз тапсырған барлық құжаттарды мұқият тексеріп, зерттеп Қазақстан Республикасының заңдарына орай ресми тіркеуден өткізіп, жұмыс істеуге рұқсат етілген Куәлік құжатты берді. Енді бізге жол ашық. - «Ұлы Дала Қырандарының» алға қойған мақсаттары мен міндеттері туралы қысқаша, тұжырымдап айтып өтсеңіз дұрыс болар еді. - Сол 2011 жылдың қараша айының 12 күнінде өткізілген  тұңғыш Құрылтай-Съезімізде делегаттар қызу талқылаудан соң « Біз қайда барамыз??»-атты республикалық қозғалыстың Бағдарламасын қабылдады. Аты бадырайып айтып тұрғандай, мен Сізге қарсы сұрақ қояйын, шынында осы біз « Қайда бара жатырмыз?». Жауап бере аласыз ба? - Жоқ, аға, жауап бере алмаймын. - Бұл сұраққа жалғыз сен ғана емессің жауап бере алмайтын. Бұл күрмеуі көп күрделі мәселе. Сіз бен біз, қазір  капиталистік формация құрылымында өмір сүріп жатырмыз. Әр кезеңнің бұлжытпай  орындайтын шарттары мен қағидалары бар. Оларды орындамасаң, капитализм жыртқыш аңға ұқсап,алдына келгенді ,тарпа бас салады, жұлып-жейді, жұтып қояды. Міне, соны болдырмау үшін, алдымен капитализм кезінде демократиялық құндылықтарды, талаптарды қатаң сақтау қажет. Біздің қозғалыс  еліміздегі  сайлау заңнамалары мен тетіктеріне түбегейлі  өзгеріс енгізіп, оны одан әрі жетілдіруді қолдайды және сол бағытта тегеурінді жұмыс істейді. Бізге қажеттісі, биліктің барлық деңгейлерінде әділ әрі еркін сайлау өткізу. Ауыл әкімін, аудан әкімін, облыс әкімін халық сайлау керек. Сайлау  мерзімі  үш жыл. ҚР Президентінің сайлау мерзімі  төрт жылдан аспау. қажет. Бізде де;  демократиялық іргелі елдердегідей ,бір адам  екі рет  ғана президент сайлануына түсу керек. Келесі үлкен мәселе, бүкіл соттар құрамы да тек сайлану арқылы бекітулері тиісті. Халық айтса қалт айтпайды. Сонда ғана, «тура биде туған жоқ»- дегендей әділ шешім шығаратын азаматтар сот қызметін атқаратын болады.  Сонымен қатар көп партиялыққа жол ашып, Бұқаралық Ақпарат  Құралдарының тәуелсіз болуына қол жеткізуіміз керек. Ол бүгінгі өмір талабы. Турасын айтқанда, Ата заңды қайта қарап, қатесін түзеп, кем кетінін күзеп бәрін ең алдымен туған Отанымыздың одан әрі өсіп-өркендеуіне  бағыттап, лайықтауымыз қажет. Келесі маңызды мәселе жемқорлықты жою, онымен аяусыз күрес жүргізу. Кейбіреулер көкиді:- « Ешқашан, ешуақытта коррупциядан құтыла алмаймыз»- деп. Бұл  өте зиянды  және мүлдем өтірік түсінік. Расында , қазіргі кезеңде жемқорлық халқымыздың желкесіне талтайып мініп алып, тынысын күн сайын тарылтып отыр. Бейне бір « Жеті басты айдаһар іспетті. Жеріміздің асты , үстінен шыққан  байлықтарымызды қылғыта жұтып, қазынамызды тауысып барады». Ия, осындай жағдай , біз өмір сүріп жатқан қоғамда орын алып отыр. Одан шығатын жол біреу, ол жемқорлармен  барлық тәсілдерді қолданып күрес жүргізу, оларды қатаң жазаға тарту қажет. Сот практикасына қайтадан өлім жазасын енгізу қажет деп ойлаймын. Сонда, әбден дандайсыған, шеттен шыққан жемқорларды өлім жазасына кесуге болар еді. Бір сөзбен айтқанда, қоғамның дамуына пайдасын тигізетін іргелі сот реформасын қабылдау қажет. Мына заман , мына  атадан қалған мыңғырған байлық  тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпей , осы ел мен жердің иесі, тірегі болып тұрған, осы елдің бүкіл тағдырына жауапты қазақ халқына жайлы болуы керек. Ат төбеліндей, халқын жатсынған, өзімшіл өлермен топ тойып секіріп,  қарапайым қалың қазағым тоңып секіргеннен тек ұлт мүддесі өзек өртер ұтылыста. Біздің қазақ қоғамына оңды өзгерістер, сілкініс қажет. Біздің өзгерісті төменнен-қалың әлеуметтен, алдымен, ауылдағы қарапайым халық ортасынан бастағанымыз жөн. Бұл жерде баса айтарымыз ауыл тағдыры да қозғалыстың назарынан  тыс қалмайды.  Республика халқының  46,7 пайыз ауыл,селоларда өмір сүреді. Көбінің тіршілігі- тіршілік емес,өгіз өлмес , арба сынбас жағдайда. Олардың бәрін, биліктегілер «самозанятый» жасап тастаған ғой. Бұл мүлдем қате шешім. «Өз қотырыңды өзің қасы»-деген қой. Одан шығу жолы бар ма? Бар. Ол барлық ауылдарда ең бірінші кезекте ауыл өндірісіін құру. Ауыл адамдарын еңбекпен қамтамасыз ету. Айғайлап айтатын, шұғыл шара енгізіп атқарар  мәселелер өте көп. Біздің қозғалыс  халық кәдесіне жарайтын басқада жұмыстармен  белсене айналысады.Қысқартып  айтсам , олар мыналар:а) ұлттық руханиятты көтеру, б) қазақ тілінің мәртебесін жоғарлату, ғ) ұлттық намысқа көңіл бөлу, д) жастарымызды ерлікке, батылдыққа, батырлыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, ж) шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту,  жұмыссыздықты жою, з) идеологияға көңіл бөлу, ар-ожданды жоғары ұстау, и)  білім мен ғылымға көңіл бөлу, к) ел бірлігін асқақтату, м) ұлттық құндылықтарды ұлықтау, кадр саясатын реформадан өткізу, әлеуметтік мәселелерге ерекше көңіл бөлу, демография мен миграцияны қатты бақылауға алу және тағы басқа ұлтқа қажетті сұрақтар. -  Осы қоғамдық-саяси қозғалыстың  Сізбен бірге теңтөрағасы  Марат Әскенұлы   туралы айтып берсеңіз? -  Дұрыс сауал.  Менің досым Марат Нәбиев бала  жасынан өршіл мінезді, ұлтын шексіз құрметтейтін, елге ерен еңбек сіңіріп келе  жатқан,халқымыздың асылдарының бірі де біреуі.  Ақиқатын айтсам, -« Жердің иесі  бізбіз, сондықтан туған жерге алдымен өзіміз иелік етеміз. Сендер адал жұмыс істемей, қазақты алдап отырсыңдар»- деп, шетел алпауыттарына ұлт азаматтарының  ішінен суырылып, алға шығып  қарсылық  көрсеткен осы Марат бауырымыз қана. Ол ұлттық өнердің, ұлттық мәдениеттің шынайы жанашыры әрі атымтай жомарт меценаты. Марат Кеңес Одағы тұсында Балуан Шолаққа ескерткіш тұрғызды. Ұлы палуанымыз  Қажымұқан Мұңайтпасов ауылының өркендеуіне белсене атсалысты. Дәрмен Садуақасовты әлемдік шахмат аренасына шығарған осы Марат ағаң. 1979 жылы  Ерейментауда неміс автономиясы құрылады дегенде қазақ жастарын бастап, қарсылық митинг ұйымдастырған да біздің Мәкең болатын.  

Алтынбекті алдымен бірге оқыған, бірге араласқан

«достары» сатып кетті...

-  Кейбір баспасөз беттерінде, сайттарда Сіздердің  ұйымдарыңызды Алматы қаласында құрылған «Ұлы Дала» қозғалысының  « сыңары» деген іспетте  материалдар жарияланды. Оған не дейсіз? - Қазақ айтады:-«кең болсаң, кем болмайсың»- деп. Айтқандар айта берсін. Бұл жерде біздің позициямыз анық. Оны құрылтайда жариялағанбыз. Аталмыш қозғалысты да, оны құруға мұрындық болған азаматтарды қолдаймыз, құптаймыз,жұмыстарына сәттілік тілейміз.  Жаңа ұйым құрғаннан, біз ұтпасақ, ұтылмайтынымыз белгілі. Қазақстанның саяси кеңістігі жұмыс істеймін дегендерге жетіп, артылады. Ал, өз басым Айдос Сарымға үлкен құрметпен қараймын.  Ол еліміздегі жетекші политологтардың бірі. - Қаптап кеткен саясатшымын деп, жүргендер туралы  пікіріңіз қандай? - Қандай болушы еді. Мен, олардың кейбіреуінің былшыл сөздері мен  былжыр-батпақ айтқандарын ұнатпаймын. Өткен ғасырда сауаты аз елге, «арамза молдалар» ақылшы болды. Ел ішінде оларды «дүмшелер»-деп айтады. Біздің руханиятымызға орасан зиян тигізген солар ғой. Ал, қазір ештеңенің байыбына бойлап бара алмайтын, қоғамдағы өзгерістерге дұрыс саяси диагноз қоя алмайтын «шалажансар, дүмше саясаттанушылар» пайда болды. Олардың өрелері таяз, ойлары тақыр. Айтатындары «фальш». Соған қарамай газет, журналдардың беттерінен түспей, қоғамға ақыл айтады. Қоғамға кеңес беру үшін сен, алдымен халықтың ішінде, жұмысшылардың ортасында болуың керек. Солардың проблемаларымен шұғылдану керек. Олардың көргенін көрмей, ақыл айту деген барып тұрған ақылсыздық. - Аға, сонда Айдос Сарымнан басқа жөні түзу политологтар, яғни саясаттанушылар жоқ па? - Неге жоқ. Бар. Мысалы, Мұхтар Тайжан. Ол кедендік одаққа қатысты ,қазаққа қажетті ойларды батыл айтып жүр. Досым Сәтбаевтың тұжырымдары шындық ауылына жақын. Ерлан Қариннен үміт үлкен. - Ал, нағыз  толыққанды , қоғамның бүлкілдеген тамырын дөп басатын, бұлтақтамай бетке тура айтатын, қайтпас-қайсар саясаткерлер деп, кімдерді  айтар едіңіз? - Серікболсын Әбділдин,  Иманғали Тасмағамбетов, марқұм Алтынбек Сәрсенбаев және  Ғалымжан Жақиянов. - Қазақ неден ада болуы керек? - Екі жүзділіктен,сатқындықтан. Бұрын қазақ тарихында зияны жоқ, жәй қызғаншақтық болды. Кейін ол көре алмаушылыққа, сосын күншілдікке ауысты. Қазір  қазақи қызғаншақтық  ең жаман, ең қасіретті -сатқындық сатысына көтерілді. Мен айтар едім, Алтынбекті алдымен бірге оқыған, бірге өскен, бірге араласқан, ол тірі кезінде, оның алдында құйрықтарын қысып, жорғалап жүретін «достары» сатып кетті. Мен білетін , бір-ақ азамат бар , Алтынбектің туын жоғары көтеріп жүрген. Ол-Серғазы Мұхтарбек. - Сіз бір сұхбатыңызда,  «Кресломания ауруынан арылмай, коррупциадан ада болмаймыз»-деген едіңіз. - Иә. Кресломания біздің қоғамда асқынып тұр. Бар пәле осында. «Қайда барсаң қорқыттың көрі»-дегендей, қазір қызметті  параға сатып алу өте жаман, өте қауіпті әдетке айналды. Осыны жоюымыз керек. - Оны қалай жоямыз? - Қатаң жазалау арқылы. Кресломания ауруымен коррупцияға шалдыққандарды ату-асу қажет. Тек сонда көзіміз ашылады. Оның ауылы алыс емес. - Марат Әскенұлы екеулеріңіз аз сөйлеп, дабырлатпай, көп өнегелі шараларды іс жүзіне асырған азаматтарсыздар. Соның ішіндегі Құлагер ескерткішін салуларыңыз, ұлт тарихындағы ұлы оқиғалардың қатарына жатады. Бұл керемет бастаманы бүкіл қазақ халқы бірауыздан қолдады. Осы орайда бір сұрақ қоюды қалап тұрмын. Құлагерге байланысты жоспарларыңыз қандай? -  Жақсы сұрақ.  Ақылдасып пішкен тон келте болмайды. Марат екеуміз кеңесіп «Ұлы Дала Қырандары» қозғалысының атынан « Құлагер-Қазанат»-атты Ұлы Дала Даңқына арналған ғажайып мұражай және  «Құлагер-Аламан» ипподромын салуды қарастырып отырмыз.Мұражайдың және атшабардың эскизін дайындап қойдық. Бұл бір күнде бітпейтін үлкен жұмыс. Шүкір дейміз, бізді Кәрім Мәсімов басқаратын өз Үкіметіміз қолдап отыр.

Әңгімелескен,  Майгүл Сұлтан

«Абай-ақпарат»