Сәдібек ТҮГЕЛ: ЕЛДІҢ САЯСИ БЕЛСЕНДІЛІГІ АРТСА, ҚОРҚАУЛАР ҚОРҚАТЫН ЕДІ...
2012 ж. 23 наурыз
2214
2
Ұлт мүддесі өзек өртер ұтылыста...
«Ұлы Дала Қырандары»- атты республикалық қоғамдық-саяси қозғалыстың теңтөрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек Түгелмен сұхбатымыз бүгінгі қоғамдағы адамдардың саяси белсенді болуы қажет деген ойдың өзгенен өрбіді. Әңгіме барысында Түгел мырза өзінің саясат саласында көрген-түйгендерін ортаға салады. - Сәдібек аға, қалың қазақ Сізді алдымен ұлттық спорттың насихатшысы, жанашыры, Ұлы Дала құндылықтарын ұлықтаушы,атақты «Қазанат» кітабының және аты аңызға айналған Құлагер ескерткішінің авторы ретінде таниды. Менің сауалым: Сіз, кейінгі жылдары саясат кеңістігіне де шығып жүргеніңізді кейбір жиындардан, көгілдір экраннан көзіміз шалып қалуда. Көкейімізде Сіздің саясатқа ден қоюыңызға не түрткі болды екен деген сұрақ бар? Айтыңызшы аға, бүгінгі таңда Сіздің еліміздегі саяси мәселелерге қандай қатысыңыз бар? - Тікелей қатысым бар. Өмірдің өзі тұнып тұрған саясаттан құралады. Мына дүниеде бәрінен де не қымбат деген сұраққа :- «Бәрінен де, адамдарға Аллатағала сыйлаған жарық дүние мен жеке өмірі өте қымбат. Ал , жеке өміріңдегі қымбаттылары- адамдардың арасындағы сыйластық пен саясат»- дер едім. Бұл жерде айтайын дегенім, саясатқа әрбір адамның қатысы бар. « Саясатпен айналыспасаң , саясат сенімен айналысады»- деген қағида осыдан шыққан.Қоғамдағы орын алып отырған әділетсіздік, жаппай жайлап алған жемқорлық, әртүрлі билік тармағындағы шенеуніктердің қарапайым халықа менсінбеу қарауы, қорлауы, тапа -тал түсте оқ атуы көп адамдардың саяси белсенділігінің жоқтығынан деп білемін. Елдің саяси белсенділгі артса,қорқаулар арттарын қысатын еді. Ал, мен болсам саясаткердің дәл өзімін. - Саясаткерлігіңізді немен дәлелдейсіз? - 1990 жылы Алматы саясаттану және басқару институтын тәмамдап, кәсіби саясаттанушы және социолог мамандығына ие болдым. 1994 жылдың 7-ші наурызы күні өткізілген ҚР Жоғары Кеңесінің 13 шақырылымының сайулауына өзімді өзім ұсынып, додаға түстім, сайлауға белсене қатыстым, үлкен саяси тәжірибе жинадым. Айта кету керек, Қазақстан парламентаризмі тарихында демократиялық талаптарды барынша мол сақтаған осы сайлау болды. - Сіз сайлауға қай аймақтан,қай округден түстіңіз. Оған неше адам қатысты? - Бұл сайлауға мен Шығыс Қазақстан облысы Ұлан, Таврия және Самар аудандарын бірікттірген округтен түстім. Оған обылысымыздың үш азаматы: мен, Мамырбаев Рақымбек және Аманжол Жүнісов қатыстық. Айта кету керек , сайлаушылармен кездесу, үгіт-насихат жұмыстары шынайы бәсекелестік жағдайда , тартысты әрі қызықты өтті. Оған негізінен мен себепкер болдым. Облыс басшылығы үкілеп Р. Мамырбаевты шығарды. Ол кезде Рәкең облыстық соттың төрағасы, биік лауазымды қызметтің иесі. Менің бұл додаға түсуім, бәрін алдын-ала болжап, екшеп-текшеп отыратындар үшін күтпеген жаңалық еді. Олардың есептер і бойынша аталмыш округтен бір-ақ кісі сайлауға түседі, сол адам жеңіске жетеді.Сайлау науқанына бірден қызу кірістім. Үгіт-насихат жұмыстарына барынша көңіл бөлдім. Сайлаушылармен әр кездесуім әсерлі өтетін болды. Соның нәтижесінде мені қолдаушылардың саны күн сайын көбейді. Мұндай жағдайды күтпеген біздің облыстағы шенеуніктер кәдімгідей абыржып-сасып қалды. Енді не істеу керек? Олар ойланып-толғанып тағы бір адамды резерв тұрғысында қосуды шешеді. Ол - Самар аудандық аурухананың бас дәрігері А. Жүнісов еді. Әділдік үшін айтуым керек, Рақымбек Мамырбаев сайлау алдындағы дайындық барысында өрелі азаматтық танытты, әкімшілік ресурстарды қолданбады. Екеуміз үш ауданды бірге араладық, халықпен кездесулерде бірге болдық. Сайлаушылармен болған ондаған жүздесу сәттерінде бірімізге-біріміз құрметпен қарап, қолдау көрсетіп отырдық. Екі адам тең болған жағдайда,үшіншінің өтетін заңдылығы негізінде біздің округтен Аманжол Жүнісов депутаттық мандатқа ие болды. Өкінішке орай, өзіңіз білесіз, Жоғары Кеңестің ғұмыры ұзаққа бармады,бір жылға жетпей таратылды. Бұл жерде айтайын деп отырғаным, сайлау додасына қатысуда менің жеке есебім бар еді. Ол саясаттанушы ретінде өзімді сынап, тексеру болатын. Сол сыннан мен саясаткер ретінде сүрінбей өттім деп айта аламын. Көп тәжірибе жинадым, саясат саласындада қабілет,қарымымның барлығына көз жеткіздім. Бұл бірінші,дәлелім. Екінші дәлелім, 2000-2001 жылдары жаңа Елордамыз-Астана қаласында « Менің Қазақстаным»-атты халықтық-патриоттық қозғалыс болды. Мен соның бүкіл жұмыстарына белсене араластым, атсалыстым. Қозғалыстың басшыларының бірі болдым. Үшінші дәлелім, Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы болып, қайнаған қазанның ішінде, саяси эпицентрдің нақ ортасында жүруім деп айта аламын. Астана қаласының Халықаралық Баспасөз Орталығын құру арқылы еліміздің және шетелдік саяси құрылымдармен тығыз байланыста жұмыс істедім. Төртінші дәлелім, атадан -балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан Ұлы Дала ойындарын бір жүйеге келтіріп, алдымен Ұлттық Ат спорты түрлерінің Федерациясын, кейін құрамында 25 республикалық Федерациялары бар Қауымдастықты құруға ұйытқы болуым. Қазір Қауымдастықтың құрамында 1- миллионнан астам мүше бар. Ол саны жағынан республика бойынша ең үлкен спорттық бірлестік болып табылады. Бесіншіден, 2005 жылдан бастап, құрамында 72-мың мүшесі бар , «Жерұйық» экологиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары ретінде де қоғамдық-саяси жұмыстардың ортасындамын. Алтыншыдан, ұлтымыздың өр азаматы Марат Әскенұлы Нәбиев екеуміздің халықтың қолдауымен «Ұлы Дала Қырандары»-атты республикалық қоғамдық-саяси қозғалысты құрып, ресми мемлекеттік тіркеуден өткізуіміз. - Сіздің «Аға, саясатқа қатысыңыз бар екенін немен дәлелдейсіз?»-деген тура сұрағыңызға менен барынша толық жауап алдыңыз ғой деп ойлаймын. Осы тізіп өткен дәлелдерім жеткілікті ме?


Алтынбекті алдымен бірге оқыған, бірге араласқан
«достары» сатып кетті...
- Кейбір баспасөз беттерінде, сайттарда Сіздердің ұйымдарыңызды Алматы қаласында құрылған «Ұлы Дала» қозғалысының « сыңары» деген іспетте материалдар жарияланды. Оған не дейсіз? - Қазақ айтады:-«кең болсаң, кем болмайсың»- деп. Айтқандар айта берсін. Бұл жерде біздің позициямыз анық. Оны құрылтайда жариялағанбыз. Аталмыш қозғалысты да, оны құруға мұрындық болған азаматтарды қолдаймыз, құптаймыз,жұмыстарына сәттілік тілейміз. Жаңа ұйым құрғаннан, біз ұтпасақ, ұтылмайтынымыз белгілі. Қазақстанның саяси кеңістігі жұмыс істеймін дегендерге жетіп, артылады. Ал, өз басым Айдос Сарымға үлкен құрметпен қараймын. Ол еліміздегі жетекші политологтардың бірі. - Қаптап кеткен саясатшымын деп, жүргендер туралы пікіріңіз қандай? - Қандай болушы еді. Мен, олардың кейбіреуінің былшыл сөздері мен былжыр-батпақ айтқандарын ұнатпаймын. Өткен ғасырда сауаты аз елге, «арамза молдалар» ақылшы болды. Ел ішінде оларды «дүмшелер»-деп айтады. Біздің руханиятымызға орасан зиян тигізген солар ғой. Ал, қазір ештеңенің байыбына бойлап бара алмайтын, қоғамдағы өзгерістерге дұрыс саяси диагноз қоя алмайтын «шалажансар, дүмше саясаттанушылар» пайда болды. Олардың өрелері таяз, ойлары тақыр. Айтатындары «фальш». Соған қарамай газет, журналдардың беттерінен түспей, қоғамға ақыл айтады. Қоғамға кеңес беру үшін сен, алдымен халықтың ішінде, жұмысшылардың ортасында болуың керек. Солардың проблемаларымен шұғылдану керек. Олардың көргенін көрмей, ақыл айту деген барып тұрған ақылсыздық. - Аға, сонда Айдос Сарымнан басқа жөні түзу политологтар, яғни саясаттанушылар жоқ па? - Неге жоқ. Бар. Мысалы, Мұхтар Тайжан. Ол кедендік одаққа қатысты ,қазаққа қажетті ойларды батыл айтып жүр. Досым Сәтбаевтың тұжырымдары шындық ауылына жақын. Ерлан Қариннен үміт үлкен. - Ал, нағыз толыққанды , қоғамның бүлкілдеген тамырын дөп басатын, бұлтақтамай бетке тура айтатын, қайтпас-қайсар саясаткерлер деп, кімдерді айтар едіңіз? - Серікболсын Әбділдин, Иманғали Тасмағамбетов, марқұм Алтынбек Сәрсенбаев және Ғалымжан Жақиянов. - Қазақ неден ада болуы керек? - Екі жүзділіктен,сатқындықтан. Бұрын қазақ тарихында зияны жоқ, жәй қызғаншақтық болды. Кейін ол көре алмаушылыққа, сосын күншілдікке ауысты. Қазір қазақи қызғаншақтық ең жаман, ең қасіретті -сатқындық сатысына көтерілді. Мен айтар едім, Алтынбекті алдымен бірге оқыған, бірге өскен, бірге араласқан, ол тірі кезінде, оның алдында құйрықтарын қысып, жорғалап жүретін «достары» сатып кетті. Мен білетін , бір-ақ азамат бар , Алтынбектің туын жоғары көтеріп жүрген. Ол-Серғазы Мұхтарбек. - Сіз бір сұхбатыңызда, «Кресломания ауруынан арылмай, коррупциадан ада болмаймыз»-деген едіңіз. - Иә. Кресломания біздің қоғамда асқынып тұр. Бар пәле осында. «Қайда барсаң қорқыттың көрі»-дегендей, қазір қызметті параға сатып алу өте жаман, өте қауіпті әдетке айналды. Осыны жоюымыз керек. - Оны қалай жоямыз? - Қатаң жазалау арқылы. Кресломания ауруымен коррупцияға шалдыққандарды ату-асу қажет. Тек сонда көзіміз ашылады. Оның ауылы алыс емес. - Марат Әскенұлы екеулеріңіз аз сөйлеп, дабырлатпай, көп өнегелі шараларды іс жүзіне асырған азаматтарсыздар. Соның ішіндегі Құлагер ескерткішін салуларыңыз, ұлт тарихындағы ұлы оқиғалардың қатарына жатады. Бұл керемет бастаманы бүкіл қазақ халқы бірауыздан қолдады. Осы орайда бір сұрақ қоюды қалап тұрмын. Құлагерге байланысты жоспарларыңыз қандай? - Жақсы сұрақ. Ақылдасып пішкен тон келте болмайды. Марат екеуміз кеңесіп «Ұлы Дала Қырандары» қозғалысының атынан « Құлагер-Қазанат»-атты Ұлы Дала Даңқына арналған ғажайып мұражай және «Құлагер-Аламан» ипподромын салуды қарастырып отырмыз.Мұражайдың және атшабардың эскизін дайындап қойдық. Бұл бір күнде бітпейтін үлкен жұмыс. Шүкір дейміз, бізді Кәрім Мәсімов басқаратын өз Үкіметіміз қолдап отыр.Әңгімелескен, Майгүл Сұлтан
«Абай-ақпарат»