Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ: УАХАБШЫЛАРДЫ ҚҰТЫРТАТЫН КҮШ – ДІНИ СЕНIМ ЕМЕС, АҚША

Дiн туралы заң қабылданғанымен, дiн мәселесi әлi де шешiмiн таппады. Тарихқа үңiлсек, халқымызды тартып ал­ған үш түрлi тарихи иiрiм бар. Бiрiншi иiрiм VIII ғасырға дейiн болған. Қытай мен түрiк қағанаты халықтарының ортасында 751 жылғы Тараздағы соғыстан кейiн бұл иiрiм тоқтады. Сосын екiншi тарихи иiрiмге түстiк. Бұл иiрiмде мың жылдан астам уақыт бойы жүрдiк. Бұл – араб-парсы әлемi. Осы кезде бiрiншi рет өз санамызды өзгертiп, маргиналды санаға өттiк. Содан Ресей жаулап алған соң, 49 халық болсақ, соның iшiндегi 47 халық Ресейге қарадық. Ал қазiр үшiншi иiрiмде тұрмыз. Бұл – объективтi нәрсе. Осы кезде дейiн дiн туралы қандай саясат ұстанды? Қай жаққа қарай кеттiк? Қарап отырсақ, 160 жыл бойы Ресейге бодан болғанда шоқындыру, дiндi жою, орыстандыру сая­саты жүргiзiлдi. Сонда 160 жылда дiннен бездiрiп шығарды. Сөйтiп, советтiк дәуiр насихаттаған атеизмнiң кесiрiнен дiннен әлсiредiк. Тәуелсiздiктi қолға алғаннан кейiн де бiз бұл мәселеге көп мән бере бермедiк. Бiрақ идеологиялық бос кеңiстiк пайда болды. Оған 48 дiни конфессия қаптап кеттi. Солардың әрекетi қол-аяғымызды байлап, санамызға тұсау салды. Бiрiншi кришнаиттер қайрат көрсеттi. Сосын құраниттер, ахмадишi­лер, ең қиыны, уахабистер бас көтердi. Ең қиыны дейтiнiм, уахабистер шенеунiк­тердiң де, ҰҚК iшiнде де жүр. Террорлық әрекеттердi ұйымдастырғандарды “дiндi жамылғандар” деп бердi. Ал қандай дiндi жамылғанын айтпайды. Айтпағанымен, уахабистер екенi белгiлi. Ендi ескеретiн бiр нәрсе: Кеңес үкiметiнiң уахабизм мен сопылыққа сондай жаны қас едi. Компартия суфизмге, сол ағымды түп-тамырымен жойып тастауға ерекше мән бердi. Ал ендi сондай күш өз iшiмiзден шықты. Сопылық iлiмге қарсы болатындай ғылыми негiз бар ма? Жоқ, тек саяси мақсат қана бар. Өйткенi түрiк халқы исламды суфизм арқылы қабылдады. Ол адамзат баласына алғаш рет гуманизмдi насихаттады. Егер уахабшылардың тiлiн алатын болсақ, бүкiл рухани қазынамызды берiспеу керек. Осы уахабизмнiң соңында жүргендер дiнге берiлген дегенге сенбеймiн. А.Байтұрсынов “дiнiн шаншып iстеткен әркiм бiр жем iздеп жүр” деп едi. Сол жемдi iздеп жүргендер болған сол кезде. Ал қазiр олар тiптi аранын ашты. Ашқанда да, осыған интеллигенция өкiлдерi ұрынды. Неге? Доллар күшiмен. Биыл Қазақстанға 15 миллиард доллар келiптi, соның 4 миллиарды мұсылмандарға берiлiп отыр. Оларды құтыртып отырған күш – сенiм емес, ақша. Сондықтан үкiмет заң қабылдап, мұны дұрыс жолға қойды. Алайда оның тегеурiнiн байқай алмай жатырмын. Ол тегеурiндi болатын болса, адамдар мынандай әрекетке баруы мүмкiн бе едi? Бiрде Бекболат Тiлеуханмен кездестiм. Қасына 20 уахабистi ертiп келдi. Арасында М.Тазабеков бар. Ертеңгi күнi ұрынасыңдар, бұның арты жақсылыққа апармайды деп тарихты айтып бердiм. Кришнаиттерге қарсы күрес жүргiзгенде оң қолым бол­ған едi. Кейiн қалай айнып кеткенiн бiл­меймiн, мына жолға түстi.
Ендi заң шыққан соң, халықты конфессиялар әсерiнiн қорғап, құтқару керек. Ата-бабамыз Еуропа халқы жасамаған адам iлiмiн жасап кеткен. Сондықтан Еуропадан келген мерездерден құтылу үшiн үлкен тiрегiмiз бар. Зиялы қауым осыған ерекше мән беруi керек.
                                                                                                                                                                                               "Жас Алаш"
*тақырып өзгертілді