Аспаннан сыйлық жауған күн...

         «Естімеген елде көп» дегендей, биылғы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы 42 (!) адамға беріліпті... Иә, сіз жаңылыс естіген жоқсыз, бақандай 42 адам. 30 адамдық бір взводтан да көп, бір ротаға жақындап қалады. Шамасы, биыл сыйлық аламын деген талапкердің бәріне бере салған сияқты... Соған қарағанда, «бәрін риза етіп кетейінші» дегендей, Нұрекең бір жаққа кетіп бара жатыр ма деген де ой келеді екен... Әрине, бізге ол кісінің, яғни қаламгердің кететін болса, тек жоғарылағаны керек.               2008 жылғы сыйлық 2005-2008 жылдар аралығындағы шығармаларға, яғни, 4 жылдың қорытындысына 16 адамға берілгенде де ел «көп қой» деген-ді... Көптің көкесін енді көрдік... 3 есе көбейді... Бір бөлімше солдаттан да көп, 42 адамға берілген әдебиетке еңбегі сіңгені үшін берілетін сыйлыққа қандай талаптар қойылып, қандай критерийлерге сүйенеді? Еңбегі сіңген деп нені айтады? Әрине, бұл жерде Бексұлтан Нұржекеев, Ахат Жақсыбай, Ибрагим Исаев, Ханбибі Есенқарақызы, Үмбетбай Уайдин, Жұмабай Шаштайұлы, Серік Ақсұңқарұлы, Бекен Ыбырайым, Абзал Бөкен, Бауыржан Омарұлылар әдебиетке әбден еңбегі сіңген, шығармалары қай сыйлыққа да лайық, баяғыда алатын адамдар ғой «Алашты»... «Түркістан» газеті бастаған көптеген басылымдар жазып жатқандай, бұл – «Алаш» деген қасиетті аты бар сыйлықтың құнын кетіру. 2008 жылы «Алаш» сыйлығына 24 ақын түскенде өзіміз де жабық конкурста жеңіп алғандықтан, бұл сыйлықты ешкімнен қызғанатын жөніміз жоқ. Дегенмен, 42 адамға сыйлық беру ұғымға сыймайды... Әлемдік тарихта жоқ мұншама қаптатып сыйлық беру. Жас жазушы Өміржан Әбдіхалық дұрыс айтады, «Гиннестің рекордтар кітабына енуге лайық екен» деп. «Сыйлықтың дәл осылай берілуі сыйлықтың қадірін сай табанына түсіріп қана қоймай, «Алаш» атына түскен шіркеу екені сөзсіз. Егер сыйлықтың атауы басқаша болса, онда сөз басқа. «Алаш» – ұлттың аты екенін естен шығармағанымыз жөн. Сыйлықты тағайындаушы тарап осы мәселені мықтап ойланғаны дұрыс. Бір сыйлықтың 42 адамға берілуі біздегі әдеби көркем шығармаларға деген көзқарастың қандай деңгейге түскендігін және қаламгерлердің өзін жазушы ретінде бағалауы, ұстауы адам ұяларлық деңгейге түскенін көрсетеді» дейді Ө.Әбдіхалықұлы «Түркістан» газетінде. Ал белгілі жазушы Қуандық Түменбай өзі «Алаш» сыйлығына екінші рет ұсынылғанда секретариатта бір дауыс жетпей қалып, үшінші рет ұсынылғанда зорға алғанын, сол жолы Бексұлтан Нұржекеев пен Жұмабай Шаштайұлы құлап қалғанын айтады... Міне, көрдіңіздер ме, талап пен дауыс беру қандай қатаң болғанын... Иә, менің де білетінім, достарым, осы сыйлықтың иесі – Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай да, өмірден ерте кеткен дарын Нұрлан Мәукенұлы да осы Алаш сыйлығын екінші, не үшінші рет ұсынғанда барып алған. Яғни, ол кезде де талап қатты болатын... Ал биылғы Алаш сыйлығын сарапқа салған поэзия кеңесінде дауыс беру қорытындысы бойынша жарғылық талапқа сай дауыстың үштен екісін жинаған Темірғали Көпбаев бастаған 3 ақын ғана өткен болатын. Қалғаны секретариатта қосылған болса керек, соған қарағанда... Дауыс берудің де кейбір кілтипандары бар екенін де айтуымыз керек. Кейде нағыз таланттар аз дауыс алып қалып жататыны да бар... Қысқасы, «Қысылған Жамбыл жер осы» дегендей, Қазақстан Жазушылар одағына не зор келгенін түсінбедік. Біздікі өзіміздің қара шаңыраққа сөз келмейтін тірліктер ғана болса екен деген алаң ниет қой...                         Халықаралық «Алаш» сыйлығын алғандар: ПОЭЗИЯ жанры бойынша: 1. Темірғали Көпбаев 2. Бақыт Беделхан 3. Ғалым Қалибекұлы 4. Әділбек Ыбырайымұлы 5. Қуандық Шолақ 6. Ибрагим Исаев 7. Абзал Бөкен 8. Нәзікен Алпамысқызы ПРОЗА жанры бойынша: 1. Жадыра Дәрібаева 2. Ерсін Қойбағарұлы 3. Болат Бодаубай 4. Думан Рамазан 5. Ахат Жақсыбаев 6. Бибігүл Иманғазина ДЕРЕКТІ ПРОЗА жанры бойынша: 1. Бауыржан Омарұлы 2. Жақау Дәуренбеков 3. Өтеш Қырғызбай 4. Кеңесжан Шалқар СЫН жанры бойынша: 1. Бекен Ыбырайым 2. Сейфолла Оспан КӨРКЕМ АУДАРМА бойынша: 1. Сауытбек Абдрахманов 2. Заманбек Әбдешев 3. Әуесхан Қодар БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ бойынша: 1. Арасанбай Естенов 2. Тұрдақын Жексенбай САТИРА жанры бойынша: 1. Үмбетбай Уайдин 2. Толымбек Әлімбекұлы ОРЫС ӘДЕБИЕТІ бойынша: Владимир Гундарев ҰЙҒЫР ӘДЕБИЕТІ бойынша: Ахметжан Ашери Әдебиетті насихаттаудағы еңбектері үшін: 1. Бексұлтан Нұржекеев 2. Серік Ақсұңқарұлы 3. Жұмабай Шаштайұлы 4. Сұлтан Қалиұлы 5. Батық Мәжитұлы 6. Жанат Елшібек 7. Әлдихан Қалдыбаев 8. Мір Шайыр (Мырзағали Іңірбаев) 9. Ханбибі Есенқараева 10. Жақсылық Рахматулла 11. Нағашыбек Қапалбекұлы 12. Бауыржан Қарабек                                                                                                                                                                                                                                       Қазыбек ИСА