Темірхан МЕДЕТБЕК: Биліктің ұлттық құндылықты көзге ілмегенсуі - ең сорақы, жарға жығатын әрекет
2012 ж. 27 қаңтар
1205
0
Өткен парламент сайлауы бүгінгі біздің елдегі саяси ахуалдың қандай екенін, саясаткерлердің қитұрқы әрекеттерін тағы бір әшкереледі. Бір қарағанда, саясатты сіз бен мен бағамдап, түсінік бере алмаспыз. Біз өткен жылғы аласапыранның құрбандықтары мен саяси дода нәтижесінен ғана ой қорытамыз. Ал істің қалай жүргенін, кімнің не сөйлеп, не атқарғанын, қорытынды не болғанын ел көріп, біліп отыр. Алда нәтижесі қандай болатыны айтпаса да түсінікті.
Мәселен, «Алаш туын берік ұстаймыз!» деп ұрандатқан «Ақ жол» партиясына ел көп үміт артқаны рас. Өйткені бұл партияның қатарында ұлтқа, халыққа шын жанашыр Қазыбек Иса, Амангелді Айталы сынды азаматтар жүрді, халық солар үшін «Ақ жолға» дауыс берді. Ал жеме-жемге келгенде руханияттың, әдебиеттің, өнердің бірде-бір өкілі өтпей, тек қалталы саудагерлер Мәжіліс депутаты болып шыға келді...
Бүгінгі биліктің ұлттық құндылыққа, руханият мәселесіне көз жұмып қарайтыны, тіпті, менсінбеушілікпен, жоғарыдан, өзімшілдене, ұлтшылдарды көзге де ілмегенсіген кейіп танытуы – ең сорақы, елді, мемлекетті түптің-түбінде жарға жығатын жағымсыз әрекет.
Кез келген мәселенің аяқсыз, соңғы нүктесіз қалмайтыны анық. Ендеше, билікте болған кландар қақтығысының сұрақ-жауабы болатын күн әлі алдыда. Ол күн де келеді. Қазірше «карта» жабық. «Карта» ашылғанда біреуі нақақ күйіп, енді біреуі барлық кінәсінен құлан-таза құтылып кетуі бек мүмкін. Бұл – саясаттың заңы.