Амангелді АЙТАЛЫ: Жеке тұлғасымен ғана емес, газетімен де ел дауысын иеленген Қазыбек те өтпей қалғанына таңым бар...
2012 ж. 27 қаңтар
1635
4
Партияның атынан тiзiмге енгендердiң барлығы депутаттықтан үмiттi болды. Жасырмаймын, оның iшiнде мен де бармын. Әйтсе де, менiң жолым бөлек. Бөлек дейтiнiм, бұған дейiн 8 жылдай депутат болдым. Пендешiлiк тұрғысынан алғанда қанағат ететiн жағдайым бар. Менiң ренжитiн жөнiм жоқ. Дегенмен де өзге де ел алдында жүрген азаматтардың өтпегенi өкiнiштi. Жеке тұлғасымен ғана емес, бар қазақтың үніне айналған «Жас қазақ үні» газетімен де ел дауысын жинаған Қазыбек Исаның да өтпей қалғанына таңым бар... Бірақ, кезінде, 2004 жылы мен «Парламентке қазақ тілін білетіндер өтсін» деп мәселе көтергенімде, қарсы дауыс берген 90 пайыз депутаттың аттарын жариялап, газетінде елге әшкере жасап, дүбір туғызған Қазыбек Парламент қабырғасына келсе, не болады деп ойлаған да болар ұлттық мүдде десе қорқатындар.
Әйтсе де, ең бастысы, адамның депутат болу-болмауы емес. Мәселе тізімде кімнің болып-болмағанында емес. Мәселе – кез келген партияның өзінің саяси сахнадағы атқаратын рөлінде жатыр. Халық аманатын арқалай ала ма, өзіне жүктелген міндетті көтере ала ма? Бiздiң ұсынған депутаттарымыз Алаш идеясына сай жұмыс iстей ала ма? Ертең үдеден шыға алмай қалып, «Алаштың атынан, Әлихан Бөкейханнан садаға кетсiн» деп халық ренжiсе, бiз де ренжимiз. Алаш идеясына селкеу түсiрiп, халықтың мұң-мұқтажын тиiстi деңгейде көтере алмасақ, партияның болашағы бұлыңғыр. Мысалы, Алаш идеясын жалғастырушы, ұлт мәселесін көтерген бірден-бір партия деп сенген «Ақ жол» партиясы ұсынған сегіз адамның арасынан елге танымал адамдардың бірде-бірі жоқ. Жоғарыға бет алған сол сегіздің ішінен, тым болмаса, Алаш идеясы дегеннің не екенін, ұлттық мүдде және ұлт дегенді жақсы білетін біреу табылады деп айта алмаймын. Менiң ойымды сол отырыста азаматтар одан әрi жалғастырып, Алаш идеясы қасиеттi ұғым екенiн баса айтты. Әйтсе де, ол жерде пiкiр таластырсақ, жеке бастың пендешiлiгi болар деп, аталған азаматтарды қолдайық деген ойға келдiк. Сол отырыста «Ақ жол» партиясының жетекшiлерi «ұлттық құндылықтарды емес, бiз дүниежүзiлiк қаржылық дағдарыстың алдында тұрмыз, сондықтан кәсiпкерлердi парламентке жiберейiк» дедi. Ұлттық идея мен рухани өмiр дағдарысқа ұшыраса, қаржылық-экономикалық дағдарысты одан әрi тереңдете түсiп, елдiң одан әрi ашу-ызасын туғызады. Бұл жерде экономиканы рухани жағдайдан бөлiп алуға болмайды. Осы сияқты өзге де пiкiрлер сол отырыста айтылды. Алдағы уақытта сол депутаттарды партияның орталық кеңесiне шақырып, үмiттi ақтамағанды басқалармен ауыстырармыз деп өзiмiздi-өзiмiз жұбатқан болып тарастық. Енді алдымызда не боларын шындап ойланатын кез жетті!..