Тәуелсіздік және ұлттық мүдде

0
3952

Бөріхан Нұрмұхамедов, «Ақ жол» партиясынан ҚР Парламентi Мәжілісi депутаттығына кандидат,
«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары:

Қазақстан Тәуелсіздік алып, өз алдына ел болғанына 20 жыл толды. Біз үшін Тәуелсіздік – ең басты құндылық. Тәуелсіздік – халқымыздың ұлы жетістігі. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Ата-бабаларымыз Тәуелсіздікті ғасырлар бойы аңсады, соған жету үшін үздіксіз күресіп келді. Сондықтан да Тәуелсіздік біз үшін өте қымбат. Екіншіден, Тәуелсіз ел болудың арқасында біз Азамат деген асқақ мәртебеге көтерілдік. Бұдан былай біздің тағдырымыз бен келешегімізді басқа емес, өзіміз анықтайтын болдық – Тәуелсіздік азамат екенімізді сезінуге мүмкіндік берді.
«Ақ жол» партиясының басты бағыты – ұлттық мемлекеттіліктің іргетасын бекіту, Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғау. Ол үшін Тәуелсіздігіміз бен Егемендігімізді нығайтуға атсалыса отырып, оның дамуы мен гүлденуіне қажетті жағдайды қалыптастыру керек. Мемлекеттік ұлттық мүддемізді қорғау және оны жүзеге асыру үшін еліміздің бүгіні мен келешегі алдындағы жауапкершілікті сезінуіміз аса маңызды. Бұл мақсатты біз осыдан он жыл бұрын, «Ақ жол» партиясын құрғанда қойған болатынбыз. Партияның Бағдарламасында «Қазақстанның тәуелсiз, өркендеген, демократиялық және еркiн ел болуы, оның әрбiр азаматының лайықты өмiр сүруi біздің мақсатымыз» деп жазылған. Біз іргелі құндылықтар ретінде Тәуелсiздiк, Демократия, Бостандық және Әдiлдiкті таңдап алдық. Бағдарламада айтылған сол мақсаттар біз үшін қазір де маңызды. «Ақ жол» – мемлекетшiлдер мен отанын сүйетіндердiң партиясы. «Ақ жол» партиясы Қазақстанның өз халқына қызмет ететiн күштi мемлекет болғанын қалайды, соны жақтайды.

 

Ұлттық мүдде және қоғамдағы өзара сенім

 

Тәуелсіздік алған 20 жыл ішіндегі біздің жеткен жетістіктеріміз аз емес. Еліміздің шекарасын түбегейлі анықтап, оны тәуелсіз елдің басты атрибуты тұрғысында бекіттік. Адамзатқа зардап шектірген ядролық қарудан өз еркімізбен бас тарттық. Экономиканы нарық заңдарына сәйкестендіріп қайта құрдық, қоғамдық қатынастарды демократиялық алғышарттарға негіздедік. Мемлекетті басқарудың тиімді институттарын қалыптастырдық. Әлемдік қауымдастықпен етене ықпалдасып, мемлекет, ел ретінде дүниедегі өз орнымызды анықтадық. Макроэконмикалық тұрғыда да зор жетістіктерге жетіп, еліміздің инфроқұрылымдарын жақсартып, оны заман талабына сай қайта қалыптастырып жатырмыз. Әлеуметтік саладағы көптеген қиыншылықтарды жеңіп, аймақтағы басқа елдермен салыстырғанда халқы­мыздың тұрмысын әлдеқайда жақсарттық. Дегенмен, мұның бәрін тоқмейілсу ретінде қарас­тырмауымыз қажет. Тәуел­сіздіктің 20 жылдығы еліміздің ұлттық мақсат-мұратымызға жету жолындағы кезеңінің бір белесі ғана. Біз сол белестен келешекке көз салып, еліміздің одан әрі дамуының жоспарын жасауымыз қажет. Мұның бәрі Қазақстанның ұлттық мүддесіне бағындырылуы тиіс. Егер біз ұлттық мүдде ұғымын дұрыс түсіне білсек және соны ғана басшылыққа алсақ, бағытымыздан жаңылмаймыз.

Ұлттық мүддеге тар әрі біржақты қарауға болмайды. Қазақстанның ұлттық мүддесі тек мемлекеттің мүддесі емес! Бір ғана этностың да мүддесі емес! Қазақстанның ұлттық мүддесі дегеніміз, ол – жеке адам, қоғам және мемлекет мүддесі, олардың қоғам өмірінің барлық саласындағы теңестірліген мүдделерінің жиынтығы. Осы үш тараптың мүддесі еліміздің барлық салада жүргізілетін саясатында тең дәрежеде ескерілуі тиіс. Жеке адам мүддесі оның конституциялық құқықтары мен бостандығын жүзеге асырудан басталады. Оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуден, өмір сүру деңгейі мен тұрмысын жақсартудан, денсаулығы мен рухани кемелденуіне, интелектуалдық дамуына қажетті жағдайды жасаудан тұрады. Ал қоғамның мүддесі демократияны нығайтуға, құқықтық, әлеуметшіл мемлекет құру мен қоғамдық келісімге негізделуі тиіс. Мемлекеттің мүддесі оның конституциялық құрылымы, егемендігі мен территориялық тұтастығының бұзылмауына қатысты болады. Еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығы заң мен құқықтық тәртіп негізінде қатаң сақталуы тиіс.

Ұлттық мүддені жүзеге асыру үшін жеке адам, қоғам және мемлекеттің өзара сенімі болуы шарт. Өзара сенім болмай, өркендеу мен даму болмайды, қоғамдық саяси тұрақтылықты қамтамасыз ете алмаймыз, Тәуелсіздігімізді баянды ете алмаймыз. Осы ретте мемлекеттік басқару институттарының қоғаммен байланысын, халық арасындағы беделін арттыруды айта кеткен жөн. Сонда ғана даму мен жаңғыру жолындағы ұсыныс жобаларды, шешімдерді жүзеге асырудың тиімділігі артады. Халық пен биліктің өзара сенімінің Конституция бойынша өкілетті органдар – парламент пен мәслихаттар арқылы жүзеге асатыны белгілі. Сондықтан «Ақ жол» партиясы биліктің қоғам алдындағы ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірнеше жаңа ұсыныстар айтып отыр.

-парламент пен мәслихаттардың атқарушы билікті бақылау жөніндегі өкілеттігін арттыру;

-парламентке үкіметтің жұмысын тексеру құқын беру;

-қалалардың, кенттердің, ауылдардың әкімін жергілікті халықтың сайлауы;

-мәслихат депутаттарының санын екі есе арттырып, оның жартысын саяси партиялар тізімі бойынша сайлау;

-билік органдарындағы бірінші басшының өз қара­мағындағы қыз­меткер­лерінің жемқорлық әрекеті үшін жауапкершілігін арттыру;

-кез келген дәрежедегі мемлекеттік шенеуніктің өз отандастарына құрметпен қарауы;

-азаматтардың кірістері мен шығыстарын жалпыға бірдей декларациялау;

-азаматтық даулар мен жанжалдарды шенеуніктердің әділ қарауы.

Сонда ғана қоғамда өзара сенім болады. Сенім болмай, ешбір салада жаңғыруға, жаңаруға бағытталған реформаларды жасау мүмкін емес.

Экономикалық қауіпсіздік және қоғамдық тұрақтылық

 

Ұлттық мемлекеттілік алдында қазір жаңа қауіп-қатерлер туындады. Ол –бірінші кезекте, қайта айналып соққан әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысқа қатысты төнген қауіп. Біздің еліміз әлемдік қауымдастықтың, өркениеттің, экономиканың құрамдас бөлігі. Ешбір елдің жеке-дара іштей тұйықталып даму мен көркею жолына түсе алмайтыны басы ашық мәселе. Сол себепті дүниеде болып жатқан өзгерістер мен қиыншылықтардың біздің елімізге де әсері болады. Одан ешбір мемлекет сақтана алмайды. Қазір экономикалық дағдарыс Еуропа елдерін ғана емес, біздің көршілерімізді, оның ішінде Ресейді де шарпыды. Бұл елмен Кедендік одақ пен Еуразиялық одақ аясында ықпалдасып жатырмыз. Әрине, бұл ықпалдастық – еліміздің экономикалық даму тұрғысында қосымша мүмкіндіктер беретін құптарлық бастама. Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғау және оны жүзеге асыру экономиканың тұрақты даму жағдайында ғана мүмкін. Экономикалық қуаттылық – ұлттық мемлекеттіліктің басты шарттардың бірі. Солай бола тұрса да, еліміздің экономикалық қуатын арттыру үшін жасалып отырған мемлекеттер арасындағы ықпалдастық өзара тиімді әрі пайдалы негізде жүзеге асуға тиіс. Атап өтетін жайт, өзара ықпалдастық пен әріптестік елдің тәуелсіздігі мен егемендігіне қатер төндірмеуі қажет. Бұл ретте ұлттық тіліміз бен дініміз, рухани құндылықтарымыз ықпалдастықтың, одақтас­тықтың құрбандығына шалынбауы шарт. Мемлекеттер ара­сындағы ықпалдастықтың еліміз үшін тек экономикалық салада ғана маңызды екенін атап өткен орынды.

Ұлттық мемлекеттігімізге қауіп төндіріп тұрған тағы бір қатер бар. Ол Орталық Азия аймағында экстремизм мен терроризмнің кең етек алу үрдістеріне байланысты болып тұр. Қоғамдық тұрақтылықты шайқап, мемлекеттігіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін мұндай үрдістердің белгісі Ақтөбе, Балқаш, Боралдай, Тараз, Атырау және басқа да жерлерде болған лаңкестік әрекеттертерден көрінді. Жаңаөзендегі еңбек дауынан басталған әлеуметтік кикілжіңнің арты ондаған адам өмірін қиған қасіретті оқиғаға апарды. Осы оқиғалар кезінде бейбіт тұрғындар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында шығын болды. Осындай қасіретті үрдістердің елімізде де етек алуы ойлантпай қоймайды және онымен күресу біздің алдымызға жаңа талаптар қойып, қоғам мен мемлекет қауіпсіздігін күшейту үшін табанды түрде әрекет етуімізді талап етіп отыр. Бұл жағдайға байланысты «Ақ жол» партиясы мамандардың қатысуымен бірнеше талқылау өткізді, Жаңаөзен оқиғасына қатысты арнайы мәлімдеме жасады. Мемлекеттің халық арасында қатерлі жағдайлардың алдын алу жұмыстарының осалдығы мен күш құрылымдарының осы қатерге қарсы күрес жүргізуге бейімділігінің төмендігі, кәсіби дайынсыздығы ахуалды шиеленістіріп жібергені жөнінде айтылды. Осы жағдайларды сараптай келе, «Ақ жол» партиясы маңызды бірнеше шараны жедел жүзеге асыруды ұсынды. Оның ішінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіпқойлығы мен материалдық мүмкіндіктерін арттыру, жастарды экстремистік әркеттерге тартқандарға жауап­кершілікті күшейту, экстремистік діни ағымдардардың қызметін шектеу және олардың жолын кесу, қоғам мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіруге себепші болатын әлеуметтік проблемаларды шешу және басқа да ұсыныстар бар. Мемлекет осы ұсыныстарды жүзеге асырып, әрбір отбасының, азаматтың тыныштығы мен қауіпсіздігіне кепілдік беруге тиіс.

 

Кәсіпкерлікті дамыту – еліміздің өркендеуінің кепілі

 

Биыл «Ақ жол» партиясының құрамы мыңдаған кәсіпкермен толықты. Олардың өздерінің мүддесін қорғау үшін осы партияға иек артып отыруы бекер емес. Себебі, «Ақ жол» партиясы кәсіпкерлікті дамытуды ел өркендеуінің барлық саласымен байланыстырып отыр және ол партияның бағдарламасында ерекше орын алады. Мемлекетке иек артпай, өзі табыс таба отырып, кәсіпкерлер ел бюджетін толтырып қана қоймайды, көптеген адамдарға жұмыс береді. Бұл экономикамен қатар, әлеуметтік проблемалардың түйінін шешуге жол ашады. Сондықтан, кәсіпкерлікті дамыту және оған барынша қолайлы жағдай жасау қажет. Рас, көрші басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстанда бизнес ашып, кәсіпкерлікпен шұғылдануға өте қолайлы құқықтық нормалар бекітілген. Бірақ, бизнес шенеуніктер тарапынан шексіз тексеруге, бюрократтық кедергілерге, рейдерлік әрекеттерге ұшырауда. Елдегі сыбайлас жемқорлықтың кесірінен нарық заңдарына сай кәсіпкерліктің ашық бәсеке жағдайында жұмыс жасауы­на мүмкіндік болмай жатыр. Жаңадан ашылған кәсіпорын­дарға шаруасын бастамай жатып салық салынуы және оның ставкасының жоғары болуы да кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндік бермей келеді. Әсіресе, бұдан кіші және орта бизнеске көп салмақ түсуде. Осы проблемаларды сараптай келе, «Ақ жол» партиясы мынандай шаралар жасауды ұсынып отыр.

-шағын және орта бизнесті алғашқы үш жылында қосымша құн салығынан (ҚҚС) және корпоративтік табыс салығынан (КТС) босату;

-жекеменшік кәсіпорын­дардың шоттарына тыйым салуды тоқтату;

-мемлекетке залал келтір­меген жағдайда салық айыппұл­дарын салмау;

-салық міндеттемелері бойынша талап қою кезеңінің өтіп кету мерзімін 5 жылдан 3 жылға дейін қысқарту;

-Қылмыстық кодекстен жалған кәсіпкерлік туралы бапты алып тастау;

-мемлекеттік сатып алу тен­дерлерінің ашықтығын қамтамасыз ету;

-Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау.

Кәсіпкерлікті, оның ішінде орта және шағын бизнесті дамытуға қатысты тағы бір қиыншылықты атап өткен орынды. Қазір халықтың 45 пайыздан астамы ауылда тұрады. Ауыл тұрғындарының иелігінде егістік және жайылымдық жерлер бар. Рас, мемлекет шаруаларға науқан кезінде арзан бағамен жағар-жанар май бөлу, несие беру, ауылшаруашылық өнімдерін мемлекеттік сатып алу сияқты ауыл бағдарламасының аясында түрлі көмек беріп келе жатыр. Әрине, бұл ауылдағы шаруаларға айтарлықтай көмек екені рас. Дегенмен, көптеген ауылшаруашылық жерлері, азаматтардың үйіне іргелес жатқан бау-бақшалық жер телімдері тиімді игерілмей жатыр. Себебі, ауылдың инфрақұрылымы нашар дамыған, елді мекендер мен үлкен қалаларды жалғайтын жолдың нашарлығы, егістік жерлерге судың жетіспеуі, өндірілген өнімді сақтайтын орындардың болмауы ауылдағы кәсіпкерлерге көптеген қиындық туғызып тұр. Мұндай инфрақұрылымды – жол салу, науамен егістіктерге су тарту, алқаптардың тұзын шаю, өнімді уақытша сақтайтын объектілер сияқты қаржыны көп қажет ететін ауқымды жобаларды жекелеген адамдар, тіпті ірі шаруа қожалықтары атқара алмайды. Сондықтан, көптеген ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер босқа жатыр. Тіпті, судың жетіспеуі салдарынан көптеген ауыл адамдары өз үйінің айналасындағы жер телімдеріне бау-бақша өсіріп, көкөніс еге алмай отыр. Жоғарыда айтылғандай, бұл проблеманы ауыл адамдары өз бетінше шеше алмайды. Бұған мемлекеттің ғана күші жетеді. Ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп отыраған проблемаларды тезірек шешсе, мемлекет бірнеше экономикалық және әлеуметтік мәселені шешеді. Біріншіден, ауылда кәсіппен шұғылдануға қолайлы мүмкіндік алған ауыл тұрғындары өздерін өздері жұмыспен қамтамасыз етеді, табыс табады, адамдардың тұрмысы жақсарады. Екіншіден, ауылшаруашылық өнімдерін өндірудің тиімділігі артады, ауқымы кеңейеді, сәйкесінше отандық өнім шығару артады. Бұл мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұның еліміз үшін аса маңызды екенін ескерсек, ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін орта және кіші кәсіпкерліктің субъектілерін салықтан мүлде босатуды да қарастырған жөн.

«Ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге халықтың 4-5 пайызы ғана ауылда тұрса жеткілікті» деген пікір қате. Біздің еліміздің жер ауқымының кеңдігі, индустриялық ірі өндіріс орындарының болмауы адамдардың қалаға топтасуын қажет етпейді. Осы себептен де ауылдан қалаға қоныс аударғандардың тұрмысы бұрынғысынан жақсарып жатқан жайы жоқ. Одан гөрі қазір ауылды, ауыл шаруашылығын дамытудың келешегі зор. Оның үстіне, ауыл – қазақтың алтын бесігі. Біздің ұлт ретіндегі ерекшелігіміз тікелей ауылмен байланысты. Ауылсыз қазақты елестету мүмкін емес. Сондықтан, ауылдың экономикалық жағдайын жақсарту арқылы халықтың қалаға жаппай қоныс аударуына тежеу саламыз. Бұл ұлтымызды урбанизация, глобализация үрдістерінің жағымсыз әсерінен арашалап, халқымыздың ұлттық генофондын сақтап қалуға мүмкіндік береді.

 

Даму мен жаңғырудың жаңа жолы

 

Еліміздің тұтастығы, саяси тұрақтылық пен қоғамдық тыныштыққа қауіп төндіретін әлеуметтік толқулар, діни және ұлтаралық алауыздық, экстремизм мен сепаратизмнің туындауының, ұрлық-қарлық, алаяқтық, бандитизм сияқты қылмыстың өршуінің түпкі себебінде жұмыссыздық жатыр. Жұмыссыздықтың салдарынан тұрмысы нашарлаған әлеуметтік топтар түрлі шетін идеялардан өз мүддесін іздестіріп, ұйыса бастайды. Мұның соңы қоғамдағы тұрақтылықты, ел тұтастығын бұзуға апарады.

Экономикалық даңдарыс салдарынан көптеген кісіпорындар жабылады, жұмыс орындары қысқара бастайды. Бұл жаппай жұмыссыздықтың кең етек алуына себепші болады. Осындай қауіпті қайта айналып соққан әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың Қазақстан экономикасына тигізетін әсерінен де күтуге болады. Мұның алдындағы дағдарыс кезінде Қазақстан үкіметі «Жол картасы» жобасын іске қосқан болатын. Бұл жоба әлемдік дағдарыс тұсында еліміздің экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштерін қалыпты деңгейде сақтап қалуға мүмкіндік берді. Қазір де осындай бағдарламаны одан әрі жалғастыруды, тіпті бұрынғы жобадан оның ауқымын кеңейту қажеттігін талап етеді. Ол үшін ұлттық қордағы қаржыны елдің инфрақұрылымын дамытуға жұмсауымыз қажет. Бұған қалалар мен елді мекендерді, өндіріс ошақтарын байланыстыратын жолдарды қайта жөндеуден өткізу, маңызды бағыттар бойынша жаңа жолдар салу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кешенінің инфрақұрылымын жақсарту, білім беру және медициналық қызмет көрсету объектілерін халыққа жеткілікті мөлшерде салу, коммуникацияның барлық саларын заман талабына сай жаңарту, газ құбырларын тартып, елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету, су жеткізудің буланусыз және жерге сіңіп кетпейтін тиімді технологиясын пайдалана отырып суармалы егістік жерлерге каналдар мен науалар тарту, тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету және басқа да инфрақұрылымды дамыту шаралары кіреді. Ауқымы өте үлкен жобаны жүзеге асыру кезінде мемлекет қысқа мерзімді және елдің келешектегі дамуына қатысты бірнеше мәселені шешеді. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысында бұл жұмысты жүргізуге қатысты материалдар мен технологиялардың қажетін қамтамасыз ету үшін қосымша кәсіпорындар ашылады. Онда мыңдаған адамдар жұмыс тауып, еңбегіне лайықты табыс таба бастайды. Бұл халықтың тұрмысын жақсартып қана қоймайды, азаматтардың білім алуға, медициналық қызметке, демалуға және басқа да қызмет түрлеріне қол жеткізуін арттырады. Көптеген қордаланып қалған әлеуметтік өткір мәселенің түйіні шешіледі.

Қазір үкімет үдемелі инно­вациялық даму бағдарламасы бойынша ондаған жобаны жүзеге асыра бастады. Мұның алдында отандық туризмді, демалыс аймақтарын дамыту және ауыл өмірін жақсарту бағытындағы жобаларды жасауды қолға алған болатын. Осы мақсаттарға арнап көп қаржы бөлініп келді. Өткен тәжірибені қарап отырсақ, осындай игі іске бөлінген көп қаржы игерілмей, мақсатты жобалар жүзеге аспай қалды. Неге? Себебі, ондай жобардың жүзеге асуына қолайлы жағдай туғызатын инфрақұрлымдар жоқ. Соның салдарынан кәсіпкерлікті дамыту, отандық ауылшаруашылық өнімдерін көбейту мақсатында үкімет тарапынан жасалған көптеген жобалар оңды нәтиже бермеді немесе тіпті жүзеге аспай қалды. Сондықтан кез келген экономикалық немесе әлеуметтік мақсаттарды көздеген жобаларды жүзеге асыру үшін алдымен қолайлы инфрақұрылымның болуы маңызды екенін тәжірибе дәлелдеп отыр.

Экономикалық дағдарыс келеді, кетеді. Әрбір дағдарыстың соңында қайта жандану, даму мен өркендеудің болатыны анық. Сондықтан мұндай жағдайда іштей бұйығып, дағдарыстың аяқталуын күтіп отырудың қажеті жоқ. Қайта осындай қаржы-эконмикалық дағдарыс жағдайын пайдаланып, еліміздің келешек дамуына серпін беретін мүмкіншіліктерді қамдастырып отырғанымыз жөн. Бұл біздің еліміздің жаңарып, одан әрі даму мен өркендеу жолына түсуіне жаңа жол ашады.

 

(Материалдың ақысы

«Ақ жол» партиясының

сайлау қорынан төленді)

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз