"ЖАР АСТЫНДАҒЫ" ЖАҒАНОВА "РУХАНИЯТТЫ" ЖАРҒА ЖЫҚТЫ...

МИЛЛИОН КІМГЕ БҰЙЫРАДЫ?

         Сайлау «сюрпризі»  басталып та кетті...   28 желтоқсан күні кешкі сағат 5-те Алтыншаш Жағанованың «жалған құжат жасады» деген арызы бойынша Орталық сайлау комиссиясы «Руханият» партиясын сайлаудан алып тастады... Кезінде оралмандардың аттарын сырттарынан жазып алып, партия құрған Алтыншаш Жағанова  «Руханиятты» Лондоннан келген жас кәсіпкер Серікжан Мәмбетәлинге сәтті саудалай біліп, 1 миллион долларды қалтасына басқан болатын... Бірақ алпыстан асқан Алтыншаш Жағанованың  «алтын сыйы» бұл ғана емес екен... Ол дорбалаған долларды санап алғанмен, Мәмбетәлин партия құжаттары мен мөрді  санап алмаған...  Жарғы мен мөр Жағановада қала берген.  Ал құжатқа қырсыз біз секілді дала қазағы болса, бір сәрі,  шетелде  талайды көрген Мәмбетәлиннің мәңгіріп қалғаны қызық екен...  Жағанованың айтуынша, ол  осы уақытқа дейін партияның құжаттарын қолына ұстап көруге тырыспапты...  Таяуда ғана 22 желтоқсанда «Время» газетіне құжаттарының  «жоғалғаны» жайлы хабарлаған... Ал осы кезде екі жыл бойы көрінбей кеткен Алтыншаш ханым «Қайдағы жоғалған, ол баяғыдан бері менде. Сендер заңсыз құрылтай өткіздіңдер, партиялық тізімді сайлаудан алып тастау керек» деп шыға келген... Осы шалалықтың арқасында "жар астындағы" Жағанова "Руханиятты" жарға жықты... Мұқтар Шаханов бастаған 23 саясаткерді сайлаудың орта  жолында омақастырып құлатты...  Бүгінде бокал көтеріп жатқан (жаңа жыл үшін ғана емес...) Ертісбаев неге "Шаханов "Руханиятқа" барса,  7 пайыздық межені алып, Мәжіліске өтеді " деп өзі  "өте жақсы" көретін ұлт патриоттарының көсеміне қамқор болып қалды екен деп жүргеніміз тегін болмады... 1993 жылы Жоғары Кеңесті  бір арызымен таратқан Татьяна Квятковскаяның «ерлігін» қайталаған Алтыншаш Жағанова енді  сайлаушылар көзіне  қалай қарайды екен... Ақиық ақын, тіл тірегі, «Руханият» партиясының ғана емес, жалпы руханияттың ту ұстаушысы Мұқтар Шахановтың жолына қарап отырған  сайлаушылары қолына түссе, Жағанованың  жағасына жармасатыны анық... Сондықтан енді Лондонға... Серікжан емес... Жағанова кететін шығар... Иә, мәмбетәлиндік миллионмен...  Оның үстіне енді оған онсыз да түкке  қажеті жоқ партиясынан шығып та қалды... Мынадай сұмдыққа ілінбей, «сайлауға бойкот жариялайық» деп, партиядан бұдан бұрын шығып кеткен жас саясаткер  Мұқтар Тайжан көреген екен демеске амалымыз жоқ... Ал Уәлихан Қайсаров қазақ тіліне қарсы шыққаны үшін өзін  «Руханият» партиясына қабылдамай қойған ұлт патриоттарына  қайта-қайта алғыс айтатын шығар... Айтпақшы, енді миллион кімге бұйырады?

                                                              Қазыбек ИСА