МҰНАЙ ОРНЫНА ҚАН АҒЫЗҒАНДАР ҚАТАҢ ЖАЗАЛАНУЫ ТИІС! Атқызған кім, Атқан кім?..

 

           Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесі  күні, Тәуелсіздік қарлығашы - Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығы күні  Орта Азиядағы Татулық ордасы болып келе жатқан Қазақстанда қан төгілді!..

Мұнайшылары мұң-құсаға батып, жеті айдан бері  жұмысына орналаса алмай, лайықты жалақы талап етіп, ереуілдеп келе  жатқан Жаңаөзенде қатты толқу боып, полиция халықты қырып салды. Толқу тек Елбасы барып, облыс пен мұнайдың басында мұңсыз отырғандарды ауыстырып, кінәлілер қатаң жазаларын алатынын мәлімдегенде ғана басылды. Бірақ басты сұрақтарға әлі жауап жоқ...

Қанда қақтығысқа душар еткендер кімдер?  Билік пен полицияның немесе мұнайшылардың қайсысы қантөгісті бастаған? Арандату қай жақтан болды?  Үйлер мен мекемелерді, әкімшілік үйін, елдің күн көріп отырған кәсіпорындары мен мейрамхана-дүкендерді өртеген бірдей форма киген жас жігіттерді алып келіп, айдап салғандар кімдер екені анықталуы тиіс.

Ұйымдастырушылар егер сырттан болса, Тараздағыдай жалғыз лаңкестен   тобымен қырылып, ҰҚК мекемесіне дейін  гранатаатқышпен атқылатып қарап отыратын біздің құқық қорғаушыларымыз  не істеп жүр? Олардың қолынан келетіні  жазықсыз халықты қырып салу ма? Қазіргідей интернет заманында бір аптадай  Алматыда болмай, ғаламтор қарай алмасаң, көп нәрседен хабарсыз қаласың... Интернеттегі  хабарларға, әсіресе, соңғы әуесқой   бейнетүсірілімге қарасаңыз, қалқанды бронкеудеше киген ОМОН-дықтар дәп бір бұйрық алғандай айдалада тұрған  қарусыз халыққа жаппай атой салып, аң атқандай  атып, қуалап жүріп, құлағанына дейін жабылып ұрып,  ойларына келгенін істеген... Бұл бейнетүсірілімді көрген халық «мыналар бізді қорғай ма десек, атып-шауып, қорлайды екен ғой» деп шошып отырғаны анық...

 

      Бүкіл ел айыптап отырғандай, қандай жағдайда да, қанды жағдайға бармау керек еді...   Атазаңына «мемлекеттің ең басты құндылығы – халық» деп жазылған елде адам өліміне жол бермеуге тиіс едік... Атқызған кім, атқан кім?  Ең бастысы осыны анықтап, қатаң жазаламасақ, бұның соңы ұлттық қауіпсіздігімізге зор нұқсан келтіреді.  Қаза болған әр адам біреудің баласы,  әкесі,  жары не бауыры ғой. Он бес адам өлсе, оларды атқан он бес адам бар ғой шамада... Солардың аты-жөнін  анықтап, кім бұйрық бергенін біліп, жазалау керек. «Қару қолдануға болатын кез болады» деген  Ішкі істер министрінен ішімізді жиып қалдық...  Ал шетелдерде, мысалы Лондонда көшенің бәрін қиратқандарға неге оқ атылмады деген ел сұрағына қарысып отырған Қасымов не деп жауап береді екен? Бізде қару қолданбасақ, басқасына әліміз жоқ, сондықтан тек оқ атып, құтылуымыз керек дей ме?

Неге бізде тек бар мәселені Президент ғана шешу керек?  Тиісті басшылар не істейді сонда? Үкімет қайда? Облыс әкімі ше?  Қазақ тіліне қарсылыққа келгенде құлшынып шығатын Парламент не шешіп отыр? Мұнайдың құлағын бұрап отырған шенеуніктер қайда? Мұнайшылар мәселесін жеті айдан бері шеше алмай келе жатқан басшыларды біз неге баяғыда алып тастамадық? Мұнай орнына қан ағызғандар қатаң жазалануы тиіс! Мұнайшылар көтерілісіне себеп болған әр шенеунік, әр полиция өздерін сол қаза тапқандардың орнына қойып көруі керек. Олардың  көкейін тескен мансапты орыны он бес адамның қазасынан артық па? Олар тағы Елді ғана емес,  Елбасыны да алдағанын...  мемлекет басшысы неге Жаңаөзенге жеті айдан бері жете алмай жатқанын өз сөзінде айтып өтті. Бізде президенттің өзін жас баладай алдай салатындар да көп екен... Мамыр айында бармақ болғанда, "ойбай, бәрі жақсы, шешіп жатырмыз" деген жергілікті билік пен мұнай "құдайлары"... Қыркүйекте бармақ болғанда да, әлгілер тағы осылай алдап, аяғына жатып алған... Иә, бізде орынын сақтап қалу үшін өтірікпен күн көріп келе жатқан шенеуніктер жетіп-артылады... Солардың жалғандығы –жалпы жұртқа зиянын тигізеді. Іште бәрі оң шешіліп жатса, сырттан келгенге сыртын беріп, сырын бермей отыра бермей ме бұл халық?!.

Қысқасын айтқанда, қызығын Қытай көріп жатқан мұнай үшін қазақ неге өлу керек? Мұнайдың үстінде де, мұңы арылмаған мұнайшылар, қара алтынның үстінде де қайғысы арылмаған қара халық талап етсе, жалақысын шетел жұмысшыларынан кем етпеуді сұрады... Тең атаның ұлымыз деп, теңдік сұрап, тепсініп алаңға шықты...  Қазақтың зарынан гөрі, өзгенің зәрін тыңдаған басшылар ақыры Тәуелсіздік тойын топалаңға айналдыруға басты себепкерлер болып шықты. Ынтымағы жарасқан елдің Ынтымақ алаңы қанға боялды... Сол шетелдік алпауыт компаниялар өзге елдерде жергілікті ұлт өкілдерін олай кемсіте алмайтыны айдан анық... Мысалы, Малайзияда қайта керісінше жергілікті ұлтқа басымдық беріледі...

Оралымсыздығын оралмандардан көретінбасшылар көбейген заманда осы оқиғаға оралмандар кінәлы деп тапқаны  күлкіңді келтіреді. Біздің орысқұл шенеуніктердің  оларды жақтырмайтын себебі, олар әлгі шенеуніктер тілінде - шет тілінде сөйлемейді. Олар нағыз қазақтар! Сондықтан қандастарымыздың қатарымызды көбейткеніне қайта қуануымыз керек.

      «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашев 16 желтоқсан күні түнгі 23.30-да Президиумды жинап, Мәлімдеме жасады. Онда  ең алдымен  қай жақтан болсын, жекелеген топтардың  жеке мүдделері үшін Қазақстандық татулыққа  тат түспеу керек екені, қантөгіске  заңды баға беру, мұнайшылар мәселесінің оң шешіліп, жұмыспен қамтамасыз етілуі ,  кінәлілерді анықтап, мемлекеттік комиссия құрылу керек екені атап көрсетілді. Бір айта кетерлігі Тараздағы теракт кезінде де ең бірінші болып жасаған  Мәлімдесінде айтылғандай, бірақ өкінішке орай еш партия үн қоспаған демократиялық күштердің Жалпыұлттық «Қазақстан-2020» коалициясының кезектен тыс жиналысын  шақыруды  қайта еске салды. Түн ортасында Өскемен қаласының әкімі  Ислам Әбішев хабарласып, «Кім жасаса да, бұл Қазақстанға  жасалған қастандық» деп санайтынын айтты. Хабарласқан қайраткерлер мен қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері  ел ынтымағы мен мұнайшылар тағдырына алаңдап жатты...

Ия, Ең бастысы- Ел бірлігі. Ұрыс болған жерде – ырыс болмайды ! Қару қолданылған жерде -  даму қолға алынбайды! Ешқандай баламасы да, бағасы да жоқ, бабалар армандап кеткен  Тәуелсіздігіміздің іргесінің беріктігін ойлау -  әр қазақтың ғана емес, бар қазақстандықтың басты міндеті!

Қазыбек ИСА