Клинтон мен Путин: Қайсысы ақ, қайсысы қара?

м

Желтоқсанның 4-інде Ресей Мемлекеттік думасының (Мемдума) кезекті сайлауы өткені белгілі. Бұл жолы депутаттар Мемдумаға бірінші рет бес жыл мерзімге сайланды. Биылғы сайлауға жеті партия қатысты. Олар «Единая Россия», Ресей Федерациясының Коммунистік партиясы (РФКП), Ресейдің либерал-демократиялық партиясы (РЛДП), «Патриоты России», «Правое дело», «Справедливая Россия» және Ресейдің біріккен демократиялық «Яблоко» партиясы. Дауыс берушілер тізіміне 110 миллионнан астам сайлаушы тіркеліп, 94 мыңнан астам сайлау учаскесінде бұл шара жүзеге асты. Ел астанасында ғана 3,5 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істеді. Биылғы сайлауда электронды урналар да пайдаланылды. Сайлау қарсаңында жарияланған әлеуметтік сауалнамалар барысының негізіне сүйене отырып, ақпарат құралдары ең көп дауыс «Единая Россия» еншісінде, одан кейін Ресей комммунистері, «Справедливая Россия» және РЛДП тұр деп алдын ала хабарлаған болатын. Дума сайлауының барысын, дауыс беруді, дауыстарды санауды қадағалауға көптеген халықаралық байқаушылар қатысты. Орталық сайлау комиссиясының мәлімдеуінше, халықаралық байқаушылар Ресейдегі биылғы сайлауды ұйымшылдықпен өткізілді деп есептейді. Сайлаудың алғашқы сағаттарындағы дерекке сүйенген кейбір басылымдар, ең көп дауыс алғанына қарамастан, елдің жетекші саяси күші болып саналатын «Единая Россия» партиясы бұл жолы конституциялық көпшілік дауысына жете алмай қалуы мүмкін екенін мәлімдеген. Ресейде осы жайлы барлық ақпарат құралдары жарыса айтты. Әлеумет арасында да бұл әңгіме гу-гу етті. Сайлау барысында бұрын төртінші орында жүретін, оппозициялық деп есептелетін «Справедливая Россия» партиясы осы сайлауда біршама алға шықты. Сарапшылардың айтуынша, бұл партияның «Единая Россиядан» және Коммунистік партиядан кейін Мемдумадағы үшінші саяси күш бола алатынын көрсетеді. 2007 жылғы сайлаумен салыстырғанда, жалпы парламенттік партиялардың дауыс жинау деңгейі өскенін де халықаралық сарапшылар тілге тиек еткен болатын. 10 желтоқсан күні Орталық Сайлау комиссиясы Ресейдің Мемлекеттік Думасына сайлаудың ресми қорытындыларын жариялады. Қорытындыларға сәйкес, бюллетендердің 100 пайызы саналып біткенде, сайлаушылардың 49,32 пайызы қолдау көрсеткен «Единая Россия» партиясы алға шыққан. «Коммунистік партия» – 19,19 пайыз, «Либерал-демократтар» –11,67, «Справедливая Россия» – 13,24, «Яблоко» – 3,43 пайыз дауыс жинаған. Осылайша, Мемлекеттік Думаға төрт партия: «Единая Россия», КПРФ, ЛДПР және «Справедливая Россия» өтті. Ал «Яблоко» партиясы үш пайыздан артық дауыс жинағандықтан, алғаш рет мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Сонымен, сайлау қоры­тындысы бойынша, премьер-министр Владимир Путиннің «Единая Россия» партиясы 49 пайыздан астам дауыс алып, (бұл партия бұрынғы сайлауда 64 пайыз алған еді) басқа партиялардан озып шыққан. Алайда, келесі күні мыңдаған адам Мәскеудің орталығына жиналып, парламент сайлауында «Единая Россия» партиясына биліктің бұра тартқанына наразылық танытып, Путинге қарсы ұрандар айтты. Желтоқсанның 6-сына қараған кеште Мәскеудегі шеруге шыққан бастамашыл топтың қатары 10 мыңға дейін жетіп, олар «Путин, кет!», «Ресейсіз Путин!» деп айқайлады. Бұл наразылық шеруі Ресей оппозициясының соңғы жылдардағы ең үлкен жиыны болды. Оппозиция жетекшісі Владимир Рыжков «Әділ сайлау үшін!» атты наразылық шеруінде сайлаудың ресми қорытындысы заңсыз деп есептейтінін айтты. – Дауыстардың шамамен 10-15 пайызы бұрмалаушылық, хаттамаларды қайта жазу және сайлау жәшіктеріне топтап дауыс салу нәтижесінде болған. «Единая Россияның» жинағаны 35 пайыздан (одан да аз болмаса) аспайды. Олар үшін ең ұятты жағдай – бір миллион халқы бар қалаларда ең көп дегенде 20-25 пайыз дауыс алды. Сондықтан бұл – жеңіліс. Коммунистердің, «Справедливая Россия» және ЛДПР-дың жеңісі де – жеңіс емес, қарсылық дауыстардың нәтижесі болды, – дейді Владимир Рыжков. Мәскеудегі наразылық шеруіне шыққандар қатарында азаматтық қоғам белсенділері де көп болды. Олардың бірнешеуі – коррупцияға қарсы күресуші блогер Алексей Навальный мен «Солидарность» жастар тобының жетекшісі Илья Яшин қамауда отыр. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Екі белсендінің адвокаттары олармен кездесе алмағандарын айтады. Ал 22 жастағы студент Анна сайлау нәтижесіне наразы топтың шеруіне қатысу себебін былай түсіндіреді: – Біздің мұнда келген себебіміз, олардың бізге беріп отырған нәтижелер намысқа тиеді. Біздің дауыстарымыз еш маңызды болмай қалды. Сол сияқты, жүздеген, мыңдаған адам өздерінің сайлау қорытындысына сенбейтінін білдіру үшін шеруге шыққанын айтады. Ол YouTube-те жарияланған бейнекөріністерде «дауысты қалай өтірік санағанын көргенін», таныстары мен туыстарынан сұрағанда, ешбірінің «Единая партияға» дауыс бермегенін ашына жеткізеді. Сайлау барысын бақылайтын тәуелсіз «Голос» ұйымына дауыс беру кезіндегі заңсыздықтарға байланысты үкімет өкілдеріне наразы 1500-ден аса адамнан шағым түскен. БАҚ хабарлауынша, үш күн ішінде шеруге қатысып, сайлауға наразылық танытқан 800 адам тұтқындалған. Ресей ақпарат құралдары полиция орталық сайлау комиссиясының ғимаратына қарай келе жатқан шерушілерді тоқтатқанын, Санкт-Петербургте де осындай наразылық білдірген 100-ге жуық адам тұтқындалғанын хабарлады. ЕҚЫҰ бақылаушылары Ресейдегі сайлауда «саяси бәсекелестік аз болғанын, сайлауда әділеттік жетіспегенін» атап айтты. Ал Amnesty International ұйымы Ресейдегі сайлау нәтижесіне наразы 300-ден аса шерушінің қамалғанын сынап, оларды босатуға шақырды. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Вильнюстегі сапары кезінде Ресей билігін дауыс беру кезінде әділетсіздік жасағаны үшін сынады. «Дауыс беру кезіндегі бұрмалаушылықтарды тексеруге сайлаушылардың қақы бар» деді ол. – Мемлекеттік думаға өткен сайлау еркін, я әділетті өткен жоқ. Бұл азаматтардың сенімін жоғалтады. «Парнас» сияқты тәуелсіз саяси партияларды тіркеуден бас тартылды. ЕҚЫҰ сайлау күнінде сайлаушылар тізімі қолдан жасалғаны, дауыс беру жәшіктерін қолдан толтыру әрекеттері және басқа да заң бұзушылықтар болғанын хабарлады» деді мемлекеттік хатшы. Ал Ресей премьер-министрі Владимир Путин өз кезегінде: «АҚШ Ресейдегі сайлауға наразылық танытушылардың шеруіне дем беріп отыр», – деп мәлімдеді. – АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Ресей оппозициясының сойылын соғып отыр. Хиллари Клинтон ЕҚЫҰ бақылаушыларының сайлауға берген бағасы белгілі болмай тұрып «Ресейдегі сайлау әділетсіз өтті» деп мәлімдеді. Ол елдегі «ойыншыларға» дем берді. АҚШ мемлекеттік департаментінің қолдауымен «ойыншылар» белсенді әрекет етуге кірісті» деді. Премьердің айтуынша, демонстранттардың бірқатары өздерінің саяси мүддесін ойлап жүр. Хиллари ханым ақ сөйлеп отыр ма, әлде Владимир мырза Хиллариды қаралап отыр ма? Ол жағы бізге қараңғы. Біздің білетініміз, сайлау нәтижелерінің бұрмаланғанына наразы жұрт биліктен тұтқындалған шерушілерді босатып, елде қайтадан парламент сайлауын өткізуді талап еткен болатын. Ресей президенті Дмитрий Медведев оппозицияның парламент сайлауын қайтадан өткізу талабынан бас артты. Бұл туралы Дмитрий Медведев өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды. Президент сайлау учаскелеріндегі заң бұзушылықтар туралы барлық мәліметтерді тексеруге тапсырма бергенін де қайталап айтты. Медведевтің бұл мәлімдемесі елдегі ұлтшылдардың бас көтеруіне себеп болған сияқты. Өйткені, 12 желтоқсан күні Мәскеудің орталығында 300-ге жуық ұлтшылдар жиналып, орыс ұлтшылдарын мемлекеттің саясатына көбірек араластыруды талап етті. Желтоқсанның 10-күні Ресей астанасындағы рұқсат етілген митингке, әлемнің көптеген елдерімен қатар, Қазақстан азаматтары да үн қосқан еді. Сенбі күні бір топ азамат Алматыдағы Ресей консулдығының алдына келіп, пикет ұйымдастырған болатын. Олар да көршілес елдегі митингтердің символына айналған ал лента және ақ гүл ұстап келді. Басты талаптары – сайлау әділдігі. Консулдық алдына жиналған шағын топ қолдарына «Әділ сайлау үшін!» деген жазуы бар плакат ұстап шықты. Осы арқылы олар Ресейдегі сайлау барысынла тіркелген заңбұзушылықтарға бейжай қарай алмайтындарын, соған қатысты өз ұстанымдарын білдіру үшін шыққанын айтты. Дегенмен, белсенді топтың бұл митингі ұзаққа созылған жоқ. Оларды консулдық маңында Қазақстан полициясы қарсы алды. Ақгүлді азаматтардың құжаттарын алып, «Бұл арада мұндай шара ұйымдастыруға болмайды!» деп ескертті. Өздерінің азаматтық ұстанымын білдіруге шыққан топ жергілікті полицияның бұл әрекетіне қарсылық білдірген жоқ. Полиция митинг аяқталғаннан кейін ғана азаматтардың төлқұ­жаттарын өздеріне қайтарып берді. Ал Ресейде өткен шерудің ұйым­дастырушылары 13 желтоқ­сан күні бас қосып, 24 желтоқсан күні Болотная алаңына қайта шығып, өткендегіден бірнеше есе көп халықты жинайтынын хабарлады. Бұл туралы Владимир Рыжков былай деп мәлімдеме жасады: – Келесі шеруде біз биліктен мынаны талап етеміз: Орталық Сайлау комиссиясының тө­рағасы Владимир Чуровты отставкаға жіберуді, Дума сайлауын қайта өткізуді, кешегі шеруде тұтқындалғандарды босатуды және барлық партияны тіркеуден өткізуді талап ететін боламыз. Шеруді ұйымдас­тырушы­лардың ашық жиыны «Большой город» журналының редакциясында өтті. Тележурналист Леонид Парфенов Мәскеу сайлаушыларының ассоциациясын құруды ұсынды. Бұл ассациацияға сайлау қорытындысына наразы адамдар мен 4 желтоқсан күнгі сайлауға қатыспағандар мүше бола алатынын жеткізді. Журналистің айтуынша, егер сондай ұйым құрылса, ол болашақта саяси партиялармен диалог жүргізіп, елдің саяси өміріне ықпал ететін болады. Ал жазушы Борис Акунин шеруге қатысушылардың тізімін жасау туралы ұсынысын жеткізді. Саясаткер Борис Немцовтың айтуынша, 24 желтоқсан күні болатын минтингте мәскеулік сайлаушыларды біріктіру мақсатында оларды тіркеу пункттері жұмыс жасайтынын айтты. Шеруді ұйымдастырушылар акцияны танымал адамдар қатысқан видеоүзіктер арқылы жарнамалап, осы акцияда алып шығатын плакаттарға конкурс ұйымдастыратынын мәлімдеді. Ал өз кезегінде президенттік сайлауда «Владимир Путинге бір дауыс та берілмесін!» деген лозунгпен шығып, Путинді Кремльге жібермеу үшін билікке «бейбіт» қысым жасауды жалғастыра беру қажет екенін айтты. Ал жазушы Акунин РИА Новостиде айтқан мәлім­де­месінде қарсылық шарасын жақсылықтың, елге деген тілеулестіктің негізінде құру керек, ол жекелеген топтардың саяси мүддесінің қаруына айналмау керек деп, шеру туралы өз ойын ортаға салды. Наразылық шарасын өткізгенде топ-топқа бөлінушіліктен аулақ болу үшін, бірлік, тұтастық қалыпты сақтау үшін шеруге қатысушыларды өз партияларын жарнамалап, насихаттамауға шақырды. 12 желтоқсан күні Мәскеу мэрлігі оппозицияның 24 желтоқсан күні шеру өткізу туралы өтінішін тіркеді. Өтініште кезекті шеруге 50 000 адам қатысады деп күтілетіні көрсетілген.

Айгүл КЕРІМ