"МӘҢГІЛІК ДАҢҚ "– МӘҢГІЛІК АҚЫМАҚТЫҚ!
2019 ж. 09 мамыр
4463
5
Қазақстанның бірқатар қалаларында Ресейдің үлгісімен «Бессмертный полк» шеруі өтті. Бұл «қызыл дерт» Қазақстанға жеткелі де бірнеше жылдың жүзі болыпты. Әсіресе, Қырымды аннексиялаудан, Луганскі мен Донецкідегі сепаратистерді қолдау қимылдарынан кейін «Бессмертный полк» орыс әлемінің ажырамас бөлшегіне айналып кетті. Өткен жылы 9 мамырда біздегі орыс диаспорасы өкілдерінің колорад лентасымен әлеміштеніп, көліктерінің төбесіне «танк мұнарасын», «пулемет расчетын» орнатып құтырғанын көзіммен көрдім. Алматы империялық астамшылықтармен суарылған ұлыдержавалық шовинизмінің өзіндік сахнасы болды да шықты. Осы сұмдықты бұдан былай жедел тоқтату қажет!
Германияның Deutschlandfunk газеті жазбақшы, «Бессмертный полк» о баста саясаттан аулақ акция ретінде ойластырылғанымен ол демде Кремльдің «бақылауына» көшті. Қазір «Бессмертный полк» Ресейдің идеологиялық құралына айналып кетті». Онысы рас!
Бүгінде Ұлы Отан соғысындағы жеңісті арқау еткен «Бессмертный полк» акциясы негізінен үш мақсатқа қызмет етеді. Біріншісі, орыс әлемінің ықпалын кеңейту, екіншісі, акция кезінде көтерілген қызыл жалау төңірегіне икемге көнетін республикаларды баяғыдағыдай бір тудың яғни қызыл жалаудың астына жинау. Дәлірегі КСРО-ны қалпына келтіру. Үшіншісі қатарының көптігімен сес көрсету. Қазақстанда өткізілмек «Мәңгілік даңқ – Бессмертный полк Казахстана» деген акцияның түпкі мәні сол.
Сталин заманында совет әскерлерінің мықтылығын көрсету үшін шығын Германия шығынынан да аз етіп 7 миллион деп көрсетілді. Брежневтің заманында соғыс шығыны 20 миллион делінді. Горбачев заманында ақиқаттар ашылып шығын көлемі 27 миллионға дейін ұлғайды. Ал таяуда СССР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің құпиялық режимінен шығарылған деректері бойынша Совет Одағының Ұлы Отан соғысындағы шығындары 42 миллион екендігі анықталды. Оның 19 миллионнан астамы әскери адам болса, 23 миллионы қарапайым азаматтар.
Фашистік Германия бүкіл Екінші жаһан соғысының барысында ең көп дегенде 8,3 миллион адамынан айырылған. Оның 4,7 миллионы әскерилер, 3,6 миллионы жай адамдар. Ара қатынасына қарасаңыз өлтірілген бір фашистке бес совет солдаты жанын берген (кейбір авторлар шығын 1:10 болғанын да айтады).
Бұл цифрлар нені білдіреді?
Бұл цифрлар орыс қолбасшыларының топастығын, соғыс жүргізу тәсілдерін жеткілікті меңгермегендігін, командирлердің тактикалық және стратегиялық ойлаудан мақұрым екендігін, өз жауынгерлерін ажалға көзсіз айдай бергенін, қынадай қырылған халқына қылшығы да қисаймағандығын көрсетеді.
Жеңіс ақиқатында совет адамдарының жойдасыз құрбандықтары арқасында келген. 42 миллион өмір! Неміс пулеметшілері оққа айдалған Қызыл Армия жауынгерлерін қатар-қатарымен қырғанда қаза тапқандардың көптігі соншалық, кейбір пулеметшілер есінен адасып жынды боп кеткен.
«Бессмертный полкті» ұйымдастырушылар Кеңес одағының ең үлкен масқарасы – өз халқын өзі қырғаны туралы жұмған ауыздарын ашпайды. Егер өз солдаттарына, өз халқына жанашырлықпен қараса орынсыз құрбандықтардың тым болмаса тең жартысын тірі алып қалуға болар еді. Сондай жойдасыз құрбандықтарға жол берген кешегі советтік қолбасшылардың, коммунистердің «Бессмертный полк» арқылы төккен «қолтырауын көз жасы» қаза тапқан 42 миллион адамның рухын мазақ еткенмен бірдей. Сондықтан бұл акцияны «Мәңгілік даңқ" – мәңгілік ақымақтық» дер едім. «Бессмертный полк» – бессмертный идиотизм!» деген анықтамаға еш нәрсе алып, қоса алмайсың!
Марат Байділдәұлы,
Фейсбук парақшасынан