Қазақстан Президенті: Қазақстандағы ұлтаралық келісімнің маңызы зор
2019 ж. 01 мамыр
3279
0
Мемлекет басшысы Алматы қаласында өткен 1-мамыр Бірлік күні мерекесіне қатысып, бүгінгі мерекенің еліміздегі барлық халық пен ұлт өкілдерін біріктіретінін айтты,- деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
– Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясында сөйлеген сөзінде Қазақстандағы ұлтаралық келісімнің маңызы зор екенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстан бүгінде көптеген ұлт өкілдерінің киелі шаңырағына айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті көп этносты, көп конфессиялы еліміздің келешегі туралы түрлі теріс болжамдар айтылғанына қарамастан, Елбасының ортақ Отанымызда бейбітшілік пен келісімді сақтай білгенін айтты.
Мемлекет басшысы Алматының Қазақстан тарихындағы маңызды рөліне назар аударып, осы қалада мемлекетіміздің тәуелсіздігі жарияланғанына тоқталды.
– Алматы әрқашан өзінің әсемдігімен ерекшеленеді. Алматылық – қайталанбас бренд әрі шынайы интернационализмнің жарқын үлгісі. Бүгінде қала еліміздің іскерлік, қаржы, мәдени, оқу-ағарту және туристік орталығы. Сондай-ақ, Алматы – жаңа жұмыс орындарын ашып, қала бюджетінің кірісін арттыруға үлес қосып отырған шағын және орта бизнестің тартылыс орталығы, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру мәселесіне және Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларына тоқталды.
– Біз экология мен ауа сапасы, инфрақұрылым және қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін бірлесе шешуіміз қажет. Қаламыз тұрғындар мен шетелдік қонақтар үшін жайлығы тұрғысынан үлгі болуы керек. Автокөліктер мен энергиямен қамтамасыз ету салаларында экологиялық таза технологияларға өтетін уақыт жетті, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті әртүрлі этникалық топ өкілдеріңнің өзара сыйластығының, ауызбіршілігі мен жасампаз еңбегінің арқасында Тәуелсіздігімізді нығайтып, экономикада табыстарға жеткенімізді атап өтті.
– Бүгінде әрбір қазақстандық қай этникалық топқа жататына қарамастан өздерін біртұтас үлкен отбасының мүшесі сезінеді. Бірлік пен келісім – халқымыздың қиын-қыстау жылдарда да сақтай білген құндылықтары. «Әралуандықтан бірлікке» – біздің саясатымыздың мәні. Бәріміз бірге өзіміздің еңбексүйгіштігімізбен, табандылығымызбен ғана қуатты әрі дамыған мемлекет құра аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жиынға қатысушылардың бәрін Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, бақыт, амандық және жаңа табыстар тіледі.
Салтанатты шара Алматы қаласының этномәдени орталықтарының белді ансамбльдері мен қазақстандық эстрада әртістері қатысқан мерекелік концертпен аяқталды.