Азат Перуашев: Қазақ үшін «АЛАШТАН» басқа ұлттық идея жоқ!
2019 ж. 25 сәуір
5622
0
Қазақ үшін «АЛАШТАН» басқа ұлттық идея жоқ. Оны іздестіру не қолдан жасау қажет те емес – «Ақ жол» партиясының төрағасы дәл осындай пікірімен құрылтай делегаттарымен бөлісті, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
«Тәуелсіздіктің негізінде, қазақ халқының азаттыққа және мемлекеттілікке тарихи ұмтылысы ретінде «Алаш» идеясы жатыр» - деді Перуашев.
«Ақ жол» партиясы «Алаш» ұстанымын Қазақ ұлттық идеясы ретінде қарастырады, өзін оның рухани ізбасары деп біледі және мемлекеттік құрылыста, экономика мен рухани өмірде «Алаш» ұстанымдарын насихаттайды. Атап айтсақ: парламентаризм, бәсекелестік, ресурсты ұлтшылық, жаңғырту, ашықтық, білімді және зайырлы мемлекет. Осы ұстанымдарға Азат Перуашев ерекше назар аударды өз баяндамасында.
Сонымен қатар, депутат «Алаш» идеясы бүкіл халқымыздың ортақ мұрасы екенін ерекше айтты:
«Біз «Алаш» идеясын жалпы халықтық деп есептейміз және оны жүзеге асыруда басқа да қоғамдық күштермен бірге атсалысуға дайынбыз. Біздің партияның да немесе басқа ұйымдардың да, «Алаш» идеясына ешқандай «айрықша құқықтары» жоқ» - Перуашевтың мәлімдегені.
«Өзін қазақ деп санайтың адам үшін, «Алаш» идеясы ауа мен еркіндік сияқты туа біткен төл ұғым» - деп сендірді «ақжолдықтардың» жетекшісі.