Жолдасбеков: Тоқаев мемлекеттік тілді толық, жан-жақты меңгерген
2019 ж. 23 сәуір
4141
3
ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтайтын лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков «Nur Otan» партиясының атынан кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың емтихан нәтижесін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өздеріңіз білесіздер, «Nur Otan» партиясы ұсынған үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгін келіп емтихан тапсырды. Екі сағаттың деңгейінде біздің ортамызда болды. Ережеге сәйкес емтихан тапсырды. Бірінші жазба жұмысының тақырыбы - «Абай Құнанбайұлының поэзиясы мен қара сөздері». Екінші мәтін оқуға Шерхан Мұртазаның «Мыңбұлақ» әңгімелер мен хикаяттар жинағын таңдап алды. Үшіншісі ол кісінің жанына жақын «Қазіргі Қазақстанның геосаясаты» тақырыбы болды», - деді Мырзатай Жолдасбеков.
Оның айтуынша, президенттікке үміткерден емтихан алуға комиссияның мүшелері толық қатысып, өздерінің пікірлерін ашық айтқан.
«Бірінші шығарма жазғанда Абайдың поэзиясы, қара сөздері, оның жалпы халыққа беретін маңызы туралы бүгінгі үміткеріміз терең толғаған. Өте әдемі жұмыс. Біз бұл жұмыстан бірде-бір қате көргеніміз жоқ. Шерхан Мұртазаның «Мыңбұлақ» әңгімелер мен хикаяттар жинағының үш бетін оқыды. Мәнерлеп, ырғағымен өте әдемі оқып берді. Ал «Қазіргі Қазақстанның геосаясаты» жайында кең толғады, терең сөйледі. Жалпы біздің лингвистикалық комиссияның берген қорытындысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік тілді толық, жан-жақты меңгерген», - деді комиссия төрағасы.