Перуашев марафонда плакат ұстағандарды босатуды сұрап, Бас прокуратураға хат жолдады
2019 ж. 23 сәуір
3269
1
Алматы қаласында өткен бұқаралық марафон кезінде "Шындықтан қаша алмайсың" деген жазуы бар банерлерді ұстап тұрған екі белсенді 15 тәулікке қамалғаны туралы ақпарат қоғамды қызу пікірталас тудырды. ҚР ІІМ Ерлан Тұрғымбаевтың өзі плакат ұстаған Асия Тулесова мен Бейбарыс Толымбаевтың не үшін ұсталғанын айтып, ешқандай саяси ұран болмағанын жеткізген. Бүгін "Ақ жол" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев қамалған екі белсендіні босатуды сұрап, Бас прокуратураға хат жолдады. Депутаттың хатын "Қазақ үні" ақпарат агенттігі оқырман қауымға ұсынуды жөн көрді.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына
Алматы қаласы сотының дәстүрлі марафон аясында орналастырылған "Шындықтан қашып құтыла алмайсың" («От правды не убежишь») деген баннер үшін Әсия Тулесова және Бейбарыс Толыбековке қатысты қолданған жазасының негізділігі мен дәлелділігін қарастыру туралы өтінішпен жүгініп отырмын.
Бұқаралық ақпарат құралдары хабарлағандай, бұл істі қарау кезінде сот мұндай әрекеттің жазасын жеңілдететін бірқатар фактілерді назарға алмаған. Бұл жерде марафонды ұйымдастырушылар мен қатысушыларға қатысты сыйламаушылықтың, құқық бұзушылық фактісінің болғандығына таласпаймыз.
Алайда, олай әрекет етуге түрткі болған айқын себеп – кез-келген азаматтың ажырамас конституциялық құқығы болып табылатын өзінің азаматтық ұстанымын білдірсем деген талпынысы екеніне мән берген жөн деп ойлаймын. Соттың шешімімен қабылданған қатал жазаны бүгінгі қоғам жас ұрпақтың азаматтық белсенділігін шектеу мақсатындағы үркіту шарасы деп бағалауы мүмкін.
Ал, мұндай бағалау елімізде басталған сайлау науқанына теріс әсер етуі ықтимал. Сондай-ақ, баспасөз жарияланымдарына сүйенсек, мұндай заң бұзушылық алғаш рет орын алып отыр. Сол себепті де соттың оларға жеңілдікпен қарауына сотталушылардың құқығы бар. Осыған байланысты, кінәлі тұлғаларға ақшалай айыппұл салу дұрыс әрі орынды болар еді деп пайымдаймын. Және де салынған айыппұлды өтеп беруге өз басым дайын екенімді жеткіземін.
Бұл орайда, сізден Бас прокуратураның аталған шешім бойынша наразылық білдіру мүмкіндігін қарастыруыңызды сұрап, сотқа сотталушыларға қатысты адамгершілік танытуына ұсыным білдіруіңізді сұраймын.
Құрметпен,
А.Перуашев
"Ақ жол" партиясының төрағасы,
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты