Азат Перуашев: Жемқорлыққа қарсы сауалдарымыз бар - тағы сынға қалып жатсақ, таңқалмаңыз.
2019 ж. 19 сәуір
9892
0
«Қазақ Республикасы» атауын ресми түрде пайдалану қажет
"Ақ жол" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев abai.kz порталына сұхбат беріп, алдағы сайлауға қатысты ойларымен бөлісті. Аталмыш сұхбатты оқырман қауымға ұсынамыз.
-Азат Тұрлыбекұлы, әлеуметтік желіде, ел ішінде «Ақ жолдың» сайлаудағы үміткері – Перуашевтің өзі» деген сөздер айтылып жатыр. Сіз сайлауға түсесіз бе? Сіздің партияңызда сізден басқа лайықты дейтін ешкім жоқ па?
-Әрине, олай емес. Мен өз партияластарыма, әріптестеріме құрметпен қараймын. Сайлауға түсу туралы шешім, кандидаттарды ұсыну – сьезде шешіледі. Рас, кейбір саясаткерлер, журналистер мені «Ақ жолдағы» жалғыз үміткер деген көзқараста. Шындығында мүлде олай емес. Біз демократиялық партиямыз. Сондықтан партия сьезінің шешімін сабырмен күтуге тура келеді.
-Орталық кеңес жиынын өткіздіңіздер. Енді құрылтай шақырмақсаздар. Соған қарағанда ортақ шешімге келе алмаған секілдісіздер...
-Рас айтасыз, пленумда ортақ шешімге келе алмадық. Себебі аймақтардың өзінен 6-7 фигура шығып отыр...
-Сіздің кандидатураңызды ұсынғандар болды ма?
-Түркістан, Маңғыстау, Алматы облыстарының, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының өкілдері менің кандидатурамды ұсынды. Иә, мен партия жетекшісімін. Алайда солай екен деп, жалғыз менің кандидатураммен шектелген дұрыс емес. Пленумда мен осыны айттым. Пленум алдында мен өңірлердегі өзге де әріптестеріммен сөйлескен едім. Олардың да арасында президенттік додаға түсуге дайын адамдар бар. Бізге партия лидерлерінің тізімін кеңейту қажет. Біз тек бір адаммен шектелмеуіміз керек...
- Қазір бізбен бірге параллелді Украинада да сайлау өтуде. Алғашқы турда 39 кандидат болған еді. Ақыр аяғында, бәрібір дауысты көп жинаған 4 кандидат алға шықты. Бұл өз кезегінде кандидаттардың көптігі нәтижеге әсер етпейтінін көрсетті. Сіздің сөзіңізге қарасақ, «Ақ жол» бір емес, бірнеше үміткер шығарады. Қалай ойлайсыз, көп кандидат шығару қаншалықты тиімді?
- Жоқ, ол қате. Әр партия бір ғана кандидатты ұсыну мүмкін. Бірақ, біз қазіргі жағдайда ең үздік үміткерді таңдауымыз керек. Егер Украина туралы айтар болсақ, ол жерден бізге саяси процестердің ашықтығын үйренуге болады. Иә, онда да үлкен шығындар мен кейбір келеңсіз кейіпкерлер бар. Дегенмен, Украинадағы қарқынды бәсеке мен ол жердің өзгеріске дайындығы өте жақсы.
-Жақсы, жоғарыда бірнеше фигура бар деп қалдыңыз. Олар кімдер? Айтуға бола ма? Әлде...
-Әрине, Солтүстік Қазақстан облысы адвокаттар палатасының төрағасы, Петропавл қаласындағы орыс драма театрына арналған «Алаш» пьесасының авторы Евгений Кинцель өзінің кандидатурасын ұсынды. Осы үміткерді желілерде белгілі саясаткер Петр Своик қолдайтыны айтты.Сондай-ақ, «Ақ жол» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, Тараз қаласының үш мәрте мәслихат депутаты, белгілі кәсіпкер, жергілікті «Атамекен» палатасың басқарған Асан Қошмамбетов та ниетті екенін жеткізді. Дәл осы Қошмамбетовтың Мәслихат депутаты бола тұра, сол Мәслихаттағы басым көпшілікке қарсы шығып, бұрынғы шенді-шекпенділерге емес, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек беруді талап еткені ақпаратта қызу талқыланды.
Өскеменнен адам құқығы жөніндегі сарапшы, мықты ғалым Қуат Рахимбердин түсіп жатыр. Негізінен ірі бизнестін өкілдері де бар.
- Пленумда белгілі журналист Арман Сқабылұлы: «Перуашев өздігінен бас тартқан жағдайда партия жаңа демократиялық дәстүрді қалыптастыру мақсатында әйел адамды үміткерлікке шығару керек» деген пікірін айтқан еді...
-Енді журналисттер демократ адамдар ғой. Арекеңнің ойын құптаймын. Әрине, арамызда президенттікке лайық азаматшалар болса, неге ұсынбасқа?! Тек Арекеңнің бұл ұсынысы теоретикалық пікір емес, нақты ұсыныс болса...
-Енді сәл кейінге шегінейікші. Өткенде, президент Назарбаев отставкаға кеткенде сіз көзге жас алдыңыз. Жалғыз сіз емес әрине, парламенттегі біраз әріптестеріңіз де сөйтті. Жұрт оны пиар деп бағалады...
-Бір ақын жазған екен: «Қызуқандыдан емес, тас бауырдан қорқу керек» деп. Сол айтпақшы, нағыз еркектің күші де, эмоциясы да болу керек.
Кейбір таяз ойлайтын адамның пікірі менікімен сәйкеспеуі мүмкін. Кейбіреуге тіпті осы Тәуелсіздік бізге оңай келгендей, мемлекет өзінен-өзі құрыла қалғандай көрінуі мүмкін. Сондықтан олар мемлекет өміріндегі орын алып жатқан осынау оқиғаларды салқын қабылдайды.
Ал Тәуелсіздіктің нығайуына, мемлекеттің қалыптасуына атсалысқан адамдар үшін, мемлекеттің құрылуы – олардың жеке өз тағдырының маңызды бөлігі іспетті.
Ресейдегі Ирина Хакамада деген саясаткер еркектің мінезі туралы: «Ер-азамат үшін ең алдымен оның айналамен қарым-қатынасы қашан да алғашқы орнында болмақ. Екінші орнында – оның достары, ал әйелі, отбасы, тұрмыс жағдайы сонан кейінгі орында тұруы тиіс. Осыны түсінетін әйел ғана өз еркегімен бақытты болады» - дейді.
Менің де бір ағам: «Ер елге, әйел ерге (отбасына) қызмет етеді», деп айтып еді. Сол айтқандай,мен де өз тағдырымдаТәуелсіздік жолындағы сынақтарды көп көрдім. Кешегі 1986 жылы қазақтар өз жерінде өгейлік көріп, әділетсіз қуғынға ұшырады. Мұны біз, әсіресе Отанымыздан жырақта жүргенде қатты сезіндік. Камчатка аралында болдық. Контрразведка капитаны бізді жинап, «Бұдан бұлай қазақтар күдікті элемент деп есептеледі. Үйден хат алмайсындар, үйге жіберетін хаттарыңды тексеруге бересіңдер. Орысшадан басқа тілде сөйлесуге тыйым салынды», деп қысым жасады.
Әскерден соң елге қайттық. Мұнда да қазақ тілі орыс тілінің тасасында болды. Басқа ұлттың адамдары бізге төбеден қарап, кекірейіп сөйлейтін. Адам құрлы көрмейтін. Автобуста екі қазақ бір-бірімен қазақша сөйлесе қалса, басқалары бажырайып қарайтын. Біз осының барлығын көрдік.
Одан кейін оқуға қайттық, Ресейдің ірі өнеркәсіптік орталығына бардық. Онда да бізге оңды көзқарас болғаны шамалы. 1990 жылы Мәскеуде жас ғалымдар арасындағы жалпы кеңестік байқаудың жүлдегері болдым.
Менің мақаламды партия журналына шығарды. Сол мақалада мен КСРО-дағы солақай саясатты сынға алып, қоғамдағы әділетсіздікті жаздым. Прибалтика елдерінен кейін басқа да республикалардың Тәуелсіздік алатынын болжағандай жаздым. Сол мақаламды оқыған мемлекет комиссиясының төрағасы, барлық сұрақтарға жауап бергеніме қарамастан, бітіру емтиханнан құлатты. Қайта тапсыруға мәжбүр болдым. Елге келсек - екі аптадан соң ГКЧП басталды...
Талай рет тепкі көрдік. Өгейлік кештік. Үміт пен күдік, жеңіс пен жеңіліс секілді түрлі сезімді бастан өткердік.
Колбинның қолынан билікті тартып алып, Назарбаев ұлттық мемлекетімізді құрды, әлемге қазақ ешкімнен кем емес екенімізді дәлелдеді, ана тілімізді БҰҰ мінбесінен тыңдатты. Осы өткен жолын қайтадан елестеткенде, көзімнен жас шығып кеткені рас. Әрине, бүгінгі күннің төрінен қарасақ, сол өткен дәуірдің кемшіліктері аз емес.Бірақ, менің жеке өзім сол жолды қайта жүріп өтуге дайынмын және өз таңдауыма өкінбеймін!
-Азат Тұрлыбекұлы, сіздің «Каравандағы» сұхбатыңызды оқыдым. Сонда «егер мен диктатор болсам, ол диктаторлығым ең алдымен өзіме қатысты болар еді» депсіз. Жоғарыдағы жұрттың да «Ақ жолдың» жалғыз үміткері деп сізді айтуы, шынында партия басшылығындағы сіздің демократтығыңыздан гөрі диктаттығыңыздың басым екендігін, сіздің президенттік амбицияңыздің басым екендігін көрсетпей ме?
-Рас, мен «егер диктатор болсам, ең алдымен өз-өзіме диктатормын» деген мағынада пікір айттым. Шынында солай. Мен әуелі өз-өзіме сыншымын.Өзім білмейтін істі басқаларға да тапсыра алмаймын. Ол солай болуы керек шығар...
Ал амбицияға келсек, ірі ұйымдарда маңызды менеджмент ережесі бар. Егер басшы адамға бір мәселе төңірегінде әріптестерінің шынайы пікірін білу керек болса,ол билігін алға тартпай, әуелі ұжымын тыңдайды. Бізде де солай. Құрылтай өтсін. Барлығының ұсыныс пікірлерін тыңдайық. Ортақ шешімге келеміз, сөзсіз.
-Президент сайлау өткізу туралы айтты. Сіз президент Тоқаевқа осы үшін алғыс айттыңыз... Кейбір партиялар бұл сайлауға қатысуды – партияның жарнамасы үшін ғана пайдаланғысы келетін сыңайлы. Сіздер үшін де солай ма?
-Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың ашық әрі әділ өтетінін айрықша айтты және кепілдік берді. Мұндай жағдайда біз жасалып жатқан мүмкіндіктерді пайдалануға тиіспіз.
Қазір Мәжілісте «Ақ жолдың» депутаттары ғана Үкімет ұсынған құжаттарымен келіспей дауыс беруде. Мысалы, бюджетті игеру, мемлекеттік сатып алу туралы заң, ЕАЭО шеңберіндегі келісімдерді ратификациялау мәселесі, т.б.
Сондықтан,партиямыз, өз ұстанымы бар саяси ұйым ретінде билік транзитіне қатысуға міндетті. Президенттің шешімі – қоғамның үлкен сұранысын қанағаттандырған позитивті өзгерістерге негізделген. Бұл сайлауға қоғамдық қызығушылық әдеттегіден жоғары болады және бұл алдағы парламенттік сайлау науқанына жақсы алғышарттар жасайды. Сондай-ақ, бұл парламенттің рөлін нығайтуға көмектеседі және «Ақ жол» үшін әлі де үлкен мүмкіндік бар деген сөз. Естерінізге сала кетейік, біздің саяси бағдарламамызда парламенттік басқару жүйесіне көшу мәселесі қарастырылған. Сол себепті де, «Ақ жол» үшін парламенттік сайлау басымдықта тұр.
-Мүмкіндік деп қалдыңыз ғой... Қандай мүмкіндік? «Нұр Отанның» миллион мүшесі бар. Тіпті «Ауылдың» да мүшелері сіздерден көп, 300 мыңнан асады. Ал сіздерде 250 мың адам ғана...
-Мүшеліктің ең негізгі көрсеткіші – кағаздағы тізімі емес, сайлауының нәтижесі. Партияның салмағың берілген билеттермен өлшеу деген совет тәжірибесінен қалған атавизм. Демократиялық мемлекеттерде партиялық билет, мүшелердің тізімі сияқты ұғым жоқ. Оларда партияның қолдаушылардың саның тек сайлауда жиналған дауыстарымен санайды.Мысалы, алдыңғы сайлауда «Ақ жол» партиясына 600 мыңға жуық сайлаушы дауыс берді. «Ауыл» партиясы сайлауда 150 мыңға жуық дауыс жинады.Сондықтан мәселе формалды мүшелікте емес,істеген жұмыста.
-Бізде сайлау тақырыбына келгенде ОСК-ның осалдығы жиі сынға ұшырап жатады. Шындығында адам ақылына сыймайтын цифрларды ұсынғанда, ОСК есебінің әділдігіне еріксіз шүбә келтіресің. Олай емес деп айтып көріңіз...
-Рас айтасыз, менде де ОСК-ға қатысты сұрақ көп. Мәселен, келушілер саны 80%-ды құраса, қанша бюллетен басылып шығарылады? Меніңше, бюллетендер артық дауыс салынып кетпейтіндей етіп жасалуы керек.
-Дауыс берудің альтернативті жолдарыда бар ғой...
-Иә, интернет арқылы дауыс беруді енгізуге де болатын шығар. Себебі, казіргі кезде 11 миллион сайлаушыдан 3 миллионда (яғни, үштен бірінде)цифрлы қолтаңбасы бар.
Интернет арқылы дауыс беру - уақыт үнемдейді және бюрократияны азайтады. Әсіресе сіз іскерлік сапарларда болсаңыз тіпті тиімді. Ең бастысы, бұл әдіс жастар үшін барынша қолайлы, біз осы арқылы жас сайлаушылардың белсенділігін де арттырамыз.
Тағы бір тақырып – интернет трансляция. Сайлау участкелеріндегі сайлауды жан-жақты бақылау. Бүгінде кез-келген мектеп оқушысы интернеттегі өз каналын қымбат аппаратсыз-ақ жүргізе алады. Егер участкелердің сигналы бір серверге байланса, сонда жүздердавтоматты түрде ажырату, тану жуйесің қойса - ол талай зансыздыққа, жалғандыққа пәрменді кедергі болмақ.
-Сөз соңында, әлеуметтік желілерде жиі сынға ұшырайтын адамдардың категориясында сіз де барсыз. Сіз сынды қалай қабылдайсыз?
-Егер сын әділ болса сөзсіз қабылдаймын. Сенесіз бе, осыған дейін өзім туралы оқымаған, естімеген нәрсем жоқ. Почтамды бұзып, менің адресімнен жалған хаттар да жіберген, әйелімнің вилласы туралы жариялап, неше түрлі детективтер де құрастырды... Маған және менің айналамдағыларға қатысты дүниелерге кәдімгідей шабуыл болады. Тіпті, контекстен алынған фразалармен роликтер құрастырды. Бірақ, одан түк шықпады. Біз оған үйренгенбіз және ештеңеге таңқалмаймыз. Бұл күрес.
Өздеріңіз әуелі бастама көтерген жатақхана мәселесінде де солай болған. Жатақхана туралы қолдан қолға өтіп жүрген роликтер мен мемдер қайта-қайта таратылып жүрді. Ал мұндай ұзақ шабуылға себеп болған - мен БЖЗҚ-ныңжүздеген миллион долларға түк тұрмайтын, банкроттыққа ұшыраған әзірбайжандық банктіңқағаздарын сатып алғаны туралы депутаттық сауал жасағаным.
Кешегі Астанадағы бес сәбидің өмірін жалмаған шетін оқиғақолжетімді, арзан баспананың маңыздылығын көрсетті. Енді аймақтардасол жатақханаларды салып жатыр.Ал, әзербайджан банкімен оқиғасы біртіндеп-біртіндеп ұмытылды. Тек Лондонда сол банктің төрағасының әйелі 30 миллион долларға әшекейлер алғанда ұсталынды. Сол 30 миллион доллар қазақтікі емес пе?
Біз сыннан емес, елден ақшаны заңсыз алып кетуге жол берген және ұрланған нәрселерді оффшорданқайтаруға кедергі келтіретіндерден қорқуымыз керек. Мен осы тақырыпқа жақын адам ретінде реформалар мен кейбір қозғалыс бар екені туралы білемін. Бірақ...
Кейде біздің органдар үшін «қозғалыс» нәтижеден маңызды деген ойға қалам. Ал, қоғамға нәтиже керек.
Осы орайда, «Ақ жол» фракциясы жемқорлыққа қарсы басқа да сауалдар дайындап жатыр. Нақты фактілер де бар. Сондықтан тағы сынға қалып жатсақ, таңқалмаңыз. Мұндай «жауаптарға» кезіккеніміз біреудің «қоржынының майлануына» кедергі келтіргенімізді білдіреді.
-Сіз Парламенте көтерген тағы бір бастама – ол мемлекеттің атауын өзгерту болды. Қазақстан емес - Қазақ Республикасы деп атауды ұсындыңыз. Бұл қоғамда қолдау тапқанымен, билік өкілдері тарапынан қолдау таппады. Тіпті, ол кездегі Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев та ашық қарсы болды...
-Бұл ең алдымен, «Алаш» арыстарының алдындағы менің борышым деп есептеймін. Тек олардың ерлігі мен қайсарлығының арқасында ғана, қазақ Тәуелсіздікке қол жеткізді.
1917 жылы «Алаш» автономиясын құрып, «Алашорда» қайраткерлері Ресей Құрылтай жиналысымен, Уақытша Сібір үкіметімен және Уфа директориясымен қарым-қатынас орнатып, әскери одақтас болды. Бірақ, «Алаштың» әскерлері мен олардың екіжүзді ресейлік серіктестері большевиктердің қатыгез басқыншылығына төтеп бере алмады.
Қазақтың ұлт қайраткерлері құрған Түркістан автономиясы да күшпен таратылды. Дегенмен, олардың барлығы қазақ елінің тағдырында жаңа мемлекеттілікке ұмтылыстың үлгісі ретінде із қалдырды.
Сондай қиын заманда елді апаттан аман алып шығу үшін «Алашорда» жетекшілері Совет өкіметімен келіссөзге барып, КирРевКом құрамына еніп, өз халқына қызмет етті, ең алдымен – Қазақ жерінің территориялық тұтастығы үшін күресті. 1920 жылы тамыз айында Москвада Совнарком шекара мәселесін жан алысып талқылағанда, Әлімхан Ермеков бірнеше рет баяндама жасады. Осы жұмысқа Ахмет Байтұрсын, Әлихан Бөкейхан және басқа да қазақ делегациясының 12 мүшесі тікелей қатысты.
Сонда олар арнайы экспедицияларда жинастырған ғылыми деректерге сүйеніп, қазақ жерінің тұтастығын дәлелдеп шықты.
Нәтижесінде, сол жылы Қырғыз Автономды Кеңестік Республика құрылып, 1925-ші жылдан бастап оған халқымыздың төл «Қазақ» деген атауы берілді.
Келесі, 2020 жылы мемлекеттілік тұрғысынан болашақ Тәуелсіз Қазақстанның іргетасына айналған КСРО құрамындағы Қазақ Республикасының (АКСР, кейін КСР) құрылғанына 100 жыл толады.
Мысал ретінде айтайын, былтыр Әзірбайжан Республикасы өзінің 100 жылдығын атап өтсе, биыл Ресей президенті В.Путиннің ресми жарлығымен «Алашорданың» құрдасы – Башқұрт Республикасы 100-жылдығын тойлады.
Осы орайда, «Ақ жол» Демократиялық партиясы, біріншіден, Қазақ Республикасының 100 жылдығына мемлекеттік дәрежеде көңіл бөлініп, бұл датаны лайықты деңгейде атап өтуді ұсынды.
Екіншіден, біз Республиканың 100 жылдығы шеңберінде «Қазақ Республикасы» атауын ресми түрде пайдалану қажет екенін айттық.Тарихи тұрғыдан алып қарайтын болсақ, Қазақстан Республикасы деген атау «Қазақ АКСР», «Қазақ КСР» атауларының түпнұсқасына пара-пар емес және де ресми атау ретінде 1991 жылы Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана пайда болған.
-Бастамаға қазіргі президент (ол кездегі сенатор) Тоқаев қарсы болды. Биліктің, лауазымды азаматтардың реакциясын көрдіңіз... Сөйтсе де бастама әлі күшінде ме?
-Биліктің, әсіресе жаңа мемлекет басшысының реакциясын көріп отырсыз...Содан-ақ, бұл бастаманың қолдау таппайтынына көзіміз жеткендей болды. Бірақ, саясаткер ретінде мен білем, ең маңызды идеялар көпшілік талқысы арқылы пісіп жетіледі. Тек сол идеяны өлтіруге жол бермеуіміз керек. Жоғарыда өзіңіз еске түсірген әлеуметтік жатақхана мәселесі бар ғой...Сол бастаманы сіз екеуіміз алғаш көтергенде қанша жұрт сынап, тіпті мазақ еткендей болды. Енді міне, бүгін сол жатақханаларды әкімдер жарысып салып жатыр.
Ал бұл жолы біз миллион есе маңызды бастама көтеріп отырмыз. Бұл тарихи мәселе. Әрине, оған қарсы шыққандар аз емес. Бірақ біз сол идеяны өлтіруге жол бермеумыз керек.
Алты ғасырлық тарихы бар Қазақ хандығының мұрагері, тіпті тоталитарлы жүйе мойындаған Қазақ Республикасының аты ертеме ме, кеш пе, өз орнына келеді. Оған ешқандай да еш күмән болмасын!
-Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
-Сіздерге де алғыс айтамын! Істеріңізге сәттілік!
Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы, Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz