Қазыбек Иса. ПРЕЗИДЕНТТІКТЕН ҮМІТКЕРЛЕРДІҢ ҰРАНЫ - ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ БОЛУЫ КЕРЕК!
2019 ж. 17 сәуір
5030
0
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық кітапxанда Президент сайлауы туралы қаламгерлердің жиыны өтті.
Зиялы қауым 2019 жылы 9 сәуірдегі Қазақстан Президенті Қ-Ж. Тоқаевтың Қазақстан xалқына жолдаған үндеуін талқылауда. Жиында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, әйгілі ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, белгілі қаламгерлер Әнес Сарай, Әлібек Асқар, Алтыншаш Жағанова, Қажығали Мұқанбетқалиев, Қазыбек Иса, Өтеген Оралбаев, Марат Мәжит, Бақытжан Тобаяқ және т.б. өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты.
Жиынды Қазақстан Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы жүргізіп отырды.
Қазыбек Иса. ПРЕЗИДЕНТТІКТЕН ҮМІТКЕРЛЕРДІҢ ҰРАНЫ - ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ БОЛУЫ КЕРЕК!
Ұлы ақынымыз , абыз Шәкәрімнің «Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек»-дегеніндей бұл жолғы сайлаудың жөні бөлек. Өйткені бұл Президент сайлауына 30 жылдан бері алғаш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатыспайды. Оның үстіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеуінде «Сайлау әділ де, ашық, таза өтетініне кепілдік беремін» деп мәлімдеді. Яғни , мемлекет басшысының бұл сөзі елдің үмітін оятып, саяси партиялардың қарқынын күшейтуі тиіс. Бұл ретте, Конституция бойынша әлі бір жылдай Президенттік уақыты болса да, Мемлекет басшысысының ел алдындағы зор жауапкершілігін білдіріп, өзіне тән демократиялық, дипломаттық қасиетімен Президентсайлауын жариялаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың тоқетер үндеуі халықтың көңілінен шыққанын айтуға тиіспіз. Менің алдымда сөйлеген Қажығали ағамыз Президенттік сайлауға партияда жоқтар қатыса алмайтынына өз наразылығын білдірді. Қажығали аға, партияда жоқтар Президент сайлауына республикалық қоғамдық бірлестіктер атынан түсе беруіне болады. Бірақ, бұл жерде Сайлау туралы заңның бір кемшілігі, Президенттікке үміткер болып, мемлекеттік қызметте 5 жыл істеген шенеуніктер ғана тіркеле алатындығында болып тұр... Бес жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар, жасы 40-тан асқан, 107 (?!.) аурудан аман адамды іздесек, бүкіл халқымыздың 10 пайызына да жетпейді. Сонда қалған халықтың Президент сайлауына қатысу құқы шектеле бермек пе? Қазағым деп, қабырғасы қайысып, қайрат көрсетіп жүрген қайраткерлер де, кәсібі арқылы елдің нәсібін арттырып жүрген кәсіпкерлер де, ұлтыма болсын деп жүрген ұлт зиялылары да бес жыл мемлекеттік қызметте істемегендіктен, Президент сайлауына қатыса алмайды. Біздің заңдарымыз бойынша алпауыт ел АҚШ-тың Президенті, миллиардер Дональд Трамп та, бұрын екі рет президент болған Буш пен актер Рейгандарың да Президент болмақ түгілі, сайлауға үміткер болып тіркеле алмайды... Бұл талап «Әркім сайлауға да, сайлануға да құқылы» деген Конституциямызға қайшы болып табылады. Иә, биылғы Президент сайлауына – саяси аламанға саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың барлығы ат қосуы тиіс. Біздің «Ақ жол» партиясынан да қазір үш-төрт үміткер сайлауға түсуге бел байлауда... Негізгі бір үміткерді 24 сәуірдегі партияның құрылтайы анықтайды. Сайлауға партия төрағасы түсе ме, қаламгер-қайраткер түсе ме, әлде әйел саясаткер түседі ме, сонда белгілі болады... Биылғы сайлауда кім Президент болса да, ең алдымен елден алар басты аманатының бірегейі Ұлттық мүддемізді қорғау болуы тиіс! Ұлттық мүдде дегеніміз Мемлекеттік тілден басталады! Тілің болса ғана-Тірілігің айқын, Тірлігің жарқын! Отыз жылға жуық уақыт Конституциядағы Мемлекеттік тілдің заңды төріне шығуына, қоғамдық-саяси әлемде толық қолдануына тосқауыл – темір тежегіш болып келе жатқан Конституция мен Тіл туралы заңдарымыздағы орыс тілі туралы тармақтарды алып тастауға тиіспіз. Біз қаламгерлер қауымы, осы сайлауда Президенттіктен үміткерлерден осыны талап етуіміз керек.. Тағы бір ұсынысымыз, Сайлау туралы заңымызды өзгертіп алып кірісуіміз керек еді, оған уақыт болмаған секілді. Енді алдағы парламент сайлауына дейін қазіргі парламент Сайлау туралы заңға өзгерістер енгізуі тиіс. Әйтпесе, қазіргі Сайлау туралы заңның көп кемшілігі талайдан бері айтылып келеді. Еліміз бойынша ерекше мәні зор мемлекеттік саяси науқан – басты сайлауымыз - Президент сайлауына қаламгерлер қауымы белсене қатысады деп сенеміз. Қазыбек ИСА, ақын, «Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары Qazaquni.kz