Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесті
2019 ж. 12 сәуір
2365
0
Мемлекет басшысы жұмыс сапарының соңында Маңғыстау облысының жұртшылық өкілдерімен кездесті, - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Басқосуға облыстық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес секторлар мен бизнес қоғамдастығының, сондай-ақ ғылыми-педагогикалық зиялы қауым өкілдері және облыс жастары қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге жасаған сапарының маңыздылығын айтып, тарихтың аса жауапты сәттерінде маңғыстаулықтардың ел басшылығына әрдайым қолдау көрсеткенін ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен еліміздің қол жеткізген жетістіктеріне арнайы тоқталды.
– Баршаңыз білесіздер, Елбасы тарихи шешім қабылдап, Қазақстан өркендеудің жаңа сатысына қадам басты. Біз Тұңғыш Президент айқындап берген стратегиялық мақсат-міндеттерді жүзеге асыруды одан әрі жалғастыра береміз. Осы жылдар ішінде егемен еліміздің саяси басқару жүйесінде сабақтастық дәстүрді қалыптастырдық. Елімізді одан әрі ілгерілетіп, дамыту – біздің алдымызда тұрған маңызды міндет, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті экономика өсімін қамтамасыз етудің, жаңа жұмыс орындарын ашудың, халықтың табысын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартудың маңыздылығын айтты.
– Тек мұнай саласына ғана сеніп, өмір сүруге болмайды. Қазіргі заманда бұл тиімсіз. Инвестиция – экономикалық өсім мен өңірдің әл-ауқатын арттырудың негізі. Еркін экономикалық аймағымыз, соның ішінде «Ақтау теңіз порты» еркін экономикалық аймағы инвестиция тарту әлеуетіне ие. Сондай-ақ, туризмді дамыту ісі еліміздің перспективасы зор екенін көрсетеді. Бұл салада Маңғыстау облысының бірқатар нақты басымдықтары бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу барысында Қазақстан Президенті Үкіметке, министрліктерге, әкімдіктерге, даму институттарына ұлттық экономика өсімін қамтамасыз етуге, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге, кадрлар іріктеу жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ қоғаммен тиімді қатынас орнатуға бағытталған бірқатар нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу жөніндегі шешімін қолдағаны үшін кездесуге қатысушыларға алғыс білдіріп, баршасына табыс және амандық тіледі.