Азат Перуашев: Сайлауға түсетін үміткерлерге кедергі жасалмауы қажет
2019 ж. 11 сәуір
2983
0
Мәжіліс депутаттары Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауының қалай өтетініне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мәжілістегі "Ақ жол" фракциясының жетекшісі Азат Перуашевтің айтуынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда партия жетекшілерімен өткен кездесуінде оған өтініш білдірген.
"Ең бастысы – сайлауға түсетін үміткерлерге кедергі жасалмауы қажет. Мемлекет басшысымызға сайлауды адал, ашық, мөлдір өткізу туралы өтінішімізді айттық, талап деп те айтуға болатын шығар", - деді ол.
Сонымен қатар депутат осыған дейінгі сайлаулар кезінде кемшіліктерді байқағанын айтты.
"Парламент сайлауын мысалға келтірейін. "Ақ жол" партиясы парламент сайлауына қатысқан кезде бір жағдайды байқадым. "Ақ жол" партиясының атынан сайлауға түскен кейбір үміткерлерді салық декларациясына сәйкес 20 теңге, 40 теңге, 250 теңге төлемегені үшін сайлаудан алып тастаған кездер болды", - деді Перуашев.
Айтуынша, "Ақ жол" партиясынан кезектен тыс президент сайлауына кім қатысатыны осы айдың аяғында өтетін съезде белгілі болады.
Ал мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева елімізде осыған дейін өткен президент сайлауларының әділ және ашық өткенін атап өтті.
"Менің ойымша, осы уақытқа дейін өткен президент сайлаулары ашық және жариялы түрде өтті. Өйткені сайлауда бақылаушылар жұмыс істеді. Сондай-ақ Қазақстанда өткен сайлауға шетелдік мемлекеттер мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан (ЕҚЫҰ) 1 мыңнан аса бақылаушы келді. Бұл – сайлаудың ашық өтетінінің кепілі", - деді мәжіліс төрағасының орынбасары.
Қазақстан коммунистік халық партиясы орталық комитетінің хатшысы, депутат Жамбыл Ахметбеков сайлаудың ашық өтуіне мүдделі болуымыз тиіс дейді.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеуінде "президет сайлауы ашық және жариялы түрде өтеді. Мен оны бақылаймын" деп мәлім етті. Билік тарапы сайлауға кедергі жасамаса болды. Қалғанын Қазақстанның орталық сайлау комиссиясы өзі шешеді. Сайлау халық үшін қажет. Өтірік жазылған цифр ешкімге қажет емес. Егер біз өз ауруымызды жасыра беретін болсақ, ертең дамымаған мемлекет болып шығамыз", - деді ол.
Айтуынша, коммунистер партиясынан сайлауға түскісі келетін 4-5 кандидат бар.
"Мұны облыс орталықтары мен аудандарда талқылап жатырмыз. 26 сәуірде өтетін партия съезінде президенттік сайлауға түскісі келетін кандидаттарды делегаттар ішінен таңдап аламыз", - деп түйіндеді сөзін Жамбыл Ахметбеков.