«Ақ жол» партиясы Президент Тоқаевқа либералды құндылықтарды ұстанғаны үшін алғысын білдіреді – Азат Перуашев
2019 ж. 09 сәуір
2843
1
«Ақ жол» партиясы Президент Тоқаевқа либералды құндылықтарды ұстанғаны үшін өз алғысын білдіреді – бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Президентінің сайлауы жөніндегі үндеуін талқылау барысында Азат Перуашев мәлімдеді. Талқылау бүгін партияның орталық офисінде Орталық Кеңес Төралқасы мен парламенттік фракцияның бірлескен отырысында өтті. Іс-шара партияның аймақтық филиалдарының бейнеконференцбайланыс режиміне қосылуы арқылы жүргізілді.
«Ақжолдықтар» Мемлекет басшысының кезектен тыс президенттік сайлау туралы бастамасын қолдайды.
«Сайлау туралы мәлімдеме белсенді қоғамдық жағдайда көпшіліктің назарына жолданды. Біз, демократиялық партия ретінде, Президент Тоқаевқа либералдық құндылықтарды ұстанғаны үшін өз алғысымызды білдіруге тиіспіз. Оған кезекті сайлауға дейін өз лауазымында қалуға ештеңе де кедергі келтірмеді. Бұл – халықаралық алдыңғы қатарлы тәжірибеге сүйенген әдеттегі дәстүр. Алайда, Президент жалпыхалықтық сайлау жөнінде шешім қабылдады. Сайлау таза, ашық әрі әділ өтетініне сенім білдірді», - деп атап өтті сөйлеген сөзінде Азат Перуашев.
Ол партияның сайлауға қатысуы, президенттік сайлауға кандидаттарды ұсыну жөніндегі шешім тек қана құрылтайда қабылданатынын жеткізді.
«Демократиялық қағидаларды ұстана отырып, құрылтайдың әрбір делегаттары өз үміткерлерін ұсына алады. Дегенмен, соңғы шешімді партия съезі қабылдайды», - деп толықтырып өтті «Ақ жол» жетекшісі.
Осыған байланысты, ұйымдастыру мәселелерін және делегат өкілдерінің нормасын бекіту үшін президиум алдағы сенбі күніне, 13 сәуірге, партияның Орталық Кеңесінің пленумын шақыруды бекітті.