Қазыбек Иса: ТӘУЕЛСІЗДІК атын жоюға тапсырма берген ӘКІМДЕР ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ қалай отырады?!.
2019 ж. 01 сәуір
4893
0
Белгілі қоғам қайраткері, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Тәуелсіздік даңғылдарын өзгертуге шешім шығарған әкімдер мен мәслихат депутаттарын қызметтерінен кетіру керектігін айтты.
Бұл туралы ол «Қазақ үні» ақпарат агенттігінде жариялаған мақаласында жазды, - деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі.
— Жарыс жанталасының екпіні қандай болғанын Тәуелсіздік даңғылын өзгертуге аталмыш мәслихаттарға бір сағаттың арасында ғана уақыт жеткілікті болғанынан-ақ білуге болады… Ендеше осындай ғарыштық қарқынмен, Тәуелсіздіктің атын алып тастауға 28 минуттай уақыт жұмсаған Павлодар облыстық мәслихат депутаттары 28 жылдан бері неге орыстың ауру патшазадасының аты «Павлодарды» алып тастай алмай отыр? — деп жазды Қ. Иса.
Қоғам қайраткерінің сөзінше, қасиетті ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ АТЫН ҚОРҒАП, БІР ДЕ БІР ДЕПУТАТТЫҢ ШЫҚПАҒАНЫ біздің ұлтық қауіпсіздік деңгейіміз қауіпті жағдайда тұрғанын көрсетеді.
— Ендеше, бұндай мәслихат депутаттарының не керегі бар?!. Осы ТӘУЕЛСІЗДІК ұғымына қарсы шығып отырған шешімдерімен бұл мәслихаттар өзін-өзі таратуға дайындап отыр ғой… Мәслихат хатшылары мен депутаттар Әкімнің айтуынсыз аттап баспайтынын ескерсек, ТӘУЕЛСІЗДІК атын жоюға тапсырма берген, бастама көтерген ӘКІМДЕР ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ қалай отырады?!. — деп ашық жазды ол.
Еске сала кетейік, осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістандағы іс-сапары барысында жергілікті артқарушы биліктің үстінен шағым түскен жағдайда олардың жазаға тартылатынын айтқан болатын.