Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтаулар келді
2019 ж. 29 наурыз
2311
0
Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісуіне орай, Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау жеделхаттары мен хаттар келіп түсуде, - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Испания Королі Фелипе өзінің жеделхатында Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы құттықтауын жеткізіп, Испанияның Қазақстанмен арадағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға және екі жақты байланыстарды тереңдетуге ниетті екенін атап өткен.
Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Сауд Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісуімен құттықтап, достас Қазақстан халқына бақ-береке тіледі. Сондай-ақ Қазақстанның өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдірді.
Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған жеке өзінің және барша Түркия халқының атынан Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісуімен құттықтады.
«Сіз Президенттік мандатыңыздың кезінде достас әрі бауырлас екі халық арасындағы қол жеткізілген табысты қарым-қатынастар сақталып, одан әрі тереңдей түсетініне кәміл сенемін», – деп атап өткен Режеп Тайип Ердоған.
АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео өзінің құттықтау жеделхатында Қазақстанның осындай тарихи сәтте дамудың конституциялық қағидаттарын қатаң сақтайтынын тағы да дәлелдегенін атап өткен.
«Америка Құрама Штаттары Қазақстанмен серіктестікті нығайтуды көздейді және әрдайым елдеріңіздің егемендігінің, тәуелсіздігі мен шекаралық тұтастығының сақталуын қолдайды. Қазақстанның қауіпсіздігін Сізбен бірлесе қамтамасыз етіп, өркендету үшін белсенді жұмыс атқаруды асыға күтеміз», – делінген жеделхатта.
Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко екі елдің жан-жақты табысты ынтымақтастығы алдағы уақытта да стратегиялық серіктестік пен сенім негізінде дами беретініне сенім білдірді.
«Белорусьте Сізді Қазақстан халқының зор құрметіне ие болған дана мемлекет қайраткері ретінде біледі», – деді Александр Лукашенко.
Жапония Үкіметі мен халқының атынан Премьер-Министр Синдзо Абэ де құттықтау хатын жолдады. Ол өзінің хатында Қазақстан мен Жапония арасындағы өзара ықпалдастықтың маңыздылығын айтып, Қазақстан Республикасының өңірлік және халықаралық мәселелердегі стратегиялық рөліне тоқталған.
«Қазақстанмен бірлесіп, 2004 жылы Сіз бастамашылық еткен «Орталық Азия + Жапония» диалогы аясында өңірлік ынтымақтастықты дамыту жұмыстарын жалғастыруға ниеттіміз», – делінген жеделхатта.
Корея Республикасының Президенті Мун Чже Ин өз құттықтауында Қазақстан Кореяның Орталық Азиядағы ең ірі сауда-инвестициялық серіктесі екеніне тоқталып, Қазақстан Республикасымен жан-жақты ынтымақтастық орнату бүкіл Еуразия аумағындағы орнықты дамудың негізі саналатынын айтқан.
Сонымен қатар, өзінің құттықтауын Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистё де жолдаған.
«Финляндия мен Қазақстанды табысты қарым-қатынастар байланыстырады. Мұнда сауда және экономика саласындағы белсенді серіктестік маңызды рөл атқарып отыр. Біз екі жақты және халықаралық күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсуге әзірміз», – делінген жеделхатта.
Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулга өзінің құттықтау хатында Қазақстан мен Моңғолияның өзара ықпалдастығының деңгейі жоғары екенін атап өтіп, халықтарымыз арасындағы достық байланыстарды одан әрі кеңейтуге және дамытуға ниетті екенін жеткізген.
Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мұхаммед Ашраф Ғани өзінің құттықтауында Қазақстан Президентіне жүктелген аса жауапты миссияның маңыздылығын және екі жақты қарым-қатынасты дамыту үшін әлеуеттің зор екенін атап өткен.
Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті Халифа бен Заид Әл Нахаян, Вице-президент, Біріккен Араб Әмірліктерінің Премьер-Министрі, Дубайдың билеушісі Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, Сауд Арабиясы Корольдігі Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, қорғаныс министрі, тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Абдуләзиз Әл Сауд, Абу Дабидың тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян өздерінің құттықтау хаттарында екіжақты қатынастардың одан әрі дами түсетініне үміт артатынын айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметіне табыс және достас Қазақстан халқына бақ-береке тілеген.
Ауғанстан Ислам Республикасының атқарушы билігінің басшысы Абдулла Абдулла өзінің құттықтау хатында Мемлекет басшысына жылы лебізін білдіре отырып, Ауғанстан Үкіметі өзара ынтымақтастықты қолдайтынын және оны барлық салада нығайтуға атсалысатынын айтқан.
Ауғанстан Ислам Республикасының жоғарғы палатасының спикері Фазел Хади Муслимяр өзінің жеделхатында Мемлекет басшысының жауапты қызметіне табыс тілеп, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы қатынастардың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысының атына өзінің құттықтау хатын Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян да жолдады.
«Сіздің мемлекет пен халыққа қызмет ету ісіндегі жоғары біліктілігіңіз, мол тәжірибеңіз, халықаралық аренадағы беделіңіз, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың білдірген сенімі Сізге Қазақстанның экономикасы мен мемлекеттілігін одан әрі дамытып, нығайту міндетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сіздің жоғары лауазымдағы қызметіңіз Еуразиялық экономикалық одақтағы интеграциялық үдерістердің одан әрі жан-жақты дамуына септігін тигізеді, – делінген жеделхатта.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бас хатшысы Анхель Гурриа өзінің құттықтау хатында Қазақстан үшін дамудың маңызды кезеңіндегі Президент лауазымында Қасым-Жомарт Тоқаевтың табысқа жетуіне тілектестік білдірген.
«Өткен он жылда Сіздің еліңіз таң қаларлық жетістіктерге қол жеткізді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы экономикалық реформаларды одан әрі жүзеге асырып, әлеуметтік дамуға қол жеткізуді жүзеге асыру ісінде Қазақстанға қолдау көрсететінін нық сеніммен айтқым келеді», – деді А.Гурриа.