Әлихан Смайылов: Астана атауын өзгерту үшін қазынадан қосымша ақша керек емес
2019 ж. 27 наурыз
8762
3
Астана атауын өзгерту үшін қазынадан қосымша ақша керек емес. Бұл жөнінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді. Нұр-Сұлтан қаласы қылып ауыстыру үшін бюджеттен жыл сайын бөлінетін 40 млн теңге жеткілікті көрінеді.
Альпари" ақпараттық-сараптама орталығының өкілдері мұндай қыруар жұмысқа 47 млрд 300 млн теңге қажет деген ақпарат таратқан болатын. Әлихан Смайылов бұл есеп-қисап негізсіз дейді. Шындығында бұл процесске қанша қаржы қажет?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
125 млн доллар немесе 47 млрд 300 млн теңге. Астана атауын өзгертуге осыншама қаржы қажет деген "Альпари" ақпараттық-сараптама орталығының осы мәліметі көпті күпті етіп қойғаны анық. Алайда, бұл есеп-қисап мүлдем қисынсыз деген Қаржы министрі Әлихан Смайылов, бұл пікірмен келіспейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жұмыс ешқандай қосымша шығынды қажет етпейді екен. Себебі, қолданыстағы бланкілер мен құжаттамалардың барлығы электронды жүйеге көшкені жұмысты қиындатпайтын көрінеді.
ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
"Атауды өзгерту үшін қосымша қаражат бөлінбейді. Ол ағымдағы бөлінген қаражаттың есебінен болады. Мысалы, орталық мемлекеттік органдар үшін ол осы Нұр-Сұлтан қаласындағы орналасқан ғимараттардың белгілерін ауыстыру қажет болады. Ол жыл сайын бөлінетін қаражат есебінен және осы қаражаттың шеңберінде жүзеге асыруға мүкіндігі бар".
Жұртты дүрліктіргенақпарат ғаламторға шығысымен Әлихан Смайылов қала әкімімен тілдесіпті. Оның барысында Бақыт Сұлтанов жаппай өзгерту болмайтынын, шаһар бюджетіндегі қаржының қажетті шараларға жеткілікті екенін жеткізген.
ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
"Бұл жерде мен кеше Астана қаласының әкімімен сөйлестім. Олар жалпы барлық белгілер мен барлық атауларды бір ретте өзгертуге ондай жоспарлары жоқ. Олар кезең-кезеңмен бірте-берте жасалатын болады. Ескіргендерді ауыстыру бойынша жыл сайын 40 млн теңге қарастырылған бюджетте, осы қаражат есебінен жасалынатын болады деп маған кеше түсіндірді".
Экономист Сапарбай Жұбаевтың пікірі министрдің ойымен астасып жатыр. Маман елорда атау ыөзгерді екен деп жаппай құжат ауыстыру болмайтынын жеткізді. Ал, мемлекеттік органдардың маңдайшаларындағы жазуды өзгерту қыруар қаржыны қажет етпейтін шаруа, - дейді сарапшы.
САПАРБАЙ ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:
"Кәсіпорындар өздерінің алдындағы тақтайшалары бар ғой жазылған Астана қаласы делінген, соларды ауыстыруға. Олардың енді 10-20 мыңы ауыстырады екен. Ол 2-3 миллионға барып жатыр. Мұның барлығы бюджеттікі емес. Көбі коммерциялық кәсіпорындар. Бюджеттегілер нені ауыстыруы мүмкін? Бланкілерін ауыстыруы мүмкін. Кей ұйымдар тақтайшаларын ауыстыруы мүмкін. Оның барлығын есептегенде 7-8 миллионнан аспастан тұр".
Ал, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Астана атауының өзгеруі қоғамда қызу пікірталас туғызғанын мойындады. Арасында жағымсыз пікірлер де болғанын жасырмаған ол, уақыт өте келе халықтың Нұр-Сұлтан атауына да үйренісіп кететінін айтты.
ДӘУРЕН АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
"Елорда атын ауыстыру қоғамда үлкен резонанс туғызғанын мойындау керек. Соның арасында жағымсыз пікірлер де болды. Барлығына белгілі бір уақыт керек. Біраз уақыт өтсін, сонда барлығы түсінікті болады. Ақмоланың атауын Астана деп өзгерткен кезде де көптеген мем таралған еді. Сосын уақыт өткен соң біз "Астана" брендіне үйреніп кеттік".
Осы тұста айта кетерлігі, Астана атауының өзгергенімен қарапайым халық ешқандай құжаттарын ауыстырмайды. Кейбірі жарамсыз болып қалады екен деген әңгіме құры қауесет. Бұл жайлы Әділет минитрлігі хабарлап отыр. Осылайша Әлихан Смайылов кейбір сарапшылардың дақпырт мәліметтеріне нүкте қойғандай болды. Министрдің сөзінше, қала бюджетіндегі қарды өзгерту жұмыстарын толық көлемде атқару үшін жеткілікті. Сондықтан, ведомство басшысы бұл процеске қосымша бюджеттің бірде-бір тиыны бөлінбейді деп сендірді.