ДЕКЛАРАЦИЯ: БАЙЛЫҚТАРЫҢДЫ ЖАСЫРМАЙ ЖАРИЯЛАҢДАР!
2019 ж. 11 наурыз
7139
2
Декларация туралы әңгіме сонау егеменді ел аталып, тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңнің алғашқы жылдарының өзінде талай рет қозғалған болатын. Салық саясатын дұрыс жүргізуге, жемқорлықтың жолын жабуға ықпал ететін осы бір ұтымды шараны неге екенін, үнемі кейінге сырғытумен келдік. Айтар уәж де жеткілікті еді сол кезде. Біздің билік пен кейбір білікті деген экономист сарапшыларымыздың өзі «Біз мұндай ауқымды істі енгізуге әлі дайын емеспіз» деген сылтау айтып, кежегелері кейін кетіп тұрды. Олардың қандай бағыт ұстанғанын кім білсін, халықтың ата-бабаларынан бері қалған ортақ байлығын жекешелендіріп, жіліктеп бөлісіп болмаған соң ба, көлденеңнен шыққан кертартпалар оған дер кезінде жол бермеді. Егемендігімізге 24 жыл болғанда ғана, 2015 жылдың 18 қарашасында мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. Сөйтіп, бұл бағыттағы сірескен сең сөгілгендей болды...
Алдымен декларация деген ұғымның өзіне тоқтала кетейік. Ол латынша мәлімдеу, хабарлау, жариялау деген мағынаны білдіреді. Әдетте, мемлекеттік саясат пен құқықтық, халықаралық қарым-қатынастардың негізгі принциптерін салтанатты түрде жариялайтын құжаттың сипатын беретіні белгілі. Мысалы, халықаралық деңгейдегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 1948 жылы 10 желтоқсандағы Адам құқықтары туралы жалпыға бірдей декларациясы да осыған дәлел. Сол сияқты өзіміздегі 1990 жылы 25 қазанда жарияланған Қазақстанның егемендігі туралы декларацияны да атауға болады. Дегенмен, декларацияның түрі көп. Айталық, салық, кеден декларациясы... сияқты болып жалғасып кете береді.
Халықаралық тәжірибеде тұрғындардың нақты табыстарын салықтық бақылау және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл құралы ретінде жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін ашық жариялап тұру әлемнің көптеген елдерінде бұрыннан бері қолданылып келеді. Экономиканың ашықтығына ықпал ететін бұл құжатты енгізу біздің елімізде кенжелеп қалғанын айтуымыз керек.
Бірінші кезекте осыдан 4 жыл бұрын қабылданған құжатты неге қайта еске түсіріп отырғанымыздың себебін түсіндіре кетелік. Біздің қоғамда науқаншылдық деген «созылмалы сырқат» бар. Қандай маңызды құжат, мемлекеттік бағдарлама қабылданса да бастапқы кезде қызыл кеңірдек болып айқайға басамыз да, 2-3 ай өткен соң оны мүлдем ұмытамыз. Жалпыға бірдей декларациялауға көшуді қамтамасыз ету бойынша негізгі міндеттерінде халықты ауқымды түрде ақпараттандыру туралы анық көрсетілген. Ал іс жүзінде сол міндеттер атқарылды ма? Әрине жоқ. Бастапқы кезде бұқаралық ақапарат құралдарында бірді-екілі айтылды да қойды. Қазір кез келген қарапайым тұрғындардан «Сіз декларация туралы не білесіз?» деп сұраңызшы, солардың тоқсан пайызы толық жауап бере алмайды. Оның нақты қалай іске асатынын, өзінің қандай міндеттері барын білмейді. Мүлікті жария ету міндетінен мүлдем хабарсыздар да табылады. Өйткені халық арасында түсіндіру жұмыстары өте нашар жүргізілді. Сондықтан, декларация туралы қысқа да болса мәлімет бере кеткеннің артықшылығы болмас. Ал жалпыға бірдей табыстары мен мүліктері туралы декларация өткізу басталатын 2020 жылға да көп уақыт қалған жоқ. Сонда бұл ауқымды шараны ешқандай дайындығы жоқ мемлеттік органдар қалай жүргізбекші?
Қазақстан Республикасында барлық жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін декларациялау кезең-кезеңімен енгізілу көзделген. 2015 жылы қабылданған заң Ұлт жоспары – бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамының 42-қадамын, ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның аясында әзірленгені алдымен айтылды. Мәселен, 2017 жылы басталған 1-кезеңде жеке тұлғалардың дайындалған санаты ретінде мемлекеттік мекемелер, сондай-ақ ұлттық компаниялардың әкімшілік және мемлекеттік кәсіпорындар қызметшілері табысын жариялап, 2020 жылдан бастап 2-кезеңде барлық қалған жеке тұлғаларды қамтитын болады.
Декларацияны еліміздің барлық кәмелетке толған азаматтары, оралмандар және тұруға ықтиярхаты бар тұлғалар, оларға тіркелген мүлік болған кезде кәмелетке толмаған балалар да, сондай-ақ ел аумағында мүлігі болған немесе Қазақстан Республикасынан салық салынбаған табысы бар шетелдіктер тапсыруға міндетті. Жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлердегі бар мүлкі, қаржылық жинақтары туралы декларацияны өздері ұсыну арқылы жүзеге асырылады.
Табыстары, мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын жылжымайтын мүлік, көлік, бағалы қағаздар, бизнеске немесе кәсіпке қатысу үлесі және тағы басқа мүлікті иеліктен айыру немесе сатып алу туралы мәліметтер, сондай-ақ шығыстардың көздері көрсетілетін жеке тұлғаның табыстары мен мүлкі туралы декларация жыл сайын көрсетілуге тиісті. Бұл ретте, табысы жоқ тұлғалар, немесе мемлекеттік қызметші, депутат, судья, өз бетінше жұмыс жасайтын адамдар болып табылмайтын, тек еңбек ақы немесе зейнетақы түрінде ғана табыстарды алатын тұлғалар, декларацияны бір парақтағы оңайлатылған түрде тапсыратын болады.
Сондай-ақ, заңда салық шегерімдерін кеңейту қарастырылған. Осылайша, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, міндетті зейнетақы төлемдері, ең төменгі айлық есептік көрсеткіш, сақтандыру сыйақыларын төлеуге жұмсалған шығыстары, тұрғын-үй құрылыс жинақ банкісінен алған қарыздар бойынша сыйақыларды төлеуге бағытталған сомалары, медициналық қызметтерге жұмсалған шығындарды төлеуге бағытталған шығыстарды төлеу түріндегі қолданыстағы салық шегерімдерінен бөлек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, көп балалы отбасылар үшін, білім алуға жұмсалған шығыстары бойынша, ҚР-ның кез келген банкісінен алынған ипотекалық тұрғын-үй қарыздары бойынша сыйақыларды төлеуге салық шегерімдері қолданылатын болады.
Тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделген салық бақылауы мақсатында сонымен қатар, үшінші тұлғалардан алынған мәліметтер қолданылады. Жеке тұлғаның жариялаған табыстары шын мәніндегі табыстарына сәйкес келмеген жағдайда, жанама әдіспен анықталған табыстан жеке табыс салығын есептеу бойынша нормалар, тіпті айыппұл салу да қарастырылған. Заңмен қарастырылған шаралардың іске асырылуы салық салудан жалтаруды анықтау және көлеңкелі экономиканың көлемін азайту мақсатында бақылауды жүзеге асыруға ықпал ететін болады. Жеке тұлғалардың декларацияны ұсынудың 2 мерзімі көзделген: – 15 шілдеге дейін қағаз бетінде; 15 қыркүйектен кешіктірмей – электрондық түрде. Заңның қысқаша негізгі ережелері осыған саяды.
Қарап отырсаңыз, құжатта көрсетілген заңның кемшілігі жоқ сияқты, мәселе оның нақты орындалуында болып отыр. Бұл ережелер салық және сыбайлас жемқорлықпен күресу саласына қатысты заңдарда да көрініс береді. Айналып келгенде, басты мақсат – мемлекет қоржынына тұрғындар тарапынан көбірек қаржы түсіру, жемқорлықтың жолын бөгеп, жасырын табыс табуды тоқтату болып табылады.
Оны да дұрыс делік. Аталмыш заң іске қосылған 2017 жылдан бері, өзінің бірінші кезеңінде қалай жүзеге асты? Әділін айтсақ осынау құжаттың орындалу барысы жайындағы ақпаратты ешкім ашық таратқан жоқ, жасырын, құпия күйінде қалды. Жариялаудың бірінші кезеңінде мемлекеттік мекемелер, ұлттық компаниялардың әкімшілік және мемлекеттік, жеке ірі кәсіпорын иелері мен қызметшілерінің көпшіліктің назарына ұсынған декларациясын көрген адам бар ма? Оны бұқаралық ақпарат құралдары мен ең жиі қолданатын әлеуметтік желілерден айлап іздесеңіз де таба алмайсыз. Сонда бұл неғылған декларация?
Құдайға шүкір, бізде байлар аз емес. Салықтың ең қомақты бөлігі солар арқылы түседі деп күтілген-ді. Еліміздегі байлығын есептемегенде, олар шетелге де жақсы танымал. Өйткені, Қазақстанда тапқан қаржыларын шетелдерде жаратуда, былайша айтқанда солардың экономикасын дамытуда. Еуропаның төрінен қымбат сарайлар, яхталар, ұшақтар сатып алып ескі құрлық байларын есінен тандырып жатқаны да айтылып жатыр. Шетелдік құқық қорғау орындары бұл есепсіз байлықтың тазалығына күдік келтіргені де белгілі. Бір ғажабы біздің байлардың қаражатын өз отандастарымыздан бұрын шет жұрттықтар жақсы білетін болып шығады. Өйткені, бізде ашықтық жоқ. Неге құпия ұстайды? Әдетте ұрланған ақшаны ғана жасырады, олай болса біздің құқық қорғау орындары не бітіріп отыр? Әлде жалпыға бірдей декларациялаудың біздің байларға қатысы жоқ па?
2015 жылы біздің елдегі бай адамдардың саны 6,9 мың болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 7,5 мың адамға жетті деп хабарлаған болатын кезінде Baq.kz ақпарат агенттігі.Knight Frank деректеріне сәйкес, 2006 жылы Қазақстанда дәулеті $1 миллионға жететін 3,4 мың адам болатын, ал 10 жылдан соң 6,7 мың адамға өскен.
Ауқаты $10 миллионнан асатын мультимиллионерлер 2006 жылы 260 адам, ал 2016 жылы 520 адам болды.
2006 жылы Қазақстанда таза табыс деңгейі жоғары (UHNWI), 30 миллион доллардан астам инвестициялық активтері бар 120 адам өмір сүрсе, 2016 жылы олардың саны 230 адамды құрады. Ал 100 миллион доллардан жоғары активі бар қазақстандықтар 15 болатын, былтыр 29 адамға жетті.Сарапшылардың айтуынша, 2025 жылға дейін Қазақстандағы миллионерлер мен миллиардерлер саны 12 мыңға дейін өсуі мүмкін. Ал «Форбес» жариялаған Қазақстандағы ең бай 50 адамның жалпы қаржысы – 25, 5 млрд. доллардан асқан.
Адамдарымыздың байлы-бақуатты болуына ешкім қарсы емес, негізгі мақсатымыз да сол емес пе. Ең бастысы, миллиардтарын адал еңбегімен тауып, тиісті салықтарын төлеп тұрса болғаны. Бірақ, оған да үлкен күман бар. Ашықтық болмаған жерде жалған ақпараттарға жол берілетіні белгілі. Қазақша айтқанда өсек-аяң гулеп кетеді. Біздің байларымыз туралы неше түрлі алыпқашпа әңгімелер әлеуметтік желілерді жайлап алған. Оның бәріне сене де беруге болмайтын шығар. Біздің оқырмандарымыз «Осындай ақпаратты таратқандарды біздің байларымыз неге сотқа беріп, тоқтатпайды?» деген де сұрақтар қойып жатады. Оны байлардың өзінен сұрау керек. Бәлкім табыстың түбі шикі болған соң сотқа беруге батылы жетпейтін шығар, кім білсін...
Заңда мемлекеттік қызметшілер бір парақтық қысқа декларация ғана толтыра алатыны көрсетілген. Олардың қатарына әкімдер, судьялар, министрлер мен депутаттар да кіреді. Шынын айтсақ солардың көбісі қаражаяу емес, бизнес саласынан келгендер. Қомақты пайда табатын қосымша кәсіптерін туыстарының, таныстарының атына жаздырып қойып, өздері «тақыр кедей» болып жүргендер қаншама. Былайша айтқанда, бір қолымен бизнесін жүргізіп, екінші қолымен билік тізгінін ұстап отырғандар. Алматы әкімі болып тұрғанда Ахметжан Есімов «Басымда жеке баспанам жоқ, әйелімнің атындағы үйде тұрып жатырмын» деп жұрттың жүрегін ауыртқаны бар. Олай болса оны әлеуметтік жағынан нашар қорғалғандардың қатарына кіргізіп, баспана кезегіне бірінші етіп қою керек. Елге танымал шенеуніктің баспанасыз жүргені бүкіл қазақтың сүйегіне таңба түсірмей ме? Немесе талай жылдар көптеген лауазымды мемлекеттік қызметтерді атқарған, тіпті, Президент аппаратының басшысы болған Әділбек Жақсыбековты алайық. Қызметтен кетісімен өзінің «Цеснабанкін» басқаруға кірісіп кетті. Сонда ол қалай ғана мемлекеттік қызметте жүрген? Бұл біздегі заңға қайшы болса да онысын ешкім байқамағаны ма? Мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады.
Бұны не үшін айтып отырмыз. Мемлекет қоржынын толтыруға үлкен үлес қосады деген байлы-бағыландарымыз бірінші болып табыстарын жасыратыны бүгіннің өзінде анық байқалады. Оларға салық пен құқық қорғау саласының қызметкерлері де батып ештеңе айта алмайды. Қалтасында қаржысы, қолында билігі барларға батылы жетпейді, өйткені өз бастарына бәле тілеп алатынын біледі. Ал, табысынан он мың теңге жасырып қалған кедей-кепшіктерге қоқаңдау қолдарынан келеді, айыппұл салып төбесінде әңгіртаяқ ойнатады. Сондықтан, бұл заңмен бекітілген шараның әділ, ережелерге сай жүргізілгені жөн. Жалпыхалықтық табыс пен мүлікті жариялау жайындағы шағын ғана әңгімемізді түйіндей келе бізге кешігіп жеткен декларацияның алдында даңғыл жол жатыр деп айтудың өзі қиын-ау...
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz