Қазыбек Иса. ЖОЛДАРЫМ
2019 ж. 11 наурыз
5610
5
Өмір - өлең
Кедергісіз өткен жоқ қой әр күнім, Жоғалтпады сонда да өмір тартымын. Жүріп өткен жолдарыма қарама, Жүрегіңді ауыртасың алтыным. Қалдырса да жанымда бұл көп белгі, Неғыласың өткен менен кеткенді... Жүріп өткен жолдарымды сұрама, Жүрегіңді ауыртпашы текке енді... Осы жолдар жеткізеді далама, Осы жолмен кетті әкем, жан ана... Жолдарымнан қалып қойған бір белгі, Қарсы алдыңнан шықса дағы қарама! Бәріне де шыдап келді бұл ерің, Көрдім Сені- Жол ашылды білемін! Қабағыңа кірбің түссе, күнім-ау, Менің дағы ауырады жүрегім... Арайыңнан ақ таңымның атқанын, Сездім дағы сезімге мен батқамын.. Жүріп өткен жолдарыма қарама, Мені сүйген жүрегіңді сақтағын!.. Не көрмеді мына өмірде бұл ақын, Құласа да қайта қарғып тұратын... Жолда Саған жолығуым – Бақытым! Бір Алладан келді солай рахым. Өткен күнге өкпелемей жүр, жаным, Сені сүйген жүрегімде тұр жалын. Қанша қиын болса дағы жолдарым, Саған алып келген Жолға ырзамын! Қазыбек ИСА 11.03.2019.