«Ақ жол» партиясының Түркістан облыстық филиалы құрылды

2019 жылдың 2 наурызында Түркістан қаласында "Aқ жол" Демократиялық партиясының облыстық филиалының кезектен тыс конференциясы болып өтті.
Конференцияны кіріспе сөзбен «Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев ашты.  Конференцияға «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, Мəжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов, партия Орталық Кеңесі хатшысы Әбдіразақ Сұлтанов, партияның Орталық аппаратының ревизиялық қадағалау комиссиясының төрағасы Болат Өтепбаев, «Ақ жол» ҚДП Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әлімхан Әбжанов қатысып, сөз сөйледі. Сонымен қатар, конференция жұмысына партияның Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асқар Садықов мен Қызылорда облысы филиалы төрағасы Жорабек Пірманов те қатысты.
Конференцияға Түркістан облысының аудандарынан 300  делегат қатысты. Конференцияда екі мəселе қаралды. Олар: 1) 2018 жылдың 13 желтоқсанында Астана қаласында өткен партияның ХlVсъезінің Түркістан облыстық партия филиалын құру туралы шешімін орындау; 2)Түркістан облыстық филиалының төрағасын және кеңес мүшелерін сайлау. Конференция қорытындысы бойынша Түркістан облыстық филиалының төрағасы болып кәсіпкер Қаныбек Әбішев Әлмаханұлы бір ауыздан сайланды. Облыстық кеңес  25 адамнан құралатын болды.  Конференция тиісті қаулы қабылдады. Конференция соңында  А.Перуашев пен Б.Дүйсенбинов Мәжіліс депутаттары  ретінде жұртшылықтың берген сауалдарына тұжырымды жауаптарын берді. Соның ішінде Азат Перуашев Елбасының жуырда ғана көпбалалы аналарға қолдау жөніндегі тапсырмасына кеңірек тоқтап, түсіндірді. Конференцияға қатысқан көпбалалы аналармен кездесіп, олардың сауалдарына жауап қайтарды.  

Түркістан облыстық филиалына Ақ  жол!

  Түркістан – екі дүние есігі ғой. Түркістан – ер түріктің бесігі ғой. Тамаша Түркістандай жерде туған Түріктің Тәңір берген несібі ғой!- деп,  Алаштың ақиық ақыны Мағжан жырлаған Түркістан бұл! Түркістан -түгел түркінің қасиетті руxани ордасы. Ел осы Түркістанның облыс орталығы болуын тілеп келді. Елбасы ел тілегін екі есе орындап, Түркістанды облыс орталығы етіп, облыстың да атын Түркістанға ауыстырды. Киелі Түркістан атын иеленулеріңіз құтты болсын, құрметті түркістандықтар! Жолда біз Есім ханнның бас қолбасшысы болған Алатау батырдың ескерткішіне тағзым етіп,  қасиетті Әзіре Сұлтан – Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне зиярат етіп шықтық. Ондағы бүкіл хандарымыз бен би-батырларымыздың рухына құран бағыштадық. Түркістанның облысқа айналуына  ұлттық мүддені ұлықтап келе жатқан  "Ақ жол" партиясының да үлесі бар. Біз жыл сайын киелі Рамазан айында қасиетті Түркістанда ауызашар беріп келеміз. Былтыр мамырдың  25-26  күндері    ауызашар өткен күні партияның Орталық Кеңесі пленумын да  өткіздік.  Партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев сол  ауызашарда: «Жыл сайын ауызашарда  Түркістанды облыс орталығы немесе республикалық маңызы бар қала етуді  тілейтін едік, қасиетті Рамазан айында тілегіміз періштелердің құлағына шалынып, биыл осы түгел түркі елеңдей күткен игі шара қолға алынып жатыр»-деген еді. Міне, қасиетті Рамазан айында, киелі Түркістанда айтылған тілекті Алла қабыл алып, Түркістан облысқа және облыс орталығына айналып отыр. "Ақ жол" партиясының Түркістан облыстық филиалы барлық облысқа үлгі боларлықтай алда болуы тиіс. Өйткені, Түркістан мәдениет пен руxанияттың ордасы. Түркістандықтар о бастан саяси сауатты да жауапты болып, қоғамдық белсенділіктерін көрсетіп келеді.  Оны, міне, мынау 350 адамдық залдың ине шаншар ооын қалдырмай толып отырғанынан-ақ білуге болады. Ал қазір Түркістан облысы филиалының тұңғыш төрағасы болып сайланған  іскер кәсіпкер бауырымыз Қаныбек Әбіш Әлмаxанұлы бұл тұңғыш деген сөздің салмағын,  жауапты  міндетті  абыройлы  атқара біледі деп сенеміз! "Ақ жол" партиясының Түркістан облыстық филиалына Ақ жол тілейміз! Сөзімді Тұран тұлғасына айналған ұлы Мағжан ақынның өлеңімен бастап едім. Енді өз өлеңіммен аяқтайын: Алуан үн бойыңда қырқысқанда, Аруағың жаныңды шын қысқанда, Бір Құдірет өмірде бар екенін, Білгің келсе- Келіп қайт Түркістанға!   Қазыбек ИСА "Ақ жол" партиясы төрағасы орынбасары    

Түркістан облысы «Ақ жол» партиясы филиалы төрағасы Қаныбек Әбіш Әлмаханұлының өмірбаяны:

​Туған жылы және жері: 21 желтоқсан 1972 жыл, Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы, Октябрдін 50 жылдығы совхозында дүниеге​ келген. ​Білімі: 1990 жылы – Шардара ауданы, Юбелейный орта мектебі түлегі,​ ​ 2003 жылы​ –​ Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін "Инженер – металург" мамандығы бойынша бітірген.​ ​ 2016 жылы​ -​ Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар достығы университетін​ «Экономика»​ мамандығы бойынша бітірген. ​ Жұмыс тәжірибесі: 1990-1991​ жылдары Шымкент қаласы қорғасын зауытында ағаш ұстасы мамандығы бойынша жұмыс атқарған. ​ 1997-1999 жылдары Шымкент қаласы «Батсу» ЖШС ​​жеткізуші мамандығы бойынша жұмыс атқарған. ​ 2000-2001 жылдары «Батсу» ЖШС қыш зауыты директоры қызметін атқарған. ​ 2001-2003 жылдары «Энергосбыт» ЖШС директоры қызметін атқарған. ​ 2003-2007 жылдары «Батсу Агро» ЖШС директоры қызметін атқарған. ​ 2007 жылдан осы уақытқа дейін «Ордабек» ЖШС директоры қызметін атқаруда. ​Отбасылық жағдайы Үйленген, 1- ұл, 3- қыз өсіруде. qazaquni.kz