Шәмшидинова: Біз Сағадиевтің саясатын емес, мемлекеттің білім саласындағы саясатын жалғастырамыз
2019 ж. 07 наурыз
5340
1
Жаңа білім министрі Сағадиевтің реформаларын емес, жаңа білім бағдарламасын дайындамақ. Бұл туралы Күләш Шәмшидинованың өзі мәлімдеді. Ведомство басшысының басын қатырып отырған тақырыптың бірі мектептерде жыныстық қатынас туралы түсіндіру. Министрлік әлі ерте ме, кешпе деп жүргенде мамандар ұят деген ұғым мен ұяңдықтықтан арылатын уақыт келді дейді. Бірақ мұғалімдер мен ата-аналар оған дайын емес.
Бұл туралы «Еуразия бірінші арнасы» хабарлайды.
«Қазақ айтады, қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман дейді. Осыны санасына сіңіруге бола ма, болады. Бірақ Астананың оқушыларына мүшеқап таратып жатқанда мыңқ етпеген білім министрлігі осы мәселеге байланысты иманды ұрпақ өсіреді дегенге күмәнім бар», - дейді мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан.
Қазір мектептерде дінтану пәні мен жыныстық қатынас туралы түсіндіру мәселесі қызу талқыда. Екеуі де маңызды, бірақ екеуі де ұстараның жүзіндей. Себебі ашық ақпарат көп. Үйде, мектепте айтылмағанымен, интернет арқылы бала бәрін біледі.
«Мәселен, мұғалімдер жыныстық қатынасқа қатысты кейбір дүниелерді ашық айта алмайды оқушыға. Ұялады. Біз осы жағына мән беруіміз керек. Педагогтар бұл мәселенің өте өзекті екенін ескеріп, ашық әңгіме айтылу керек», - дейді БҰҰ жанындағы қордың Қазақстандағы атқарушы өкілі Райымбек Сисемалиев.
Жыл сайын елімізде 15 пен 19 жас аралығындағы 1000 қыздың 30 пайызы жүкті болып қалады екен. Мұның сыртында жыныстық қатынас арқылы ауру жұқтырғандарын қосыңыз. Демек, жасөспірімдер салдарын білмесе де, оның ләззатын сезінуге құмар. Бірақ ашық айтуға ұят деген менталитет жібермейді.
«Бұл мәселе күн тәртібінде тұр. Бірақ біз халықтық менталитет, мәдени ерекшеліктерімізді, үлкендер мен баланың арасындағы қарым-қатынасты ескеруіміз тиіс. Сондықтан бір тәжірибені енгізбес бұрын, алдымен ата-аналарымызды да дайындап алуымыз қажет. Өйткені олар да баланың кейбір сұрағына жауап бере алатындай болуы керек қой. Барлық жағынанан қарастырамыз», - дейді білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова.
Біз әзірге бұл тақырыпты талқылап жүргенде, мектептегі қыз балаларға қатысты қорқынышты статистика өзгеріп барады. Өткен жылы Түркістан облысында 7 сынып оқушысы босанды. Кәмелетке толмай ана атанғандар қатары Маңғыстау, Жамбыл, Атырау, Алматы, Ақмола облыстарында да жиі байқалады.
«Қазіргі уақыттағы өмір салты кінәлі. Балаға ол тақырып қозғаған ерте. Ерте ерте деп қалай есейіп, осы жағдайға қалай тап болғанымызды білмей қаламыз. Табиғи нышандары басталған шақта бастауыңыз қажет. Ол 11-12 жас. Ол жас баламен ашық сөйлесетін тақырыптар. Оны ең жақын адамы қозғау керек. Жыныстық қарым-қатынас жағындағы тәрбиені өзінің жанындағы ең жақын адамы, қыздың анасы қозғау керек», - дейді психолог Ғалияш Махашева.
Сағадиевтің тұсында талқыланған өзекті тақырып жаңа министрдің де алдынан шықты. Мектептерде бұдан басқа да проблема жетеді. Айтпақшы, Күләш Шәмшидинова келесі жылы жаңа білім бағдарламасын дайындаймын дейді.
«Біз Сағадиевтің саясатын емес, мемлекеттің білім саласындағы саясатын жалғастырамыз», - дейді Шәмшидинова.