Қали Сәрсенбай: Елбасы ел көңіліндегі мәселелерді қозғады
2019 ж. 27 ақпан
4338
0
Бүгінгі жұртшылығымыздың санасы ояу, көзі ашық. Мұның өзін елімізде жүргізіліп жатқан жақсы жұмыстардың нәтижесі деп бағалауға болады. Жұрт бүгінде не нәрсеге де дер мезгілінде үн қосып, өзекті мәселелерді қозғап отырады. Бұл да біздің елдегі жариялылық пен ашықтықты айғақтайтын негізгі фактор болып табылады. Астанада өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясының кезекті сьезінен халқымыздың көп үміт күтіп отырғаны сондықтан да түсінікті деп ойлаймын.
Сьезде ел көңілінен шығатын көп мәселе қозғалды. Елбасы ішкі жағдайымыздың бәрін жетік білетіндігін, халқымыз үшін ең басты қажетті мәселелерді дөп табатындығын тағы бір байқатты.
Соңғы жылдары еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында, озық 30 елдің қатарына ену үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданғаны белгілі. Осындай жақсы бастамаларға қыруар қаржы да бөлінді, бірақ оның нәтижесі бірден көзге көріне қоймайтыны тағы рас. Осы мәселелерді жолға қою үшін Президент арнайы Мемлекеттік реформалардың тиімділігін бағалайтын орталық құрылатынын айтты.
«Бүгінде индустрия, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, денсаулық сақтау, білім және тағы басқа салалар бойынша мемлекеттік бағдарламар бар. Оған қыруар қаржы бөлінді. Соның бәрі жүзеге асатын болса, халықтың жағдайы түзеледі. Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясы мен Президент Әкімшілігіне мемлекеттік бағдарламалар мен реформалардың тиімділігін бағалайтын орталықты құруды тапсырамын», - деді Елбасы.
Шынында да, мемлекеттік бағдарламалар дұрыс жүзеге асатын болса, халықтың жағдайы түзелетін болады ғой. Кейінгі уақытта жұртшылық тарапынан әлеуметтік мәселелерге орай, көпбалалы отбасыларға байланысты мәселелердің жиі қозғала бастағаны біздің осы тұста ақсаңқырап қалғандығымызды көрсетеді.
Бұл орайда сьезде нақты айтылған мәселелер аз болмады. Мысалы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларда әрбір баланың төлемақысын 21 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды. Бұдан бөлек, мүгедек балаларды асырап отырған отбасылардың жәрдемақысы 30 пайызға өсетін болды. Елбасы «Нұр Отан» партиясы арқылы әлеуметтік маңызы бар мәселелердің бәрін бақылап отыруды тапсырды. Бұл бір жағынан жалпыхалықтық партияға деген ел сенімін арттырса, екінші жағынан бүкіл түйткілді мәселелердің дұрыс жолға қойылуын қамтамасыз ететін болады.
Қали СӘРСЕНБАЙ,
«Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Президент сыйлығы мен «Парасат»,
«Құрмет» ордендерінің иегері.