Назарбаев әр балаға 21 мың теңге төлеуді тапсырды
2019 ж. 27 ақпан
2242
0
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларда әр балаға 21 мың теңге төлеуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Тұрмысы төмен азаматтарға және көпбалалы отбасыларға көмек көрсету керек. Әр қазақстандық отбасы жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін болашақта емес, дәл бүгін сезінуі тиіс. Әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдауды күшейту қажет деп санаймын", - деді Назарбаев "Нұр Отан" партиясының сьезінде.
Оның айтуынша, елімізде 340 мыңнан астам отбасында кемінде төрт бала бар. Жыл сайын баласы бар отбасыларды қолдауға 500 миллиард теңге бөлінеді.
"Бірақ, әр отбасының кірісі әртүрлі. Біреуінікі аз, біреуінікі орташа, енді бірінікі көп. Осыны ескеру керек. Миллионерлерге мемлекеттен қосымша көмек көрсетіп не керек. Мемлекет, ең алдымен табысы төмен көпбалалы отбасыларға көмек көрсетуі тиіс. Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы баласы бар отбасыларды қолдау үшін көпбалалы отбасыларда әр балаға ең төменгі төлемді 21 мың теңге шамасында бекітуді тапсырамын", - деді Назарбаев.