"Марқұмның өзі келсін": БЖЗҚ журналистің даулы жазбасына жауап берді
2019 ж. 20 ақпан
3727
0
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры атынан qazaquni.kz сайтында 2019 жылғы 18 ақпанда жарияланған «Тележүргізуші: зейнетқы қоры қызметкері жерлеу үшін берілетін ақша сомасын білуге марқұмның өзі келуі керек деді» атты материалға жауап ретінде әзірленген мақала редакция поштасына келіп түсті. Мұрагерлік құқығы мәселесі қамтылған осы мақаланы оқырман қауымға ұсынамыз.
Редакциядан
Мұрагерлік құқық мәселесі ең бір күрделі мәселелердің бірі екені белгілі. Өйткені ол көптеген заң баптарын қамтиды және тиісті құжаттар топтамасын талап етеді.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) кеңселерінде де осы мәселе бойынша кейде салымшылар мен алушылар тарапынан түсініспеушіліктер орын алып жатады. Әдетте Қорда зейнетқы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасы мүшесіне немесе жерлеуді ұйымдастырған адамға қайтыс болған адамның жинақтары есебінен жерлеуге арналған біржолғы төлем төленеді. Міне осы ақшаны рәсімдеуге келгендердің көпшілігі: «Шотта қанша ақша жатыр? Білуге бола ма? Оның барлығын қашан бересіздер?» - деп сұрайды. Тіпті «Жалғыз мұрагер мен, жинақ ақшаны менің шотыма аударыңыздар» - деп, мұра қалдырушының қайтыс болғаны туралы куәлік пен өзінің жеке куәлігін ғана ұсынатындар бар.
Әрине, Қор мамандары туысынан, бауырынан айырылған азаматтардың жағдайын, ішкі күйзелісін жақсы түсінеді. Бірақ Қор тек заң аясында ғана қызмет атқарады. Мамандар осыны түсіндіруге тырысады. Ал кейбір азаматтар мұны түсінгілері келмей, Қор мамандарын айыптауға дейін барады. Осыған байланысты зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған адамның жинақтарын мұра бойынша қалай алуға болатындығы туралы тағы да түсіндіре кетуді ұйғардық.
Алдымен Қордың «Қазақстан республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 57-бабына сәйкес, салымшының зейнетақы жинақтарының құпиялылығына кепілдік беретіндігін айта кеткен жөн. Сондықтан жеке зейнетақы шотының болуы, ондағы ақша қалдықтары мен оның қозғалысы туралы анықтамалар, салымшы (алушы) қайтыс болған жағдайда, заң бойынша мұрагерлік құқығы туралы куәлікке сәйкес мұрагерлер болып табылатын немесе өсиетте аталған адамдарға жазбаша сұрау салу бойынша немесе соттарға олардың іс жүргізуіндегі мұрагерлік істер бойынша ұйғарымның негізінде беріледі. Сонымен қатар нотариустар мен шетелдік консулдық мекемелер өздерінің өндірісіндегі мұрагерлік істер бойынша (мұрагерлер өтініш берген жағдайда) қайтыс болған салымшылардың (алушылардың) Қорда жеке зейнетақы шотының және онда ақшаның болуы туралы анықтамаларды БЖЗҚ-ға сауал жолдау арқылы ала алады. Бұл қызмет нотариустарға жүгінген мұрагерлердің уақытын үнемдейді және қағазбастылықты азайтады.
Сонымен зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, Қор қажет жағдайда оның отбасына немесе жерлеуді ұйымдастырған адамға жерлеуге арналған біржолғы төлем төлейді. Бұл төлем 1998 жылдан бері жүзеге асырылып келеді және оның көлемі әр жылдары әрқалай болып келді. Ал биыл оның сомасы тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік
көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшерінде (2525*52,4 = 132 310 теңге) белгіленген.
Бірақ бұл сома жеке зейнетақы шотында жатқан қаражаттан аспауы тиіс. Егер жерлеуге арналған біржолғы төлемнен кейін шотта қалған ақшаның сомасы ең төмен зейнетақы мөлшерінен (биыл: 36 108 теңге) аспайтын болса, онда бұл қалдық жерлеуге арналған бір жолғы төлемге қосылып төленеді. Заң бойынша жерлеуге арналған төлем 5 (бес) жұмыс күні ішінде алушының банк шотына аударылады.
Ескере кетелік, жерлеуге арналған төлемге 10 пайыз мөлшерінде жеке табыс салығы салынады.
Жерлеуге арналған біржолғы төлемді алу үшін мынадай құжаттар талап етіледі: зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған адамның отбасы мүшесінің немесе жерлеуді жүзеге асырған тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы, зейнетақы жинақтары бар адамның қайтыс болғаны туралы куәліктің көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы және алушының банк шоты туралы мәліметтер.
Ал зейнетақы қорында жерлеуге арналған біржолғы төлемнен кейін қалған зейнетақы жинақтарын алу үшін Мұрагерлік құқығы туралы куәлік қажет. Оны алу үшін мұрагер нотариусқа жүгініп, өтініш береді.
Мұрагерлікке құқығы бар тұлғалардың толық тізімі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көрсетілген. Ал мұраны қабылдау туралы өтініш, мұраға қалдырушы қайтыс болған күннен бастап 6 (алты) айдың ішінде берілуі тиіс. Егер мұрагер мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алған болса, онда сотқа жүгінуіне тура келеді. Мұра ашылған күннен бастап алты ай өткен соң, нотариус мұрагердiң өтiнiшi бойынша оған Мұрагерлiк құқығы туралы куәлiк беруге мiндеттi.
Ал БЖЗҚ Заңның 34-бабы 9-шы тармағының 2) тармақшасына сәйкес ҚР Үкіметі бекіткен тәртіппен зейнетақы төлемдерін жүзеге асырады. Қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтарын алу үшін мұрагерлер Қор кеңсесіне өздері жүгінгенде мына құжаттарды ұсынады: БЖЗҚ ішкі құжатымен бекітілген нысан бойынша өтініш, мұрагердің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы, зейнетақы жинақтары бар адамның қайтыс болғаны туралы куәліктің нотариат куәландырған көшірмесі, мұрагерлік құқығы туралы куәліктің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі не мұраға берілетін мүлікті бөлу туралы келісімнің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі және заңды күшіне енген сот шешімі, алушының банк шоты туралы мәліметтер.
Қорға ұсынылатын құжаттар тізбесі enpf.kz сайтының «Қызметтер» – «Алушыларға» - «Алушының қайтыс болуына байланысты зейнетақы төлемдерін ресімдеу тәртібі» бөлімінде көрсетілген. Қор құжаттар топтамасы ұсынылған соң, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес зейнетақы жинақтарын құжаттар Қорға қабылданған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде төлейді.
Мұрагерлер Қордың тек заң аясында ғана қызмет атқаратындығына түсіністікпен қарайды деген үміттеміз.
БЖЗҚ баспасөз қызметі