МИНИСТР ӘБІЛҚАСЫМОВАНЫҢ АЙЛЫҒЫН 16 мың теңге ЕТУ КЕРЕК...
2019 ж. 04 ақпан
12590
5
Көп балалы аналарға арналған миллиондар қайда, министр ханым?!.
Еліміздің Астанасында тоқалтамнан өрт шығып, үйелмелі бес бала өртеніп кетті! Айтуға да қиын ауыр, қасіретті қайғы! Бес баланың әкесі мәшине жөндеу шеберxанасында күні-түні жұмысшы болып істейді. Шешесі пластикалық карта шығаратын зауытта түнгі ауысымда жұмыста болған. Иә, әр қазақтың басында бар немесе болған жағдай: пәтерақы төлеу керек, бес баланы бағып-қағу, күнкөріс қамы, банкілерден алған несиені төлеу, яғни, қаржы жетіспеушілік! Бұл елордамыз Астанадағы жағдай! Ал Еліміз бойынша қаншама көп балалы отбасылар ауыр тағдыр кешіп жатқаны анық. Өзге елдердегідей, мысалы алысқа бармай-ақ, көрші Ресейдегідей әр балаға қомақты қаржы берсе, біз секілді жері кең, xалқы аз елдің демографиялық өсіміне үлкен серпіліс болар еді. Бізде қазір отбасының әр мүшесіне шаққанда табысы ең төменгі күнкөрістің (24459 тг-2017 жыл) 60 пайызынан төмен отбасыға әр балаға 2383 тенге (1,05 АЕК) ғана төленеді. Егер 24459 теңгенің 60 пайызы 14 675 теңге десек, онда екі балалы отбасының табысы 4 адамға шаққанда 58 701 теңгеден аспауы керек. Егер бұл отбасының табысы 60 мың теңге болса, онда ол екі балаға алатын 4 766 теңгеден (!) айрылады... Ал көп балалы отбасылардың 4-5 баланың бәріне алатыны 16 мың теңге емес, 10 мың теңге ғана! (16 мың теңге "Алтын алқа" мен "Күміс алқа" илеріне беріледі). Сонда бес баланың әрқайсысына шаққанда небәрі 2000 теңге ғана... Не деген "миллиондар", министр Мәдина Әбілқасымова xаным!?. Егер мына қапыда қаза тапқан бес балаға тиесілі он мың ғана теңгенің орнына әр балаға Ресейдегідей миллиондап емес, кемінде 30 мыңдай ғана төлегеннің өзінде, айына бес балаға 150 мыңдай теңге алар еді де, түнгі ауысымға жұмысқа шықпай-ақ, бала тәрбиесімен отырар еді-ау... Сонда бес бала -болашақ бес отбасы, бес ауыл аман қалар еді... Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова тіпті "Алтын Алқа", "Күміс алқа" иелерінінің барлық баласына ай сайын алатын 16 мың теңгесін ауыз толтырып айтып, "Көп балалы аналар мемлекеттен бірнеше миллион теңге жәрдемақы алады, ешбір ел аналарға мұндай жасамаған» деп, бүлк етпей соғып отыр... Иә, Қазақтың тілін білмейтін -Қазақтың тірлігін білмейтін, бірақ Қазақ министрі болып отырған ( бізден басқа бір елде болмайтын парадокс) Мәдина ханым тура солай деп ресми мәлімдеме жасады. Бұған елдің, әсіресе, көп балалы аналардың ашуы келіп, «Министр Әбілқасымова орнын босатсын", "Әбілқасымова кет!» деп, әлеуметтік желіні шулатып жатыр. Бізде орнын сақтап қалу үшін бұлай «өтірікті шындай, ақсақты дыңдай» ететіндер таң емес, жетіп артылады... Негізі осы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінен бастап, бар шенеуніктердің айлығын 16 мың теңге жасамай, жақсылыққа жари қоймаймыз-ау деймін... Алды 13-ке де толмаған, арты 3 айлық бес қыздың түнде де ақша табуға кеткен әке-шешелерінің жолына қарап, бір-бірін құшақтап жатып өртеніп кетуі не деген ауыр қайғы еді?!. Бес қызғалдақ бір сәтте бүршік жармай жатып-ақ өртке оранды!.. Айдың-күннің аманында, Астананың ортасында!!! Өртенген үйіндіде балалардың сол күні ұйықтар алдында алаңсыз ойнаған ойыншықтары ғана шашылып жатыр... Әлеуметтік желіде әлеумет күңіреніп кетті!.. Кеңшілік Тышқанұлы, Мұрат Шаймаран, Асхат Кәукер, Мейіржан Әлібек секілді ақындар жырмен жоқтау айтуда... Қайғылы отбасыға көңіл айтып, періштелердің жаны пейіште болғай дейміз! Қазыбек ИСА БЕС КҮЙІК (Бес сәбйге аза жыр ) Қайғыдан қан жылады қақ жүрегім , Егіл сен, егіл жүрек ,қайғыр елім , Бес балам, ол ертеңгі бес ауылым , Бес ауылым жоқ болды бар білерім . Жоқта ақын , жоқта жырмен , ағыт ойды , Қөпірме жағымпаздің жағы тойды... Түрғанда мынау дала мынау байлық . Қазақтың сонша неге бағы тайды... Қоймайды-ау айтпасыңа мінез итің , Ит екеш соның бәрін біледі итім . Жіберді-ау бес баласын отқа жағып , Бес жерде жабамын деп кредійтін . Не болды қайран әке , қайран ана ?! Бір күнде бес баласын айдалаға - Көмеді. Бар үміті көміледі. Қөңілі мәнгі қайтып жәй таба ма ? Тілейміз бір Алладан сабырлылық , Қайғыдан жездей жасып, майырылдық , Ойлап па ед, бес баласын Астанада , Жүрем деп бес төмпешік қабыр қылып?..... Асхат КӘУКЕР ШАПАҒАТШЫ …Бұл қоғамның ұнамады-ау бір ісі, (шер шөлмегін босата алар кім ішіп?!) Бес Періште – жасыл қанат бес Сәби, Көкке ұшып кете барды түн іші.
Үркер қайда –
Төбеде ме?
Батыста?
Не жорамал – бүк түсіп бұл жатысқа?!
Кете барды бес Періште – бес Сәби,
Қала алмады жалын қамап,
От ұстап.
Жыла, жүрек,
Жүде, көңіл, оязып,
Берер ме екен Күн емшегін,
Ай азық?
Ұстап қала алмады ғой арқаның
Ақ шалмалы аязы.
Енді оралмас,
Мекен болмас кір ғалам –
Мың бояулы дүниесін бұлдаған.
Еске салып егілтеді біздерді,
Күл орнына өскен райxан гүл ғана.
Даңғазаға бұрмас қайта мойынын,
Еліктірмес «Үйшік-үйшік» ойыны.
Терезеден жаутаң қағып жанарлар,
Тас қаладан іздемейді мейірім…
Азам -ауыр,
Қайғым – қалың,
Ой – терең,
Бірақ бізді түсінбейсің, БӘЙТЕРЕК…
Бұтағыңа қонақтайтын балапан,
Аспанға ауып кете барса қайтер ең?!
Жұмақ кірер –
Сарай,
Хауыз,
Кіл шағыи,
Ертегілер әлеміндей тұмса күй.
…алақанын жайып маған талпынып,
Түсімде ылғи өртенеді бір Сәби.
Мен де мұңды,
Туған өлкем жырақта,
Қанша тағдыр тамұқ кешіп, жүр отта.
Сол Сәбиді кеудеме әкеп арулап,
Жуындырам көзден аққан бұлаққа…
Бес Періште тәмамдалмас сапары,
Шырақ жағып жүрер түнге от алып.
…Шапағатшы болсын саған Сәбилер,
Менің сорлы,
Менің ұлы Отаным!
Мұрат Шаймаран
qazaquni.kz